Өзекті мәселелер

  • 21.03.19

    «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады». Осы тәмсілге сүйеніп, бала басын көбейткенді жөн санайтын қазақ елінде көпбалалы отбасылар саны 400 мыңға жақындайды. Оларға мемлекет тарапынан арнайы жәрдемақылар тағайындалып, жеңілдіктер қарастырылған. Алайда нарықтың қос бүйірден қысып тұрған шағында мардымсыз қаражат бастан башпайға дейін жетпейтіні үнемі айтылып келеді. Соның салдары еліміздің ...

    Толығырақ...
  • 21.03.19

    Үкіметтен басталған ауыс-түйіс жергілікті билікке де жеткен секілді. Ескерте кететін жайт, Қызылорда қалалық әкімдігінде «ат ауыстыру» жиі-жиі болып тұрады. Тіпті, «бір жарым ай ғана басшылық қызметте отырып, өзге салаға кете салу да оп-оңай ма?» деп қалдық. Енді заңды сауал туындап отыр. Жергілікті билікте кадр тапшылығы бар ма? Егер бұлай болмаса, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бөлі...

    Толығырақ...
  • 21.03.19

    Арық адамнан гөрі артық салмағы бар адамның мұңы басым. Ал ол әйел болса, тіпті, белгілі жайт. Қыс көрпесін түргеннен қыз біткен қысыла бастайды. Қызылды-жасылды киімге сай сымбатты қалайды. Әйел затының әу бастағы сұлулыққа құштарлығы дәл осы сәтте сынға түседі. Арығудың жолында диета ұстайды, фитнес клубқа барады. Алайда  салмақтан арылу үшін  денсаулықты бәйгеге тігу дұрыс па? «Тұмар...

    Толығырақ...
  • 21.03.19

    «Болар бала он бесінде баспын» десе, басқасының отызында не дейтінін баршамыз білетін шығармыз. Даналардың «ақыл жастан шығады» деуі тегіннен-тегін емес. Дарынды балалардың көптігінен еліміздің болашағын көруге болатындай. Кешегі Мағжандар жастарға сенім артқанда сенімге селкеу түсірмейтіндердің барын білді емес пе? Үдеден шыға алмай, беті қызарақтағандарды Терек төрелер қамшымен ұрып, ...

    Толығырақ...
  • 21.03.19

    Кемпір-шал осылай күйбеңдеп жатқанда Иванов бастаған жырындықор атаймандар жұп жазбастан кер даланың шаңын бұрқыратып барып, қалың жыңғыл жынысына кіріп жоқ болды. Бұл алап оңаша. Иванов тұрақтандырған бәрінің бөксе басар ұясы. Бастары аң-құс тегіс семіретін күзге қарай бір-бірімен хабарласып, осы бекетте тоғысып тұрады. Бұрынғының адамдары аң-құсты қақпанмен, тұзақпен аулайтын. Беріде орыстар ...

    Толығырақ...
ТАРИХҚА ҰҚЫПТЫЛЫҚ – ЕЛДІКТІҢ БЕЛГІСІ
20.12.2018 12:52

«Кеңістік – барлық нәрсе­нің, ал уақыт – бүкіл оқиға­ның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғыс­қан кезде ұлт тарихы баста­лады».

Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы бұл тұжырым – қай кезең болмасын, барша ұлт тарихына ортақ  құндылық.

Ортақ құндылықты жасау­да адамзат қасиеттерінің ең биігі де, бірегейі – адамдарды бөле-жармай тең көру, төзімділік, сабырлық десек, ата-баба қанымен дарыған бұл қасиеттерді қадірлей білген Ұлы дала перзенттері өз болмысында тамаша тарих жасай  алды.

Осы тарихты жасауда «теңіздің тамшысындай» үлесін қосып, бабалар аманатына адалдық таныта білген туған ауылым – Қамыстыбас елді мекенінің тарихына да еріксіз сүйсінесіз!

ХІХ ғасырдың басында Жанқожа батырдың сарбаздарына қару-жарақ дайын­даған ұсталардың мекені бол­ған ауылымыз бір ғасыр өткен соң, ХХ ғасырдың 20-жылдарында ашаршылыққа ұшыраған Еділ бойы халықтарына көмек қолын созған Арал балық­шыларының 14 вагон балығын тиеген жер ретінде қазақ халқының даңқын көте­ріп, тарихының бетіне алтын әріптермен жазылып қалды.

Кейін 14 вагон балық тиелг­ен пакгауз (халық ау­зында «бекауыз» атанған – Н.Ж.) талай тарихтың куәсі боп, түрлі себептермен қазақ жеріне табан тіреген көптеген этнос өкілдерінің нәпақа айыра­тын қасиетті мекеніне айналды. Сөйтіп, ауылымыздың тарихын байытып, қазақ тарихына өзіндік үлес қосты.

Бұл пакгаузды – тарихи орынды сақтауд­ың маңызын кезінде облысымыздың басшысы болған Е.Әуелбеков жергілікті халықпен кездесуде де, осы мақаланың авторымен Алматыда жеке кездескенде де қадап айтқан-ды.

«Бұл пакгауз – жай пакгауз емес, болашақта Ресей мен Қазақ елінің халық­тар достығының символы болады», - деген.

Өкінішке қарай, Е.Әуелбековтей дара тұлғаның бұл аманатын орындай алмадық. Бүгінде тарихи жайттар мен небір марқасқалардың, Кеңестер Одағын­ың әр түкпірінен келіп, еңбек еткендердің аты-жөні жазылған қабыр­ға тақтайлары жұлынып, әбден тонал­ған пакгауздың құр сүлдері ғана қалған. Осылайша, небір тарихи деректер көз алдымызда жойылып кетті.

Осыдан-ақ біздің рухымызды көтеретін тарихымызды қадірлеу, елдігіміз­дің еңсесін биіктететін идеяларды дәріптеу үрдісінен әлі де алшақ жатқанымыз  көрініс тауып тұр.

Осы орайда, елдіктің жоғары үлгісін іргедегі көршілес орыстардан үйренген жөн-ау деген ой келеді. Олардың іргелі ел, тіпті әлем санасатын империя құруд­ағы басты жетістігі – ең алдымен, өз тарихын қатты құрметтеуінде жат­қанд­ығы  дер  едім.

2005 жылдың жазында «Азаматтық» партия құрамында V съездге делегат боп Өскемен қаласына барғанмын. Деле­гаттарға арналған үлкен автобуспен қаланың көрікті жерлерін, тарихи орындарын араладық. Менің қатты таңғал­ғаным­, қаланың орыстар соққан көне қамалының сақталғаны былай тұрсын, жылда жөндеуден өткізілетін бұл тарихи орындарды бейне жақын арада са­лынғандай етіп, жарқыратып қойғаны!

Тап осы ғажап көрініске келгенде, бізді бастап, қаланы таныстырып жүр­ген қазақ келіншегі намысыма қатты тиді.

- Мына орыс қамалдарының, әскери­ қалашықтың салынғанына төрт жүз жыл болды. Орыс әскерлері келгенше, бұл жер ешкімнің де меншігі болмаған. Қазақтар да, жоңғарлар да тек малын жайып, келіп-кетіп жүрген, - дегені жаным­ды  жаралап кетті.

- Сонда, бұл жерді алғаш игерген орыстар болғандықтан, бұл жер орыс­тікі деп тұрсыз ба? - дедім жаман орысшаммен  қатулана.

- Иә, - деді қазақ келіншегі менің ашуланғаныма риза кейіпте жымия.

Ызадан түтіге, шала орысшаммен бұлай деуге болмайтынын әрі-бері түсіндіріп көріп ем, мұнымды күлкіге айналдырды. «Өзің білме, білгеннің тілін алма!» күйдегі келіншекке тарихын таптамауды ұғындырғаныммен, бәрібір ештеңені түсінгісі келмеді. Шарасыз күйде жұртпен бірге мұражайға айнал­ған қамал алаңын аралап келемін.

Ағаштан аю бейнесін ойып, үстіне орыс зеңбіректерін орналастырған мұнтаздай тарихи соғыс құралдарын көргенде, еңсем езіле түсті.

-Бұл зеңбіректерден бірде-бір рет оқ атылған жоқ. Бұлар – бейбітшіліктің нышаны! - деді әлгі келіншек сөзін пысықтай­ түсіп.

Алайда... Иә, алайда... «Жыртық үйдің де Құдайы бар» дегендей, мені қолдайтын, ата-бабалардан қалған балбал­ тас көзіме оттай басылды! Ертедегі­ қыпшақ дәуірінен қалған кемпір бейнесіндегі балбал тас!.. Ортасынан­ қақ бөлініп, қайта құрас­тырып қойыпты. Бүкіл орыс қаруының мысын жал­ғыз өзі басып тұрғандай маңқияды!­

Қуанғаннан балбал тасты сүйіп алғым­ кеп  кетті. Дереу әлгі заржақ қазақ келіншегіне қарап:

- Ескерткішке, шамасы, жүз жыл болғаны-ау?! - дедім, табан асты аңқау­лана қап.

Менің «надандығыма» мәз болған әлгі келіншек жан-жағынан қолдау іздегенд­ей маңайын бір шолып өтіп:

- Жоқ, бұл ескерткішке жүз жыл емес, тура мың жарым жыл! - дегені.

Бұл жауап мені жігерлендіріп жіберді.

- Ау, жаңа ғана бұл жер ешкімнің жері емес. Бұдан төрт жүз жыл бұрын орыстар келіп игерген – орыстың жері демеп пе едіңіз?! Енді келіп, бұл ескерт­кішке мың жарым жыл деуіңіз қалай?! Мына ескерткіш, біле білсеңіз, қазақтың ата-бабаларынан қалған ескерткіш! Демек, бұдан бір жарым мың жыл бұрын бұл жерді қазақтар игерген, яғни қазақтың ата-бабаларынан қалған қасиетті жер – бұл!

Менің шала орысшаммен айтылған бұл жалынды сөздерім жұрттың – түрлі ұлт өкілдерінің бәрін сілтідей тын­дырды. Әлгі келіншек сасқанынан менің білегімнен ұстай алды. Маған жалбарына:

- Саясат ғой!.. Саясат ғой!.. - дей берді.

Мұндай бейшаралықты, екіжүзді­лікті, сатқындықты көргенде, тіпті күйіп кеттім. Еріксіз ашына айғайлай бердім. Бар орысшаммен өзімнің кезін­де «Азат» азаматтық қозғалысы құрамында қазаққа ақырып теңдік сұрағанымды, Ермак қаласын Ақсу деп атауға ауыстыруға, Ермак ескерткішін алып тастауға өзіндік үлес қосқанымды айта келіп, Өскеменді «орыстың жері» деп жатқандарың үшін жігіттерді жинап әкеліп, сазайларыңды тартқызатынымды  айтып  үлгердім.

Менің айғайымнан шошынған жұртта ес қалмады. Ешқайсысы «сіздікі дұрыс емес» деп айта алмады. Бәрі келіск­ендей үнсіз. Тек әлгі бізді бастап, қаланы аралатып жүрген келіншектің ғана жалынышты үні естіледі. Ақыры бейшараны аяп кеттім де:

- Енді мұндай сорақылықты қайталамаңыз! - дедім. Ол басын изеп келісті.

Осы оқиғадан соң, өз тарихын бағалай алмаған, жауларын жайпаған сұлтан Бейбарыстай қолбасшыларын, батырларын, асылдарын аялай алмаған арабтардың бүгінгі аянышты халін, тарихына өте мұқият орыс халқының елдігін, биік рухын енді түсінгендей болдым.

Сондықтан, Елбасы Н.Назарбаевтың рухымызды биіктететін «Болашақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы мен тарихымызды әспеттеуге бастайтын «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының маңызын оқып біліп ғана қоймай, қазақ жерінің әрбір тасына дейін тарихтан сыр шертетін қасиетті екенін жүрегімізбен сезініп, қызғыштай қорғауымыз қажет. Бұл аталмыш мақалалар құндылығы әр қазақтың, әрбір қазақстандықтың жүрегінде мәңгілік жазылуы тиіс! Сонда ғана еліміздің Тәуелсіздігі баянды болып, Қазақ елі бақыт құсын қолына мәңгілік қондырады.

Қорыта айтқанда, тарихқа ұқып­тылық – елдіктің белгісі. Ендеше, елді­гіміз мәңгілік болғай!

 

Нұрбай  ЖҮСІП,

Арал  ауданы

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Желтоқсан 2018 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары