Өзекті мәселелер

  • 18.07.19

    Жалпы, қай жерде болмасын статистиканың орны бөлек. Статис­тика – адам сүйсініп не күйініп оқитын бірден-бір ақпарат. Яғни, ол – әрдайым оқылымды материал­. Сондықтан  болар, Ұлттық экономика министрл­ігі Статистика  комитетінің  http: //stat.gov.kz/ сайтын әлсін-әлсін шолып тұратынымыз бар. Бұл жолы біз өз облысымызға қа­тысты біршама сандық деректерге тап болдық. Оны жүйелеп, оқырман ...

    Толығырақ...
  • 18.07.19

    Қызылордада құрылыстың қарқынды дамы­ғаны соңғы бесжылдық десек, асыра айтқандық емес. Алдымен тұрғындарды әлеуметтік нысандармен қамтуды басты бағыт санаған жергілікті басшылар қаладағы көпқабатты тұрғын  үйлердің де көптеп бой көтеруіне мән берді. Оған соңғы 6 жылда облыста 2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілгені дәлел. 2013 жылы 270 мың шаршы метр тұрғын үй салынса, 2018 жы...

    Толығырақ...
  • 18.07.19

    Бүгінгі күні ауданда балық шаруашылығы саласы қарқынды дамыды деп айтуға толық негіз бар. Өйткені балық шаруашылығы өңір экономикасының дамуына және халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына, оларды жұмыспен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отыр. Себебі Арал теңізі мен Сырдария өзенінің жағасында қоныстанған жергілікті халықтың өмірі мен тұрмысы балық шаруашылығымен тығыз б...

    Толығырақ...
  • 18.07.19

    «Рас, үйленбей тұрып әйел­ді «ашсам – алақанымда, жұм­сам – жұдырығымда ұстаймын» дегеннің бірі мен едім» деп бас­тады автобуста отырған жігіт ағасы. Өзі ащы судан аздап ұрт­тап алғанға ұқсайды. Сәлден соң салбыраған басын қисаң­дата көтеріп, көзін жартылай ашып-жұмып «менде бәрі бар еді, көлігім де, үйім де...» деп тағы налыды. Ал, әйелін айт­қандағы байғұстың жыларман түрі мен шарасыздықтан с...

    Толығырақ...
  • 18.07.19

    Сүйріктей саусақ, сәнді тырнақ – кез келген қыз-келіншектің арманы. Тырнағын әсемдеу әйелге сенімділік сыйлайды. Өз-өзін бағалайтынын байқатады. Бүгінде гельді тырнақ бояуын қолданбайтындар сирек. Екінің бірі осы әдісті жасатады. Оның кәдімгі бояудан артықшылығы көп. Бір айға дейін жылтыр әрі тартымды түсін сақтайды. Бірақ... Сұлулыққа құштарлық денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін. Ма...

    Толығырақ...
ШАҺИДТЕР РУХЫНАН СҰРАУ БАР
20.12.2018 14:17

Аймақ  басшылығы  назарына

Қарымды  қаламгер, белгілі жазушы, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Молдахмет Қаназдың «Қазалы» аудандық газетінің биыл көктемгі екі бірдей санында (17-21 сәуір) және халықаралық «Түркістан» газетінде (23 тамыз) жарияланған «Арықбалық ахиреті» атты еңбегі біраздан көңіл көзінде жүр. Даңқты Жанқожа батыр, әулие ғұмырнамасына өмірінің ұзақ жылдары мен шығармашылық әлеуетін арнаған жазушының бұл еңбегі де сол сабақты тақырыптың жаңа бір тармақ өрбіткен бұтағы іспетті. Айтпағы терең, дерек-мағлұматы тамырлы осы еңбек көңілге көп ой салды.

Батыр, әулие Жанқожа баба­мыз­дың біз  білетін  ғұмыр-тағдырындағы ең бір ереуіл де қасіретті кезең – 1856 жылдың соңынан 1860 жыл – өмі­рі­нің ақыр сәтіне шейінгі уақыт. Бұл кезең ХІХ ғасырдың орта шенінде орыс жаугершілері іш өлкелерімізге сыналап кіріп, сол жылансырғақ жылжуда белді-белді бекеттер – «Райым­», «Қазалы», Перовск бекі­ністерін көтере қорғандап, табан тірей орнығып алған тұс еді. Сол қатардан «Қазалы» форпосты маңында 1856-57 жылдары болған батырдың ел азаттығы жолындағы ақтық шайқасы, сонан кейінгі «аруақ қайтқан, талап мұқалған» шарасыз халдің үш жылы – әулиенің жан қинаған жалғы­здықта, ой-толғақта өткізген аса қиын ғұмыр-алабы болды. «Қы­зылдың құмаршығын ғана жанға тал­ғажау еткен», анығы, батыр-әулиенің мына жалғандағы өз жан-қылуетіне кеткен бір басалқалы сәті еді ол. Тіміскі ниеттер өз пиғылдарында жандары жай тапқан ба – сұмдық қасірет­тің салқын лебі тым тақау қалған...­

Біз тарихтардағы талай ереуіл жайттар мен қанды-қасап оқиғаларға әбден қаныққан жұртпыз. Тіпті, мыңжылдықтар оқиғаларын көзбен көргендей сенімде жүреміз. Ал осыдан бір жарым ғасыр шамасы ғана бұрын, өз төрімізде бұрқап өткен, шын мәнінде төл тағдырымызда ауқымы зор, мәні терең жайттардан шала-пұла екенімізді осы өзіміз көп­аса парықтай бермейміз. Кешірімсіз кемшіндігіміз деуге болар еді.

Қазақ жерінің ауқымды аумағында тағдыр таланына жазған ерлік істің неше үлгісін сонау жас шағынан бастан кешіп келген Жанқожа бабамыздың хас батырлық һәм әулиелік дәргейге жеткен рухани толымды кезеңі – сонау жылдар еді. Шын мәнінде, қуаты Сырым Датұлының, Кенесары хан күресінің қатарында тұрған, ал терең қасіреті мен жан тебір­еністері қатпарында, демек, адам жанының сезімдік құбылыс­тарында бәлкім, солардың бәрінен тереңірек кеткен жағдай бұл. Зерт­теуші үшін, әсіресе, жан сейісі – қаламгер  үшін  терең  тақырып...

Мен, оқырман ретінде біраз уақыт, батыр ғұмырының соңына халық қасіре­тінің үлкен қанды нүктесі боп қойылған сонау оқиғаны (батырдың Қазалы маңындағы соңғы шайқасын) ғалым Т.Шойынбаевтың нақты, қысқа мәліметтері арқылы жаным ауыра қабылдап, сол деректерге біраз байырқалап келген адам едім. Ал М.Қаназ сөзі бұл танымды бұзған жоқ, өз шындық-дерегімен әрірек, биігірек бір білік пен таным тұғырына­ апарып орнықтырды. Және жағдайдың адамдық болмысы мен адами сырын қазбалай айтып жеткізді. Батыр­дың адамдық болмысы, адами сыры – әулие өмірбаянына тәубелі-ықыласты ұрпақ үшін аса құнды тарап­. Бұл сезім жазушының алғашқы «Ел қорғаны – Ер Жәкем» (2008 ж.), 2014 жылы жарық көрген «Жанқожа Нұрмұхаммедұлы – 240» кітаптарының ресми-қатқыл, тарихи-келте, батыр­лық баяндаулары арасынан көркем сөз, пәлсапалық өрнектеу­лерде шаң бере бастаған бір адами нәзік тін еді.

Дәстүріне берік автор мына аталмыш  мақаласында да барлық тарихи уәж, дерек-дәйек, тіпті, дақпыртты дейдісөз жорамалдарды бір дестеде жаймалап, тағы да байыпты зерде, сараптау мехнатын жүргізеді. Архив­тер мен дереккөздерде бірде айқын, бірде бұлыңғыр ишаралар артына бұқтырылған мәліметтерді бері тарта,­ реттілік пен қисын таразысына сала, тек ақиқат тұғырлы шындыққа жүгінеді, әділігіне адал сөз саптауға тырыс­ады. Мойындатар деректілік сенімі және батыр-әулиенің адами жан қасіретін ұғыну сезімін әкелетін рухани тұшыну да осы жайттардан туындап  жатыр.

«...Оқпанынан от шашып тұрған зеңбіректер мен анталаған картечке қарсы ел намысы, туған жер азаттығы үшін көрінеу-көзге жалаң кеуделерін тосып, құрбандыққа кеткен қайран боздақтар-ай!..» деп басталатын еңбектің ой-сарыны әлі де Қазақ шежір­есі бедерінде анық, толық орны мен бағасын ала алмаған, тарихи-мораль­дық түйінді тұжырымы жасалмаған тарихи ұлы оқиға, елеусіз-ескер­усіз кеткен есіл ерлер аруағы хақын­дағы күйзелісті көңілде жатыр. Мәселе қордалы да сабақты. «...Содан бері талай заман төңкерілді, қоғам қырық құбылды, балапан – басы­на, тұрымтай – тұсына, байтал түгіл бас қайғы алмағайып кезеңдер өтті. Патшалы Ресейдің қас жауы, одан кейінгі Кеңес өктемдігі кезінде талай тәлкекке түскен көтеріліс қалай ғана егжей-тегжейлі зерттеле қойсын.

Елдігімізге сын болып табылатын осы бір әлдеқашаннан көкейде жүр­ген түйткілді оқиға туралы сол жазық-жапасыз боздақтардың негізгі іздеушілері, жерлестерім – Қазалы жұртының үлкен-кішілерінің қаперіне салу сіздің бұл пақырыңызға парыз етілді. Уақыт озған, бірде-бір куәгердің көзі жоқ, ауызша деректер болса да келмеске кеткен, сол кездегі дұшпандардың қолынан өткен құжаттардың көбісінде шейіттер туралы мағлұматтар баспа-бас түгенделіп, қағазға түспеген. Біз сол бұлыңғыр соқпақты шыжымдап көрдік. Сол күйі сұраусыз жоғалып бара жатқан аруақтардың рухтары үшін, бейкүнә төгілген қан­ның өтеуі үшін, жетіліп келе жатқан жас ұрпақ санасының сергектігі үшін... Ақыры, еліміздің абыройы үшін». Қамтыңқырап алынған осы кесек сөзде мақаланың недәуір рухани­ салмағы тұр. Бір жарияланым төңірегінде біраз ой қозғай, бізге де қолға қалам алғызған осы салмақ.

«Өлі аруақ риза болмай, тірі байы­майды» деген тәжірибелік уәж де бұл жерде өңсіз тартып қалар еді. Мәселе­ Жаратқанның жалпақ жалғанында жер басып жүрген тірілердің мойнындағы парыз деген салмақта жатыр. Мақала бұл хақында ә дегеннен өткір мәлімдейді: «Өткен, 2017 жылдың  9 қаңтарында өзіміздің Қазалы маңында, басым бөлігі Арықбалықта, ел азаттығы үшін кеуделерін оққа тосқа­н жанкешті боздақтарымыздың қызыл қырғын бықпыртқа ұшырағанына 160 жыл болды. Әріні әрі делік, беріні қызыл құрсаудың қыспағында болып едік деп бұқпантайлалық, еліміз егемендік алғалы 30 жылға таяп қалса да, ұлығы – ел абыройы, берісі – бүгінгі ұрпаққа, әр азаматтың арына қатысты бұл мәселе жөнінде мәу деген бір пенде болса кәне? Жабулы­ қазан сол жабулы күйінде жатыр. Ештеңе болмағандай, ешкім ештеңе білмейтіндей.

Халықтың сол ызалы толқуының шырқау шегі қан судай аққан Арықбалық ахиреті болатын...». Автордың осы атап көрсеткен мерзім межесінен бері де жыл өтіпті. Жабулы қазан – әлі жабулы қалпы... Өз тарихымызда біз үшін, ұрпақ үшін алақол саясатқа салатын жайттар болмаса керек. Ал Жанқожа батыр, әулие өмірінің ең қасіретті кезеңі, төменгі Сыр елінің азаттық жолында жан беріскен аса елеулі күрес оқиғасы – бедері жермен жексен болған мәлімсіз бейіттей көзден де, көңілден де тым алыста, елеусіздеу өшіп бара жатқаны қалай? Бұл – өкінішті жайт! Мақаланың өз сөзімен айтсақ: «...Ел аман, жұрт тыныш­та біздің мұншалық бой­күйез­дігімізді ата-бабаларымыздың адал қандары, ахирети аруақтар кешіре алар ма екен?». Соңғы екі ғасыр шамас­ы оябын алсақ, елім деп еңіре­ген­ Сырым Датұлы күресі, Кене­сары хан жорықтары, 1916 жылғы ұлт-азаттық­ қозғалыс,  Желтоқсан  көте­рілі­сіндей – қазақ тарихындағы шоқтығ­ы  биік оқиға ғой бұл.

Автор тарихи дерек-дәйектер арқыл­ы  бекемделген  сол  күнді – 1857 жылдың  9 қаңтарын – қазақ азаттығ­ы жолындағы халық күресінің бір Күні, боздақтарды еске алып, аза тұтып, рухтарына құран бағыштайтын күн етіп белгілеуді айтады. Сонау­ аруақты жерде ерлер рухына ескерт­кіш көтеру мәселесін ұсынады. Осы тұс аталмыш еңбектен тағы бір үлкен ой сұранып тұр: «Қазалы – әр үй, әр көшесі заманалардан сыр тартқан, тұтасымен тарихи қала... Халық көтері­лісінде қоршауға алынған осы қала – тарихи оқиға ошағында – елеулі­ бір белгі тұрар болса, көне шаһар­дың мән-мазмұны байи түсер еді... Дұшпандарының әлдеқайда үстем екендігін көре-тұра, елдік намыс­, туған жер тазалығы үшін оққа өңеш-жалаңаш ұмтылып, нағыз қан-қасапта адал қандарын төгіп, шейіт кеткен сол боздақтарға құран бағыштарлық бір белгі қажет-ақ... Байыпта­п қараған адамға өлкеміздегі осы бір қасіретті оқиғаның орны үңірейіп-ақ тұр... Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Біз жаңғыру жолында бабалары­мыздан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүл­кіл­деп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түгендеуіміз керек». «Біз бүгінгі бейбіт тірлігіміз үшін тарихтың әр тұсында осы елді, осы жерді қорғаған қайсар жандардың рухы алдында парыз­дармыз» деген болса, бұл сөздерге алып, қосар не бар?» дей келіп, автор өз идеясындағы рухи ескерт­кіш-белгінің өзі көңілде айшық­тап-бәдіздеген нақты таңба, сипаттарына шейін байыптай тоқ­талы­п  өтеді.

«Сайын даланың ең соңғы ұлы батыры­, әулие Жанқожа өмірі осымен тамамдалды» деген, ұлы бабамыз ғұмырнамасына тәнті орыс зерттеу­шісі И.В.Аничковтың соңғы сөзі бар еді. Саналы ұрпақ ықыласы сол тұжы­рым­ды жоққа шығара, батыр-әулие­нің ел жады мен жүрегіндегі рухи өмірін жалғастырып әкеткеніне азат еліміз, жаңа тарихымыз, жалпақ жұр­тымыз куә. Ел сеніміне салып айтсақ, бұған аруақ разы! Ал енді, сонау­, батыр өміріне қатысты, халықтық  сипат­тағы сұрапыл қанды оқиға­ның  рухани­ таңбасы әлі қойылмағаны  қалай?!.

Атой үнді мақала алғаш «Қазалыда» шыққанына 8 ай. Ел ауқымында сөзі уәлі «Түркістан» газеті бетінде мәселе қойылғалы 4 ай. Аз уақыт емес. Сабақты сөз айтылғасын, ең болмағанда, сол салмақты оқиғаның 161 жылдығына қарата біраз жұмыс тындыруға болатын еді ғой. Алматыдан ел тынысына көңілі жіті жазушы сөзімен айтсақ, Қазалыда әлі күнге «мәу» деген бір пенде жоқ. Бұл не сал­ғы­рттық? Көп ақтаңдақты тарихымыз мүддесін күн тәртібіне қойған «Бола­шаққа бағдар: Рухани жаңғыру» талабын, Елбасымыздың өзі айтқандай («Хабар». 2.12.2018ж.), құрғақ протоколды сөз, науқан үшін ғана дабыралатып, қалғанын беталды қоя беретін немқұрайдылықтың бір мысалы ма бұл? Айт­қыз­бай-ақ қолға алатын аруақ алдындағы тірілер парызы деген­ қайда?

Орбұлақтағы шағын ғана Жәңгір шайқасын саналы ұрпағы ел ауқы­мындағы ерлікке көтерді. Ұлытау, Түлкібас, Созақ жерлерінде әр тарих сүрдегінің кезеңдері «қиқымына» шейін құрмет тәртібіне қойылып жатыр­. Ал өлкесінде талай шежіре тұнған Қазалы ауданының басшылы­ғы бұл ретте де «сен тимесең, мен тимен­ бадырақкөз» саясатта, әлдене-әлдекімнің ауанын бағып, тым-тырыс отырған сыңайлы ғой?

Аруақ рухын жерге баспаған иманды дәстүрімізде, қазақ азаттығы жолын­дағы халық күресі – «Арықбалық қанды қырғыны» шаһид құрбандары естелігін Қазалы жерінде жадылы­ ел, саналы ұрпақ еске ала тәу етер бір қастерлі орын мен күн белгілену­і қажет. Осы жайт айтылудай айтылып келеді. Бұл тілекті ел көзіне, басшылық назарына осы үн қосумен  тағы  ұсындық.

 

Сайлаубай   ЖҰБАТЫРҰЛЫ,

жазушы, қоғам  қайраткері,

«Парасат»  орденінің  иегері

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Желтоқсан 2018 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары