Өзекті мәселелер

  • 18.07.19

    Жалпы, қай жерде болмасын статистиканың орны бөлек. Статис­тика – адам сүйсініп не күйініп оқитын бірден-бір ақпарат. Яғни, ол – әрдайым оқылымды материал­. Сондықтан  болар, Ұлттық экономика министрл­ігі Статистика  комитетінің  http: //stat.gov.kz/ сайтын әлсін-әлсін шолып тұратынымыз бар. Бұл жолы біз өз облысымызға қа­тысты біршама сандық деректерге тап болдық. Оны жүйелеп, оқырман ...

    Толығырақ...
  • 18.07.19

    Қызылордада құрылыстың қарқынды дамы­ғаны соңғы бесжылдық десек, асыра айтқандық емес. Алдымен тұрғындарды әлеуметтік нысандармен қамтуды басты бағыт санаған жергілікті басшылар қаладағы көпқабатты тұрғын  үйлердің де көптеп бой көтеруіне мән берді. Оған соңғы 6 жылда облыста 2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілгені дәлел. 2013 жылы 270 мың шаршы метр тұрғын үй салынса, 2018 жы...

    Толығырақ...
  • 18.07.19

    Бүгінгі күні ауданда балық шаруашылығы саласы қарқынды дамыды деп айтуға толық негіз бар. Өйткені балық шаруашылығы өңір экономикасының дамуына және халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына, оларды жұмыспен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отыр. Себебі Арал теңізі мен Сырдария өзенінің жағасында қоныстанған жергілікті халықтың өмірі мен тұрмысы балық шаруашылығымен тығыз б...

    Толығырақ...
  • 18.07.19

    «Рас, үйленбей тұрып әйел­ді «ашсам – алақанымда, жұм­сам – жұдырығымда ұстаймын» дегеннің бірі мен едім» деп бас­тады автобуста отырған жігіт ағасы. Өзі ащы судан аздап ұрт­тап алғанға ұқсайды. Сәлден соң салбыраған басын қисаң­дата көтеріп, көзін жартылай ашып-жұмып «менде бәрі бар еді, көлігім де, үйім де...» деп тағы налыды. Ал, әйелін айт­қандағы байғұстың жыларман түрі мен шарасыздықтан с...

    Толығырақ...
  • 18.07.19

    Сүйріктей саусақ, сәнді тырнақ – кез келген қыз-келіншектің арманы. Тырнағын әсемдеу әйелге сенімділік сыйлайды. Өз-өзін бағалайтынын байқатады. Бүгінде гельді тырнақ бояуын қолданбайтындар сирек. Екінің бірі осы әдісті жасатады. Оның кәдімгі бояудан артықшылығы көп. Бір айға дейін жылтыр әрі тартымды түсін сақтайды. Бірақ... Сұлулыққа құштарлық денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін. Ма...

    Толығырақ...
ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚТЫ КӨШЕДЕН АҚША ЖИНАП ЖАСАУҒА БОЛА МА?
13.12.2018 13:21

Үміт  пен  күдік

Үстіне көк түсті форма киген, қолында жәшігі бар жасөспірімдер көшеде, адам көп жүретін қоғамдық орындарда кездескен кісілерден «науқас­ балалардың еміне қажет» деп ақша сұрап жүр. Бұл көрініске қызылордалықтар екі айға жуық уақыттан бері куә болып келеді. Өткен-кеткен адамдардан бұлайша қаражат сұрайтындардың дені – жастар,­ жасөспірімдер. Біршама уақыт бұрын фейсб­ук әлеуметтік желісінде осы тақырыпта пост жарияланып, түрлі пікірлер тоғысы болған-ды. Тіпті қайырымдылыққа мұндай жолмен қаржы жию «жасөспірімдерді қайыршылыққа бейімдеу ме?» деген мазмұнда да ой айтылды.

Өткен жұмада осы іске ұйытқы болып жүрген жандар БАҚ өкілдеріне арнайы баспасөз мәслихатын өткізді. Бір қызығы, қайы­рымдылық шарасы туралы шынайы әрі толық ақпарат алып, БАҚ құралдарында жариялау үшін келген тілшілер тосын жайға тап болды. Жиын барысында ұйымдастырушылар тарапынан кей журналистің сауалына қарсы сұрақ қойылып, соңы дөңгелек үстел басында отырған басшылардың ескертусіз орнынан тұрып кетіп, қайта келіп жауап беруіне әкелді. Бұл туралы кейінірек...

Алғашқы болып сөз алған қайырымдылық қордың баспа­сөз хатшысы Ерғали Сапарғалиұлы:

- «Халықаралық дүние руханият» қоғамдық қоры республика бойынша баспасөз мәслихаттарын өткізіп жүрміз. Қызылорда қаласында жақында ғана, 2 айға жеткен жоқ, арнайы Әділет департаментіне тіркеліп, жұмысты бастадық. Бұл қор 2018 жылы 26 мамырда, арнайы Рамазан айында, ораза күнінде халыққа сауапты іс жасайық деген мақсатпен ашылған. Яғни, Елбасының «Болашаққа бағдар­: рухани жаңғыру» атты мақаласын негізге ала отырып, халқы­мыздың, жастарымыздың арасында рухани құн­дылықты ояту және де қамқорлыққа, мейірімділікке, адамгер­шілікке тарту мақсатында жұмыс бастаған болатынбыз. Алғаш Шымкент қаласы, қазіргі Түркістан облысында іске қосылды. Бас кеңсе – сол жақта. Шымкентте 8,5 миллион теңгедей ақша жиналып, берілді. Бұл жердегі мақсат – науқас сәбилердің еміне, дәрі-дәрмегіне, ота жасатуына қаражат шығарып, қайырымдылық жасау. Әрине, кеше ғана Елбасымыз телеарнадан арнайы айтты: «Қазіргі қоғамда жас нәресте, ауру сәбилер көп шығып жатыр», - деп. Қазақ «көп түкірсе, көл болады» деп бекер айтпаған ғой. «Жетім көрсең, жебей жүр» деген. Әйтеуір, жақсылық жасасаң, жақсылық жақындайды. Бұл Құранда­ да бар. Алланың разылығы үшін осындай тірлікті бастаған едік. Қызылордада біз осы баспасөз мәслихатын өткізіп, БАҚ өкілдері, өздеріңіз халық арасына жария жасама­саңыздар, біздің бастамамызды басып тастайды. Өйткені, қайырымдылық жасауға әрбір пенденің ықыласы бар. Сондықтан да қоғам болғаннан кейін кездеседі, «алаяқтар­ ғой» дейтіндер де бар. Бірақ қарсы нәрсе болса да, біз соған­ қарсы тұрып, халықтың арасына өзіміздің қайырымдылығымызды, халал тірлігімізді, ниетімізді жеткізгіміз келед­і. Осы уақытқа дейін «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауының аясында, «Бала – біздің болашағымыз» деп, жастарды да жұмысқа тарттық. Қоғам­ға, халық арасында қолдау көрсететін адамдармен бірге жұмыс істегеннен кейін жастар мейірімділікке, имандылыққа тәрбиеленеді. Бізде ерікті жасақшылар бар, көбі – жастар. Олар өзінің бос кезінде, әке-шешесінің рұқсатымен, келісімшартпен, қолында заңды құжаты бар, көшеге шығып, халықтың қолдауымен бірге тірлік жасайды. Өзінің бауырларына жаны ашығандықтан, көшеге шығып, халықты­ң қолдауымен, халықтың ризашылығымен еңбек етіп жүр. Өзінің еңбегін алады бұлар. Әрі жас нәрестелерге қолдау көрсетеді, - деді.

«Халықаралық дүние руханият» қоғамдық қорының баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сүйсенсек, аталмыш қоғамдық қор жұмыссыз жүрген жастарды қайырымдылық жасауға шақырып, 50-ге жуық жасты жұмыспен қамтып отыр. Басқосу барысында бүгінгі күні қайырымдылықтан түскен ақшаны алуға Қызылордада 47 науқас сәби тіркеуде тұрғаны белгілі болды.

- Қазіргі таңда Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Түркістан облысында филиалдарымыз бар. Біз «Бала – біздің болаша­ғымыз» атты бағдарлама бойынша жұмыс істеп жатырм­ыз. Қызылорда облысында 26 қазанда ашылдық. Ашылғанымызға 2 айға жуық уақыт болды. Халықтың арқасын­да жиналған ақшадан көмек беріл­ді. Олар – Қызыл­орда қаласының тұрғыны Рау­ш­ан Утеулиеваның ұлы мен қызына 187 000 тең­ге, Алия Абдуллаеваның ұлына 150 000 теңге, Эльмира Сапарбайдың баласына 80 мың теңге. Одан бөлек, жедел түрде көмек беру бары­сында Айжан есімді ананың қызы жансақтау бөліміне түсіп қалып, біз Орталық мешіттің молдасы­н алып, ауруханаға бардық. Қызылорда­ облысының тұрғыны. Оған 100 мың теңгедей көмек берілді. Гүлжауһар Балапанова келе алмай­ қалды. Оған баласын шұғыл жағдайда МРП-ге түсіру керек болған. Жедел түрде 20 мың теңге аудардық. Қазіргі таңда Меруерт Ағыбаеваның баласына 40 мың теңге көмек беріп қойдық. Осы 2 айға жуық уақыт ішінде жарты миллионнан астам ақшалай көмек берілді. Дәлірек айт­қанда, 590 мың теңге. Қазақстан бо­йынша биыл­ғы мамыр айынан желтоқсан айына­ дейінгі аралық­та біз айтып өткен облыстардан жинал­ған ақша 9 миллион теңгені құрап отыр, - деді «Халықаралық дүние руханият» қоғамдық қорының президенті Жәнібек Утелов.

Аталмыш қордың қайырымдылықтан өзге де функциялары туралы «Халықаралық дүние руханият» қоры Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Мардан Жаубаев тарқатты­.

- Бізде тек ғана ДЦП-мен ауыратын балаларға көмек берілмейді. Жалғызбасты аналар көп келеді. Біреуі коммуналдық төлемін төлей алмай қалады, сол сияқты тағы басқа мәселеле­рін жазады, - деді ол өз сөзінде.

Осы тұста облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі  Гүлмира  Ділдәбекова:

- Жаңа айттыңыз ғой, жалғызбасты аналардың коммуналдық төлем мәселелеріне байланысты. Негізгі мақсаттарыңыз науқас сәби­лерге көмектесу емес пе? Ол жағы қалай болады? - деп сауал қойды.

Бұл сұраққа Қор басшылары «Оған бөлек өзіміздің жора-жолдастарымыз, таныс-тамырларымыз тарапынан сол кісілердің жағдайына көз жеткізу, үйіне барып көру барысында телефон соғып, өзіміздің жеке таныстарымызға айта отырып, көмек беріліп отыр» деп жауап берді.

- Жұмыс істеп жүрген жастар қанша теңге айлық алады, сосын белгіленген уақыты туралы­ айтып жіберсеңіздер? - деп «Халық» газеті тара­пынан да сауал қойдық.

- Ол еріктінің өз еркінде. Ары қарай өзінің тапқан қаржысынан 30 пайызға дейін ала алады.­ Жәшіктерді көріп жүрген шығарсыздар. Сондай­ жәшік бар. Жиналып отырып, кассирдің қатысуымен акт бар, волонтердің арқасында жинал­ған соманың әрбір тиыны саналады. Сол жинал­ғаннан 30 пайызын бала өз еңбегіне алады. Қалған­ пайызы көмек сұраған ата-аналарға арна­лып отырады. Бұлардың барлығы айма-ай есеп тапсырып отырады. Ақшаның қайда кетіп жатқанын. Барлығыңыз көз жеткізсеңіздер, келіп көрсеңіздер болады. Жұмыс уақыты азанғы 9:00-ден кешкі 9:00-ге дейін. Студенттерге жұмыс уақытысының кестесі қойылмайды. Өйткені, «активистер» дейді ғой, бос еріктілер дейді қазақша. Олар ата-аналарының рұқсатымен бізге келіп жұмыс істейді, - деді Ж.Утелов.

Ал «50-ге жуық жастардың тапқанынан күніне орта есеппен қанша теңге қаржы жиналады?» деген сұрағымызға «Оны кеңсеге келсеңіздер, есепші маманнан біле аласыздар. Толық ақпаратты есепші маманнан біліп, барлық ақшаның қайда кетіп жатқанына көз жеткізе аласыздар. Күнделікті әрқайсысының есебі архивте сақталады. Бір ай өтсе де, 1 жыл өтсе де, қай күні қанша адам, қанша акт шықты, бәрін көруге болады» деген жауап алдық. Ақша ұрланған факт Шымкентте болыпты. Ал Қызылорда облыс­ында волонтердің жұмысқа шығып, бір бұрышта камера­ның астында ақша салынған жәшіктің пломбасын бұзып жатқанын көрген №10 тірек пунктінің учаскелік полицейлері қоғамдық қор өкілдеріне хабарласып, нәтижесінде еріктінің ата-анасы шақырылып, қаражатты аман сақтап қалған.

«Науқас балалардың тізімін қай жақтан аласыздар?» деген сауалға ата-аналар өздері тапқанын, науқас баласы болғандықтан, үнемі көмек көрсететін кісілерді іздеп жүретінін айтты.

-  Мен алты баланың анасымын. Туылғаннан екі балам­ мүгедек. Осы баламды аяққа тұрғызғым келеді. Өзім­нің жағдайым жоқ болғаннан кейін әр жерде балаларды (волонт­ер. – ред.) көріп жүрдім базарда. Сол балалардан сұрадым, «маған да осындай көмек керек еді, қай жерге барсам болады?» деп. Кеңсенің мекенжайын алып, іздеп бардым. Балама басқа қалада қонақүйге барып жатқызып­, үйренгеннен кейін ғана ота жасаймыз деді. Бірақ менің қонақүй жалдап тұруға қаражатым жоқ, осында да балала­рым бар, дәрі-дәрмек ала алмай, коммуналдық төлемді төлей алмай жүрмін. Өзім жұмыс істей алмаймын. Себебі, екі мүгедек балам бар. Алты бала бағу деген маған оңай емес. Осы жігіттерге мен қатты риза болдым. Әлі де мен сенер емеспін, осындай да жақсылық істейтін адамдар бар екеніне. Өйткені бұл менің туған-туыстарымның қолынан­ келмеді. Қайырымды іс жасап жатқан «Халықаралық дүние руханият» қорына риза болып отырмын, - деді Гүлмира­ Сыбанова.

- Қызым Інжу Базарбай 2011 жылы дүниеге келген. Қазіргі таңда жансақтау бөлімінде жатыр. Мойнындағы трубка арқылы бала тыныс алады. Жабық күйінде әкелдім. Оны әкелу бағасымен қосқанда 15 мың теңге. Осыны алу үшін мен «Халықаралық дүние руханият» қорына хабарлас­қанмын. Бізде республика бойынша әлеуметтік желіде чат бар. Сонда аналар жазды. Бұрын Шымкентте болған, Қызыл­ордада осындай Қор ашылайын деп жатыр деп. Маған жеке өзіме жазды. Сосын Жәнібек пен Қайрат ағаға хабарластым, 2 аптаның көлемінде маған 100 мың теңге ақшаны ауруханада дәрігердің көзінше табыстады. Ол қаражат­ қазір менің есепшотымда тұр. Қазір балама қажетті дәрілік зат Ресейде жоқ екен, «жылдың аяғы, таусы­лып тұр» деді. Осы дәрілік заттарға бала тәуелді, - деді Айжан есімді ана.

- Төртінші нөмірлі кезекте тұрған анамын. Менің балам­ Ералы Құдайберген алты жарым айлық, 400 грамм болып туылған. Әлі отырмайды, жүрмейді, 4 ай ауруханада жаттық,­ үйге қайтып, одан кейін үш күннен кейін қайтадан жансақтау бөліміне түсті. Пневмония болып ауырды. Содан көзін тексерген кезде ретинопатия деген нақтама қойылды. Уақыты өтіп кеткеннен кейін. Негізі туылғаннан кейін бірден ота жасау керек екен. Алайда «Ана мен бала» орталығында жасалған жоқ. Сосын окулист бізге тезірек Алматыға апарыңыз деді. Кислородпен пойызбен апардым. Ол кезде де, айғай-шумен шықтық. Алматыға бардық. «Өтіп кеткен, дәрігерлеріңіз не істеп отыр, қолынан­ келмей ме, неге жібермейді?» деп өзіме сөйледі. «Барып соттасыңыз» деді. Тез арада ақша тауып, Санкт-Петербургке барыңыз деген соң, 10 күн ішінде маған 1,5-2 миллион теңгедей ақша керек болды. Жыладым, не істейін? «Балаңның көзі көрмей қалады. Қазақстанда тек протез ғана салып береді, ол қозғалмайды. Жазылудың жолы бар, егер баратын болсаңыз» деді. Ақшаны бүкіл туған-туыстардан, таныстардан жинап, бірінші отасын жасаттық. Одан кейін екінші ота тағы бар. Үшінші отаға да бардық. кейін тағы да ауырып қалды балам. Қайтадан Алматыға барып қаралдық. Емінің барлығына қаражат кетті. Қызылордада порталмен ауруханаға жата алмай, шұғыл түрде Алматының ауруханасында жаттық. Осы басшылар­ға алғысым шексіз. Мамыр айынан бері сұрап келе жатырм­ын №4 емханадан, тегін берілуі тиіс дәріні бермейді, - деді науқастанған Ералы Құдайбергеннің анасы.

Мұнан соң облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі Г.Ділдабекова мен «Ел тілегі» газетінің тілшісі Жансая Нұрқожа Қор басшыларына «Халық арасында екіұдай пікір бар екенін, қайырымдылық жасаудың бұл жолын бірі жақтаса, енді бірі алаяқтық деп жазғыратынын айтып,­ волонтерлер сәбилердің ақшасынан, халықтың ақшасынан айлық алып отыр ғой, бұл дұрыс па? Қоғамдық қор өзі табыс табуы керек емес пе? Сол кезде сәбилер­ге ақша көбірек бөлінетін бе еді?» деп сұрады.

Тілшілер тарапынан қойылған «Халықтың науқас сәбилердің қаражатына» деп берген ақшасының 30 пайызын еріктілер неге алады? Олар емге ақша сұраған кезде өздерінің де сол ақшадан жырып, айлық алатынын халыққа түсіндірмейді ғой?», «Қарамағыңыздағы волонтерлерге айлық бере алмайтын болсаңыздар, Қордың қажеті қанша?» деген мазмұндағы сауалдың соңы абыр-сабырға ұласты. Ақырында «Біз мұсылман бауырларымызға көмек беріп жатырмыз, сіздер не көмек беріп жатсыздар, айтыңыз­шы маған соны?» деді тілшіге өзін таныстырмаған­ еріктілердің бірі.

Сұрақтың соңы талқыға айналып, жиын соңында әңгіменің нүктесі қойылды.

- Біздің біреуді барып тонауға иманымыз жетпейді, екіншіден, біз сіздер ойлағандай миллионер емеспіз, бұл кісілерге қаражат, бұларға айлық тауып бере алмай­мыз. Біздің өзіміздің жеке бизнесіміз бар. Волонтерлер өздері үшін жұмыс істейді бұл жерде, оларға біз айлық береміз десек, жұмыс істемейді, бәріне ақша керек. Жас балалар да ақшаға келіп ұмтылады. Бұларға айлық береміз десе, қайсысы келіп жұмыс істейді деп ойлайсыздар, барлығы еркін жұмыс кестесі, қолма-қол ақша алғанды бәрі жақсы­ көреді. Үлкен отбасы емес айлықпен жүретін. Бұларға әр күні көп емес, 1000-2000 теңгедей ғана табылады, - деді «Халықаралық дүние руханият» қорының Қызылорда облысы­ бойынша филиал директоры Мардан Жаубаев.

Ал қор президенті Жәнібек Утелов болса:

- «Еріктілер 30 пайызын алмайтын болса, 100 пайызы толық түспей жатыр ғой, ондай болатын болса, қоғамдық қорды жаба салыңыз» деген қасыңыздағы БАҚ өкілінің сұрағына жауап айтып отырмын. Мен қазір құрылтайшылармен бірге өзіміздің қалтамыздан бөліп, басқа облыс­тардан кеңсе жалға алып, құжаттарды түгелдеп, басшы құрамына өз қалтамыздан айлық төлейміз. Ал қалған ерікті­лерге айлықтарын төлеп беруге қаржымыз жеткі­ліксіз. Сол себепті сіздер арқылы халық білсін деп отырмыз. Қайырым­дылыққа ақша берген әрбір адам ойлансын,­ 30 пайызын (волонтерлар. – ред.) алатындығын. Жас балалар­дың біреуі түсіндіре алса, екінші біреуі түсіндіре алмайды. Осы сіздердің көмектеріңіз арқылы газетке жария­ланып, әрбір берген адам 30 пайызын балаға (волонтер­) да беріп жатырмын деген ойда болсын деп ашық айтып отырмыз. Қайырымдылық қордың қалай жұмыс істейтінін сәл тереңірек қарайтын болсаңыз, осындай қоғамдық қор ашылған кезде емес, әр екі ай сайын халыққ­а есеп беру керек. Ашылған кезде біз Әділет министрл­ігіне тіркелеміз. Сосын әр екі ай сайын осылай ақпарат береміз, - деді.

 

Түйін. Бала – көздің нұры, көңілдің гүлі. Барлық бала бақытты болуға лайықты. Сондықтан науқас сәбилер мен балалар көрсеңіз, сіздің де жүрегіңіз ауырып, аяушылық сезімі туатынын мойындайтын шығарсыз. «Халықаралық дүние руханият» қорында жұмыс істейтін волонтерлар (ерікт­ілер) жиын басында Ерғали Сапарғалиұлы айтқандай,­ өзінің бауырларына жаны ашығандықтан, көшеге шығып, халықтың қолдауымен, халықтың ризашылығымен еңбек етіп жүр. Иә, аты айтып тұрғандай волонтерлар – ерік­тілер деген сөз. Олардың еңбегі ақысыз болатыны бізге ғана емес, көкірек көзі ояу барша жұртқа таныс, белгілі ұғым. Көшеге шыққанда да еріктілер 30 пайыз айлығын емес, «науқас баланың еміне» деп ақша сұрайды ел-жұрттан. Науқас сәбилерге деп берген елдің ақшасының белгілі бір пайызын жырып, «айлық» қылу волон­тер деген атқа сай ма? Бұған жол беріп отырған аталмыш қоғамдық қор өкілдерінің жауабын жоғарыда жазып өттік. Бірі еріктілер науқас балалар үшін жаны ашып қаражат жияды десе, енді бірі олар өздері үшін жұмыс істейді дейді.

Қызылорда халқының науқас балаларға ақша жиып беруі нені көрсетеді? Мемлекеттің жылдан-жылға қарқынды дамып келе жатқан медицина саласы­ аталмыш балаларды емдеуге қауқарсыз ба? Ата-аналар тарапынан емхана дәрігерлеріне деген көңілтолмау­шылық та айтылып қалды. Әдетте, ауырған жанға көмекті еріктілер не қайырымдылық қорынан бұрын ақхалатты абзал жандар беруі қажет емес пе? Бұл жерде түсініксіз жайт көп, мәселені тиісті орындар назарына алар деп ойлаймыз.

 

Жазира  БАҒЛАН

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Желтоқсан 2018 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары