Өзекті мәселелер

  • 13.12.19

    Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мазмұны терең, мағынасы зор мақаласын жуырда тағы бір мәрте шолып шықтым. Сол сәтте ойыма­ Арал ауданының Тоқабай елді мекенінде тұратын ардагер ұстаз, сол өңірге танымал өлкетанушы Үргенішбай Қуатов оралды.

    ...
    Толығырақ...
  • 13.12.19

    Менде арман көп. Қиялдай кетсем, ойымда шек жоқ. Туған жерімде лайықты білім алып, ата- анам, туған қарындасыма қамқор болғым келеді. Қарындасымды шексіз жақсы көремін. Ол – менің бауыр етім. Ата-анамыз бізге күн сайын бір-бірімізге қамқор, мейірімді, адал болуды үйретіп отырады. Өйткені мейірімділік әлемді құтқарады. Егер біз мейірімді болсақ, біздің өміріміз қуанышқа, бақытқа тол...

    Толығырақ...
  • 05.12.19

    «Құмкөл-Қызылорда» авто­жолы­ның 70-інші шақырымында «Кеңлік» кен орнынан Шымкент қаласына бағыт­ алған «Neoplan» маркалы автобус­ аударылып, 8 адам қаза тапты. 21 адам жарақат алған. Мәліметтерге сүйенсек, автобус ішінде барлығы 36 адам болған. Олардың барлығы – «Саутс Ойл» мұнай компаниясының қызметкерлері» деген ақпарат барша қазақстандықтың қабырғасын қа­йысты­рғаны  анық.

    ...
    Толығырақ...
  • 05.12.19

    Алты құрлықты ақпарат билеген уақытта оған ілесіп отырудың өзі жетіс­тік. Соңғы жылдары «жаңа медианың келешегі кемел, ал дәстүрлі БАҚ-тың болашағы бұлыңғыр» деген пікір бірен-саран айтылып жүр. Қай медианың алға озып, қайсысы артта қалатыны уақыт еншісіндегі дүние деп білеміз. Бірақ ел алдымен интернетте жылт еткен жаңалыққа емес, газет бетінде қатталған хабар­ға сенетіні анық. Ол – ақиқат. Толығырақ...

  • 05.12.19

     

    Ерғали  АБДУЛЛА


    Қу  ақша

    Бермеймін дегенді – бергізеді. Көрмеймін деге...

    Толығырақ...
АРАЛДЫ САҚТАУ – АДАМЗАТ АРМАНЫ
22.11.2018 12:21

Адамзат баласымен бірге ықылым заманнан жасап келе жатқан Арал теңізінің мәселесі әлі күнге күн тәртібінен түспей тұр. Кезінде Өзбекстанмен шектесіп жатқан ұлы теңіз адам қолымен жасалған апаттың салдарынан жағалауынан жүздеген шақырымға дейін қайтып, бұл арадағы табиғи тіршіліктің тамыры тоқтап қалудың аз-ақ алдында тұрғанда әртүрлі қоғамдық ұйымдар құрылды. Жұртшылық өкілдерінің республикалық, одақтық биліктен бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының биік мінберіне дейін дабыл қаққаны күні кешегідей есімізде.

Бұл ретте Елбасымыз бастамашы болған Халықаралық Аралды құтқару қоры жергілікті жерден бастап әлемдік деңгейге дейін өзінің қажырлы еңбегі, іскерлік байланыстарымен жан-жақты танылды. Соңғы жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы жанындағы бақылаушы мәртебесіне ие болған бұл қордың құрылғанына ширек  ғасыр  болды.

Жуырда әлемдік қоғамдастық әлі күнге дейін көз тігіп, құлақтарын тосып отырған Арал теңізі мәселесіне орай Түрікменстанның Түрікменбашы қала­сын­да  Орталық Азиядағы бес мемлекет – Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан Президенттері бас қосып, онда Арал мәселесі ауқымды әңгіме арқауына айналып, бұл аймақты одан әрі дамыту жайы сөз болға­ны белгілі. Орта Азия мемлекеттерінің басшылары жиналған бұл саммитте­ алдымен халықаралық Аралды құтқару қорының жүйелі жұмысы, Арал өңіріндегі бүгінгі таңда экономикалық, әлеуметтік және экологиялық бағытта атқарылып  жатқан іргелі істер­дің жай-жапсары  жан-жақты  айтылды.

Арал мәселесінің маңыздылығын сөз еткен осынау саммитте Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарб­аев:

- «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» ауқымды жобасын жүзеге­ асыру нәтижесінде Сырдария өзенінің төменгі саласындағы эколо­гиялық жағдай елеулі түрде жақсарды. Солтүстік Арал қалпына келіп, онда судың деңгейі 2010 жылдан бері тұрақты түрде 42 метрлік көрсеткішті ұстап тұр. Судың тұздылығы төмендеп, теңіздің қоректік базасы, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі қалпына келуде. Арал теңізінің қазақстандық бөлі­гіндегі микроклимат пен әлеу­меттік жағдай жақсарды. Ба­лық өңдейтін бірқатар кәсіп­орын ашылып, олардың өнімі шетелге экспортталуда, - деді.

Мемлекет басшысы Арал дағдарысы адамзат тарихындағы ең ірі экологиялық апаттардың бірі болып саналатынын атап өтіп, 50 жыл ішінде теңіздің аумағы 9 есе кеміп, су көлемі 30 есе азайғанын айтты. Жыл сайын Арал теңізінің кеуіп қалған ұлтанынан желмен бірге 80 миллион тонна улы тұз көтеріледі. Бұл тұз шаңды дауылмен Батыс Еуропадан Гималайдың шыңдарына дейін мыңдаған шақырым­ға таралып, адамдардың денсаулығына және елдеріміздің экологиялық жүйесіне зар­дабын  тигізуде.

Нұрсұлтан Назарбаев Арал аймағының экологиялық жағдай­ын жақсартуға бағыт­талған Халықаралық Аралды қорғау қорының құрылтайшы мемлекеттерінің күш-жігерін қолдау үшін тараптардың осы проблемамен айналысатын дүниежүзілік қоғамдастыққа, Біріккен Ұлттар Ұйымына, барлық Қорлар мен банктерге жүгінгені жөн деп тапқанын атап өтті. Су шығынын 50-60 процентке қысқартып, өнім­ділікті 4-5 есе арттыратын тамшылатып суару сияқты заман­ауи технологияның және суаруға қолданылатын суды үнемді пайдаланудың маңызды­лығын  да  айтты.

Иә, ХХ ғасырдың орта шені­нен бастап жер шарын мекен еткен күллі адамзаттың басты мәселесіне айналып, алаңдаушылығын туғызған Арал теңізінің Солтүстік бөлігі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зи­ден­ті, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назар­баевтың  тікелей қолдауының нәтиже­сінде сақталып, қазіргі таңда әлемге Кіші Арал теңізі деген атпен белгілі болып­  отыр.

Елбасының 2005 жылғы 27 сәуірде Арал өңіріне жасаған жұмыс сапары кезі­нде айтқан «Аралға көмектесемін деген арманыма жеткеніме қуаныштымын» деген тарихи сөзі бұл күндері шындыққа айналды. Сонан бері жағалау­да кәсіпкерлік қанатын кеңге жайды. Дегенмен күнгейдің көлеңке жағы да болады екен. Қазір Кіші Арал теңізіндегі балықтың барлық түрі ауланы­п, оның мөлшері біз күткендегіден барған сайын көбейе түсуде. Бұл біздің  алаңдаушылығымызды  да  туғы­зы­п  отырған  жайы бар.

Кезінде «Каттегаттан – Арал теңізіне дейін» атты әлемдік жобамен қайт­қан теңіз табанына серпінді сенім, үкілі үмітпен байырғы балық аулау кәсіп­шілігін қайта оралтқан, теңіз суы шама­дан тыс тұзданып, тіршілігі мүлдем тоқтағ­анда кеуіп бара жатқан айдынды камбала-глосс сияқты балық түрімен балықтандырған Дания үкіметі бұған орай 6 млн дат кронын жұмсаған. Бұл сөйтіп айдыны суалып абыржыған аралдық­тардың жүрегіне үміт отын жаққан­ болатын. Мұның сыртында Дания­ мемлекетіндегі түрлі қоғамдық ұйымдар Аралды қорғау мақсатында 2 млн дат кроны көлемінд­е гуманитарлық көмек қол­дарын созғаны есімізде. Сол кезеңде балық аулау құралдары, басқа да жаб­дықтар  келіп,  аралдық  балық­шылардың ертеңг­е  деген  сенімін  оятқан  еді.

Осыдан екі жыл бұрын, нақтырақ айтқа­нда, 2016 жылғы 8 тамызда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Катте­гаттан – Арал теңізіне дейін» Халық­аралық жобасының үйлестірушісі Курт Кристенсенді қабылдап (суретте), онда Арал теңізі мәселесінің оңтайлы шешімін табу,  «САРАТС-2» жобасының екінші кезеңі  әңгіме  арқауына  айналған  еді.

Әрине, жоғарыдағы Халықаралық жобаның алғашқы отырысы 1991 жылы Алматы қаласында өткені баршамыздың есімізде. Облыс әкімімен болған кездесуде Халықаралық жобаның үйлес­тірушісі Курт Кристенсен өзі соңғы рет 2008 жылы Арал өңірінде болғ­анда аудан, облыс тіршілігі азғантай жылдардың ішінде адам танымастай өзгеріп, ауқымды жұмыстардың атқары­лып жатқанына көзі жеткенін айтқан.

Осы сапарында ол Солтүстік Арал (Кіші Арал) айдынынан шамадан тыс мөлшерде балық аулау ондағы су маржа­нының қорын мүлдем жойып жібере­тінін тілге тиек еткен еді.

«Ауруын жасырған өлетінін» ұмытпайық, ашығын айтайық, ағайын. Қазақта «басшысы жоқ ел жетім, балығы жоқ көл жетім» деген мәтел бары осындайда ойға оралады. Тоқшылықта аштық­та жеген құйқаның дәмін ұмытпа­ деген. Сонау 1996 жылдары бір жылда 30 тонна камбала ауланса, қазір бір жылда 7 мың тонна сазан, дөңмаңдай, көк серке, шабақ және басқа балық түрлері ауланып, Арал теңізі балықшыларының бұл нәтижесі рекордтық көрсеткішке жетіп отырған көрінеді. Соған­  сәйкес Арал ауданында жиырмаға жуық балық өңдейтін кіші зауыттар­ мен мекеме­лер «мен мұндалайтыны» жасырын емес. Бұл Кіші Арал айдынындағы балықтар негізінен экономикалық бағытта ғана ауланып, өңделіп жатқандығын  көрсетеді.

Таяқтың екі ұшы бар екенін еңкейген қарттан бастап еңбектеген балаға шейін біледі. Айтушылардың әңгімесіне қарағанда, су айдынынан заңсыз балық аулаушылар (кәсіби балықшылардың жөні мүлдем бөлек) шамадан тыс көбейіп кеткен. Кейбір дереккөздердің дәйекті дәлелдемелеріне сүйенсек, заңсыз балық аулаушылар қатары қазір кәсіби балықшылармен салыс­тырғанда 50 пайызға жетіп отырғаны айтылады. Бұл дегенің жергілікті қазына қазанының қамы үшін емес, қарақан басының қамы үшін жүргендердің қолында мемлекет меншігіндегі, халық дастарқанындағы байлықтың босқа рәсуа болып бара жатқанын көрсетеді.

Ақыры біздің кәсіпкерлік бағыттағы заңды балықшылар мен заңсыз балық аулаушылардың саны қанша деген сауа­лымыздың жауабы да табылды-ау. «Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің дерегіне сүйенсек, есепте тұрған 400 балықшы болса, заңсыз теңіз түбін тіміскілегендер саны 200 адамнан асады екен.

Осы соңғы топтағы 200 заңсыз балық аулаушылардың сайда ізі, санда өздері жоқ көрінеді. Несібелерін заңсыз­ жолмен айырып жүрген оларға әзірге «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа табыл­май тұрғанын қайтерсің. Себебі, жер көлемі 70 мың шаршы шақырымды құрайтын байтақ Арал ауданындағы балық қорғау инспекторының саны – бар болғаны 10 адам. Олар күллі Кіші Арал айдыны мен көлдерге көлденең қол сұғып жүрген 200-ден астам заңсыз балық аулаушылармен күресуге шын мәнінде дәрменсіз тәрізді. Әрине, Кіші Арал айдынында табиғатты пайдала­нушылар, балық аулаушыларды бақылау механизмі жоқ емес, бар көрінеді. 18 аймаққа бөлінген бұл судағы экологиялық ахуалды сақтау, табиғат байлықтарын қорғау қаншалықты дәрежеде екені соларға мәлім болса керек.

Қазына қазанын тасытатын, балық өндірісінен түсетін қаржы тәуелсіз мемлекетіміз, қала берді, облыс, аудан эконом­икасы үшін ауадай қажет-ақ. Бірақ оның екінші жағы бар екенін де ұмытпайықшы.

Арал ауданындағы балық шаруашылығының болашағы қандай болмақ? Өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ. Бұрын балық уылдырық шашатын мезгілде ұлы теңізде ұйыған тыныштық болатын. Осы кезде балықтар емін-еркін уылдырық шашып, балықшы атау­лы белгілі бір кезеңге дейін теңізге қайық түсірмейтін. Есітуімізше бүгінде бұл тірлік кереғар көрінеді. Турасын айтқанда, жай күндерді айтпағанда осынау «өліара» кезеңде де әлгі заңсыз балық аулаушылар теңіз түбіндегі балықтарды қолдануға тыйым салынған қытайдың торымен, электр қуатымен, газбен, жарылғыш заттармен қынадай қыратынын есіттік. Осы арада айта кететін жайт, әлгі заңсыз балық аулаушылардың бұрын құлақ естіп, көз көрмеген зиянды әрекеттерінен бір рет ғана пайдаланатын қытай аулары теңіз түбінде жатыр. Олардың су асты тірші­лігін бүлдіріп жатқанын табиғат жанашырлары неге білмеске? Бірақ осы уақытқа дейін бұған қарсы күресуге олардың дәрменсіздік танытып отыр­ғандары қалай? Естіген құлақта жазық жоқ. Сонда қырағы қорықшылармыз, табиғат пайдаланушыларымыз, әлекедей жаланған эколог мамандарымыз қайда қарап жүр екен?

Тағы бір мәселе, 2005 жылдан бері пайдалануға берілген тоғыз қақпалы бөгет жайы. Бөгеттің су өткізгіш қабілеті орасан зор. Қайық түгілі қара тасты­ да екпіні үйіріп әкетердей әлем-тапырық. Соның нәтижесінде Кіші Арал теңізі өмірге келді. Жағажайға табиғи тіршілік қайта енді. Адамдар сонан бері Арал теңізіне сергек сеніммен, үкілі үмітпен көз тігеді. «САРАТС» жобасының екінші кезеңін асыға күтеді.

Кіші Аралмен бірге Арал ауданында кәсіпкерлік көкжиегі кеңейді. Бір ғана 2016 жылғы мәліметке көз жүгіртсек, тек ғана 9 балық зауытының өнеркәсіптік қуаты 20 мың тонна су маржаны өнім­дерін өңдеуге толық жеткен көрінеді. Бұл – Кіші Арал теңізіне байланысты мәселенің бірінші жағы. Екінші жағына­ ойысайық енді. Көкарал бөгетіндегі 9 тесік арқылы ұлы теңіз жағына сумен бірге қаншама халық байлығы ағып өтіп жатқанының есебі жоқ. О жақтағы ащы судан тау-төбе болып қырылып жатқан балықтардың жанына адам баласы бара алмайтын халге жеткен. Әсіресе «Барсакелмес» табиғи қорығының қорықшылары «Возрождение» аралының маңын­дағы «Жантақты» деген жердегі өзен-өзекшелер балықтар бейіті іспеттес дейді екен.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, әңгімеміздің тұздығы – «Балығы жоқ көл жетім». Ендеше Арал теңізі болашақ ұрпақ үшін де ауадай қажет екенін есте  сақтайық. Балық – халық байлығы. Сондықтан оның қорын көзіміздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпақ­қа  жеткізейік. «Ашыққаннан құныққан жаман» екенін ұмытпайық.

Айна  БАЙМАХАНОВА,

«Арал  теңізі»  қоғамдық  бірлестігінің  төрайымы,

Толыбай  Абылаев,

журналист

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Қараша 2018 >
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 23 24 25
26 27 28 29 30    

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары