Өзекті мәселелер

  • 20.06.19

    Гүлсім  ТАҢАТОВА,

    судья:

    Қап арқалаған қария. Әр сот отырысында жанынан тастамайтын кенеп қап... Оны есірткіге қатысты қылмысқа не мәжбүр етті? Тәжірибелі судьяның қылмыстық істі қараудан үзілді-кесілді бас тартуына не себеп? Бұл сауалдардың жауабын бірер айдан соң отс...

    Толығырақ...
  • 20.06.19

    АҒАЙЫНДЫ

    Екі ағайынды жігіт. Қабы да бір, сабы да бір: әке де, шеше де ортақ. Көргені де, жүргені де бір. Ішкені бірдей, жегені бір­дей... Бірақ біреуіне көптің көңілі қызығарлық ақыл қон­ған, біреуіне көптің шырқын бұзарлық арақ қонған...

    ...
    Толығырақ...
  • 20.06.19

    ЕКІ  ЕСАЛАҢ

    Ол түнімен «Нақұрыстың өмірін» оқып шықты. Автордың жан дүние­сіне үңілді. Жаңбырдан соң ауаның балғындығын бүкіл тамырымен сезі­не­ отырып, тәтті қиялға берілді. Кенет, шулаған ессіз қыздардың ащы күлкісіне жиіркене қарады. «Олар айтқан жайтта қандай күлуге тұрарлық мән бар екен» деп ой алабына  сүңгіді. Күнде теріскей жақтан­ ке...

    Толығырақ...
  • 20.06.19

    Қазақ өз ұрпағына қашанда жақсы тәлім, өнегелі тәрбие беруден жалыққан емес. Тіпті тәрбиенің бір бастауы­н бесіктен­ бастап, оның ата-анасының да жауапкерш­ілігін жүктеп отырған. Бүгінде осы ұлы мін­детті жартылай да орындай алмай жүргендер бар.

    ...
    Толығырақ...
  • 20.06.19

    «...Бізге керегі шын дарындар. Мемлекет өзінің талантты ұлдары мен қыздарын, тарланбоз жүйріктерін қолдауға, қорғауға міндетті». Иә, талантты да дарынды жастар – елі­міздің бетке ұстар мақтаныштары. Оны  жоғарыда айтылған Тұңғыш президентіміз Н.На­зар­баевтың сөзінен айқын байқауға болады. Жас ұрпақтың келешекке нық қадам басуы­ – қоғам үшін маңызды да жауапты күш. Еңсесін тіктеп келе жатқан ел...

    Толығырақ...
АДАМ ӨЗІН ТАНЫМАЙЫНША, ҚҰДАЙЫН ТАНЫМАЙДЫ
27.12.2018 11:38

Адам болып жаратылған соң, адам өз өмірін мәнді, мағыналы етіп өткізуге тиіс. Алайда үнемі жаман нәрсе ойлау, күйзеліс, жабырқап жүру жанды жеп бітеді. Бүгініне шүкіршілік айтумен емес, ертеңін армандаумен болса, дәл қазіргі сәтін бағалай алмай қалады. Ал бұлай өмір сүру адамды бақытты етпейді. Енді қайтпек керек? Ол үшін адам өзін-өзі танығаны дұрыс. Себебі адам өзін танымайынша, Құдайын да танымайды екен. Бұл – абайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлелұлының сөзі. Ал Құдайын танымаған адамның қандай болатыны бәрімізге белгілі. Бұл туралы Мәшһүр Жүсіп өзінің еңбектерінде «бұрынғылар біреуге ренжіген адамды көрсе, әлі өзін танымаған деп атайтын» деп жазады. Ал адамның өзін-өзі тануы психологиямен астасып жатыр. Алайда кәсіби психология Омар Жәлелше айтқанда, ұлттық тамырмен жалғасып, ұлттық тамырдан нәр алу керек, бүкіл жиналған білім қазақтың қазанында қайнатылуы шарт. Сонда ғана ол қазақтың рухани қарнына сіңеді, қазақтың рухани қарны қорытады.

СІЗДІҢ  ПРОБЛЕМАҢЫЗ – ОЛ БАР БОЛҒАНЫ  СІЗДІҢ  ОЙЫҢЫЗ

 

Атақты психолог Луиза Хейді біл­мейтін адам жоқ. Оның өміріндегі түрлі қиындықтар оның психология әлеміне келуіне түрткі болған екен. Мысалы, оның ата-анасы ол бір жарым жасқа келгенде­ ажырасып кетеді де, Луиза әкесіз қалады. Кейіннен анасы өзге біреуге тұрмысқа шыққанымен, өгей әкеден еш жақсылық көрмейді. Ал бес жасқа келгенде қаңғыбас көршісі оны зорлап кетеді. Ең сорақысы, жұрт бұған «өзің кінәлісің» деп кінә артады. Айуан­ға 15 жыл жаза кескенімен, Луиза «түрмеден шыққаннан кейін мені жаза­лай­тын шығар» деген қорқынышпен өмір сүреді. Есейе келе туған некесі­з сәбиі, оны асырай алмай өзгелерге беріп кетуі, кейіннен дәулетті кісіге тұрмыс­қа шыққанымен, оның тастап, өзгеге үйленіп кетуі – бәрі-бәрі өміріне ауырт­палық әкеліп, соңында қатерлі ісік ауруы­на шалдықтырады. Өміріндегі өкпе-реніш, ашу-ыза ішке жинала бер­ген­нің салдарынан ол жазылмайтын дертке шалдығады. Дәрігерлер оған тек 6 ай өмірінің қалғанын айт­қанда, Луиза ауруханадан шығып­ кетіп, өзінің ішкі әлеміне үңіліп, зерттей бастайды. Осылайша психологияға ден қойған Л.Хей 91 жыл өмір сүреді. Айықпас дертке шалдыға  отырып, ауруын жеңген ол бұл туралы өзінің «Көгіл­дір» атты кітабында былай деп  жазады: «Жазылмайтын» деген сөз мен үшін бір нәрсені ғана біл­діреді: бұл дәстүрлі әдіспен емдеуге келмейтін жағдай. Сондықтан да сауығудың жолы­н табу үшін, турасын айт­қанда, әркім өз ішіне үңілу керек. Егер мен операцияға келісіп, бірақ ескі таным­дардан арылу үшін ештең­е істемесем, дәрігер бейшара Луизадан дым қалмағанға дейін кесе берер еді. Мен операцияға барсам да қатерлі ісікті тудырған өз ойла­у жүйемді өзгерткен болар едім де, қатерлі ісік енді қайтіп туындамас еді. Егер рак немесе басқа аурулар қайта пайда болып жатса, ол бәрін кесіп тастамағаннан емес. Бұл жерде себеп адамның өз санасына өзгеріс жасам­ауында жатыр. Сондықтан ол ауруды өз бойында, мүмкін денесінің басқа бөлігінде  туындатты».

Бұдан туындайтын ой: жасыры­н  реніш, ашу, ыза, өзін және басқаларды сынау, кінәлі сезіну – денсаулық үшін ең зиянды нәрсе. Біз байқамаймыз, бірақ психология ілімін­де адамның ойлау­ жүйесі, мінезі ауруды тудыра да, жаза да алады. Бұл мәселе көп жерлерде айтыла бермейді. Себебі егер адам өзін-өзі жақсы танып,­ ру­хани тұр­ғыда бай болса, фарма­цевтика саласы дамымай  қалар ма еді. Ал бұл – өзгенің кәсібі.

Психологтардың айтуы бойынша адам әр сағат сайын өзін қинап болса да жымиып тұруы керек екен. Адамның жүзінде жымию процесі басталғанда миға бәрі жақсы деген сигнал барып, ми шешілмейтін проблемаларды оңай шеше береді екен. Алайда бұл көп адамға­ оңайға соқпайды. Себебі біз көбіне өзгенің табысын есептеп, өміріне қызығып, көреалмаушылық танытып жатамыз. Немесе «бұндай болу бізге қайда?» дей келе, өз-өзімізді тым төмендетіп, оған лайық көрмей жатамыз. Алайда бұл жаман ойлардың бәрі адамның денсаулығына өз әсерін тигізбей қоймайды. Мысалы, (Л.Хейдің кітабында толық айтылған) көп қызғану, көре алмау, ашулану бауырдың ауруына әкелсе, өзін-өзі бағаламау, төмен санау – көкі­рек тұсының қатерлі ісігіне әкеп соқтыруы мүмкін. Дәл сол сияқты әйелдерде еркектерге қатысты проблема болса, төменгі жағы ауырып, жазылмас дертке шалдығуы да ғажап емес. Ал өзгеге төз­бей, өз күшін теріске шығаратындар аллергиямен жиі ауырады екен. Ал мұ­ның бәрін мінезді түзеу, қажетті аффир­мацияны айту арқылы емдеуге болады.

Сондай-ақ, сіздің проблемаңыз – ол бар болғаны сіздің ойыңыз. Біз әлі бол­мағ­ан дүниені «менде мұндай көлік болмайтын шығар, аурудан жазылмайтын шығармын, мұндай байлық бізге қайда, зәулім үйді армандаудың өзі қорқы­нышты» деген секілді жаман ойлай­ бастасақ, ол шынында да солай болады. Сондай-ақ «мені бәрі жек көре­ді, мені бағаламайды» деп жиі шағым­дансаңыз, бүкіл өміріңізде сондай адамдарды өзіңізге тартады екенсіз. Сол үшін адам ең әуелі жақсы нәрсе ойлауы қажет. Себебі ой өзінің соңынан сізден берілетін сезімді ергізеді.

 

ЖАҚСЫ  СӨЗ – ЖАРЫМ  ЫРЫС

 

Негізі, қазақ қоғамында психология ертеректе де болған екен. Алайда біз оның психология екеніне мән бермеген­ сыңайлымыз. Мысалы, ата-бабамыз «жақсы сөз – жарым ырыс» деп, бұрыннан жақсы сөз айтуға шақырады. Тіпті, жаман аурудың атын атамай, кеңге жайы­лып кетуінен де қорыққан. Қарап тұрсаңыз, психология да солай үндейді. Адам аузынан шыққан әрбір сөзге абай болуға шақырады. Қаншалықты жаман сөзді жиі айтасыз, соншалықты сол сөздің өңіңізде орындалуына ықпал жасайды екенсіз. Мысалы, белгілі айтыс­кер А.Тұрсынбаева өзінің инста­грам желісіндегі парақшасында: «Сөздің киесі бар. Кешегі қыршыннан қиылған Денис Теннен «спортта қай жасқа  дейін жүресің?» деп сұрағанда «25 жасқа дейін» деп жауап берген екен. Оразалы Досбосынов деген алапат ақын досым көбіне сөзді:

«Атым Ораз болғанмен,

Отыздан жасым аспаған.

Иегін сақал жаппаған.

Сүйінбаймын, Жамбылмын,

Таңжарықпын, Шарғынмын» деп бастайтын...

Шынында жасы отыздан аспады, небәрі 29 жасында жарық дүниемен қош айтысып кете берді. Кейін Оралдан  Асылбек  Исщанов  деген  ақын  бала шықты. Сол бала өзінің ең соңғы айтысынд­а: «Бір күнде бес ақынмен,

Айтысып бәрін жеңетін,

Оразалының жолын бер» деп жырла­ған екен...

Арада көп уақыт өтпей жап-жас Асылбек  тура  Оразалы  ағасы  ұқсап жол  апатынан  қаза  тапты...

Атақты Жәнібек Кәрменовтің керемет термесі бар. Сол терменің ішінде «Жалғыз шықпа сапарға, өкініште қаларсың» деген жолдар кездеседі. Сол Жәнібек ағамыздың жолға жалғыз шығып­ кетіп, жүрегі тоқтап қалып, жол апатына ұшырап қайтыс болғанын біреу білсе, біреу білмес... Атақты Мұқағалидың да: «Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде,­

Қырықтың бесеуінде» деген өлеңі бар. Ақиық ақын шынында 45 жасында дүниеден өткен екен...» деп қайырады.

Шынында да, тіпті, Ислам дінінің өзінде «жақсы сөз сөйле, болмаса үндеме» деген хадис те бар. Ал біз басқасын былай қойғанда, бауыр еті баламызға ашуланғанда «Бір пәлеге ұрынайын деп жүрсің бе, бұл түріңмен адам болмайсың, сабағыңды оқымасаң, оқудан шығып қаласың, адам болмайсың» деген секілді ауыр сөздерді жиі айтамыз. Ал енді осы бір ауыз сөздің өзіңіздің балаңыздың өмірін қалай өзгертетінін бір сәт ойлаңызшы...

 

САНА  СЕНБЕЙ,  АРМАННЫҢ ОРЫНДАЛУЫ  ЕКІТАЛАЙ

 

Адам  есейген сайын ақылы толыс­қанымен, бала сияқты кез келген нәр­сеге­ сене бермейтін болады. Тіпті, кіш­кентай кезіндегі армандарының орындалуы қиын сияқты көрінеді. Неге? Өйткені негатив көп. Әсіресе, күйзеліс­ке көп шалдығатын әйел затының ер-азаматына сенбеуі ажырасуға дейін әкеп жатады. Мысалы, менің Жамила атты құрбым (есімі өзгертілді) осыдан бес жыл бұрын тұрмысқа шықты. Бұған дейін жеке кәсібі бар оның қолынан ақша түспейтін. Қайда барамын, не аламын деп алаңдау ол үшін мәселе емес еді. Алайда тұрмысқа шыққалы бәрі өзгерді. Тәуелділік, табысы жоғары бола тұра ер-азаматына бағыну, қажет кезде жұбайынан қолдау таппау әрі оның көп қаржы таба алатынына сенбеу ажырасуға әкелді. Ортада бала тірілей жетім қал­ды. Отбасы ойрандалып, бала тәрбие­сіндегі әке рөлі жоққа айналды. Себеп не? Көп қыз-келіншектердің басында кездесетін бұл проблема неге бүгінгі күнге дейін шешімін таппай, керісінше­ ушығып барады. Терең үңілсек. Көп жағдайда әйел адамдар жұбайларының табысының аздығына не мүлдем жұмыс істемейтіндігіне ашуланып, шағым айтып­ жатады. Жамилада да тура солай болатын. «Бәрін мен табамын, мен істеймін» дей келе, ер-азаматының алдын­да міндетсіне бастады. Ал психология ілімі, алдымен, әйелге ер-азаматына сенуге шақырады. Әйелдердің санасын­да көбіне «бұл қайбір асырайды­ дейсің, жұмыс та таба алмай жүр» немесе­ «бәрін өз қолыма алмасам болмай­ды» деген түсінік қалыптасады. Рас ғой? Шындығында көп жағдайда солай. Сондықтан да олар ерлерінің алдына түсіп, жауапкершілікті өз мойын­дарына алып кетеді. Бұл – қате. Себебі, әйел еркегінің алдына түсу арқыл­ы оның анасы секілді қызмет көр­сетіп кететін көрінеді. Осылайша оның бойында еркектік гормондар дамып, нәзіктігін жоғалта бастайды. Жігіттері­міздің көп жағдайда жұбайларының көзіне шөп салуы да осы кезде басталады екен. Себебі олар үйде нәзік әйелді емес, өзіне қамқорлық танытып кеткен ананың бейнесін көретін көрінеді. Сондай-ақ, әйелінің алдында әлсіз­де­ніп, өзінің мықты екенін көрсету үшін нәзіктеу жанды іздейді екен. Ал ондай қадамға бармас үшін, ер-азаматымызға сенуіміз қажет. Оның бізді асырайтынына, табысты болатынына сананы сендіру­ керек. Дәл сол сияқты өзге армандар­дың да орындалуы үшін алдыме­н соған сенім болуы заңдылық. Визуализация жасай отырып, дәл сол арманмен өмір сүріп жатқандай күй кешу оның орындалуына бір қадам алдыға­  басқанмен  тең.

Сондықтан мәңгілік елде жайсаң жандар өссін десек, бұл ілімнің түбіне үңілу артықтық етпейді. Ал ол үшін жақсы нәрсе ойлап, ауыздан жақсы сөз айтып, жақсылыққа сене білумен қатар, өз-өзіңе есеп беру де қажет. Бұл ретте Абайдың: «Егер де естi кiсiлердiң қатарында болғың келсе, күнiне бiр мәртебе,­ болмаса жұмасында бiр, ең болмаса, айында бiр, өзiңнен есеп ал! Сол алдың­ғы есеп алғаннан бергi өмiрiңдi қалай өткiздiң екен, не бiлiмге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнiнде өзiң өкiн­бестей қылықпен өткiзiппiсiң?» - деуі де адамды өзін-өзі тануына бағыт бере­ді. Сондай-ақ адамды өз болмысымен қабылдай алуға үйрену керек. Ол адам сараң ба, сыйлық күтпеңіз, салмақты ма, романтика күтіп әуре болмаңыз. Сиырды қанша саусаң да қымыз шығара­ алмайсың ғой. Тура сол сияқты.

Жансая  ЖҮНІСОВА

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Желтоқсан 2018 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 28 29 30
31            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары