Өзекті мәселелер

  • 20.06.19

    Гүлсім  ТАҢАТОВА,

    судья:

    Қап арқалаған қария. Әр сот отырысында жанынан тастамайтын кенеп қап... Оны есірткіге қатысты қылмысқа не мәжбүр етті? Тәжірибелі судьяның қылмыстық істі қараудан үзілді-кесілді бас тартуына не себеп? Бұл сауалдардың жауабын бірер айдан соң отс...

    Толығырақ...
  • 20.06.19

    АҒАЙЫНДЫ

    Екі ағайынды жігіт. Қабы да бір, сабы да бір: әке де, шеше де ортақ. Көргені де, жүргені де бір. Ішкені бірдей, жегені бір­дей... Бірақ біреуіне көптің көңілі қызығарлық ақыл қон­ған, біреуіне көптің шырқын бұзарлық арақ қонған...

    ...
    Толығырақ...
  • 20.06.19

    ЕКІ  ЕСАЛАҢ

    Ол түнімен «Нақұрыстың өмірін» оқып шықты. Автордың жан дүние­сіне үңілді. Жаңбырдан соң ауаның балғындығын бүкіл тамырымен сезі­не­ отырып, тәтті қиялға берілді. Кенет, шулаған ессіз қыздардың ащы күлкісіне жиіркене қарады. «Олар айтқан жайтта қандай күлуге тұрарлық мән бар екен» деп ой алабына  сүңгіді. Күнде теріскей жақтан­ ке...

    Толығырақ...
  • 20.06.19

    Қазақ өз ұрпағына қашанда жақсы тәлім, өнегелі тәрбие беруден жалыққан емес. Тіпті тәрбиенің бір бастауы­н бесіктен­ бастап, оның ата-анасының да жауапкерш­ілігін жүктеп отырған. Бүгінде осы ұлы мін­детті жартылай да орындай алмай жүргендер бар.

    ...
    Толығырақ...
  • 20.06.19

    «...Бізге керегі шын дарындар. Мемлекет өзінің талантты ұлдары мен қыздарын, тарланбоз жүйріктерін қолдауға, қорғауға міндетті». Иә, талантты да дарынды жастар – елі­міздің бетке ұстар мақтаныштары. Оны  жоғарыда айтылған Тұңғыш президентіміз Н.На­зар­баевтың сөзінен айқын байқауға болады. Жас ұрпақтың келешекке нық қадам басуы­ – қоғам үшін маңызды да жауапты күш. Еңсесін тіктеп келе жатқан ел...

    Толығырақ...
НЕСИЕ ЕСЕБІНІҢ «ЕСЕСІ» қалай қайтарылады?
14.03.2019 11:30

Несиеге ет жеп жүрміз. Ішегімізді жыртатынын ойланбаймыз да. Нарық қыспағына байланысты қарызсыз адам армансыз адаммен тең дейтін деңгейге түстік. Халықтың ашынатындай уәждері де орынды. Енді ше, бақандай 4-5 жыл бойы өсімпұлымен бірге төлеп отырған несие көлемі – біреулердің бір айлық жалақысы. Оған да ешкім кінәлі емес. Десек те аспан мен жерді жалғай алмайтын алшақ­тық  бар.

Осыдан екі жылдай уақыт бұрын жұртшылық банктердің есігін торуыл­дады. Неге? Өйткені несиесіз несібесін айыра алмаған әр қазақ банкте кеткен «есесін» қайтарып алуға білек сыбана кірісті. Естеріңізде болса, екінші деңгейлі банктер несие­ бергенде 2016 жылға дейін кредит­ке қызмет көрсеткені үшін комис­сия алып отырған. 2016 жылы Ұлттық банктің осы комиссияға қатысты қаулы жариялап, кейін бұл мерзімге дейін кредит алғандар екінші деңгейлі банктерден комиссияны қайтаруды сұрап, тіпті мәселесін сот арқылы шешіп жатыр. Арасында қайтарып алғандары да бар. Ал Ұлттық банктің ұстанымы жеке тұлғаларға берілетін қарыз бойынша комиссиялар мен өзге төлемдер Ұлттық банктің 2016 жылы 30 мамырында бекітілген қаулысымен шектелген. Бұл қаулыда жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу кезін­де ескерілетін, жеке тұлғаға беріл­ген банктік қарыз және микрокредит беруге және оларға қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің тізбесі бар. «Кредиттеу кезінде банктердің комис­сиялар мен төлемдерді белгілеу кезінде қолданылатын бірыңғай тәсіл қарыз алушыға банктердің қарыз бойынша осы тізбеге енгізілген­ комиссиялар мен төлемдерді ғана алатынына кепіл береді. Комиссиялардың тіз­бесінде қа­рызды ұйымдастырғаны үшін комиссия көзделген. Осылайша, оны алу ҚР қолданыстағы заңнамасына қайшы келмейді» дейді банк өкіл­дері. Қаржы реттеушісінің мәліметінше, қабылданған комиссиялардың тізбесі 2016 жылдың 1 шілдесіне дейін жасалған шарттарға қолданылмайды, осыған байла­нысты осы  кезге дейін жасал­ған  банк қарызы шартында тиісті көрсету талабымен қарызды ұйымдастырғаны үшін банктердің комиссияны алуы да заңды.


 

Шара Сабирова,

Қызылорда қаласыны­ң заң консуль­та­ция­сының  адвокаты:

- Бүгінгі таңда екінші деңгейлі банктерде тұтынушылардан заңсыз алынған комиссия қайтарылуда. Егер төлеу мерзімі аяқталып, жабылған несие болса, онда ол азамат ең соңғы төлем уақыты бойынша 3 жыл ішінде талап-арызын бере алады. Қазіргі күні уақытылы төленіп жатқан несиелер мен төлемі аяқталған, бірақ 3 жыл мерзімі өтпеген несие тарихтары бойынша талап-арызбен, азаматтардың сенімхаттары негізінде сотқа жүгініп жатырмыз. Несие шартында қызмет көрсеткені үшін, есепшот ашқаны үшін деген пункттері көрсетіледі. Сол заңсыз ұстал­ған комиссияны өндіріп беріп жатырмыз. Несие­ шартында көрсетілмеген қызмет үшін алып отыр. Есепшотты ай сайын ашып отырмыз деп графикке қосып қойған. Бұл бойынша бұрынғы «Казкоммерцбанк» АҚ-мен жасалған несие шарты болса, сол бойынша «Халық банкі» АҚ, АТФ, Еуразия банкі, Форте­ (бұрынғы Аляньс банк – ред.) банк­терден өндіріліп жатыр. Ал «Альфабанк» АҚ-ның Қызылордада өкіл­дерінің болмауына байланысты құжаттарды Алматы қаласына жолдаудамыз. Және бір айта кетерлігі, комиссия алымын­ қайтарып алу үшін несиенің ең соңғы төлем жасалған уақыты есептеледі. Мейлі, ол 10 жылға есептелген несие болса да заң тұрғысынан қарала­ды. Бастысы, соңғы төлем 2016 жылдың наурыз айынан кейін төленген болу керек. Бұл ретте заңгерлер көмегіне жүгіну артықтық етпейді.

- Несиесін мерзімінен кешіктіріп төлеп немесе мүлдем төлемей жүргендердің алуға мүмкіндігі бар ма?

- Әрине, алады. Бірақ біз сот арқылы өндіріп берген сомасын банк тұтынушының несиесінің есебіне ұстап қалады. Бір жағынан, клиентке де тиімді, комиссиясының есебіне­н несиесін төлейді. Адвокаттық қызметпен айналысып келе жатқаныма 20 жылға жуық уақыт болды. Осы уақыт аралығында әртүрлі адамдар кездеседі. Біреу біз ұсынған қызметтің құнын төлей алмауы мүмкін. Мұндай жағдайда белгілі бір әлеуметтік топ өкілдеріне мемлекеттік кепілдендірілген заң көмегі аясында қызмет көрсетілетінін біреу білсе, біреу білмейді. Ал, несие комиссиясын өндіру бо­йынша­ 2017 жылдың тамыз айынан осы уақытқа дейін өтініш жасаған 112 адамның 111-іне оң шешім шығуына ықпал еттім.

 


ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, соңғы екі жылда Ұлттық банктің бастамасымен 2018 жылғы 2 шілдедегі және 2019 жылғы 21 қаңтардағы Заңдардың аясында Қазақстан Республикасының заңнамасына екінші деңгейдегі банктердің жеке тұлғаларды кредиттеу кезін­де комиссиялардың жекелеген түрлерін алуына тыйым салатын өзгерістер енгізілді.

Ақшаның артығы болмайды. Банктің ұстап отырған комиссиялық қаржысының кері қайт­қанына халық қуанбаса, өкін­ген жоқ. Жылдар бойы қалтасынан төлеген соманың бір бөлігін алса да, жыртығын жамауға жететіні анық.

- Екінші деңгейлі банктер кредиттер бойынша ұсталынған комиссиялық алымын  қайтарып жатыр дегенді естіп, мен де кірістім. Алайда келісімшартымды таппаған соң банк арқылы ақылы негізде қайтадан қалыпқа келтірдім. Сөйтіп қажетті құжаттар жиынтығын жинап, банкке өткіздім. Банк апел­ля­цияға берді. Арада бір айдан аса уақыт өтті. Барлығы заңды түрде қаралып, қолыма 200 мыңнан астам теңге­ комиссиялық қайтарым алдым, - дейді қала тұрғыны А.Есенов.

Ұлттық банк мәліметінше, тыйым 2019 жылғы наурыздан бастап жасалатын банктік қарыз шарттарына қолданылатын болады. 2019 жылдан бастап сыйақымен және тұрақсыздық айыбымен қатар, банктер жеке тұл­ғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық тұрғын үй қарызы шарты бойынша мерзімі қатарынан күнтізбелік 180 күн өткеннен кейін есептелген қарызды берумен және қызмет көрсетумен байланысты комиссиялар мен өзге төлемдерді талап етуге құқылы емес. Соным­ен қатар, ағымдағы жылы Ұлттық банк жылжымайтын мүлік кепілімен ипотекалық қарыз алған жеке тұлға-қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мақсатында банк­терге мерзімі күнтізбелік 180 күн өткен соң есептелген сыйақыны төлеу­ді талап етуіне тыйым салды.

Ресми статистикаға сүйенсек, елімі­зде 7 миллионға тарта адамның басы несие шартымен шатылған. Ақшаны еселеп қайтару үшін шотынан сыпырып беретін банктер заңсыз комиссия алуда да ісін дөңгелетіп келгелі қашан? Қолындағы барын банкке санап беретіндерді 100 пайыз деп есептесек, өз құқығын алға тартып, маңдай терімен тапқан қаржысының бір бөлігін қайтаруды талап етіп жүргендер 0,14 пайызды ғана құрап отыр. Сонда қалған 99 пайыздан  астам банк тұтынушылары құқын қорғап, мүмкіндігін пайдалануға мойындары жар бермей жүр. Неге? Республикалық «Комиссияны қайтару­ орталығы» заңгерлерінің айтуын­ша, бұл мәселеде нақты кесіп-пішіп айтатын дерек жоқ. Өйткені бұл мәліметке олардың да қолы жетпей­ отыр. Біз де республикалық басылым ретінде ақпарат сұратқа­нымыздың өзі «алма кетті домалап...» дегеннің керін келтірді. Алдымен аймақтағы Ұлттық банк филиалына хабарластық. Ондағылар үзілді-кесілді бас тартқан соң, облыстық прокуратураға қаламсабымыздың ұшын бұрдық. Ондағылар да араға уақыт салып, бізге қандай да бір мәлімет беруден тайсалған ҰБ-ның Қызылорда облысы бойынша филиа­лына жолдапты. Жауап келді.

- «ҚР банктер және банк қызметі туралы» Заңының 33-бабына сәйкес банктер мен олардың клиенттері арасын­дағы  қатынастар, егер ҚР Заңдарында өзгеше көзделмесе, шарттар негізінде жүзеге асырылады. Бұл ретте­ шарттың тараптары өздеріне қабылдаған міндеттемелерді тиісті деңгейде орындаулары тиіс. Банк туралы Заңның 34-бабының 8-тармағына сәйкес банктік қарыз операциялары банктің басқарма органдарымен бекіт­кен ішкі несие саясаты туралы қағидаларға сәйкес жүзеге асыры­лады. Банк туралы Заңның 39-бабының 1-тармағына сәйкес, сыйақы мөл­шерлемелері мен комиссиялар, сондай-ақ банк қызметтерін көрсеткені үшін тарифтерді банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар ҚР Заңдарында белгіленген шектеулерді ескере отырып дербес белгілейді.

Банктер туралы Заңның 39-бабы келесі мазмұндағы 3-1-тармақпен «Банктер, банк операцияларының жекеле­ген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға жеке тұлғалармен жасалатын, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты емес банктік қарыз шарттары бойынша банктік қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты банктік шотты жүргіз­гені үшін, сондай-ақ банктік шотқа қарызды есепке жатқызғаны үшін комис­сия белгілеуге және алуға құқылы емес» деп толтырылды. Осы тармақ осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір ай өткен соң жасалған банктік қарыз шарттарынан туын­даған құқықтық қатынастарға қолданылады. Сонымен қатар, шарттың жекелеген тармақтарын жарамсыз деп тануда мәселелерді шешу үшін заемшы­ өз бетінше сот орындарына жолығуы қажет. Мәселені сотқа дейін реттеу тәртібі бойынша банкпен­ заем алу барысында көрсетілген қызмет үшін ұсталынған комис­сияны қайтару үшін заемшы өз бетінше­ банк­ке бара отырып, өз құқығын пайдалана­ алады, - делінген ҚР Ұлттық банкі республикалық мемлекеттік мекеме­сінің Қызыл­орда филиалының директоры А.Мұстафиннің жауабында.

Сырт көзге халықтың жағдайы жақсы көрінгенімен, үңіле түссең, қарызға белшесінен батқан мұң­лықты­ көресің. Өйткені қазір екінші деңгейлі банктер тек ақшалай ғана емес, экспресс-кредит береді. Ол дегені­міз – кез келген тауарды, тіпті азық-түлікті де несиеге алу. Яғни «несие­ге ет жесең, ішегіңді жыртады» деген тәмсілдің төркінінде қарызға бату мәселесі жатса керек. Бұрын әдемі киінгендерді қалталылар қатарына­ жатқызушы едік, қазір мүлдем басқаша. Өйткені алған киіміңізді де бөліп төлеуге болады. Комиссиясыз. Есесіне тұтынушылық несиені қолда­нушылар қатары елі­міздегі  қарыз  адамдардың  тізімін сағат­ сайын көбейтіп тұр. Мұндағы мәселе – осы. Ал заңсыз комиссия алынатын несиег­е  ұрынушылар әлі де аз емес.

 

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Наурыз 2019 >
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары