Өзекті мәселелер

  • 17.01.19

    Марат  ӘЙТІМОВ:

    Қас талант тасада қалмайды. Түптің түбінде танылары хақ. Күндердің күні маңдайы жарқырап, жұлдызы биіктей түсетіні белгілі. Сөйтіп, аты мәшһүр адамға айналары сөзсіз. Бұған мыңдап мысал келтіруге болады. Айталық, миллиардтаған қытайды мойындатқан, әлемдік «мен» деген өнер майталмандарының өзі құрметпен ...

    Толығырақ...
  • 17.01.19

    Қызылордалықтар қашанда күн суыта бастасымен жандарын шүберекке түйіп отырады. Бұрыннан-ақ тосыннан келетін апат халықты дүрліктіріп қойған. Дария суының арнасынан асып, елге төндірер қаупін айтамыз. Бұл үшін жыл сайын бюджеттен қыруар қаржы да бөлініп келеді. Арнайы бөгеттер салынып, мұз жару жұмыстарына дейін ел қазынасынан ақша шығарылады. Иә, табиғаттың тосын мінезін біліп болмайсың. Десе д...

    Толығырақ...
  • 17.01.19

    Халық арасында білім саласына қатысты айтылатын сын көп. Әсіресе, жұмыс іздеп, мұғалім болу­ды армандайтындар, тіпті, еден жуушы болып жұмыс істегісі келетіндерден «мектептің ставкасы мынанша» дегенді естіп жүрміз. Алғашында сенбейтінбіз. Өркениетке қадам басқан елімізде еден жуушыдан пара сұрамайтын болар деп ойлайтынбыз. Бірақ дәл сондай жағдаймен бетпе-бет келгендердің бар екені жасырын емес...

    Толығырақ...
  • 17.01.19

    Баспанасыз жүргендердің бағы жанатын болды. Талайдың табал­дырығын тоздырып, пәтерден-пәтерге көшіп жүрген отбасылар енді өз елінен пана табады десек те қателеспейміз. Тек жиған-тергеніңіз қалтаңызда емес, банк есепшотында болса болғаны. Естеріңізде болса­, өткен жылы Қызылорда облысы әкімі Қ.Көшербаев халық алдындағы жылдық есеп беру кездесуінде:

    ...
    Толығырақ...
  • 17.01.19

    Әрдайым әдемі болып жүруді қалайтын қыз-келіншектер киім үлгісіне келгенде ерекше талапшыл. Тіпті кейбір сұлулар үшін құрбы­ла­рының үстіндегі жейде немесе көрші­сінің спорттық белдемшесінің өзіні­кімен бірдей болуы «ғаламдық проб­лемамен» пара-пар. Мұндай көрі­ніс­ке сіздің де жиі куә болып жүрге­ніңізге сенімдіміз. Байқағанымыз, бұрымдылар өзгеше болуға ұмтылады. Бүгінде талғампаз бойжеткенде...

    Толығырақ...
КӨППЕН ЖҮРІП АДАСҚАНША...
20.12.2018 14:38

Расул  ЖҰМАЛЫ,

саясаттанушы

«Көппен көрген – ұлы той» деуші еді атам қазақ. Елдің бірлігіне, халықтың бүтіндігіне үндеуші дұрыс-ақ нақыл. Бірақ...

«Көптің сөзі – темір талқы, қисайғанды түзетер», «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас» деген дана сөздер де баршылық. Бұл адамның өз ортасынан бөлінбей, оны қадір тұтуын меңзейді. Көпшілік қателесуі ешқашан мүмкін емес. Себебі, көрген-білгені көп ақсақалдар, ақыл мен парасат иелері жол сілтеп отырады. Қайта келіспеске лаж жоқ.

Десе де, осы көпшілік ұғымы әу баста артылған мәнінен айырылып, бұрмаланған сияқты. Көпшіліктің бірімін деген жеке адамның ықтияры мен жауапкершілігін шектеуі өз алдына.

Әсіресе, бодандықта болған заманда көпшіліктің мысын коммунистік идеология басып тастады. Адам деген мемлекет­тің винтигі, тұр десе тұрып, жат десе жату керек деген ұран салтан­ат құрды. Ұжымнан бөлінбей, саппен жүру қағидаты мектеп табалдырығынан әркімнің миына құйылды. Көпшілікпен бірдей ойлау, бірдей сөйлеу, бірдей дауыс беру аман қалудың ғана емес, жарқын өмір мен сәтті карьераның алғышартына айналды. Партияның саясатын бірауыздан мақұлдау, басшылықты ұлықтау, бұнымен келіспегенді айыптап лағынет жаудыру кеңін­ен етек жайды. Сондағысы мәселенің анық-қанығына үңілу міндет емес еді, жоғарыдан нұсқау түссе жеткілікті. «Пастернакты оқымасам да, шығармаларын тұла-бойыммен жек көремін» секілді.

Билік пен көпшілік ажырамас ұғымдар екенін дәріптеуші ойын ережелерін XX ғасырдың зұлматтарын бастан кешіріп, рухани сағы сынған қоғам да қабылдауға мәжбүрленді. Жүре-бара қалыс қалу немесе одан әрі көпшілікпен бірге қол көтермеу дөрекілік ғана емес, мына біреу айдан түсті ме деген­ реакция туғызатын болды. Осылайша көпшілік дегеннің сесі қоғам дамуының басты заңын­а, азаматтардың құлқы мен жан-тәнін анықтайтын негізгі сипатына айналды.

Көпшілік ұғымының осынау психологиялық құдіретін, балама көзқарас пен сыни ойды жоққа шығаратын қабілетін билік жақсы ұғынды. Онысын оңды-солды қажетіне жаратты. Уақыт өте ешкім көзімен көріп, қолымен ұстамаса да көпшілік өзіндік өмірі бар субстанцияға айналды. Тіпті ең жағымсыз заңдар мен қаулылар сол көпшілікке арқа сүйей отырып қабылданды. Кезінде кириллица әліпбиіне өткенде, қазақ мектептерін жапқанда, қазақ жерлерін тың игеруге бергенде «басым­ көпшіліктің өтінуінше» деген желеу – үгіт-насихаттың басты құралы бол­ғаны  мәлім.

 

ТОБЫРЛЫҚ   ТҮЙСІК

Осы ұғымды естігенде әркімнің ойына ең алдымен жануарлар келетіні белгілі. Шынында да тобыр не үйірге бірігу – қоршаған ортадағы мақлұқтардың тірі қа­луы­ның бірден-бір жолы. Ондай  топта әр мүшенің өзіндік орны белгіленген – бірі басшы, екіншісі – сақшы, үшіншісі – қосшы дегендей. Бұл иерархияда жоғары орналасқандар тиісті абыройға иелік етіп, қалғандары оның үкі­міне толық ба­ғынуға әзір. Сондай отарлық түйсіктің айқы­н  мысалын  1986 жылы Британиядағы Корнуолл кентінде бол­ған оқиғадан кө­реміз. Бірнеше мың қой бар отардың серкесі неліктен екені белгісіз, биік жартастан теңізге секіргенде оның соңынан еріп, қой­дың  бәрі қырылған.

Таңғаларлық көрі­нер, бірақ ғалым­дардың пайымынша осындай соқыр бағыныш адам баласына да тән екен. Басшысын сайлап, оған өзінің атынан сөйлеу құқын беріп, лауазым ұсыну – соның бір көрінісі. Осы орайда­ Лидс университетінің ғалымдары жасаған әлеуметтік сынақ­қа назар салсақ. Олар екі жүздей адамды үлкен залға жинап­, бір-бірімен сөйлесуге тыйым салған және қалаған бағытт­а жүруін тапсырған. Сол топтың ішінде жасырын микрофон арқылы екі-үш адамға белгілі бір бағытта жүруіне нұс­қау берілген. Ақырындап қадамы нық әлгі екі-үшеудің артынан осылар жолды біледі-ау деген сеніммен қалғанның бәрі ілесе кеткен. Сондағысы адамдар  оларды әлдебіреу басқарып отырғанын сезінбеген. Зигмунд Фрейд бұл құбылысты­ ақпарат жеткіліксіздігі жағда­йында адам баласындағы тобыр­лық түйсікке жүгінудің бірінші орынға шығуымен түсіндірген.

Көптеген жағдайда ақпараттың тапшылығымен қатар ондай түйсікке шешім қабылдаудың жылдамдығы әсер етеді. Әдетте белгілі бір ұйғарымға келу үшін адам ойлану керек, түрлі деректерді салыстырып сараптан өткізу керек. Оған уақыт пен күш кетеді. Ал адам­ға көпшілік атынан дайын шешім ұсынылса, соны қабылдай салу оңай көрінеді. Жұрт­тың бәрінің таңдауы осы болса, басқа амал жоқ. Қалай болғанда не істесе де өзіне көпші­ліктің зиян келтірмейтінін біледі де, олай болса бұл таңдау­ маған да кесірін тигізбес деп пайымдайды әр пенде.

Психологтар бұндай әдетті кішкентай балалардың ересектерге еліктеуіне, олар сықылды сөйлеуіне, олардың қылық­тарын қайталауына ұқсатады. Себебі, буыны әлі қатпаған, ақылы толыспаған бала қайсының дұрыс, қайсының бұрыс екенін аңғармайды. Сөйтіп барып­ өмірден түсінігі бар, тәжірибесі жеткілікті дегендерге автоматты түрде еліктейді. Дәрігерлер үлкендерге балалардың көзінше темекі тартпауға, арақ ішпеуге, дөрекі сөз айтпауға кеңес беретіні де сондықтан.

 

ЖАЛҒЫЗДЫҢ   ШАҢЫ   ШЫҚПАС

Адам бойындағы осындай әлсіздік мен сенгіштікті түрлі алаяқтар, әсіре діншілдер, арам саясаткерлер өз пайдасына асыруға ұмтылатыны түсі­нікті. Сол себепті аталғандардың әрқайсысы ғалымдарды, тиісті саланың мамандарын не болмаса еркін ойлы азаматтарды, тәуелсіз баспасөзді жақтырмайды. Өйткені, олар әр мәселенің анық-қанығына жеткісі келеді, үнемі күмәнданады, ыңғайсыз сұрақтар қояды. Оларға жауап беру мен өз шешімінің дұрыстығын дәйектеудің машақаты өз алдына­, бұл қатардағы қоғам мүшесінің деңгейіне түскен билеушінің мәртебесіне нұқ­сан келтіруі ықтимал. Ал, онысы тобырлық түйсіктің бол­мысына  қарама-қайшы.

Алайда  адамзат  тарихында тың жаңалықтарды ашқан, өркендеуге бағыт берген тұлғаларға зер салсақ, негізінен тобыр­лық түйсікке бағынбаған, ізденімпаз жандар екенін көреміз. Алайда енді жоғары мансапқа жеткен бойда солардың талайының тобырлық санағ­а басымдық бергені бай­қалаған. Себебі, кез келген жаңа­шылдық олардың көшбасшылығына қауіп төндіруі мүм­кін. Демократияшыл боп бастаған Фидель Кастро, Владимир Путин, Асқар Ақаев және басқалардың жылдар өте менменшіл билеуші боп өзгеріп шыға келгені айтылғанға дәлел. Айналып келгенде осындай тұлғалар мен олардың серік­тестері, қосшылары мен сақ­шы­лары белгілі қоғамның «алтын 5 пайызын» құрап, өздеріне ыңғайлы тәртіп орнатады. Қалған 95 оған мүлтіксіз ба­ғынады. Билікті сақтап қалуға бекінген қандай да автори­тарлы жүйенің консервативті болуы­  сондықтан.

Орта деңгейдегі тобырлық түйсіктілерге келсек, олар да жаңашылдыққа ұмтылмайды. Тек, жеке басының қауіпсіздігі мен мүлкіне қатер төнсе ғана батыл әрекеттерге баруға дайын.­ Қалған жағдайда билік басына кім келсін оны мадақтауға, кеше ғана күнкөсем көр­ген алдыңғы басшыны жамандауға даяр тұрады. Жек­көрі­нішті көрінгенімен бұндай екіжүзділік те – тобырлық табиғ­аттың талабы. Нақты көзқарастары әлі қалыптас­пағандықтан төменгі сатыдағылар жарқын болашақ пен әлеуметтік мәртебесін өсіруді уәде еткен кез келген популисті қолдауға әзір.

Осыдан келіп билік түсі­нігіндегі көпшіліктің өзі өте бұлыңғыр екенін аңғарамыз. Көріп отырғанымыздай, бірін­ші кезекте жеке басының қамын ойлаған мансапқұмарлар сол көпшіліктің жаршы­ла­рына айналады. Формалды түрде ондайлар билік партиясының мүшесі болуы мүмкін. Айталық, Кеңес Одағында коммунистік партия мүшеле­рінің саны 8 миллионға, ал комсомол мүшелерінің саны     15 миллионға жететін. Сонымен қатар, шынайы балама болмағ­андықтан не басшылықтың нұсқауымен сайлауларда көпшілік билікке дауыс беруі мүмкін. Тіпті бұған дейін ас­үйде сол билікті жамандаса да. Себебі, ойында баяғы көпші­ліктен шығып қалмау қорқынышы, жалғыз өзім не бітіре­мін, басым бәлеге қалып жүр­мей ме деген үрей үстем бо­лады.­

Әлбетте, өз пікірі бар, айтылғанның бәріне көз жұма илана бермейтіндерді кәсіп­орын қожайыны, партия мен мемлекет серкелері ұнат­пай­тыны белгілі. Сондықтан, ұжымда бұндай жаман әдетке жол бермеу мақсатында әлгі­лерді жұмыстан қуады, сот­тайды, елден безуге мәжбүр етеді, қысқасы амалын тауып үнін өшіреді. Бұл өмірлік сабақ­ты ұғынған қалғандары бұрынғыдан бетер жалтақ, көнгіш, бастық не десе де, тіпті намысына тисе де төзуге бейімдел­еді.

 

ӨЗІҢ   ҚАНДАЙ   БОЛСАҢ,

БАСШЫҢ   СОНДАЙ

Бірақ, сескеніс, білімсіздік, әр нәрсеге сыни көзбен қарай аламаушылық, немқұрайлық жайлаған топтың қолдауы өз алдына алдамшы дүние. Тарихта бұл тұзаққа талай билік түскен, әлі де түсетін түрі бар. Мәселен, 1991 жылдың көк­темінде өткен референдумда Кеңес Одағын сақтап қалуға алып  империя  азаматтарының 93 пайызы дауыс берді. Оның ішінде Қазақстан да болған. Алайда арада жарты-ақ жылдан кейін Ельцин, Кравчук және Шушкевич КСРО-ның жо­йылатыны  жайлы шартқа қол қойғанда  оны қолдаған әлгі 250 миллион халық ләм-мим демеді. Біреуі де көше мен алаңға шығып наразылық біл­дірмеді. Ал, әлгі көпшіліктің өтірік қолдауына иланған КСРО көсемдері сол күйлі құрдымға  кете  барды.

Осындай адасқандық басқа да елдер мен олардың көсемдерінің басынан өтті. Муссолини, Чеушеску, Мубарак, Қаддафи, Бен Али, Салех – осылардың бәрі президенттік сайлауларда 90 пайыздан жоғар­ы дауысқа иелік етіп, соңғы сәтіне дейін халқының сөзсіз сүйіспеншілігіне иемін деп сенді. Ақыры кешегі жуас азаматтары ұйымдастырған дүмпулердің құрбанына айналды. Яғни, авторитарлық ор­тада сайлаудағы дауыс артқан са­йын, күдіктің де көбейетіні хақ.

Әрбір ұлттың тарихында көшбасшының маңызы зор. Тіпті Уинстон Чирчилль «ешқан­дай  адамзаттың тарихы жоқ, бары – жеке тұлғалардың өмірбаяны ғана» деген екен. Мәселе тарихтың ше­шуш­і сәттерінде сахнаға Ататүрк, Гавел секілді елін биікте­рге көтерген даныш­пандармен қатар керісінше барына­н айырылып, халқын апатқа ұшыратқан тұлғалар шығып тұрады. Ол жайында Наполеон «қойдың арыс­тандарды бастағанынан гөрі, арыстанның қойды бастағаны артық» деген.

Өкініштісі, қоғам неғұрлым ұйқыда болса, ал демократия талаптары еленбесе, ондай елдің тізгіні кездейсоқ сая­сат­керлердің қолында кетуі де соғұрлы­м ықтимал. Өйткені, ол дебатқа шығу, өткір сұрақтарға жауап беру, өмірінде жемқо­р­лыққа,  басқа  заң­бұзушы­лыққа бармағанын дәлелдеу, әділ сайла­у сияқты демокра­тиялық сүзгіден өт­пеген­. Осылайша  басқалардан артықшылығын  ашық  күресте көрсет­пеген. Ал, тағдырлы шешім  жабық есік жағдайында қабылданса, билік басына жеке басының қамын тұтас халық­тан жоғары­  қойған  саясаткерлер­дің келу мүмкін­дігі артады. Сорақыс­ы сол, бұдан келіп туын­дайтын дағдарыстың жүгін бүкіл ел көтеруге мәжбүр болады. Нәтижесінде мықты, әлеуеті зор деген ұлт­тардың өздері естен­  танарлық  соққы  алған.

Демек, кез келген мемлекеттің  тұрақталығының қайнар  көзі – ондағы көпшіліктің белсенділігі, білімпаздығы, жауапкершілігі. Бұны қара­пайым азаматтар ғана емес, лауазым­ иелері де түсінуі қажет. Себебі, іс насырға шапса­, кесірі өздерін де айналып өтпесі анық. Өз алдына саясат та – аса маңызды іс болғандықтан,  сол қоғамдағы әрбір азаматтың өміріне тікелей әсер ететіндіктен, оның тізгінін саясаткерлерге ұстатып қоюға болмайды. Сайып келгенде, дұрыс саясат – жеке біреудің меншігі емес, қоғамның тікелей бақылауы бол­ғанда  ғана  жүзеге  асады.

P.S. Хәкім  Абайдың  жиырма үшінші қара сөзін еске тағы бір түсірсек: ...Қазақтың жұбанышы – жалғыз біз бе, елдің бәрі де сүйтіп-ақ жүр ғой, көп­пен көрген ұлы той, көппен бірге болсақ болады да деген сөзді жұбаныш қылады. Оған құдай тағала айтып па, көптен қалмасаң болады деп. Көпке қаһарым жүрмейді деп. Көпке тұзағым жетпейді деп пе? Ғылым  көпке  келіп  пе? Біреу­ден тарап па? Хикмет көптен тарай ма? Бірден тарай ма? Көпке қорлық жүрмей ме? Бір үйдің іші түгел ауырса, жеңіл тие ме? Жер білмеген көп адам адасып жүрсе, бір жер біле­тұғын кісінің керегі жоқ па екен? Көп кісі жолаушының бәрінің атының арығаны жақсы­  ма? Жоқ, жармысы арыса,­ жармысының күйлісі жақсы ма? Жұт келсе, елдің бәрінің  түгел  жұтағаны  жақсы ма? Жарым-жартысының  аман қалғаны жақсы ма? Осы көп ақымақтың бір ақымаққа несі жұбаныш? Тұқымымызбен аузымыз сасық болушы еді деген­  жаман күйеу қалың­дығын жеңіп пе? Көңілін сол сөзі разы қылуға жетіп пе? Енде­ше, көбіңнен қалма, сен де аузыңды сасыта бер деп пе?!

 

Автордың  пікірі  редакцияның ұстанымына  сай  келмеуі  мүмкін.

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Желтоқсан 2018 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары