Өзекті мәселелер

  • 18.04.19

    Түрме рейтингі – кез келген елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін танытат­ын көрсеткіштің бірі. Бұл ретте­ Қазақстан қылмыстық заңнаманы ізгілендіру саясатын іске асыра отырып, жыл сайын бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазалардың баламалы­ шараларын қолдану саласын кеңейтуде­. Соның нәтижесінде бұл түрме зерт­теулерін қадағалаудың халықаралық орталығы­ның (ICPS) жалпыәлемдік рейтингі...

    Толығырақ...
  • 18.04.19

    «Бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады; біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құ­мары... Екіншісі – білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деп талпынып, көзі көрген, құлағы естігеннің  бәрін  сұрап  тыншымау. Бұл – жан құмары...»

    Абай  Құнанбаевтың

    «Жетінші  қара...

    Толығырақ...
  • 18.04.19

    Дана қазақ «Көп жа­саған білмейді, көпті көр­ген біледі» дейді. Көп жасамадық, көпті көрмедік. Айтпақшы, «менің білге­німді өзгенің білмеуі керек» деп ақпаратты қыз­ғанатындар бар екен. Бар емес, олардың қатары қалың көрінеді. Әрине, әңгімеміз пайдалы ақпараттар мен мәліметтер турас­ында ғана. Әйтпесе, оқырман мен тыңдарманды адастыратын ақпараттың әрдайым жасырынып жүрген...

    Толығырақ...
  • 18.04.19

    Бала кезімнен әкеме жақын болып­ өстім. Таң атқаннан кеш батқан­ға дейін ізінен бір елі қалмайтын едім. Әкем жаны жайсаң, түрі сұсты, балаларына қамқоршы, мен үшін асқар таудай биік шың дер едім. Бізге қаладан «балала­рыма» деп базарлық­тың түр-түрін әкелетін. Осыдан әкемнің даладай дарқан көңілін  байқауға  болады.

    ...
    Толығырақ...
  • 18.04.19

    Осыдан екі жыл бұрынғы ақпаратты айтайық. Ең алғаш естігенде есеңгіреп қалдық. Елімізде 2017 жылы 110 мың адам жоғары оқу орнын бітірген. Тек олардың мамандық бойынша жұмысқа орналасқандар саны – 7-ақ пайыз. Мұны мәжіліс депутаты Мұрат Бақтиярұлы баяндад­ы. Бұл ретте бітіруші түлектердің қалғаны қайда деген заңды сауал туын­дайт­ыны рас. Мәжіліс депутаты «КТК» арнасына берген сұхбатында жастарғ...

    Толығырақ...
ЖАНАЗАНЫ МЕШІТТЕН ШЫҒАРҒАН ДҰРЫС ПА?
20.12.2018 13:19

*Әр адам қа­лай өлетіндігін өзі шамалап біледі;

*Аурудың болмауы да тірі жүруге кепілдік бере  алмайды;

*Діни немесе рухани тәжірибенің еліктіруі;

*Жақсы эмоциональды жағдай;

*Өмірдің аяқ­талуын, өзіңнен кейін артыңа не қалдыратыныңды сезіну;

*Емделу тәсі­лін  таңдау;

*Соңғы дем кезінде өз мәртебеңді  сақтау;

*Отбасымен қоштасу мүмкіндігі;

*Өмір сүрген кездеріңді еске алу;

*Өтініш айту, мұрагерлік мәселесі…

Бұл – «Америкалық гериатриялық психиатрия журналының» өлім халінде жатқан науқа­стардың сауалына қатысты жа­ри­ялаған  пікірлері.


 

БІРЕУДІҢ   КІСІСІ   ӨЛСЕ...

Редакциямызға қала тұр­ғыны келіп, өзінің ойында жүр­ген мәселесімен бөлісіп, осы тұрғыдағы халықтың көзқарасын білуді жөн санапты.

- Бәріміз де пенде болған соң мәңгі өмір сүрмейміз. Қазір көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын халық үшін жаназа шығару  өте қиынға соғуда. 4-5-қабаттардан  түсіп, дала­ға тамақ істеу де оңай емес. Іргелес жатқан Кентау қаласында мәйітті үйіне бір күн қондырып (оны өздері біледі), мешіт­ке апарады. Мешіт қызмет­кер­лері сол жерден өздері жуын­дырып, киіндіріп, таңертең өздері жаназасын оқып береді, мәйіт жанашырлары оны бейіт­ке алып кетеді. Мешітке шығы­нын  төлейтін  шығар, ол жағын білмедім. Бізде қалай? Қазір біз­де орамал таратқанды қойып, шапан жабуға көшті. Біреу қайғырып отырса, біреуге шапан тарату деген – меніңше, болмайтын дүние. Хадисте де ысырап жасамау туралы ай­тыл­ған. Қайтыс болған адамды бір бөлмеге қояды да, бір жағында жылап, бір жағында әңгіме айтып жатады. Осыны да ретке­ келтіру  керек сияқты.

Осыдан 2-3 жыл  бұрын ҚМДБ тарапынан жаназа тура­лы кітапша жарыққа шыққан. Ішінде біраз нәрсе айтыл­ған. Үйден мәйіт шығар алдында  оны  жуындыруды намаз оқитын, жөн-жоралғысын білетін адам жасау керек. Ал бізде нағашысынан бір адам, жақынынан бір адам деп кіргізіп жібере салады. Ол адам біле ме, білмей ме, ешкімнің шаруасы жоқ. Киімге таласып жатады. Тағы бір айта кетерлігі, біздегі орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде адам сақтайтын, мүрдені қоятын, жуындыратын жері де бар-тұғын, - деді қала тұрғыны  Жеңіс Ерниязов.

Жердің беті мәңгілік мекен емес. Өмір сағатының тілі кері жылжымайды. Сол сағаттың қай тұсқа келгенде өмірдің шылбыры үзілетінін ешкім де білмейді. Жүректің дүрсілі, ал сағаттың тықылы тоқтаған сәттен бастап, ажалдың «апанына» барар жолдың жолау­шысы боларымыз анық. Ұлы Абайдың:

«Біреудің  кісісі  өлсе, қаралы  ол,

Қаза  көрген  жүрегі жаралы ол,

Көзінің  жасын  тыймай жылап  жүріп,

Зарланып, неге әнге салады ол?» деген өлең шумақтары да бір-ақ нәрсеге көз жеткізіп тұрғандай. Мақсат – өмір мен өлімнің арасын жалғау емес, соңғы уақыттары таласқа түсіп жүрген жаназа рәсімі туралы сауалға жауап іздеу.

 

Тұрар   ӘБУОВ,

дінтану  магистрі:

Ол  жердің  қызметіне жүгінген

ешкім  болмады

Жалпы, «ҚР Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына сәйкес діни рәсімді тек діни бірлестіктер ғана жүзеге асырады. Оған діни ғимарат орындары жатады. Ал жаназа рәсімін діни ғимарат орындарынан тыс үйлерде де атқаруға болады. Қызылорда облысының барлық жерінде болмаса да, көпшіліктің сауабы тисін деп кейбір қалалық мешіттерде жұма намазынан кейін жаназа рәсімі оқылып жүр. Әрине, бұл әр жұмада емес. Мәселен, Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде жұма күнге сәйкес келген жаназа намаздарын жұма намазынан кейін оқу қалыпты дәстүрге айналған десем де қателеспеймін. Бұл – көпшіліктің батасын алу ниетімен жүзеге асырыл­ып жатқан дүниелер. Ал мүрдені сақтау мәселесіне келсек­, өзге облыстың мешіттерінде мүрде сақтайтын орын бар деп айта алмаймын. Еліміздің барлық аймақтарында Әділет органдарына қарасты мәйітхана бар. Егер мешіттер жанынан мәйітхана ашылса, санитарлық-медициналық талаптарының сақталуы және оны бақылау мәселесі қаншалықты жүзеге асырылады? Ертеңгі күні ол орын ауру тарататын ошаққа айналып кетпеуіне кім кепіл береді? Тағы бір айта кетерлігі, кей өңірлерде халық мәйітті үш күнге дейін ұстап тұрады. Ислам шариғаты бұл мәселені құп көрмейді. Үш күн бойы мешіт мәйітханасында қайтыс болған кісіні қалай ұстап отырады, күніне қанша адам өмірден өтіп жатыр. Ол үшін халық мүрдені көп уақыт ұстамауды, яғни азанда жан тапсырған кісіні түстен кейін жерлеуді қалыпты дәстүрге айналдырған жөн секілді. Қанша дегенмен, мәйіттің аты – мәйіт. Бүгінгі қоғамда мешіт жанынан мәйітхана ашуға ешқандай сұраныс жоқ секілді. Мәселен,­ Қызылорда облысындағы орталық «Ақмешіт-Сырдар­ия» мешітінің жанынан 6-7 жыл бұрын «Мәйіт жуатын­  орын» ашып, жамағатқа таныстырды. Бірақ, ол жердің қызметін­е  жүгінген ешкім болмады. Демек, бұл бүгінгі күннің өзекті мәселесі емес.

 

Болатбек  ҰЛАСҚАНҰЛЫ,

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталы­қ мешітінің бас имамы:

Халық  мәйітке  жасалатын  рәсімдерді

үйінде  орындайтын  болды

«Тумақ бар жерде өлмек бар» деген қағиданы өмір шындығы көрсетіп келеді. Қайтыс бол­ған мәйітті арулап, жаназасын оқып, ақтық сапарға шығарып салу – күллі мұсылманның қастерлі міндеті. Марқұм алдындағы атқарылуы тиіс міндеттерімізді шариғатымыз тайға таңба басқандай етіп нақты көрсетіп берген. Дегенмен де, жерлеу рәсімі жалпылама бірдей орындалғанымен, жағдайға қарай кейбір аймақт­ық ерекшеліктер де кездесіп тұрады.

Мәселен, тұрғыны көп үлкен қалаларда үйдің тарлығы, ауланың аздығы сынды мәселе­лер мәйітті жуып, мұсылман шарттарына сай арулауға мүмкіндік туғыза бермейді. Оның үстіне алып шаһар тұрғындарының кейбірі мәйіт алдындағы мұсылманшылық міндеттерді дұрыс білмеуі салдарынан арнайы дін маман­дарына және мәйіт жуатын орынға баруы­на тура келуде. Осындай мәжбүрлік жағдай­лар мешіт жанынан мәйітхана жұмысын жандандыруға әкеп соғуда. Бір сөзбен айтқан­да, мешіт жанынан салынған мәйітхана – жерлеу рәсімдерінің толық орындалуына және мәйітті жууға, қалыпты температурада сақтап тұруға үлкен мүмкіншілік. Мұндай мәйітханалар өзге аймақтарда қарастырыл­ғанымен, біздің өңірде қазір жоқ. Осыдан бір­неше жыл бұрын қаламыздағы орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде осындай нысан жұмыс жасаған-ды. Кейінгі уақытта мәйіт жанашырлары мүрдені алып келуді тоқтатты. Себеп, халық мәйітке жасалатын рәсімдерді үйінде орындайтын болды. Өйткені, өңіріміз қазақы орта болғандықтан халқы да діни рәсімдерден хабардар. Онымен қоса, мәйітті өз отбасынан арулап шығару дәстүрі әу бастан сіңісіп кеткен. Аудан-ауыл төңіректерін айтпағанның өзінде орталық мешіт жанындағы мәйітханаға халық аса зәру болмағандықтан аталмыш нысан өз жұмысын тоқтатты. Ал мәйітке оқылатын жаназа намазын мешіт ауласын­да оқудың еш әбестігі жоқ. Бұл іске шариғатымыз рұқсат береді. Мешітке әке­лінген жаназаға дәретті һәм бес уақыт намазы бар мұсылман бауырлар қатысып, мәйіт үшін дұға жасайды. Бұл – мәйіт үшін үлкен сауап. Мәйітті мешітте сақтау мәселесіне қатысты ҚМДБ-ның Пәтуа бөлімі шариғи шешімін қарастыруда. Әрбір діни үкім халық игілігі үшін шығарылады. Алдағы уақытта барлық ай­мақта бұл өзекті мәселенің шешімі табылады.

Қазалы үйде мәйіттің артынан дастарқан жайып, ас береді. Дастарқанға қарасаңыз, тойға келгендей сезінесіз. Әртүрлі тағамдар, көкөніс, жеміс-жидектер көптеп қойылады. Бір-бірімен бәсекелестік. Бай шашылады, кедей­ қарыздан-қарызға батып, тарылады. ҚМДБ-ның ас-құдайы өткізу барысындағы жайылатын дастарқан мәзіріне байланысты шешімі шыққан жоқ. Тек кейбір өңірлер де аста-төк ысырапшылдықты тоқтату мақса­тында зиялы қауым, ардагерлер кеңесі және түсіндіру жұмыстары арқылы бұл іс қолға алынуда­. Дастарқанға қойылатын қажетті ас мәзірін реттеп, кейбір артық өнімдерге шектеу­ қойылған. Ал өзіміздің өңірге келетін болсақ, бұл мәселе бойынша түсіндіру жұмыстары тоқтау­сыз жүргізілуде. Ардагерлер кеңесі, зиял­ы қауым өкілдерімен дөңгелек үстел өткізіліп, ас-құдайыдағы есебі жоқ ысырапты тоқтату мәселесі талқыланып келеді. Нәтижесі жоқ емес. Өңірімізге қарасты кейбір аудан-ауылдарымызда бір ауыздан ас-құдайыдағы ысырапшылдықты тоқтату қолға алынып келеді.­ Ысырап екенін бәрі білсе де, іс жүзінде тоқтату қиынға түсіп отыр.

 

 

Талғат  МАХАНОВ,

Қызылорда облыстық  ішкі  саясат  басқармасының  басшысы:

 

Діни  негіздегі  тәртіптер  ҚМДБ-ның шешімі  арқылы  жүзеге  асады

Аймақтағы мешіттер Қазақстан мұсылмандары діни бас­қармасы республикалық қоғамдық діни бірлестігінің филиалдары бол­ғандықтан мешіттегі діни рәсімдер ҚМДБ-ның жарғы­сына сәйкес жүргізіледі. Сонымен қатар, мешіттердің жанынан­ мүрде сақтайтын арнайы орындарды ашу, ақтық киімін әзірлеу және жаназасын шығару секілді діни негіздегі тәртіптер ҚМДБ-ның шешімі арқылы­ жүзеге асады. Сондай-ақ, басқарма тарапы­нан мешітте мүрдені қалыпты температурада сақтайтын арнайы бөлме ашу мәселесі ҚМДБ-ға ұсыныс ретінде жолдануда. Егер бұл қызмет ҚМДБ тарапы­нан жүзеге асырылған жағдайда ішкі саясат басқармасы өз құзыреті шегінде қолдау көрсететінін хабарлай­ды.

 

Соңғы кездері деп айтып келе жатқанымыздың өзіне он жылдан асты, жаназа мен той дастарқанының еш айырмашылығы жоқ. Аста-төк ысырап. Тіпті кей жерлерде сүйекке кірген кісілерден бөлек, көңіл айта келген адамдарға шапан жауып, жаулық, ақша тарататындарды көріп жүрміз. Төс түйістіру мен ән айтудан басқа амалдың барлығы қазір қазалы жерде де орындалатынына налитындар жетерлік. «Өлім байдың барын шашады, кедейдің артын ашады» деген осы.

Нұрбике ҚАЗИҚЫЗЫ

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Желтоқсан 2018 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары