Өзекті мәселелер

  • 14.02.19

    «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, өңірлік коммуникациялар қызметінде қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баспасөз брифингін өткізді. Жасыратыны жоқ, бұған дейін бас шаһардың басшысы баспасөз алаңына ат басын бұрған емес. Өйткені, облыс орталығында өңірдегі БАҚ-тың басым бөлігі орналасқан. Сондықтан мұны ақпандағы эксклюзивті кездесу десек те болады. Жыл басында журналистермен жүздесуге жақсы...

    Толығырақ...
  • 14.02.19

    ҚР Бас прокуратурасы баспасөз қызметін­ің хабарлауынша, өткен жылы республика бойынша 2,4 млрд теңге еңбекақы берешегі өндіріліпті. Соның 191 млн теңгесі біздің облысымызға тиесіл­і екен. Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, қадағалау актісімен 13 мың жұмысшы алдындағы 191 млн теңге жалақы қарыз өндірілген.

    ...
    Толығырақ...
  • 14.02.19

    Нағыз жігіттерді еркек деу дұрыс емес, еркек – адамның жынысын білдіретін атау ғана. Қазақ халқы ер адамды ерекше сыйлаған, киімін баспаған, алдын кесіп өтпеген, сөзін тыңдаған, алдындағы асқа одан бұрын қол тигізбеген, т.с.с. Десе де, бұл қазір мұндай емес дегенді білдірмейді. Әйелден бір саты жоғары тұрған ер-азаматтардың да өз биігінен түсіп кетіп жүргендері бар. Ер жігіт ретінде өте...

    Толығырақ...
  • 14.02.19

    Әрбір  әйел  қауымы көрікті болып, бет терісіне ерекше назар аудару керек. Күтім жасап, әсем де нәзік болып жүретін бұрымдылар сырт көзді де тамсантатыны рас. Осы тұрғыда қыз-келіншектердің бет терісінің күтімі жөнінде не айта аламыз? Олардың бет терісінде жиі кездесетін мәселе қайсы? Сау әрі әдемі келбетті сақта­у  үшін  қайтпек  керек?

    Қазіргі таңда сұлулықтың құны жеңіл еместігі бесе...

    Толығырақ...
  • 14.02.19

    Мен «Халық» газетінің 6.ХІІ.2018 жылғы санында «Тұмар  ханым» бетінде жарияланған «Өзі үшін» некесіз бала тапқысы келеді» тақырыбындағы мақаланы оқыдым. Тақырып­қа орай көңіл түкпірінде жүрген ойларды қағаз беті­не  түсіргім  келді.

    ...
    Толығырақ...
МОНШАҚТАЙ ӘҢГІМЕЛЕР
07.02.2019 10:47

Ерғали  АБДУЛЛА

ӨМІР   МЕКТЕБІ

Өмірдің өзі – бір мектеп. Қай-қай мектептегідей онда да үздіктер, екпін­ділер, лаждап жүр­гендер, тентіреп бос­қ­а жүргендер... әке-шешесін алдына сап сүйреп жүргендер де бар...

ҚАРАТАЯҚ

Халқына қадірі болмаған соң, өз аталас-руластарының бес-алты бас көтерер, сөзі зымпылдақ, құй­рығы  тырқылдақ шал-шауқандарының аузын алып, ауыл-үй арасында өзінше «қайраткер» боп жүр­ген қаратаяқтар да бар.

 

НОСТАЛЬГИЯ

«Ой-бай-й, мұғалім де тамақ жейді екен-ау» деп таңғалып, айран-асыр болған заман қандай ғажайып-ақ еді!

 

ҮМІТІҢДІ  ҮЗБЕ

Сенің басшы болмайтын не қағыңдың бар?! Талабың тауға өрлесе, періштелер «әумин» десе... да­йын­даған оның-пұ­ның жоғарыдағы­лардың жуан кеңірдегін  жырып кетпей, жолын  тауып өтсе...

 

«ҚҰЛДАР»

Мансаптың құлы болып шіреніп жүр­гендер бар. Арақтың құлы болып тіленіп жүргендер бар. Әйелінің құлы болып алақтап жүргендер бар. Бастығының құлы болып жалақта­п жүргендер бар...

 

ШАЙТАННЫҢ  АЖАЛЫ

Бір жастықты жастанып, бір көрпені жамылып, соның астын­да бүкіл өмірін өткізген қайран үлкендеріміз-ай! Арала­рынан кірер саңылау таппай­ шайтан байғұстар аяқтарының астында тұншығып өлген екен-ау!

 

ҮНДЕМЕС

«Үндеме, үндеме» дей берген соң, үндемей, үндемей, ақыр аяғында дорбадай аузыңның ішінде тіліңнің бар-жоқтығына күмәндана бастайсың.

 

БОЛАШАҚ  «БАТЫРЛАР»

«Қорқақты қуа берсең, батыр болады» дейді... Соған қарағанда алдағы жылдары біздердің  арамыздан көптеген жүрегі  түкті  «батырлар»  дүр­кі­реп-дүркіреп  шығатын  сияқт­ы.

 

ЖОЛ  АШАР

Аларымызды – алайық, берер­імізді – берейік. Жинарымызды – жинайық, сыйларымызды – сыйлайық...

 

КЕМ-ҚҰТЫҚ

Толтырам дейсің, толмайды. Асырам дейсің, аспайды. Өсірем дейсің, өспейді. Танытам  дейсің, талпынбайды...

 

КЕРЕКТЕР

Халыққа бас болу үшін бас керек, ал әкім болу үшін тағы бірдеңелер керек...

 

КҮШТІҢ  ТҮРІ

Күшенгенде ғана бітетін қара күш көбіне майқұйрық жаққа қарай кетеді.

 

ШЫЖЫҢ  мен  ЫЗЫҢ

Шал-шауқанды шыжың шаршатады. Келін-кепшікті ызың  шаршатады.

 

ҚАН-СӨЛСІЗ  ӨМІР

Ішек-сілесі қатып күле де, көкірегін ашып көсіле де алмайды. Пікірін айтып шешіле алмайды. Мықтылармен тікетіресіп керісе алмайды. Жылмаң көздермен көз қысысып, қол алысып, бармақ басысып келісе  алмайды...

 

ДҮРСІЗ

Дүрдиеді, дүрсінеді, дүр­дисиді, дүрдигендердің жа­нын­да тұрады. Дүр-дүр етіп сөйлегісі келеді, бірақ дүр көрінетін  ештеңесі  жоқ.

 

ЕКЕН

Бай екен, бірақ надандау екен.

 

ҚАЙДА  КІРЕДІ?!

Соқтандай, соқпалдай жігітке «ақылың әлі кірмеді ме?» дейсің. Ақыл кіретін басы болмаса, ол  қайда  кіреді?!

 

ЖОЛ  ҮСТІНДЕ

Өз жолыңмен жүргің келеді. Бірақ сенің басыбайлы жо­лыңда  басы жоқ, мортық желке­ біреулердің көстеңдеп жосып бара  жатқанын  көріп, «мен  осы дұрыс келемін бе?» деп жан-жағыңа қарайлай-қарайлай, алдыңғы көптен қара үзіп қаласың.

 

КЕРЕМЕТТЕРДІҢ  КЕРІ

Бұл – керемет! Міне, керемет! Жүдә, керемет! Ал мынау одан да өткен керемет! Анау – кереметтердің кереметі! Керемет! Керемет! Дей-дей керемет деген сөздің өзі керемет болудан қалып  барады...

 

«ШҮМЕЛЕК»

Шамасы келмей жүр... Шама­сы келсе, ізіңе шам алып түскісі келеді. Өресі жетпей жүр... Өресі жетсе, өңменіңнен итеріп, далаға лақтырып тас­тағысы келеді... Күші кем соғып жүр... Күші келсе, күллі қабырғаңды күтірлетіп, сын­дырғысы  келіп  тістеніп  жүр...

 

ҚАЗАҚЫ  ЖОЛ

Әкеңді боқтауға біреулердің «құқығы» бар. Шешеңді боқтауға  тағы біреулердің «құқы­ғы» бар... Көнесің, қайтесің. Көнбей қайда барасың. Сосын сен де «құқығыңды» қарастырып, көзің ежірейіп, бетің беді­рейіп, біреулерді еш жазығы жоқ енесінен сықпыртып-сықпыр­тып кеп жібересің... Әй, сонда құшырыңның қа­нып, көңіліңнің аспандап қа­латыны-ай!

 

БІРЕУМІН

Көп адам мені өздеріндей көреді. Ал мен – өзімше өмір сүріп, өзімше ой қуып, өзімше тірлік кешіп жүрген қайдағы бір біреумін.

 

Жауабы  бар  ма?

Еркек болуға тырысып жүрген әйел көп пе? Әйел болуға­ тырысып жүрген еркек көп  пе?

 

Түңілу

Бұл күлкіге «тойдым». Жылтыңдаған әзілкештерді көксандықтан көруді қойдым.

 

Сенген  серкем...

Әйбат болғандағы, дөкей болғандағы, қайраткер бол­ғандағы, кеудесін орден-ме­даль­ға толтырғандағы жеткен биігі қартайғанда өз руының рубасы болу болса, мүйізіңе болайын қақырайған, тұмсы­ғыңа  болайын  жапырайған...

 

«Атмосфера»

Біреудің аузымен айтылған сенің көкейіңдегі қатталып жүрген ащы-ащы сөздер... жүрегіңе жүк түсірмейді... жа­ғың­ды ауыртпайды... санаңды әрі-сәрі қылмайды... беймезгіл дөңбекшітпейді... түн ұйқыңды бұзбайды... Жаның жайма-шуақ тауып жүретінін айт­сайшы! Бүгінгі «атмосфера» осындай.

 

Бүгінгі  зар

Үш тілді бірден үйренемін деп әлден-ақ басы үсіген асқабақта­й боп қалған, ботақаным-ай...

 

Жетек

Сөзіңнің, ойыңның, сезі­міңнің, талабыңның  бас  жібін бөгде біреуге беріп қойма. Тоңқаң-тоңқаң етіп жетекте кетесің.

 

Ғалам – тор

Кірсең, әлемді, дүниені шарлап, адақтап, шырғалып, шырмалып жүріп қаласың. Ал кірмесең, тағат тауып тағы да отыра  алмайсың.

 

Жарап   тұр

Мектептің жүрегі бола білген мұғалім қала та­залығын қарайтын мекем­енің сыпыр­ғы­шы, күрегі болуға да жарап  тұр.

 

Жыбыр  ауыз

Шындықты айтып жүре­тіндер бірен-саран ғана. Қал­ғандары аузын жыбырлатып, өзін-өзін алдаусыратып жүр­гендер.

 

«Қорқыныш»

Креслосы барлар қызме­тімнен айырылып қалам ба деп қорқады. Қара жаяулар жұмысымнан айырылып қалам ба деп қорқады. Ақындар әкім­дерге ұнамай қалам ба деп қорқады. Әкім қасқалар да жоғарыдағыларға жалтақтап бір­деңеден қорқып жүр... Әйтеуір бірінен-бірі өтіп бұқпантай тірліктің ауанына түскен... Ал тарихта қорықпайтындар ғана қалған. Соған қарағанда біздердің арамыздан тарихта қалатындар шықпайды-ау деймін.

 

Жекеменшік  «ауру»

Жақсы көретін адамдарыма қанша оқталсам да сын көзбен қарай алмайтын жекеменшік «ауруым» бар.

 

Әйел мен  арақ

Арақтың шайтандығын маскүнем еркекті емес, ішкен әйелді көрген кезде сұмдық қатты  сезінесің...

 

Сүдініңе  болайын

Байпаңдап бай көрінгің келеді – қырық жерге қарызсың...

 

Неге,  неге?

Құрметті атақ, құрмет грамоталарын алғандардан аяқ алып жүре алмайсың. Кейбі­реудің марапат қағазы шашының түгінен көп. Алайда халықтың құрметіне бөленіп жүргендер неге тым-тым аз?

 

«Ақыл»

Болып, толып, тасып, төгіліп, байып болғанның қызын алма. Енді болайын деп жүргеннің, енді толайын деп жүргеннің, енді-енді тасып-төгілейін деп жүргеннің қызын ал. Көрер қызығың алда болады.

 

Тапсырмалар  бар

Қазір ұлы-ұлы, үлкен-үлкен арман-мақсаттар жоқ. Тек ғана апталық, айлық, тоқсандық тапсырмалар ғана бар.

 

Болғыш пен болдырғыш

Анау болам деді – болды. Мынау болам деді – болды. Бұл не деген болғыш десем, әкесі болған-толған кісі екен. Өзі болған, қалтасы толған ол бұл күнде тұқым-теберігіне болдырғыш боп отыр екен.

 

Күмән

Ол өзін адаммын деп жүр. Ал айналасындағылар оған көптен бері күмәнмен қа­рай­ды.

 

Төрт  кемдік

(Бүгінгі)

Далақбай, даласуан еркек. Бәтуасыз, пұштақай әйел. Мисыз­, мәңгүрт бала. Шошақай, шолжаң қыз.

 

Ессіздіктің  пайдасы

Есі кете, ессіз ғашық болды. Қол жетпеске қол жеткізді. Отау тігіп, үй болды. Халық қатарына еніп отыр.

 

Ұмтылыс

Білімге деген ұмтылыс қағаз жинауға деген ұмтылыстың ширегіне де келмей қалды.

 

Көсемсіз  бе  едік?

Ленинді баба көсем дедік. Сталинді дара көсем дедік. Брежневті дана көсем дедік. Горбачевті жаңа көсем дедік... Дей-дей жағымыз талған еді. Ал енді өзіміз-өз болғалы бір-жар серкелерімізді «біздің көсемдеріміз» деп айтуға ау­зымыз бармай, тіліміз байланып жүргені несі?

 

Қорлық

Бәрін де ақша шешетін заман­да ақшасыз жүруден өткен қорлық жоқ екенін мойын­дағанда, лажсыздықтан мойның тартылып иығыңа жабы­сады. Содан да сенің милы басың көрінбей қалады екен.

 

Оқырмансыз  кітап

Шатыры көк тіреген, үлкен-үлкен, сәулетті кітапханалар бар, жалтыраған-жалтыраған, су жаңа, том-том кітаптар саптағы солдаттардай самсап тұр, кітап оқушылар жоқ.

 

Су  аяқ

Басқармаған ме­кемесі жоқ. Басшылық етпеген саласы жоқ. Бірде-біреуінде ел айтып жүретіндей бір із, жарты нобай қалдырмапты. Өткен жолы жып-жылмағай. Ел-жұрт­қа бір ісін де еншілемей, жылдар бойы үлкен креслода отырып қызмет істеуге де болады екен-ау...

 

Тасадағы  тірлік

Көк туды көкке желбі­ретеміз деп жүргендердің тасасы­нда өз руының таң­басын орнатар тұғыр іздеп жүргендер де жетерлік.

 

Тілек

Қызметке келуіңді келер­сің-ау! Дегенмен жиналыстан шығып, жиналысқа кіретін заманд­а, бөтенің болмаса да, ұлы отырысқа шыдайтын, азбас­-тозбас, көнтерілі көте­нің  болсын.

 

Арал   қаласы

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Ақпан 2019 >
        1 2 3
4 5 6 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары