Өзекті мәселелер

  • 18.04.19

    Түрме рейтингі – кез келген елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін танытат­ын көрсеткіштің бірі. Бұл ретте­ Қазақстан қылмыстық заңнаманы ізгілендіру саясатын іске асыра отырып, жыл сайын бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазалардың баламалы­ шараларын қолдану саласын кеңейтуде­. Соның нәтижесінде бұл түрме зерт­теулерін қадағалаудың халықаралық орталығы­ның (ICPS) жалпыәлемдік рейтингі...

    Толығырақ...
  • 18.04.19

    «Бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады; біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құ­мары... Екіншісі – білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деп талпынып, көзі көрген, құлағы естігеннің  бәрін  сұрап  тыншымау. Бұл – жан құмары...»

    Абай  Құнанбаевтың

    «Жетінші  қара...

    Толығырақ...
  • 18.04.19

    Дана қазақ «Көп жа­саған білмейді, көпті көр­ген біледі» дейді. Көп жасамадық, көпті көрмедік. Айтпақшы, «менің білге­німді өзгенің білмеуі керек» деп ақпаратты қыз­ғанатындар бар екен. Бар емес, олардың қатары қалың көрінеді. Әрине, әңгімеміз пайдалы ақпараттар мен мәліметтер турас­ында ғана. Әйтпесе, оқырман мен тыңдарманды адастыратын ақпараттың әрдайым жасырынып жүрген...

    Толығырақ...
  • 18.04.19

    Бала кезімнен әкеме жақын болып­ өстім. Таң атқаннан кеш батқан­ға дейін ізінен бір елі қалмайтын едім. Әкем жаны жайсаң, түрі сұсты, балаларына қамқоршы, мен үшін асқар таудай биік шың дер едім. Бізге қаладан «балала­рыма» деп базарлық­тың түр-түрін әкелетін. Осыдан әкемнің даладай дарқан көңілін  байқауға  болады.

    ...
    Толығырақ...
  • 18.04.19

    Осыдан екі жыл бұрынғы ақпаратты айтайық. Ең алғаш естігенде есеңгіреп қалдық. Елімізде 2017 жылы 110 мың адам жоғары оқу орнын бітірген. Тек олардың мамандық бойынша жұмысқа орналасқандар саны – 7-ақ пайыз. Мұны мәжіліс депутаты Мұрат Бақтиярұлы баяндад­ы. Бұл ретте бітіруші түлектердің қалғаны қайда деген заңды сауал туын­дайт­ыны рас. Мәжіліс депутаты «КТК» арнасына берген сұхбатында жастарғ...

    Толығырақ...
БІРЛЕСКЕН ІСТЕ БЕРЕКЕ БАР
07.02.2019 11:54

Сәрсенбінің сәтіне балады ма, белгісіз, ақпанның 6-сында Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ел алдында есеп берді. Өзге өңірдегі әріптестерінің есепті жиында жіберген қателігін қайталағысы келмеді ме, бір күн бұрын ол арыз-шағымы бар қала тұрғындарын жеке қабылдады. Үзіліссіз! Таңғы сағат тоғызда басталған қабылдау қас қарайғанша жалғасты.

Шамасы, шаһар басшысы жиын алдында көпшіліктің көкейін тескен шаруаларды шешіп алғанды жөн санаса керек. Десе де, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайы лық толды. Тіпті, залға сыймаған көпшілік телеэкран арқылы тамашалауға мәжбүр болды. Жиынға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев та қатысып, бұқарамен бірге Н.Нәлібаевтың жыл ішінде не тындырғанын тыңдады.


БІЛІМ мен БИЗНЕСТІҢ БЕРЕРІ МОЛ

Былтырғы  жылдың  басында қала қазынасы 42 млрд теңге деп бекітіліп, жыл қорытындысымен 51 млрд теңгеге жеткен. Естеріңізде болса, аймақ басшысы бір сөзінде «Қы­зылорда облысы бюджет қаржысының басым­ бөлігін білім саласына жұмсап отыр» деген еді. «Алма ағашынан алысқа­ түспейді» деген­ тәмсілге сүйенсек, қала  бюджетінің 41 пайызы – білім, 18 пайызы – құрылыс, 14 пайызы коммуналдық салаларға бағытталыпты. Со­ның нәтижесі болар, биыл Қызылорда қаласының мектеп бітіруші түлектерінің ҰБТ-дан жинаған орташа балы 90,9 па­йызды құрап, облыс көлемінде үздік нә­тижеге  жеткен. Ал, мұғалімдер де көрсе­тіліп жатқан қолдаудан қағылған емес. Н.Машбекұлының сөзінше, өткен жылдың 1 қаңтарынан баст­ап жаңартылған білім мазмұнымен сабақ беретін 4657 ұстаздың жалақысына 30 пайыз, педагог кадрларды аттестациялаудың жаңа жүйесімен 500-ге жуық мұғалімнің ай­лы­ғына 30-дан 50 па­йызға дейін үстемақы төленуде екен. Білім­ге бағытталған инвестицияның кері қайтатынан ескерсек, бұл жұмыстар өз нәтижесін беретіні сөзсіз. Айта кетейік, өткен жылы тәуел­сіздік күні қарсаңында Тасбөгет кентінде 140 орындық жаңа балабақша ашылып, ел игілігіне табысталды. Бірқатар білім ордалары мемлекеттік цифрландыру бағдарламасы шеңберінде компьютермен жабдықталып, оқулықтармен толықтай қамтамасыз етіліпті.

Экономиканы тұрақты сақта­удың тиімді тетігі шағын және орта бизнесте екендігі даусыз. Шаһар басшысы бұл бағытта да біраз шаруаның шешіліп, бір жолға қойылғанын айтты. Былтыр қалада 25936 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркеліпті. Ең қызы­ғы, облыста тоқтаусыз жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің 48,8 пайызы  –бас қаланың еншісінде. Жыл ішінде бизнесмендердің өз қаражаты есебінен жалпы  құны 8,2 млрд теңгені құрайтын  73 кәсіпкерлік нысаны іске қосылып, 2 мыңға тарта жаңа жұмыс орны ашылған. Айтпақшы, былтыр «Бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасаған үздік өңір» ретінде танылып, Елбасы аймақ басшысы Қы­рымбек Елеуұлына «Хан тәңі­рі» сыйлығын табыстаған еді.

БАС  ШАҺАРДЫҢ  БАС  ЖОСПАРЫ  ӨЗГЕРДІ

Өткен жылы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жетілдіруге республикалық, облыстық және қалалық бюджеттен бақандай 2,8 млрд теңге бөлініпті. Ал «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 13 жобаға қаралған  1,6 млрд теңгеге 10 шақырым ауызсу, 7 шақырым кәрізсу құбырлары қайта жаңғыртудан өткен. Сондай-ақ, қалаішілік су құбырларының 70 пайызы толық жаңарған. Бүгінгі таңда бас шаһардың тұрғындары таза жерасты ауызсуын тұтынып отыр.

Күн өткен сайын қала хал­қы қарқынды өсіп келеді. Тиісінше, бұқараның билікке қояр талабы күшейетіні анық.

– Халық санының артуына орай Қызылорда қаласының бас жоспарына түзетулер енгізу­ жобасы қалалық, облыстық мәслихат сессияларында ма­құлданып, ҚР Үкіметінің бекі­туі­не жолданды. Қала аумағының көлемі бұған дейін 11 мың гектар болса, жаңа жоспармен 20 мың 582 гектарға ұлғайды. Бас жоспарға сәйкес есептік мерзімі 2025 жылға дейін қаланың даму бағыттары көрсе­тіліп, барлық инженерлік-инфрақұр­ылымдардың сызба­сына өзгерістер енгізілді,- деді Нұр­лыбек  Машбекұлы.

Бұл нені білдіреді? Ендігіде­ қалаға қоңсы қонған саяжай­ларға көңіл бөлініп, күрмеуі қиын мәселелер кезең-кезеңімен шешіледі  деген сөз.

 

ҚҰРЫЛЫСЫ  ҚАРҚЫНДЫ ҚЫЗЫЛОРДА

Қазір Сырдарияның сол жағал­ауы тренд тақырыпқа айнал­ды. Былтыр басталған ауқымды жұмыстар көз қызығатын деңгейге жетті. Бүгінде онда құрылыс компанияла­рының өз қаражаты есебінен 5 қабатты 18 тұрғын үй, 320 орындық балабақша бой кө­терді. Облыстық бюджеттің есебінен «Рухани жаңғыру» ортал­ығы тұрғызылып, пайдалануға берілді. Алдағы уақытта «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, «Жастар орталығы» есік ашпақ. Сонымен қатар 100 келушіге арнал­ған емханамен қоса 300 орындық көпсалалы аурухана, 900 орындық мектеп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 500 келушіге лайық­талған емхананың құрылысын салу жоспарланған.

Қаржыландырудың барлық көздері есебінен жалпы ауданы 473 мың 209 шаршы метр бола­тын тұрғын үй құрылысы жүріп, ел игілігіне берілген. Бүгінгі таңда қалада 152 мың шаршы метрді құрайтын 2 мың 52 пәтерлік 46 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Қала әкімінің сөзіне сенсек, облыста атқарылған құрылыс жұмыс­тарының 40 пайызы бас шаһардың үлесінде екен.

Жыл ішінде жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, инфрақұрылымды дамытуға көңіл бөлінген. Былтыр ұзындығы 98 шақырымды құрайтын 114 көшеге күрделі, орташа, қайта жөндеу шаралары атқарылған. Қалаға қарасты бір­қатар ауылдарға жол салыныпты. Жиын барысында Нұрлыбек Нәлібаев бұл салада кем­шіліктердің барын жоққа шығармады. Көпшілікке бұл жұмыстар бюджеттің мүмкін­дігіне қарай іске асатынын айтып­  қалды.

 

КӨПШІЛІКТІҢ  КОММУНАЛДЫҚ  САЛАҒА КӨҢІЛІ  КӨНШІМЕЙДІ

Осылайша сан саланы салмақ­тап, жыл бойы атқарған жұмысын жіпке тізген Нұр­лыбек Нәлібаев алда талай шаруа­лар күтіп тұрғанын айтты.­ Жоспарларымен  бө­лісті.

Қалғып бара жатқан қауымды облыс әкімі Қырымбек Елеуұл­ының қатқыл үні оят­қандай. Машбекұлының есе­бін мұқият тыңдаған ол ә деген­нен қалада атқарылмай қалған шараларға тоқталды. Облыстық бюджеттен шағын және орта бизнесті дамытуға мил­лиардттаған қаржы қаралса да, бас шаһарда бизнеске бет бұр­ғандар саны 10-ақ пайызды құрапты. Сандарды сөйлеткен аймақ басшысы бұл салаға дұрыстап көңіл бөлуді ескерт­ті. Сонымен қатар салық түсі­мін арттыру керектігін де тапсырды.

Жиында Қ.Көшербаев көп­шіліктің көкейінде жүрген мәселені көтерді. Яғни, әлеуметтік желіде жиі талқыланатын коммуналдық саладағы түйткілдерді атап өтті. «Қы­зылорда су жүйесі» МКК басшысы Тілеуберген Қаныбеков­ті орнынан тұрғызып, сұрақтың астына алды.

– Сіздің мекемеге хабарлас­қан тұрғындар байланыса алмай­ды. Неліктен? Телефон тұтқасын неге көтермейсіздер? Қызметкерлеріңіз елмен дөре­кі сөйлеседі,- деп облыс әкімі мекеме басшысын көптің кө­зінше  сөкті.

Бұған дейін қала маңына қоныстанған тұрғындар жарықтың бәсеңдігіне шағым­данған еді. Бұл сын облыс әкімінің де құлағына жеткен сыңайлы. Ол өз сөзін «Қызыл­орда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ-ның басшысына  қарата:

– Сіздің мекемеге керек кезінд­е қолдау көрсеттік. Енді жұмыс  істеу  керек,- деді.

Сонымен қатар соңғы уа­қыт­та қызылордалықтардың қатысуымен орын алып жат­қан қылмыстар Қырымбек Елеу­ұлының да шамына тисе керек, жиынға келген «қызыл жаға­лыларды» да «сойып» салды. Ол аз десеңіз, полици­я жұмысына көңілі толмайт­ынын  ашық  айтты.

Облыс әкімі қайбір жылы ел игілігіне табысталған жер учаскесінің игерілмей тұрғанды­ғына ашынды. Бұған бюджеттен 9,2 млрд теңге бөлініп еді. Қала әкіміне үш жыл ішінде баспана салмаған азаматтардан жер телімін алып, кезекте тұр­ғандарға табыстау керек деп шорт кесті. Және жол мәселесіне қатысты да өз ойымен бөлісті. Бүгінде қалада 400-ден аса жол асфальтталса, 300-ден астамы – қара жол.

– Рас, жол салу мәселесі өте өзекті. Әуелі ең құрығанда оқушыларға мектепке баратын тротуар салып беру керек. Қалаға жол салу үшін 9,3 млрд теңге қаржы қажет екен. Ашығын айтайын, бізде қазір мұн­дай ақша жоқ. Бұл жол мәселе­сі шешілмейді деген сөз емес. Бюджет мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен салынады,- деді облыс әкімі.

Жиын барысында Ақжарма ауылдық округі Баймұрат ауылының тұрғыны Мереке Асанбаева елді мекенге мәдениет үйі керек екенін алға тарт­ты. Өз кезегінде облыс әкімі мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік аясында бұл мәселе­нің көп ұзамай шешілетінін айтты.

Есепті кездесудің соңында аймақ басшысы «Рейн өзенінің жағасында Берлин, Ишимде (Есіл) Астана, Сенада Париж, Темзаның бойында Лондон тұр. Ал, Сырдарияның жағасында әдемі ҚЫЗЫЛОРДА тұруы тиіс» деп атап өтті. Біз­діңше, Қызылорданың жарқы­рап тұруы билік пен бұқараның бірлігі мен тірлігіне байланысты.

Қозы  Көрпеш  ЖАСАРАЛҰЛЫ,

Н.Нұржаубай  (сурет)

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Ақпан 2019 >
        1 2 3
4 5 6 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары