Өзекті мәселелер

  • 15.08.19

    Қала әкімдігінде шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен аппарат отырысы өтті. Бұған дейін мәжіліс залында ине шаншар орын болмайтын. Бұл жолы орын бос болды. Шамасы, ақжағалылар тамылжыған тамызда тынығуды жөн санаса керек. Жә, бастысы, ол емес.
    Аппарат мәжілісінде екі мәселе таразыға тартылды.

    ...
    Толығырақ...
  • 15.08.19

    Өткен аптада Жаңақорған ауданы, Жайылма ауылдық округінде қарбыз шырынын шығаратын цех алғашқы өнімін сынақтан өткізді. «Енді Жайылмада қарбыз кластері дамиды» дейді білетіндер. Лайым солай болғай! Естеріңізге салайық, осыдан тура 6 ай бұрын өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сүйінші жаңалықты Жаңақорған ауданының әкімі  Ғалым Әміреев бірінші болып жеткізген-ді. Сол кезд...

    Толығырақ...
  • 15.08.19

    Жасыратыны жоқ, қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандардың көп нәрсеге мүмкіндігі жоқ деген қате пікір әлі де бар. Алайда әр пенденің бұйыратын өз несібесі бар. Біреудің қолынан келмеген іс екінші адамның қолынан тууы мүмкін. Сол секілді айналадағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еңбекпен жетіп жатқан жұмыстарына қолдау көрсетіп, шынайы баға беруді міндет санағанымыз жөн. Сондай өмірге құштар, ...

    Толығырақ...
  • 15.08.19

    Кәсіпкерлік дамыса, еліміз де өркениетке өрлейді. Жұмыссыздық азаяды. Нарық халыққа қажеттіні қамтиды. Шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында қабылданған мемлекеттік бағдарламалар кәсіпкерлерге қолдауды арттырды. Іскерлік мүмкіндігін молайтты. Солардың қатарында сырдариялық тұрғындар да мемлекеттік бағдарламаның игілігін көруде. Мұны облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы  мен ...

    Толығырақ...
  • 15.08.19

    Сәрсенбінің сәтті күнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Әкімовтың қатысуымен брифинг өтті. Бір ерекшелігі, Олжас Азатұлы қашанда өзімен бірге спорттың әр түрінде жеңімпаз атанып, ел намысын қорғап жүрген қызылордалық өрендерді баспасөз мәслихатына  ертіп әкеліп, БАҚ өкілдерімен бетпе-бет жүздестіреді, кері байланыс орна...

    Толығырақ...
«ЖАУҚАЗЫНДАҒЫ» ЖАУАПСЫЗДЫҚ
29.11.2018 12:11

Бір  хаттың  ізімен...

Редакциямызға Қазалы ауданы, Жанқожа батыр ауылының тұрғыны Қасқырбай Әли есімді азамат хат жолдады. Ол ауылдағы мемлекеттік «Жауқазын» балабақшасында болып жатқан кейбір кемшіліктермен толық танысып, оны басылым бетіне жариялауды өтінген екен. «Жазған құлда шаршау жоқ». Ат-көлікті сайлап, сол күні кешке-ақ батыр бабаның атындағы ауылға аттандық...

 


МЕМЛЕКЕТТІК  БАЛАБАҚШАНЫҢ  МЕҢГЕРУШІСІ

МЕМЛЕКЕТТІК  РӘМІЗДЕРДІ  МЕНСІНБЕЙ   МЕ?

Жанқожа батыр ауылы тіректі елді мекендер тізбесіне енген. 2 мыңға тарта тұр­ғыны бар. Біздің мұнда табан тіреуімізге түрткі болған – ауылдағы жалғыз бүлдір­шін­дерге тәлім-тәрбие беретін №24 «Жауқазын» бөбекжай-балабақшасы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны. Осы арада айта кетейік, аталмыш бөбекжай бұған дейін де біздің басылымның сын садағына ілік­кен. Былтыр «МЕМЛЕКЕТ­ТІК РӘМІЗДЕР ТАЛАПҚА САЙ БОЛСА...» деген тақырыппен мақала басылды. Міне, араға жыл салып, қайта қозғауға мәжбүрміз. Рас, еңселі ғимараттың сәулетіне сөз жоқ, кескіні келісті. Дегенм­ен, балабақшаның табалды­рығын аттамай жа­тып­, көңіліміз құлазып сала берді. Өйткені, дардай мемлекеттік мекеменің маңдайшасында Мемлекеттік Елтаңба ілінуі тиіс межелі орында тақтай ғана жабыстырылыпты. Бәлкім, ақын Абайдың «Кейде ызадан да күлемін» деуінің мәні осында шығар. Ал, Заңнамаға сүйенсек, Қазақстан Республикасы Конституциясының 34-бабында: «Әркім республиканың мемлекеттік рәміз­де­рін құрметтеуге міндетті» деп тайға таңб­а басқандай жазылған. Және «Ғимараттарға тұрақты тігілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасына тәуліктің қараңғы мерзімінде жарық түсіп тұруға тиіс» делін­ген. Әрі-беріден соң, мемлекеттік меке­меге басшылық қызметке келген азамат (ша) ҚР Заңнамасын білуге және оны құрметтеуге міндетті екендігі айтылғ­ан. «Жар басындағы жантақты, жанынан безген нар жейді» демекші, тұтас ел қастер тұтатын Елтаңбаны балабақ­ша басшысының елемеуі нені білдіреді? Жауап­кершілік жүгі қайда? Әлде, балабақша басшылығы сыннан сабақ алмаған­ы ма? Айтпақшы, жа­қында­ Елтаңба­дағы «Қазақстан» жазуы латын графикасымен өзгертілетіндігі белгілі болды ғой. Оны мұндағы жауап­тыла­р­дан сұраудың өзі басы артық дүние сияқты­. Біздіңше, тіректі елді мекеннің түзелуі  мемлекеттік  рәміздерді  құрмет тұтудан  басталатындай  көрінеді.

 

«БАХИЛАСЫЗ»   БАЛАБАҚША

Көңіліміз құлазыған күйі хат иесі Қасқырбай Әлимен бірге бөбекжайдың табалдырығын аттадық. Бұл кезде жұмыс уақытының басталғанына біраз болған. Қызметкерлерге қайдан және нендей мәселемен келгенімізді айтып, балабақша меңгерушісі Жанар Түменбаевамен жолығуымызды сұрадық. Қызығы сол, сырттан келген меймандарға арнайы балабақшада болуы тиіс «бахила» таппай біраз кідірдік. Шамасы, қызметкерлер тазалық табанымыздан басталатынын естен шығарып алса керек, батпақ кешіп келген аяқкиімі­мізбен кіруге рұқсат берді. Содан Жанар­ Түменбаеваның кабинетіне бас сұқтық. Ол «Жауқазын» балабақша­сына басшылық қызметке былтыр тағайын­далыпты. Енді, негізгі мәселемізге көшсек...

 

«АШЫНҒАННАН   ШЫҒАДЫ

АЩЫ   ДАУЫСЫМ»

Жалпы, Қасқырбай Әлидің қолында «оператор» деген құжаты бар. Бір жарым ай бойы аталмыш ғимаратқа жылу жүргізген «Жылу ХІХ» ЖШС-де тәжірибеден өткен. Жолдасы – мұғалім, өзі – жұмыссыз. Сөйтіп, 2015 жылы сәуірде бала­бақшаның отжағушысы ретінде жұмысқа қабылданған. Осы тұста балаба­қша меңгерушісі Баян Төке­нова еді. 2015 жылы жұмыс беруші мен қызметкер арасында екі жақты еңбекшарты жасалған. Үш жыл қатарынан отжағушы болып еңбек еткен ол 2018 жылдың  сәуірінде әдеттегі­дей­ уақытша жұмыстан босатылады...

Биылғы жылу маусымы бұрынғыдан өзгеше басталды. Себеп:

– Үш жыл бойы өз жұмысымды адал атқардым. Менің үстімнен еш­қандай арыз-шағым түспеді. Жылу маусымы біткесін мені босатты. Ол туралы маған ешқандай ескертілген жоқ. Биыл менің орныма осы балабақшаның есепшісі Баян Жәкееваның әкесі және шаруашылық меңгерушісі Бағдагүл Иманқұлдың туған құдасы Мәлік Жәкеевті жұмысқа қабылдапты. Мейлі, ол да жұмыссыз жүрген азамат ғой. Десе де, білдей мемлекеттік мекемеде таныс-тамырлардың жұмысқа қабылдануы қаншалықты заңды? - дейді жұмыссыз қалған­  отжағушы.

Біз осы мәселені алға тартып, Жанар­  Берікқызынан сұрағанбыз. Алайда  ол:

– Маусымдық жұмыс 15 сәуір күні толық аяқталды. Қасқырбай Әли уақытында жұмыстан босатылды. Ал, Мәлік Жәкеевтің біздің қызметкерлер­дің туысы екендігінде хабарым жоқ. Негізі, ол кісінің жолдасы да, өзі де жұмыссыз. Жаңадан келген отжағушы жұмыссыздық арқылы бізге келді. Комисси­я отырысы өтіп, арнайы хатта­мамен үш адам жұмысқа алынды. Сіздерге  хат  жолдаған Қасырбай Әли конкурсқа келген жоқ,- деп қысқа  қайырды.

Бізді толғандыр­ғаны 2 мыңға жетер-жетпес тұрғыны бар аядай ауылда кім мен кімнің туыс екенін білмеу таңғалдыратын жайт. Қасқырбай Әли­дің айтуынша, комиссия отырысы өтетін күні кешкі сағат 17:18-де хабарлаған. Ал, конкурс 17:30-да басталып кетіпті. Қызығы сол, оның құрамында балабақша меңгеру­шісі, комиссия төрайымы Ж.Түменбаева, балабақша кәсіподақ төрайымы Ш.Ниязова, балабақша тәрбиешісі Д.Садвасова, ауыл әкім­шілігінің жетекші маманы Қ.Қимағанбетов және балабақшаның шаруашылық меңгерушісі Б.Иманқұл бол­ған. Қызметке конкурс 05.10.2018 жылы өтеді. Бір қызығы, комиссия хаттамасында  үміткер  Қасқырбай Әли мен шаруашылық меңгерушісі Б.Иман­құлдың арасында (05.10.2018 жылы кешкі сағат 19:00-де) туындаған келеңсіздіктер егжей-тегжейлі баяндалыпты. Тағы бір дерек, «араздық» комиссия  отырысынан  кейін «өткен». Десе де, хаттамаға екеуара мәселенің жазылуы қаншалықты  дұрыс? Алайда жұмыссыз қалған отжағушы мұны жоққа  шығарып  отыр.

– Комиссия отырысына ауыл әкімшілігінің жетекші маманы Қ.Қи­мағанбетов пен балабақша тәр­бие­шесі Д.Садвасова қатыспаған. Бұған көзім анық жетеді. Хаттамада көр­сетілген  мән-жайлар болған емес, - дейді ол.

Бұл мәселедегі түсінбестік тудырып тұрған тұстың бірі мынау. 05.10.2018 жылы бөбекжайдың шаруашылық жөніндегі меңгерушісі Б.Иманқұл Қасқыр­бай Әлидің үстінен мекеме басшы­сы Жанар Түменбаеваға «5 қазан күні де мас болып айқайлап кетті. Осы арыз арқылы тиісті шара қолдануыңызды сұраймын» деп арыз жазған. Ал құжат бойынша бұл уақытта Қ.Әли бұл мекемеде жұмыс істемейді. Егер, дәл осындай жайт орын алса, арыз иесі жергілікті полицияға неге шағымдан­баған? Сонда­ қарамағында жұмыс істемей­тін ауыл тұрғынына шара көру балабақша меңгерушісінің құзырына жата ма? Оған қоса Қасқырбай Әлидің мас бол­ғанын анықтайтын учаскелік полиция инспекторының немесе дәрігердің анықтамасы  бар  ма? Мұның астарында­ не жатыр? «Ашынғаннан шығады ащы дауысым» дегендей, Қасқырбай Әли балаб­ақшадағы өзі көрген бірсыпыра жайтқа тоқталды. Оның көкейіндегі сауал­дардың жауабын алу үшін бөбекжайдың шаруашылық жөніндегі меңгеру­шісі Б.Иманқұлмен, есепші Баян Жәкеевамен жолыққымыз келген. Бірақ олар жұмыс уақытында болғ­ан жоқ. Оған себеп, есепші аудан орталығынан қатынап еңбек етсе, шаруаш­ылық жөніндегі меңгеруші отбасыл­ық жағдайға орай ақысыз демалысқ­а шығыпты. Ал, балабақша психологі  жұмыс  уақыты  басталғанына­ біраз болса да, орнынан табылмады. Кешігіп  келді.

Бізге хат жолдаған азамат мекемеде жылу маусымы кезінде де біраз кемшіліктер орын алатынын жеткізді. Оны бұрын осы мекемеде жұмыс істеген отжағ­ушы Әділбек Әбілдаев та растап отыр.

– Жасыратыны жоқ, Жанар Түменбаева «қыстыгүні солярканы аз жақ» деп тапсырма жүктейтін. Басшы болған соң, амал жоқ, бұйрығын орындауымыз қажет, - дейді  ол.

Біз  Әділбек  Әбілдаевтан «Сіз  де  осы мекемеде бұрын жұмыс істепсіз. Конкурсқа қатыспауыңызға не себеп?» деп сұрағанбыз. Сонда ол:

– Біздің биыл жұмысқа қабылданбайтынымыз әлдеқашан белгілі болға­н. Оны балабақшада жұмыс істейтін әріптестерім айтты. Сосын құжат дайындаған жоқпын,- деп ашығын  айтты.

Ал ауыл әкімдігіндегілер коммуналдық қазыналық кәсіпорынның ішкі жұмыстарына  араласа  алмайтындығын жеткізді.

– Біз тек жұмыссыз жандарды есепке­ алып, ұсынамыз,- дейді Арықбалық ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Жұбаныш Аманғалиұлы.

– Ауылда жұмыссыз жүрген адамның бірі менің орныма барса, шағымданбас едім. Мысалы, ауылда Балғабек Тілеубергенов есімді тұрғынның өзі де, әйелі де жұмыс істемейді. Мектеп жасындағы балалары  бар. Нағыз әлеуметтік қол­дауды қажет ететін отбасы. Бұл тура­лы бүкіл ауыл тұрғындары да, әкім де, басқа­ басшылар да жақсы біледі. Егер шынымен де тұрмысы төмен адамды жұмыс­қа алатын болса, неге Балғабекті алмас­қ­а? Мен онда ешқандай өкпелемес едім. Балғабек пен әйелінің жұмысыз жүргеніне біршама уақыт болды. Жуырда ауылдан ашылған спорт кешеніне де жұмысқа тұра алмады. Қараңыз, Мәлік Жәкеевтен бөлек, отбасында әкесі, анасы,­ жолдасы жұмыс істейтін Самат Ешниязов жұмысқа қалай қа­былда­нады? - дейді Қ.Әли.

Сондай-ақ, отжағушы маусымдық жұмыс аяқталған кезде толық айлық есебін (расчетный) алмаған. Бүгінгі таңда оның қолында 2015 және 2017 жылдары жасалған еңбекшарты бар. Ал 2016 жылы жасалған еңбекшартын сұраған­быз, балабақша басшылығы әрі-бері іздеп, таппады. Сонымен қатар 2017 жылы жұмыс беруші мен қызметкер арасында жасалған еңбекшартында Қасқырбай Әлидің қолы қойылмаған.

– Мына еңбекшартын сұрап, ала алмай­ жүрдім. Мұнда қойылған қол менікі  емес, - деп таңданды Қ.Әли.

Еңбекшартына бір адамның орнына екінші адамның қол қоюы қаншалықты  заңды?

Қысқасы, қарапайым отжағушының басындағы түйткіл – осы. Ол ресми орган өкілдерінен аталған істің ақ-қарасын анықтап беруді сұрайды. Редакция тарапы жазылған жайдың жауабын басылы­м  бетінде  жариялауға  әзір.

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Қараша 2018 >
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 30    

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары