Өзекті мәселелер

  • 20.06.19

    Гүлсім  ТАҢАТОВА,

    судья:

    Қап арқалаған қария. Әр сот отырысында жанынан тастамайтын кенеп қап... Оны есірткіге қатысты қылмысқа не мәжбүр етті? Тәжірибелі судьяның қылмыстық істі қараудан үзілді-кесілді бас тартуына не себеп? Бұл сауалдардың жауабын бірер айдан соң отс...

    Толығырақ...
  • 20.06.19

    АҒАЙЫНДЫ

    Екі ағайынды жігіт. Қабы да бір, сабы да бір: әке де, шеше де ортақ. Көргені де, жүргені де бір. Ішкені бірдей, жегені бір­дей... Бірақ біреуіне көптің көңілі қызығарлық ақыл қон­ған, біреуіне көптің шырқын бұзарлық арақ қонған...

    ...
    Толығырақ...
  • 20.06.19

    ЕКІ  ЕСАЛАҢ

    Ол түнімен «Нақұрыстың өмірін» оқып шықты. Автордың жан дүние­сіне үңілді. Жаңбырдан соң ауаның балғындығын бүкіл тамырымен сезі­не­ отырып, тәтті қиялға берілді. Кенет, шулаған ессіз қыздардың ащы күлкісіне жиіркене қарады. «Олар айтқан жайтта қандай күлуге тұрарлық мән бар екен» деп ой алабына  сүңгіді. Күнде теріскей жақтан­ ке...

    Толығырақ...
  • 20.06.19

    Қазақ өз ұрпағына қашанда жақсы тәлім, өнегелі тәрбие беруден жалыққан емес. Тіпті тәрбиенің бір бастауы­н бесіктен­ бастап, оның ата-анасының да жауапкерш­ілігін жүктеп отырған. Бүгінде осы ұлы мін­детті жартылай да орындай алмай жүргендер бар.

    ...
    Толығырақ...
  • 20.06.19

    «...Бізге керегі шын дарындар. Мемлекет өзінің талантты ұлдары мен қыздарын, тарланбоз жүйріктерін қолдауға, қорғауға міндетті». Иә, талантты да дарынды жастар – елі­міздің бетке ұстар мақтаныштары. Оны  жоғарыда айтылған Тұңғыш президентіміз Н.На­зар­баевтың сөзінен айқын байқауға болады. Жас ұрпақтың келешекке нық қадам басуы­ – қоғам үшін маңызды да жауапты күш. Еңсесін тіктеп келе жатқан ел...

    Толығырақ...
ОРЫС ГЕНЕРАЛЫ ПЕРОВСКИЙГЕ ҚОЛ БЕРГЕН ҚАЗАҚТАР
10.01.2019 10:36

Соңғы жылдары Ресейдің мұрағаттарынан «жарыққа» шыққан тарихи құжаттардың  бірі – «Тілмәш Іскендір Батыршиннің В.А.Перовскийдің Ақмешітке 1853 жылы жасаған жорығы кезіндегі қысқаша күнделігі». Орынбор шекара комиссиясының тілмәші І.Батыршиннің жолжазбалары тарих үшін, Сырдария өңірі қазақтарының тарихы, тарихи географиясы мен этнографиясы хақындағы құнды дерек болып табылады. Әзірше іс жүзінде ғылыми тұрғыда зерттелмеген, тарих мамандарына онша белгілі емес еңбек саналады.

Бұл күнделіктің ерекшелігі – сол кездегі Сыр бойын жайлаған, екі оттың арасында жүрген қазақтардың екіұдай көңіл күйін аңғаруға мүмкіндік береді. Бір жағынан, жерін жаулап алуға келген орыс отарлаушы әскеріне деген көзқарасы болса, екінші жағынан неше түрлі қысым, ауыр салық пен тонауға салып отырған Қоқан билігіне деген көзқарасы. Дегенмен, сырбойылықтардың басым көпшілігі күші де, әскері де басым Ресей патшалығын жақтаудың қажет екендігін түсінген. Қоқандықтарды да жақтағандар болған, орыстар Ақмешітті ала алмайды деп ойлағандар аз болмаған. 1852 жылы полковник Бларамберг қамалды ала алмаған болатын. Біз аталмыш күнделікке қысқаша шолу жасап, қамалды қоршау кезінде Перовскийге сәлем беруге, қолдауға келген қазақтың билері мен сұлтандары және тағы басқа атақтылары жайлы таныстырмақпыз. Мақсатымыз – олардың іс-қимылдарына баға беру тұрғысынан емес, бүгінгі өлке тарихын зерттеп және ата-бабаларының, сол заманғы ру, тайпа шежірелерін, аңыз әңгімелерін жинап жүргендерге пайдасы тиіп қалар дегендік.

Бір айта кетерлік жайт, тілмәштің күнделігінде жер-су, адамның, рудың, тайпаның аттары өрескел бұрмаланып жазылғандары жиі кездеседі.

Тілмәш І.Батыршиннің күнделігі 1853 жылдың 15 мамырынан бастала­ды. Осы күні Перовскийдің отряды Орынбордан өз жорығын бастаған.

25  мамырда отряд Қарабұтақ фортына жетеді. Мұнда отрядты Батыс бөлімінің әскери старшинасы сұлтан Мұхамеджан Баймұхамедов күтіп отыр екен, ол корпус командирі мырзаның қасында болсын деп тағайындалыпты. Генерал онымен тілмәшсіз сөйлесті, барлық жауаптарға қысқа жауап берді. Сұлтанның қасында тоғыз­ ғана қазақ бар екен. Ұлы мәртебелім осы күннің кешінде Мұхамеджан сұлтанға қымыз құятын күмістен жасалған шыныаяқ сыйлады.

Шөмекей руының биі Жолмырза Қаражанов (Өтегенов) және төрт­қара руынан Есжан  молда корпус коман­дирімен кездесуге келген болатын­, бірақ поштаның мезгілі бол­ғандықтан ұлы мәртебелім қа­былдамады.

Елікей Қасымов сұлтаннан ұлы мәртебелінің Қарабұтаққа қашан келетін­дігін білу үшін Байсал Шер­ғазиев қожа келді. Генерал Елікейге Орал бекінісіне келсін деп бұйырды.

27 мамыр. Мың әулие тауының қасына тынығуға тоқтадық. Мұнда сұлтан-правительдер Арыстан Жантөрин мен Мұхамедғали Тәукин келді; әуелі жоғары мәртебеліге Арыстан келіп амандасты, шай, сосын десерт берілді. Генерал оны жылы қабыл­да­ды, түтінпұл жөнінде әңгіме болды: өзара туып қалған түсініспеушілік жоқ па, бар болса екі правительдің көзінше шешіп алайық деді. Сұлтанның айтуынша, ондайлар жоқ екен. Есет пен Жанқожа жайлы әңгіме болды­. Генерал олардың ант қабылдауы тиістігін, бастыққа бас иіп алдына­ келуі және т.б. айтты. Әңгі­менің соңында далалықтағы бекініс­терге жүк апаруға жалдап алынатын түйелер жайлы әңгіме қозғалды. Егер 3800 түйе әзірше жиналмаса, онда Арыстан жол көлігін күзетпей-ақ қойсын, түйелерді жинап алатын рулар­да қалсын деп шешілді. Генерал қоштасар кезінде правительге күміс  шәйнек, стакан  және  десерт­тік пастила  салынған  банкіні сыйлады. Сонымен бірге өзіне күміспен 300 рубльді көмек есебінде және 27 полуимпералды (полуимпериал – құны 5 рубль ресейлік алтын монета, 1897 жылдан – 7 рубль 50 тиын. - С.Ж.) қасындағыларға таратуға берді.

30  мамырда таңертеңгі сағат 8-де Орал бекінісіне жеттік.

31 мамыр. Қақкөл көлінде түне­дік. Ялангачта (Жалаңаш болар. - С.Ж.) Елікейдің 15 адамы келді. Елі­кейдің бекіністе шай мен қантты сатып­ ала алмағанын білген генерал оған гүлді шайдың бір фунтын және бір бас қант беріп жіберді. Елікей көмекке деп берілген 200 рубль күміс ақшаға зат сатып алуға Оралда қалды. Оған қосымша генерал Орал бекіні­сінде Елікейдің отрядына келесі күні қосылған жақын адамдарын марапаттасын деп тағы 100 рубль бергізді.

2 маусым. Үзіліс құдықтарында түнедік. Елікейдің үстіндегі киімінің қарапайым екенін көптен бері бай­қап жүрсе керек, генерал оған қымбат­ шұғадан тігілген, жиектері алтындап өрнектелген екі шапан беріп жіберді.

6 маусым. Қамыстыбас көлінің қасындағы Қопақұдық деген жерге келіп түнедік. Кішкене шекті руының басшылары Бекмырза Әлдеев пен Ұлбөбек Таимов келіп генералға өзде­рін таныстырайын деп еді, олар­ға Арал бекінісіне келсін деп хабар берілді. Бүгін таңертең Ақмешіттің түбіне Өтқали Маюсов қасына бір адамды қосып шпион етіп жіберілді.

7 маусым. Арал бекінісіне келдік. Бұл жерде бізді Осмоловский мырза күтіп отыр екен. Ол Ақмешітке ары қарай жол көрсету үшін алты жол көрсетуші мен алты хабаршыны дайынд­ап қойыпты. Осыдан шамалы уақыт бұрын Қазалыда (Аралдан 45 әлде 50 шақырым қашықтықта) форт сала бастады. «Перовский» паро­ходы қажетті заттарымен жарақталған, Қазалыға дейін жүзіп келді. 3000 пұт жүк көтереді, пароходтың 40 күштік қуаты бар, өзеннің ағы­сына қарсы сағатына 8,5 шақырым жүреді.

Жолда келе жатқанда Елікей өзіне қарасты кішкене-шекті руының тармақтары алтынбай мен күліктердің басшылары Бекмырза Әлдеев пен Ұлбөбек Тайымовтардың істеріне қанағаттанбайтындығын айтып отырды.

Бүгін Елікейге барып қайттым, оған ұлы мәртебелі тағайындаған күміспен 30 рубльді апарып бердім. Бұл ақша шөмекей руының бозғұл тармағының қазақтары Сәдір Алты­баевқа және аспан тармағының қазағы Демесін Қарағұловқа – Орта Азиядағы жағдай туралы Хиуадан хабар­ алып келгені үшін берілетін сыйлық ақша еді, оларды сұлтан Еліке­й  жұмсаған  болатын.

Жаңадарияның суын ұстап тұрған бөгетті өткен жылы шөмішті-табын руының биі Бұқарбай бұзып жіберіп­ті, әлі күнге дейін жөнделмеген. Ақмешіттің цитаделінің ішінде қа­малды қоршаған жағдайға деп бір­неше құдық қазылып қойылса керек.

Осыдан 25 күн бұрын Хиуадан Орынборға керуен аттанды. Керуен Хиуадан шықпай тұрғанда Хиуаға сұлтан Ермұхамед Қасымов жіберген төртқара руының биі Қазанғап, Елікей­дің сенімді адамы Жанымқұл Рахметов­ және басқалар алты-жеті адам болып генерал Ладыженскийдің хатын мехтерге (Хиуа хандығындағы қаржы мәселесімен айналысатын жоғар­ы дәрежелі шенеунік, хан жоқ кезде мемлекетті басқарады), махрем Бекжанға (махрем – Хиуа хандығындағы ханға жақын шенеунік, ханның жауапты тапсырмаларын орындайды) және 200 червонец ақшаны Елікейдің отбасын босатсын деп тапсырады.­

12 маусым. Бүгін генералдың бұйрығымен Елікей сұлтанның Аққұдықтан жұмсаған адамы Өткел Маюсов келді. Ол Қос-Қорғанның түбінде болып, сол жерден деректер жинап алып келген еді. Ол бізден жеті күн бұрын кеткен болатын, үш күннен соң Сырдағы Қаракөлге жетіп, Қос-Қорғанның сыртындағы, Күмісқорғаннан бізге екі көш жақын жердегі белгілі қазақтың молдасы Есқұл  қалпенің (Марал ишан. - С.Ж.) үйіне тоқтайды. Келесі күні осында былтыр Аралдан Елікейге хат әкелген қоқандық Қарабас қожа келеді. Ол Ақмешіттен келе жатыр екен, қолында Қоқан ханының ағасының хаты және сұлтан Елікейге алып келе жатқан сыйлықтары бар. Олармен бірге өткен жылдан бері Әзрет қаласында қалдырылған Елікейдің жансызы Досберген, Энгман мырза жіберген шпион Үмбет және Қарабас қожаның бірнеше серіктері келді. Біздің адамымыз Өткел, қожаға қандай сапармен жүргенін білдірмеу үшін Ақмешітке келе жатқанын, Наурыз­бай сұлтанның қызы, Елікей­дің қалыңдығына тойға арналған сыйлықтар мен хат және 100 ділда алып келе жатырмын деді, ал Қарабас­ болса Ташкенттің басқарушысынан Елікейге хат және сыймен келе жатқа­н­ын  айтты. Өткел мен Досбергеннің әңгімесінен білгеніміз, осыдан біраз уақыт бұрын Ақмешіттің басқару­шысы «орыстар Ақмешітке келе жатыр­ екен» деп хабар жіберіп, әскер көмек сұрапты. Содан соң ол жақтан жүзбасының басқаруымен 100 мерген келген, бірақ орыстар жақындап қалды деген хабар бекер болып шығып­, әскерлер тарап кетіпті де, енді Ақмешітте 300-ден аспайтын ғана мерген қалыпты; олардың әлі күнге дейін біздің әскерлердің Ақмешітке қарсы жасап жатқан немесе жорығ­ымыздың дайындығы жайлы нақты ақпараттары жоқ; Ақмешіттің ішіндегі төрт қазақ жүзбасының үшеуі Бекбау, Құлбай, Қаңлыбай жайлауы­на кетіп­ті, тек қарақалпақ Лепес ғана  қалған.­

Өткелдің айтуы бойынша Қарабас қожа бүгін түсте Аралдан 30 шақырым жердегі жаппастардың биі Тайпаның ауылына келіп (Тайпа бірнеше үйімен өткен жылы генерал Бларамбергпен Ақмешітке барған), кешке Аралдың қасындағы Елікей орналасқан лагерьге келуі тиіс. Егер Қарабас қожа біздің әскердің Ақмешітке келе жатқанын біліп қойып қашатын ойы болса, Өткел Досберген  Қаламбаевқа және басқаларға оны ұстап Елікейге алып келсін деп айтып  қойыпты.

Бүгін екі жол көрсетушімізді Шабан­ Бөкенов пен Қонақбай Колгинді және алты шабарманды қайтарып жібердік. Шабанға генерал алтын­далған күміс керней сыйлады, Қонақбайға күміспен 10 рубль  берді.

Кешкі сағат сегізде Аралға Энгманның Үмбет атты шпионы келді, ол осыдан бір жарым ай бұрын Қоқанда қалдырылған болатын.

Экспедициялық отряд төртке бөлінген, генералдың отряды алға жүріп кетті: Ақмешітке дейін әлі 17 күн жүруіміз керек; күндік жүрісіміз көп емес, ең көбі – күніне 28 шақырым.

15 маусым. Отрядқа 46-шы қазақ дистанциясының бастығы, жазда Тобыл­ жаққа жайлауға шығып, қыста Ақмешіттің түбінде қыстауында болаты­н жаппас руының биі Жан­қабыл Төлегенов келді. Отряд алға жүру үшін дайындық жұмыстарымен Аралдың түбінде 10 күн болды.

16 маусымда таңғы сағат 3-те Аралдың түбінен жолға шықтық, тыны­ғуға Жалтыркөл көліне (Әйге­рік өзенінің бөлігі, Айырық болуы мүмкін. - С.Ж.) келіп, түнеуге Қазалы­ фортына тоқтадық. Жайылымдары тамаша екен. Сырдария айдыны кең, шалқып жатыр, көп жерінде қарашеңгел өсіп жатады. Гарнизонда солдат­тар мен казактардан құралған 225 адам бар. Жолда көптеген егіншілерді кездестірдік, форттың өзін­де үлкен екі арық қазылған, 25 шақы­рымға созылады екен; қазақтар тұқымдарын жақында ғана сеуіпті, арықтарын енді қазып жатыр; алғаш­қы кезде Әйгерік көлінің жанында егіншілікпен айналысқан екен, қазір ол жерде аралдықтар егістікпен айна­лысып жатқандықтан, Сырдарияның жоғары жағындағы Жалтыр­көлге көшіп келіпті. Осы жол жүрісі­міз кезінде, арықтардың көп бол­ғандығы­нан арбалармен жүру өте қиын болды. Түнейтін жерімізге түнгі 11 кезін­де келдік. Бұл жердің қазақтары өте еңбекқор, маңдай терін аямай төгіп күн көреді екен. Қазалы фортынан жоғары жерде, Сырдың арғы бетінде бекініс бар, ол жайлы қазақтар ештеңе білмейді. Аты Қаратөбе, оның негізін салған осы жерде бұрыннан мекендейтін қарақалпақтар  деседі.

17 маусым. Қазалы фортындағы тынығу. Жер қазу жұмыстары үшін қазақтар керек болды. Осмоловский мырзаның ұсынысымен Бекмырза Әлдеевтың адамдары бұл жұмысты тегін және өз тамағымен істеуге келісті; олар партияға бөлініп 50 адам 7 күннен 25 күн бойы жұмыс істеді. Сірә  кішкене-шекті руының ішін­дегі алтынбайлар тармағының ішінде Бекмырза  Әлдеев­тің ықпалы ерекше болса керек, бірақ Арал бекінісінің бастығы оған ерекше көңіл бөледі. Аралдағылар айтқанындай екіншісін де, кішкене-шек­тілердің күлік руының басқарушысы Ұлбөбек Тайымовты да масайратып жіберген. Қазалы фортының  айналасында көп қазақтар көшіп жүреді.

18 маусым. Таңғы сағат 3-те жол­ға шықтық, Сырдың жағасына Басықараға тынығуға тоқтадық, Майлы­бас­қа түнедік.

19 маусым. Майлыбастан төрт шақырым жерде Сырдың дәл жағасында үлкен Көк Мешіт деп атала­тын зират бар. Қазақтардың айтуынша, бұл жерде­ екі ағайынды әулие Есназар мен Қосназар жерленген.­

19  маусым күні тағы бір күндік жол жүріс жасадық. Ақсуатқа келіп түнедік.

Үшінші күні Қиынтөбеде, Қосқорғанның арғы бетінде және Күміс-Қорғанның бергі жағында көшіп жүрген бір қазақ келді. Ол айтты, биылғы жөнделген­ соңғы қорғаннан оған және өзімен бірге көшіп жүр­ген 35-40 үй болатын жаппастар мен керейттерге, арасында ең атақтысы Есқұл қалпе немесе оны Марал­  ишан деп атайды, адамдар келді. Оларға Ақмешіт бегінің бұйрығымен Ақмешіттің түбіне алып барып шөп пен отын дайындауға, арық тазалауға және тағы басқа жұмыстарға салуға Қоқанның 6 жасауылы келіпті. Әр түтіннен 15 батпаннан тары беруді талап­ етіпті. Бірақ Марал ишан Елікейдің шпиондары Өткел Маюсовтан және басқалардан орыс әскерінің Аралдан жоғары қарай жүріп келе жатқанын білетін­діктен, жасауылдардың талаптарын орындамайды, керісінше өздерін ұстап байлауға бұйырып өзі Сырдың бойымен төмен жүріп кетті; оның қасындағы жүктерін көтеретін мүмкіндіктері бар жақтастары құрғақ жолмен кетіпті де, мүмкіндігі жоқтары – отбасы­ мен мүліктерін салға тиеп жүзіп кетті. Майлыбасқа сумен 20 түтіндей адамдар келді, өздерімен бірге ұсталған бір жасауылды ала келіпті. Ұстал­ған жасауылды бұрынғы шымқорғандық жүзбасы, қазір біздің отрядта келе жатқан Жаңабай бидің қарамағына бердік. 18  маусымда, жол жүріс кезінде, Майлыбастан жеті-сегіз шақырым шыққан кезімізде­ тағы 20-ға жуық сол ауылдың еркегі мен әйелі, балалары жағаға тоқтап бізге қосылды; олар өте кедей, түгі жоқ, малы да жоқ, жейтін тамақтары – быламық­, ауырған, түрлері жүдеу.

21 маусым. Елшібай шатқалына келіп түнедік.

22 маусымда Қаратоғай шатқалында қондық, жайылымдық шөбі мол екен. Жолда тастап кеткен керегелер мен шаңырақтарды, киіздерді, т.б. көрдік. Бұл – жоғарыда біз айтқан 500 үйді көшіріп алып кеткенінің  белгісі.

Қазалы фортында болған кезімізде Елікей өзімен кездесуге келген Ғазиз қожаны Хиуаның мехтеріне отбасы жайлы хат беріп қайтарып жіберді.

23  маусымда таңертеңгі төрт жарымның кезінде жолға шықтық, тынығуға әулие Қорқыттың моласына келіп тоқтадық, әулие Қармақшыға түнедік. Осы жерде Жаман-Сыр өзінің саласы Қараөзекпен қосылады. Ақмешіттен төмен қарай Сырдария екі қолға бөлінеді: сол қолы, әуелі өзінен Жаңадария­ны­, сосын Қуаңды жібереді, ол Жаман-Сыр деп аталады, ал оң қолы бірінші Бірқазан көлінен тұрады, оған Сырдың суы Сағасы деп аталатын салас­ымен құяды, Ақмешітті бес қолымен айналып өтеді, сол себептен Бесарна деп аталады. Бесарна Бабастың көліне келіп құяды, көлдің сулары қамыс­тарға жайылып­, ақыр соңында Қараөзек деп аталатын таза салағ­а айналады. Қараөзек Қармақшы мола­сының тұсында Жаман-Сырмен қосылып, өзен қайтадан Сырдария атауын алады.

Қорқыттың моласы Сырдың жағасына жақын орналасқан, айналасында қазақтың мазарлары аз. Қасында мешіт бар, жұқа төрт бұрышты күйген кірпіштен салынған, дөңгелек күмбезі бар, кірпіш­тің нашарлығынан, көпшілігі құм болғандықтан күмбездің жартысы құлап қалған. Мешіттің биіктігі төрт сажындай болады (1 сажын – 2,13 м.С.Ж.); Қорқыт ноғайлық болған, әулиелік өмірімен аты шыққан дейді.

24  және 25 маусым. Қармақшыда түнеп, күндіз тынықтық.

25  маусымда Қармақшы шатқалына жақын жерде­ уақытша бекініс құрдық.

26 маусым күні ерте жолға шықтық, тынығуға Қараөзектің тасыған жеріндегі Қаракөл көліне келіп, түнеуге Мәртүк шатқалына тоқтадық.

28  маусымда Қараөткелге келіп тынықтық.

29  маусым күні Бірғондының сағасына келдік. Бұл жерде алдымыздан Бірқазанның оң жағында көшіп жүрген жаппас руының биі Датқа Палуанов келді, қасында бес адамы бар. Олар генералға адал екендігін білдіру үшін келген екен, генерал кейін қабылдайтынын айтты.

30 маусымда Төретамда түнедік.

1 шілдеде тынығуға Қашқанкөлге немесе Қаш­қансуғ­а  тоқтадық. Бұл көл – Бабас көлінің бір бөлігі. Түнеуге Бесарнаға келдік. Жолда келе жатқанда алдымы­здан Орта жүздің қыпшақ руының биі Төребай­ Бүркітов шықты. Ол да Ақмешіттің айналасы­нда  көшіп жүрген ағайындарының атынан­ адал­дығын  білдіруге  келіпті.

 

(Жалғасы  бар.)

Дайындаған  С.ЖҮСІП

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Қаңтар 2019 >
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары