Өзекті мәселелер

  • 10.01.19

    Өткен жылы облыс про­куроры Х.Дәуешов бірқатар БАҚ өкілдерінің басын қосып, галстуксыз кездесу өткізген болатын. Қашанда қара халықтың қамы үшін тер төгетін тілшілер қауымын шақыра отырып, ел-жұрттың көкейіндегі маңызды деген мәселелерді ортаға салуымызды сұраған-ды. Басқасы басқа, білдей қадағалау органы басшысының бұқараның жайын ойлағаны, әрине, қуантқан болатын. Бар білгенімізді «мынадай мә...

    Толығырақ...
  • 10.01.19

    Тоқсаныншы  жылдары балалардың ермегі еміс-еміс есімізде қа­лыпты. Шыбықты ат қып міндік, сымнан машина жасадық, асық ойнадық. Асылында, қаланың қайнаған тірлігінен алыс жатқан ауыл балалары алдан­ыштарын ойдан тауы­п жататын. «Ғұлы-ғұлы» дегеніңіз есіңізде шығар? Ләңгі ше? Сол жылдары ата-аналар қара сирақ жүгірмектерін үйге шақыра алмай әлек болатын.

    ...
    Толығырақ...
  • 10.01.19

    Ділмұхамед  АБЫЗОВ,

    «Dalatex»  ЖШС-нің  директоры:

    ТМД  елдерінің ішінде жеңіл өнеркәсібі артта қалған ел болса, ол – Қазақстан. Себебі бізде отандық өнімдер аз. Бар болған күннің өзінде бағасы қымбат. Оның басты себебі барлық шикізатымызды сыртқа экспорттап, қайта қымбат бағамен сатып...

    Толығырақ...
  • 10.01.19

    Тәуелсіздік күні қарсаңында мемлекет басшысы жерлесіміз Ермекбек Пазлиевті ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградтады. Батыр ұл Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі Қызылорда қаласы  №2 мамандандырылған  өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі  болып  жұмыс  істейді. Қызыл жалынға қарсы күресіп, адам  ...

    Толығырақ...
  • 10.01.19

    “Қыз пен жігіттің арасында достық бола ма?” деген сауал ортаға тасталған ретте, “болады” деп бой бермей, мыңдап мысал келтіруге бар достарыңыз табылатын шығар. Расында, дәл осы сауал түрлі отырыс­тарда даулы мәселеге айналып, көптеген адамдарды мазалағаны­ анық. Сіздің ойыңызша, сөйлесу кезінде бір-біріне көңілі ауып, сезімі пайда бола бастаған адамдар дос болуы мүмкін бе? Немесе махабб...

    Толығырақ...
МОНШАҚТАЙ ӘҢГІМЕЛЕР
06.12.2018 12:10

 

Ерғали  АБДУЛЛА

 

АРТЫҚШЫЛЫҚ   пен  КЕМШІЛІК

Оның көп артықшылығы бар: гүмпіп сөйлейді, көп марапаты­мен мақтанады, тасығ­ан байлығын айтады, шетелдерде демалып келеді, ұлан-асыр тойларда төрден ойып тұрып орын алады, жиналыс­тарда желдей есіп сөйлейді...

Оның көп кемшілігі бар: сенер досы жоқ, сыйласар кісісі жоқ, қатысар көршісі жоқ, ақжайлау көңілді ағасы жоқ, ілтипат қылар інісі жоқ, көптің алдында бір тиындық бағасы жоқ.

 

АНАҒА   АПАРАТЫН   ЖОЛ

Қасиетті Меккеге бармасаң да, қарабайыр анаңа бар. Асыл Қағбаға басыңды иіп кірмесең де, анаң отырған жатаған шаңыраққа басыңды жерге жеткенше иіп кір.

 

КҮБІР-СЫБЫР,

ЖЫБЫР-ЖЫБЫР

Бізде үлкен жұмыстар, ауқымды қимылдар іскерлік табандылықпен, қажыр-қайратпен емес, күбір-сыбырмен, жыбыр-жыбырмен бітіп жатады.

 

АЙТА   ЖАЗДАЙСЫҢ

Кеңкілдеген, кеңбалақ кей адамға кездескен сайын, үлкен-кіші демей, ұят та болса: «Сенің ақылың енді кірме­генде осы қашан кіреді?!» деп айта жаздайсың.­

 

ӨМІР-БАЗАР

Бұрқ-сарқ қайнаған өмір-базарда өз бағаңды өзің аяқасты қылмай, жоғарылатыңқырап қойып жүрмесең, жұрт сенің құның мен пәсіңді тым-тым төмендетіп  жіберуі  мүмкін.

 

НЕ   ТІРЛІК?

Қазағым деп қам жемейді. Алашым деп айта алмайды. Жұртым жұлын-өзегім деп жұлқынбайды... Сонда осы атқа міндім деп жүрген айқасқалар таңерт­еңнен  кешке дейін халықты иіре қамап, үлкен залдарда болып жататын шұбатылған жиналыстарында езулері көпіріп, нені қозғап, нені айтып жүр?!

 

КӨКЕЙДЕГІ  КҮДІК

«Жастар азып бара жатыр» деп атам заманнан бері жұрт айтып, қақсап келеді. Бүгінде жан-жағыңдағы тірлікті көріп: «Осы шалдар азып бара жатқан жоқ па екен?» деген күдік сұрақ көке­йің­де күдік болады да тұрады.

 

ӨМІР-АЙ,  ӨМІР...

Шыңғырып жылап келесің, тұн­шығып жылап кетесің. Екі жылаудың арасында жыланның түлеген терісіндей қаудырап, соқтықпалы, соқпақсыз өмір жолдары  жатыр...

 

ҮШ  ТАРАП

Атасы Сталинді өкірте мақтап, жаны­на жақпағандарды жетпіс жеті атасынан­ жіберіп, мұрты едірейіп, ысқырып­  отыр.

Әкесі арзанқол арақтан ұрттаңқырап келіп, Брежневті мақтап, Андроповты асқақтатып, Черненконы шарықтатып, балпылдап, балпылбайын соғып отыр.

Баласы базарлы нарықта жол таба алмай, екі көзі қылилана айқасып, екеуіні­ң зейнетақысына келген нанды суға  шылап  жеп  отыр...

 

ӘДЕМІ

«Әдемісің» дегенге кәдімгідей өзгеше  қуанып, жүзі нұрлана алабұртып кететін­ жылтыр бет, «әдемі» жігіттер пайда болғалы әдеміліктен мағына да, мазмұн да кетті.

 

БҰЛ  ҚАЛАЙ?

Адамдар бетіне әжім түсіп, көзі кілегейлене жасаурап, шашы ағарудан қорқы­п жүреді. Сонда олардың ұзақ жасауд­ы өмір бойы армандайтыны қалай?

 

ЗАМАНЫНА  КӨНГЕН

ӘРІПТЕСТЕРІМ-АЙ

Алпыстан асып, еңсесі түсіп, миы сұйылып, аузынан түкірігі шашырап, бес-алты тал шашы қобырап, сөз айтса аудырап, айлық алса даудырап, көңілі басылып, қағазы көрінген жерде шашылып­ жүрген қасқа мұғалімдер-ай! Со­ның бірі – тап өзім, қалғандары... жанымда  жүр...

 

БАС  СҰҚПАЙМЫН

Көптеген жақсы жігіттердің аяқасты қаралай батпансығанын, мимырт­тана маңғазданғанын, кербез тартып көсемсігенін, бір уақ дүрдигенін, дөй­сынғанын көргім келмегендіктен де, кейде мен үшін есігі ашық тұрса да, қарасұр тартып тұратын кабинеттеріне ешқашан бас сұқпаймын.

 

ҰСТЫН

«Иә» дейтін жерде «иә» деп айта біл, «жоқ» дейтін жерде «жоқ» деп айта біл. Қалған құқайды сосын барып көре жатарсың.­

 

ТІЛЕК

Біздің ауылдың салпыауыз жігіт­теріне  ең  болмаса арақты жеңетін аз-маз ақыл берсе екен. Қалған ақылды лаждап  көре  жатар  көппен  бірге.

 

С-дан   БАСТАЛАДЫ

Сұмпайы сөздердің бәрі с-дан басталатыны несі? Сайтан, сайқал, салдақы, сұқсұр, сұм, сұрқия, сығыр, сүмелек, сімер, сұрықсыз, сөгіс, сволош... сол  сияқтылар...

 

МИЫМ  БАР  ДЕМЕ

Бәрімізде де ми бар. Бірақ оны ба­рын­ша пайдалануымыз, іске асыруы­мыз, кәдеге жаратуымыз әр қиялы дәрежеде­.

 

БАҚ

«БАҚ» дегеніміздің өзі атына сайма­-сай болып, бүгінгі биліктің қас-қабағын бағудан артылмай отыр.

 

ҚАРҒА   БОЙЛЫ

Бойыңның қысқа болғаны қандай жақсы – басқалар жақтырсын, жақ­тырмасын, қатар тұрып суретке түс­кенде сені қолын созып құшақтап тұрады.­

 

БАРМАҒАН

Дүбірлетіп Дубайға бардым деді. Мамырлатып Мысырға бардым деді. Мәскеуде он мәрте болыпты. Парижді бес рет көріпті. Самарқанды сан аралапты. Атлант мұхитының түбінен бір мәрте өз қолымен жақұт теріпті... Бәрін мақтана айтты. Бармаған жері, көрмеген түкпір қуысы жоқ... Тек қана үйінің іргесінде күмбезі көк тіреп тұрған Алланы­ң үйі мешітке ақылды басын бірде-бір  рет  сұқпапты.

 

БОЛҒАСЫН   БОЛСАЙШЫ

Бай болсаң, байша өмір сүр. Кедей болсаң, кедейше өмір сүр. Әйтпесе байлар кейде кедейше қытымырланып, жоқтың күнін кешіп, жүн-жүні шығып жүреді. Ал қасқа кедейлер асып-тасып, орынсыз шалқимын деп, беймезгіл тасимын деп соңынан әрі-сәрі болып, әлтек-шәлтек жүретінін қайтерсің.

 

ХАМЕЛЕОН   ПОШЫМ

Әлсізді көрсе, тас мүсінденіп, дүр­дие қалады. Мықтыны көрсе, тірсегі діріл­деп, иіні дірдектеп үрпие қалады.

 

ЕРЕКШЕ  ЖАН

Жағымпаздық қасиетін жетілдіріп, кемелдендіріп, өзі қызметте өскен сайын­ дәрежелеп, ел мойындап қоя­тындай қайраткерлікке дейін жолын тауып көтере білген кісі.

 

ҚОЙДЫРМАСЫ   ҚОЙДЫРМАС

Біреулер темекіні қоя алмай күрк-күрк етіп жүр. Біреулер насыбайды қоя алмай еріндері шылп-шылп етіп жүр. Біреулер арақты қоя алмай дүрк-дүрк етіп жүр. Біреулер өсек-аяң тасуды қоя алмай жылпың-жылпың етіп жүр. Біреу­лер  әлеуметтік  желілерге бар уақы­тын  бостан-босқа сарп етуді қоя алмай  жүр. Біреулер  мықтылардың қара табанын  жалауды қоя алмай, тілі аузына­ симай кермек татып жүр.

 

ЖІБІГЕН  БЕТ

Күнде бір жерден жем жеп дәніккен сиырдай мекіреніп жүреді. Жұрт оны «ардагер» дейді. «Ақсақал» деп айтқанын естіген емеспін. Бет пошымы күреңітіп, суы құрғаған саздауыттай тобарс­ып қалған. Тобарсыған тарғыл беттің қысы-жазы бір жібігенін, бір жылығанын көрмеппін. Ешқашан жібімейтін шығар дейтінмін де жүре­тінмін... О, тоба! Тоба, Құдай! Жақында­ томар беттің жылмия қалғанын көрдім! Сол сәтте біреу көрімдік сұрағанда, дымсыз қалсам да, қалтамның түбін қағып беретін едім. «Қалай жібіді?» дейсің бе?! Мұттақандай, желөкпе әкім баламен стақан соғыстырғанда...

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Желтоқсан 2018 >
          1 2
3 4 5 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары