Өзекті мәселелер

  • 20.06.19

    Гүлсім  ТАҢАТОВА,

    судья:

    Қап арқалаған қария. Әр сот отырысында жанынан тастамайтын кенеп қап... Оны есірткіге қатысты қылмысқа не мәжбүр етті? Тәжірибелі судьяның қылмыстық істі қараудан үзілді-кесілді бас тартуына не себеп? Бұл сауалдардың жауабын бірер айдан соң отс...

    Толығырақ...
  • 20.06.19

    АҒАЙЫНДЫ

    Екі ағайынды жігіт. Қабы да бір, сабы да бір: әке де, шеше де ортақ. Көргені де, жүргені де бір. Ішкені бірдей, жегені бір­дей... Бірақ біреуіне көптің көңілі қызығарлық ақыл қон­ған, біреуіне көптің шырқын бұзарлық арақ қонған...

    ...
    Толығырақ...
  • 20.06.19

    ЕКІ  ЕСАЛАҢ

    Ол түнімен «Нақұрыстың өмірін» оқып шықты. Автордың жан дүние­сіне үңілді. Жаңбырдан соң ауаның балғындығын бүкіл тамырымен сезі­не­ отырып, тәтті қиялға берілді. Кенет, шулаған ессіз қыздардың ащы күлкісіне жиіркене қарады. «Олар айтқан жайтта қандай күлуге тұрарлық мән бар екен» деп ой алабына  сүңгіді. Күнде теріскей жақтан­ ке...

    Толығырақ...
  • 20.06.19

    Қазақ өз ұрпағына қашанда жақсы тәлім, өнегелі тәрбие беруден жалыққан емес. Тіпті тәрбиенің бір бастауы­н бесіктен­ бастап, оның ата-анасының да жауапкерш­ілігін жүктеп отырған. Бүгінде осы ұлы мін­детті жартылай да орындай алмай жүргендер бар.

    ...
    Толығырақ...
  • 20.06.19

    «...Бізге керегі шын дарындар. Мемлекет өзінің талантты ұлдары мен қыздарын, тарланбоз жүйріктерін қолдауға, қорғауға міндетті». Иә, талантты да дарынды жастар – елі­міздің бетке ұстар мақтаныштары. Оны  жоғарыда айтылған Тұңғыш президентіміз Н.На­зар­баевтың сөзінен айқын байқауға болады. Жас ұрпақтың келешекке нық қадам басуы­ – қоғам үшін маңызды да жауапты күш. Еңсесін тіктеп келе жатқан ел...

    Толығырақ...
БІЗ НЕГЕ ҰЙҚЫШЫЛМЫЗ?
27.12.2018 12:20

 

 

 

Болат  НҰРХОЖАЕВ

 

Адамзат пен күллі жан-жануарлар миллиардтаған жыл эволюциялық-биологиялық (циркадтық) ырғақты дамуы арқылы таң атқанда тұрып, күн батқанда ұйықтап өмір сүру үшін жаратылған, тіпті өсім­діктер  де  солай...

 

«Уақыттан озамын» деген жан өмірден озады. Менің бұл жазғаным соншалықты фан­тастикалық  немесе  адам баласы сенбейтін тылсым дүние болып көрінуі мүмкін. Кезінде мен уақыт белдеулері туралы мәселе көтергенімде «мынаның есі дұрыс емес шығар» дегендер де болды.

Бірақ 7.12.2018 жылы ҚР Үкіметінің №817 Қаулысы қабылданып, 20.12.2018 жылдан бастап Қызылорда облысында уақыт белдеуіне байланысты сағат өзгерді. Өзгерген күннің ертеңіне-ақ «біз бұның соншалықты маңызды екенін білмеппіз» деген халықтың, әсіресе балалардың қуанғанының куәсі болдық.

Бұл мәселені толық білу үшін «белдеулік уақыт», «декреттік уақыт», «жазғы уақыт», «қысқы уақыт», «жергілікті уақыт», «Гринвич уақыты» деген не екенін, ол не үшін керек екенін білу қажет.

Белдеулік уақыт деп күннің ең жоғары нүктесінде тұру мезгілі (истин­ный полдень, солнце в зените) сағат 12-ден плюс-минус жарты сағатқа сай болған кезін айтады. Біздің елімізде ол тек бір ғана облыста, ШҚО-ға сай. Маған кезінде бар ауруларды, суицидті осыған тірейсіз, онкология өзге облыстарда да бар ғой дегендер болды. Біріншіден, Шығыс Қазақстан облысында өз зиянды өндірісі жетіп артылады. Екіншіден, экологиялық, техногендік, дұрыс тамақ­танбау, зиянды факторлардың бар екенін мен еш уақытта жоққа шығарған емеспін. Бірақ біз өзіміз қолдан жасап алған факторды бір ғана қол қоюмен шеше алатын елміз. Облысымызда оны да тиынсыз шештік.

Менің бұл мәселемен толық 4 жыл айналысуыма Қызылорда облысы неге суицидтен ҚР бойынша 1-орында деген түрткі болды. Суицидтің себебін білу барысында бір­ден уақыт өлшемінің дұрыс болмауы салдарына, оны бұзу неге соқтыратынына тап болдым. Ары қарай қазбалай бастағанда, онкология, диабет, жүрек-қан тамырлары жүйесі (ЖҚТ) аурулары, тіпті бедеулік пен белсіз­дік, яғни репродукциялық қабі­лет­тілікке әсері проблемалары шықты. Сөйтіп 4 жыл күнделікті жаңа етек жайып келе жатқан хрономедицина, хронобиология, сомнология саласына еніп кеттім.

«Сонымен біз неге ұйықтаймыз, қазақ неге ұйқышыл, десинхроноз, СХУ деген не, біздегі ең қауіпті созылм­алы аурулар қайдан шығып жатыр­?» дегенге жауап іздеп көрейік.

ҚР уақыт өлшемі тарихы 1924 жылдан, одан кейінгі Сталин заманы­нан басталады. Қазақстан 1881 жылы Вашингтонда қабылданған Дүниежүзілік сағат белдеуі жүйе­сі (Гринвич уақыты) бойынша 4 сағаттық белдеуде орналасқан. Маң­ғыстау, Атырау, БҚО жартылай 3-сағаттық белдеуде, Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай облысы толық 4-сағаттық белдеуде, ШҚО 6-сағаттық белдеуде, қалған облыстар 5-сағаттық белдеуде.

1930 жылы 30 қыркүйекте бұған дейін электр энергиясын үнемдеу үшін бар-жоғы 3 айға енгізілген 1 сағат озық декреттік уақыт қолдану қаулысын бүкіл Кеңес одағы аумағында енгізу туралы Рыков пен Мирошников қол қойған №534 қаулысы­ бекіді. Сөйтіп жоғарыдағы белдеулік уақытқа 1 сағат қосылған озық декреттік уақыт енгізілді. Жалпы, декреттік уақыт әлем елдерінде соғыс кездерінен кейін қолданылып, 3-4 жылдан кейін жойылып отырған.

1956 жылы Кеңес одағы аумағында, оның ішінде Қазақстан да бар, уақыт белдеулерін реттеу туралы заң шықты. Әкімшілік басқару тиімді­лігі үшін Қазақстандағы 4 белдеуді екеу қылып біріктіріп, төртінші және бесінші белдеу қылып, оның шекара­сы 67,5 меридианын бойлай орна­ласқан облыс шекаралары арқылы өтеді деп бекітілді. Оған 1 сағат озық декреттік уақыт қосылып, бұл бел­деулер бесінші және алтыншы сағаттық белдеу болып шыға келді. Яғни Маңғыстау, Атырау, БҚО жартылай 3 сағат белдеуінде орналасқанымен, бесінші сағат белдеуі уақытымен өмір сүріп, өз белдеулігінен 1,5-2 сағаттай озық декреттік уақытта қалды. Ол сол кездегі және ҚР Үкіметінің №1749 қаулысында көрсетілген.

Хош. 1980 жылдан Кеңес одағында өзге елге еліктеп, «жазғы» уақыт енгізу қате шешімі қабылданды. Қате дейтінім, өзге елдер «жазғы» уақытты белдеулік уақытқа ғана қосса, Кеңес­ одағында бұрыннан, Сталин заманынан бар декреттік «жазғы» уақытқа қосты, яғни жазда екі еселенген «жазғы» уақыт болды. Әрине өз белдеулігінен екі сағат озық кету қолайсыздық тудырды. Кейіннен Қазақстан егемендік алған жылдары да бұл жалғаса берді. Жезқазған, Семей­ облыстарын таратудан кейін «ҚР аумағындағы уақыт өлшемі туралы­» 23.11.2000 жылы №1749 ҚР қаулысы қабылданды. Ол қаулыда да бұрынғы декреттік уақыт қолдану туралы шешімдер солай қалды.

Бір облыстар «жазғы» уақытқа ауыстырды, енді бірі солай қалсын деді. Жылда көктем мен күзде шатасу басталды. Ақыр аяғында екі көрші­лес облыстар арасында уақыт айырмасы екі сағат болып кеткен жағдайға жеттік. Оны реттеу үшін ОҚО мен Қызылорда, Ақмола мен Қостанай облыстары арасында 67,5 меридианын бойлай орналасқан сағаттық белдеу шекарасын Ақтөбе мен Қызылорда, Ақтөбе мен Қостанай облыстары шекарасына ауыстырып орналастыру жөнінде ҚР Үкіметінің 2004 жылғы №775 қаулысы шықты.

Дәл сол жылы ҚР Үкіметі «жаз­ғы» уақыт қолдануға наразылық, шата­су көбейгесін қаржы бөліп, Денсаулық сақтау министрлігімен зерттеу жүргізді, әкімдіктерден сауалнама жиналды. Қызылорда облысы әкімдігінің 2004 жылғы ұсыныс хатында «Қызылорда облысы сағаттық белдеуі шекарасы Дүниежүзілік уақыт өлшемі жүйесіне (Гринвич) сәйкес қалдырылсын және «жазғы», «қысқы» уақытқа көшірілмесін» деген­ ұсыныс білдірген. Өте сауатты ұсыныс, алайда бұл ұсыныс неге екені белгісіз ол кезде ескерілмеді.

Сонымен ҚР Үкіметі «жазғы» уақытқа ауысу адам денсаулығына зиян деп тауып 15.03.2005 жылғы №231 қаулысымен «жазғы» уақытқа ауысудан бас тарту туралы шешім қабылдады. Бірақ №775 қаулының күші толық жойылмай ауыстырыл­ған сағаттық белдеу шекарасы 67,5 мери­дианы бойына қайтарылмай, өзгерген күйі қалып кетті. Сонымен Қостанай және Қызылорда облысы географиялық толық UTC +4 сағаттық белдеуінде орналасқанмен, UTC+5 белдеуі аумағында, оған 1 сағат декреттік уақыт тағы қосылып UTC+6 белдеуінде, яғни өз сағаттық белдеуі­нен 2 сағат озық, қысы-жазы үнемі екі еселенген «жазғы» уақытта, Қы­тайдың Хами аумағы таңы атуымен тұруға мәжбүр  болып  шыға  келді.

2005 жылы-ақ бұл мәселе халықпен барлық тиісті орындарға жазылды. Мүмкін сол кезде бұндай өрескел қателік жібергенді мойындау қиын болды ма, әлде шынымен бұның не екенін ешкім түсінбеді ме, кейіннен ол заңдылық сияқты болып, ақыры оны шешу үшін бақандай­ 13 жыл, бір мүшел уақыт кетіп отыр!

ҚР Парламенті депутаттарымен бұл мәселе 5 рет көтерілді. Жазылмаған инстанция қалмады. Ақыры облыс басшылығының ұйытқы болуы­мен тікелей Елбасына жеткізі­ліп шешілді. Бірақ тағы да Қостанай облысы қалып кетті! Оған Қостанай облысы әкімшілігі халықпен бұл пробле­ма соңғы 3 жылда көтерілген емес деп бас тартуы себеп. Бірақ 2016 жылы Қостанай облысының тұрғыны­ Далер Исмагулов ҚР Премьер-Минист­рі Б.Сағынтаевтың атына интернет петиция ұйымдастырған, оған тұрғындар қол қойған болатын. Қостанайлық депутат В.Кликоленко­ Қызылорда облысынан сайланған Парламент депутаттарымен  бірге бұл мәселені көтерген  болатын.  2018 жылы Парламент депутаты Б.Кесебаева Үкімет басшысына сауал­ жолдағанда Қостанай облысы тұрғындарынан да осындай өтініш түскенін атап өткен.

Қазір түрлі ақпарат құралдарынан бұл Қызылорда халқының денсау­лығына, экономикалық көрсеткіш­теріне оң септігін тигізеді деп жат­қанда қостанайлықтардан «Біз ше, біздің, балаларымыздың денсаулығы ше?» деген сұрақ қойылуы орынды. Өйткені Күн ортақ. Одан ауытқып өмір сүру әлемнің қай жерінде зерттелсе де зиянды екені дәлелденеді.

Бұл мәселе неге қазір өзекті болып­ отыр? Қаншалықты зиянды?

Соңғы 3-4 жылдағы әлем ғылымындағы ашылған жаңалықтар адам өміріне биологиялық ырғақтардың қаншалықты маңызын, одан ауытқу ең қауіпті созылмалы (хронический) аурулардың өршуіне, тіпті мінез-құлықтың өзгеруіне себеп екенін дәлелдеп отыр. 2017 жылғы Нобель сыйлығы циркадтық ритмдер механизмін ашқан үш американдық ға­лым­ға берілді. 2018 жылы 9 наурызда­ Еуропарламент «жазғы» уақыттан бас тарту жөнінде Резолюция қабылдап, күзде Еурокомиссия одан Еуропа аумағында 2019 жылдан толық бас тарту жөнінде шешім қабылдады. Ресей де 2014 жылы сағаттық белдеу­лерді біріктіру мен декреттік «жазғы» уақытты қолданудан бас тартты.

Бізде де кейде осы уақытқа 13 жылда үйренісіп қалдық деген пікір ай­тыл­ды, 88 жылғы декреттік уақытқа да үйренісіп қалдық деліне­ді. Эво­лю­ци­ямен 2 миллиардтан аса жыл қалыптасқан циркадтық ритмдерді бұзуға 100 жылда үйреністік десек, біз әлемде Нобель сыйлығына­ лайық «жаңалық» ашқан болар едік. Біз ауруға ұшырауымыз, оған гендік бейімділік тудыруымыз мүмкін, бірақ үйренісе алмаймыз. Ол адам био­логиясына, физиоло­гиясына, тіпті табиғаттың өзіне қайшы нәрсе.

2017 жылы Американың Калифорния штаты Беркли университеті профессоры, невролог ғалым Метью Уолкердің «Біз неге ұйықтаймыз?» атты ғылыми кітабы жарық көрді. Онда әлемде жасалған 17 000 ғылыми­ зерттеулер нәтижесін келтіре отырып циркадтық ритмдердің бұзылуы неге соқтыратыны толық дәлел­денген.

Ресей ғалымдары В.Анисимов, В.Ковальзон, С.Рапопорт, М.Бланк, В.Добронравов, В.Апрельев, шетел­дік Ю.Ашшоф, М.Янг, Ш.Линде тағы басқа көптеген ғалымдардың зерттеу нәтижесі уақыт белдеуін дұрыс қолданбау онкология, ЖҚТ (инфаркт, инсульт), диабет, семіз­дік, репродукциялық қабілеттілік (белсіздік, бедеулік), баланың дұрыс бітпеуі, түсік тастау, бүйрек жетіс­пеушілігі, ұйқы бұзылуы аурулары, яғни ең қауіпті созылмалы ауруларды­ өршітетінін, тіпті жаңа ауруларды тудыратынын көрсетіп отыр. Метью Уолкер «әлемді ұйқы бұзылу эпидемиясы жайлады» деп әлем елдері Үкіметтерін бұған аса мән беруге шақы­рады.

Қазіргі таңда циркадтық ритмді, оның механизмін, мелатонин түзілуін бұзу тек ғана ауру емес, ол интеллект, есте сақтау, иммунитет, қартаюды тежеу, еңбекке қабілеттік, өмір сүру ұзақтығына бірден-бір әсер ететін, тіпті жол-көлік оқиғалары мен авиация мен медицинадағы қателіктерге соқтыратын фактор екені дәлелденіп отыр.

Циркадтық ритм бұзылуы, яғни күн мен түн ауысу уақытынан елеулі ауытқуы десинхронозға, ол өз кезегін­де созылмалы шаршау синдромына (синдром хронической усталости), ал ол өз кезегінде ерте мүгедектікке, ерте өлімге соқтыратынына әлемдегі ешқандай ғалым шүбә келтіре алмайды.

Белдеулік уақыттан озу, одан туын­дайтын десинхроноз (джетлаг) ең бірінші ұйқы бұзылуына соқтыратыны дәлелденген. Одан ең зардап шегетін кімдер? Қыстың күні миы әлі оянбаған, сабаққа мәжбүрлеп тұрғызылатын балалар, жасөспірімдер, сосын егде кісілер...

Адамның ары қарай бар өмірін­дегі денсаулығы бала кездегі оның иммунитеті қалыптасуымен көп байлан­ысты.

АҚШ, Израиль, Европа елдері, Канада, Норвегия, Ресей ғалым­дарымен  әлемнің  барлық  елде­ріндегі  миллиардтаған  халыққа зерттеу жасалғ­ан. Бір түнгі ұйқының  бұзылуы­  адам  ағзасындағы рак клеткала­рын  жоятын киллер клетканың деңгейін 70%-ға түсі­реді! Үнемі бірнеше белдеуді кесіп ұшатын­ ұшқыштар мен стюар­десса­лардың  рак  ауруына  шалдығу  қаупі 12 жылда­  80%-ға  артады­.       Ал белдеу бойымен ұшатындарда ондай қауіп жоқ. Циркадтық­ ритмдер бұзылуынан басқа себеп жоқ деп отыр ғалымдар. Түнгі жарықтану­ (светово­е загрязнение), түнгі өмір көп мегаполистерде ауылдық жерге қарағанда рак ауруы 1,5-2 есе көп. Израиль ғалымдары түнгі спутниктен түсірілген қалалардың түнгі жарықтану­ына әрбір рак ауруын тұрғылықты жері бойынша салғанда дөп келген.

Түнгі ауысым жұмысшыларында онкологияға ұшырау қаупі – 40%. Сондықтан да Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымымен (ВОЗ) түнгі ауысым жұмысы ішімдік пен темекімен қатар когнитивті фактор ретінде тіркелген. Күніне 1-2 сағат ұйқы бұзылуынан қан тамырлары кальцийлендірілуі қаупі 200-300%-ға  артады. Дәл осы жағдайда денсаулығы жақсы болу мүмкіндігі нөльге тең.

Ұйқы бұзылуынан балалардың семіздікке шалдығу қаупі 45%-ға, тәттіге бейімділік 30-40%-ға артады­. Одан бөлек ішімдік, есірткі, спайс пен транквилизаторларға бейімділік пайда болады. Еркекте де, әйелде де репродуктивтілік қабілеті бұзылуы 33%-дан 80%-ға артады.

Яғни, жоғарыда аталған ғалымдар уақытты оздыруды адам өлтіруші, жаппай қыру қаруын қолдану мен хайуандық экспериментке теңеуі бекер емес.

Экономикалық салдары да осал емес. Еуропа елдері СХУ салдарынан жылына 200 млрд еуро жоғалтатынын, Ресей ішкі жалпы өнімнің (ВВП) 2% түсе­тінін есептеп шығарған. Әлемде диабет ауруын емдеу­ге 375 млрд., семіздік ауруын емдеуге 2 трлн доллар қаржы  жұмсалады.

Тұмау, басқа да ауруларға егілетін екпе адам организмі циркадтық ритмдері бұзылған жағдайда әсері болмауы да мүмкін. Ал кейбір емдердің циркадтық ритмдер ескерілмей, уақытында берілмесе, оның тіпті кері әсері болуы мүмкін. Ал уақытында деген ол – сағат тілі емес, Күннің уақыт мезгілі.

Ресей ғалымдарының «жазғы» уақытқа ауысу кезін­де, 2011-2014 жылдары үнемі «жазғы» декреттік уақытта және 2014 жылы одан бас тартып белдеулік уақытқа көшуі кездегі зерттеуі соңғысынан кейін жасөс­пірімдердің ағзасында оң өзгерістер 1 айдан кейін-ақ басталғанын көрсеткен. Яғни «1 айда ағзада­ оң өзгеріс, ал 4-5 жылда нәтижесі толық білінеді» деген өзге елдер зерттеуімен сай болып отыр.

Әрине, бұл барлық аурудың, бар проблеманың шешімі деген сөз емес. Алайда біз бұны шешпей адам капиталы сапасын еш арттыра алмаймыз деген­ сөз.

Жалпы айтқанда, белдеулік уақыттан 1 сағат ауытқудың өзінің адам өміріне қаншалықты қауіпті екеніне дәлел жеткілікті. «Бақыт болмап еді, бақытсыздық көмектесті» (не было счастья, да несчастье помоголо) деген бар. Қазақстан Республикасы Үкіметі Қызылорда облысы уақыт өлшемінің бір сағат белдеулік уақытқа жақындауының өзі қаншалықты оң өзгеріс әкелетінін түсініп, мәселені реттеу­і тиіс деп санаймын. Біз неғұрлым осыны ерте түсінсек, соғұрлым миллиондаған хал­қымызды, тіпті болашақ ұрпағымызды аман сақтап қала аламыз.­

Уақыт  өлшемін оң шешу практикасының әлем елдерінде бірнеше түрі бар. Бірақ бәрінде де ол өз белдеулік  уақытымен (Гринвичь) болады.

Біздің елімізге ең қолайлысы – ол декреттік озық уақыттан бас тартып, бірегей уақыт өлшемін енгізу. Ол үшін Астана өз белдеулік UTC+5 белдеуіне көшуі тиіс. Қалған облыстар өз режимін жұмыс, оқу уақы­тын бір, жарты сағат ерте, не кеш бастап реттейді. ШҚО 1 сағат ерте бастайды, Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда облысы 1 сағат кеш бастайды. Батыс облыстар да өзіне қолайлы уақытты өздері таңдайды­. Сол кезде біз де былтыр «Жүз жаңа есім» форумында президентіміз Н.Назарбаев айтқандай, «Жапония, Корея елдері сияқты жұмысты 7-8-де отырып» бастай аламыз және де пойыз, ұшақ уақытынан шатас­у болмайды. Бұл тәсілді Қытай, Жапония, Корея­ елдері қолданып отыр. Үндістан, Иран, Авс­тралия, Ауғанстан, Бирма мемлекеттері бір сағаттық емес, жарты сағаттық (мысалы UTC+5,5) белдеулік  уақытты қолданады.

Сөйтіп бұл проблема елімізде түбегейлі қолайлы­ шешіліп, нүкте қойылады.

Біз басымызға кеңестік кезеңнен бүрілген мәңгүрттік сүрісін алып тастауымыз қажет. Ол үшін ең бірінші саяси шешім қажет. Біз облысымызда халықтан сауалнама, сұрау салып бұл проблемада объективті ақпарат ала алмайтынымызды білдік. Оған себеп әртүрлі жастағы адамның ұйқы-сергектік режимі әртүрлі болуында. Бірақ бүгінгі бұл проблема­ керек емес, онда тұрған не бар, сағат тілін өзгерткеннен не өзгереді деген жастың ертең егде тартып, отбасын құрып, балалы болары сөзсіз. Және оң өзгерісті ертеңіне-ақ өзі сезіп біледі.

Қызылорда облысындағы бұл проблеманы кезінде­ дұрыс түсінбеген, мені есі ауысқан сана­ғандар мұның қаншалықты зардапты екенін ертеңі­не-ақ  түсінгенін айтуда.

Бұл – тек сағат тілі емес, бұл ұлт денсаулығы, сауаттылығы, іскерлігі, ұлт қауіпсіздігі проблемасы!­ Оған дәлел жеткілікті, ол біздегі заңдар мен картада­, әлем ғылымы зерттеуі мен практикасында тайға таңба­ басқандай тұр. Сондықтан Қазақстан Республикасында ғалымдар, мамандар бұл проблемада бейжай қалмай, өз үнін қосуы, білдіруі тиіс деп санайм­ын және соған шақырамын. Бір сөзбен айтқанда­, тек Қызылорданың ғана емес, барлық аймақт­ың уақыты «тәуелсіздік алуы» керек!

Қызылорда  қаласы

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Желтоқсан 2018 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 28 29 30
31            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары