Өзекті мәселелер

  • 20.06.19

    Гүлсім  ТАҢАТОВА,

    судья:

    Қап арқалаған қария. Әр сот отырысында жанынан тастамайтын кенеп қап... Оны есірткіге қатысты қылмысқа не мәжбүр етті? Тәжірибелі судьяның қылмыстық істі қараудан үзілді-кесілді бас тартуына не себеп? Бұл сауалдардың жауабын бірер айдан соң отс...

    Толығырақ...
  • 20.06.19

    АҒАЙЫНДЫ

    Екі ағайынды жігіт. Қабы да бір, сабы да бір: әке де, шеше де ортақ. Көргені де, жүргені де бір. Ішкені бірдей, жегені бір­дей... Бірақ біреуіне көптің көңілі қызығарлық ақыл қон­ған, біреуіне көптің шырқын бұзарлық арақ қонған...

    ...
    Толығырақ...
  • 20.06.19

    ЕКІ  ЕСАЛАҢ

    Ол түнімен «Нақұрыстың өмірін» оқып шықты. Автордың жан дүние­сіне үңілді. Жаңбырдан соң ауаның балғындығын бүкіл тамырымен сезі­не­ отырып, тәтті қиялға берілді. Кенет, шулаған ессіз қыздардың ащы күлкісіне жиіркене қарады. «Олар айтқан жайтта қандай күлуге тұрарлық мән бар екен» деп ой алабына  сүңгіді. Күнде теріскей жақтан­ ке...

    Толығырақ...
  • 20.06.19

    Қазақ өз ұрпағына қашанда жақсы тәлім, өнегелі тәрбие беруден жалыққан емес. Тіпті тәрбиенің бір бастауы­н бесіктен­ бастап, оның ата-анасының да жауапкерш­ілігін жүктеп отырған. Бүгінде осы ұлы мін­детті жартылай да орындай алмай жүргендер бар.

    ...
    Толығырақ...
  • 20.06.19

    «...Бізге керегі шын дарындар. Мемлекет өзінің талантты ұлдары мен қыздарын, тарланбоз жүйріктерін қолдауға, қорғауға міндетті». Иә, талантты да дарынды жастар – елі­міздің бетке ұстар мақтаныштары. Оны  жоғарыда айтылған Тұңғыш президентіміз Н.На­зар­баевтың сөзінен айқын байқауға болады. Жас ұрпақтың келешекке нық қадам басуы­ – қоғам үшін маңызды да жауапты күш. Еңсесін тіктеп келе жатқан ел...

    Толығырақ...
«БҮГІННІҢ БІР ДЕФИЦИТІ АРЛЫ АЗАМАТТЫҚ БОЛҒАН СИЯҚТЫ...»
14.03.2019 11:40

 

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

қоғам қайраткері,

«Парасат»орденінің иегері

Сайлаубай Жұбатырұлымен сұхбат

 

– Сонау қыраулы қыс ортасы­нда  әлем  көшінде Жаңа  жылды  қарсы  алсақ та, өзіміздің төл күнтізбе бойынша Жыл табалдырығына енді келдік. Әз Наурыз қарсаңында Сізбен бір сұхбат мақсат еді. Жыл табалдырығындағы ой­лар­  қандай?

– Иә, Наурыз – біз үшін жыл басы. Ықылым замандардан бастау алып жатқан, халықтың көне де, дана ұстаным­ы. «Дана» дейтінім, тек ғана тәжірибелік тұр­ғы­дан, бұл күн – алып Шамшырағымыз Жер белдеуінен бері өтіп, бізге ықыласты бет бұратын­ шақ, осы кезде еккен тал өнімді, туған төл өсімді болады. Көктемнің бір күні – жылға азық. Наурыздан басталатын көктем, алда жатқан түгел жаз, түгел күз – келер қыстың мінезін аңдап, ұтырлы тірліктер ұйғаруға болат­ын бірден-бір жанды барометр. Міне, тиімділікпен ұштасқан халық дана­лығының бір парасы осында жатыр.

Құйрығын бұлғап бара жатқ­ан, «жеті қазынаның бірі» Ит жылы біз үшін, жалпы­, жаман болған жоқ. Жыл мінезі қайталанбайды десе де, алдағы Доңыздың да болмысын қазақ жыл қайыру ілімінде жаманға жорымайды. Берері, игілігі мол, жақсы­ жыл болар деген үміт бар...

– Өткен  жыл  несімен  есте қалды?

– Жыл оқиғалары әрине көп. Барша ғалами тіршілік үшін тұжырым жасау әбес болар­. Жеке өз өмірімде елеу­лі оқиғалар молынан болды. Ең әуелі өмірдің 70 деген жотас­ына көтерілдім. Облыс басшылығы мұрындық бо­лып­, ел-ағайын мұны кең көлемде атап өтті. Ықыласты ағайынға зор алғыс сезімі бар... Ұзақ жылдар бойы жазыл­ып, бірнеше жыл тағдырын күткен «Абыржы» рома­н-трилогиям толық құрамда – үш кітап болып жарық көрді. Мына прагматик ғасырда жүрек дауалап, трилогия жазу – әдебиет әлемі­нде, сол  өз  дәстүрім­дегі  «донкихоттық»  болды-ау  деймін... Мұны өзім де әлі пайымдай алмай жүрмін... «Қазақ әдебиеті», «Түркіс­тан», «Сыр бойы», «Халық» газеттерінде, телехабарларда, әлеуметтік желілерде кітап туралы бірсыпыра пікірлер айтылды, айтылып та жатыр. Дені – болмысы жаңа, бітімі бөлек, соны көркем-баян, ауқымды пәлсапа, терең таным­дық дүние дегенге сайып­ жатқан сыңайлы. Мен үшін ең бастысы, қарапайым оқырманның «ойбай, Сәке, қызық кітап екен, екі-үш қайтара­ оқыдым, оқыған сайын­ тарта береді!..» деген сияқты жүрекжарды пікір­лері. Халық сөзі қайбір науқан­дық ұстанымдар, саяси­ коньюнктурадан се­нім­дірек, қымбатырақ құн­дылық  ғой...

Арал сияқты табиғаттың ақеден, абзал перзентінің Жер бетінен пенделер аш­көздігі мен озбырлығында өшіп жойылуына мойынсыну мүмкін емес. Екі дүниеде де оның зор сұрауы бар және мұның соты әлі алда. Кім, қандай саясат, қандай көзбен қараса да, Аралды адал ниет, ұлдық парызбен іздеуден біз ешуақыт танбаймыз да, талмасп­ыз...

Бұл ретте «Абыржы» – Арал деп көтерген ескерт­кішім. Реквием.

«Алыстағы аралдардан» соң...

– «Ана тілі» газетінде жарық көрген «Ғалам сары­нынан ескен туыстық үндер» атты мақалаңыздан соң әлеуметтік желіде біраз әңгіме көтерілді. Осыған  не  айтасыз?

– Бізде өткеннің шаңдағынан сілкіне көтеріліп сөй­леу ғана емес, ой еркіндігі, батылдық  деген  феномендер күні бүгін де тым кемшін. Көңілде бір жалтақтық, бір қорқақтық бар... (Қашанғы «кешегіден қалған рухани құлдық» деп жүре берер екенбіз?!.) Өздері батыл құлаш сермеп сөйлей алмайды, ал сен қалыпты ойға келіңкі­ремейтін тосындау, еректеу бір «тыңға түрен тартса­ң», «бұл немене тағы?..» дегендей ешкікөзденіп, сүзетіндей қарайды. Біздің телехабарлардың тапта­урын, тартымсыздығы, баспас­өз бетінің стандартты-прагматикалық жұтаңдығы, бір себептен, осындай ізденуші ойдың кемшіндігінен деп  ойлаймын.

Эйнштейн «жаңа, батыл ой айту – қиялилықпен шендесі­п жатады» деген екен. Көп жылдар зорлық тапталуында қалып келген еліңнің, жеріңнің қасиеті турал­ы батыл, ізгі мақсатты, және әрине, қисынға құрылған ойлар еркіндігіне барудан  қорықпау керек! Ал қазақ ізденуші, беймаза ой еркін­дігінде ешкімнен кем халық емес  еді.

«Киелі Тұран – өркениеттер отаны» деген ойға әлемді келтіру үшін, ең алдымен оған өзіміз сенуіміз керек... Жоғарыдағы  мақаланы  «тым батыл, асыра  сілтеулер бар...» деген сияқты пікірлер әдіптеді. Несі бар, біз осыдан 50 шақты жыл бұрын әл Фараби­ді сондай батыл­дықпен іздедік, 45 жыл бұрын Күлтегін, Тоныкөк ескер­ткіштерін сондай «көз­сіздікте» төрімізге тарттық. Көкжиегімізді кеңейте беруден шаршамау керек. Бұндай мақсаттағы бүгінгі әлемдік рухани-психологиялық тренд тіпті айқын. Біз неге әлдеқалай болады деп бұқ­пантайлай беруіміз керек?!. Тек, ойың қисынды, айтарың дерек-дәйекті болсын. Әйт­песе, сөзіңнің пәтуасы болмайды... Ал әлгі аталған мақала­, қаламгер ретінде, менің (ғылыми-зерттеу деген­ге келе қояр ма екен? Ғылым адамдары, әсіресе, жастарды қамшылауға ұсыныс­-идеялар десе, сол жобаға­ келеді) көп жылдардан бергі Арал тақырыбы мен көркем әдебиеттен тыс бір ізденіс салам. 2005 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Арий-Заратуштра-Сақ: түп тарихымыздың терең ар­насы», 2011 жылы сонда «Ұлы Дала: тамыры терең өркендер бастауы» деген мақалаларым жарық көрген. Республиканың зиялы ортасында олар біраз пікір тудырған. Және солардың артын ала көптеген соны ойлы жарияланымдар мен кітаптар дүниеге келді... Енді бұл мақала сол алдың­ғыларымның заңды жалғасы.

Бүгінгі рухани серпіліс­терден көп бұрын басталып айтылған бұл ойлар...

– Ізденуші ой үшін проблемалар да жеткілікті шығар? Бүгінгі өмір мәселелеріне байланысты  ойлар  қандай?

– Проблемасыз өмір бола ма? Үлкені бар, кішісі бар... Қоғамдағы әділдік пен тұрақтылықтың жайы көп ойлантады. Әлеуметтік әділдік, билік әділдігі, сот жүйесінің әділдігі дегендер болмаса, түптің түбі, қоғамдағы тұрақтылық дегенің – бос далбаса. Ал тұрақтылық тайғақ жерде өмір сенімсіз арнаға түседі.

Бір уайым – экология, Арал, Солтүстік Арал мәселесі. «САРАТС-2» жобасы деп қанша дабыралатқанмен, мәселенің шоқтығы – «Кіші Арал» күні бүгінге шейін дұрыс қолға алын­бастан келеді. Міне, «Көк­аралдың» жатаған жалы көтері­лгеніне 14 жыл. Сол сәл ғана  өзгеріс ел мен эколо­гияға  қанша игілік әкелді! Әлі күнге соны жалаулатып келе жатқан бір сөздер... Үмітті жұрттың «Кіші Аралды» біртұтас көтеруді табанды түрде сұрауының 2-ші кезең­іне де сонша жыл. Бұл өткен уақыт – сол теңіз мәселес­і ел сұраған нұсқада шешілуге жеткілікті уақыт еді. Сонан бері Солтүстік Аралды кемеріне келтіретін су босқа ағып, жоқ болды. Қор болды. «Көкаралдың» ар жағында құрылысшылар сауат­сыздығы себебінен қырылып жатқан балық жайы анау. Осыған жыл сайын дабы­л қағылады... Енді «Көк­арал» бөгетінің өзінен айырылып қалу қаупі төніп тұр.

«Кіші Аралға» неге бет бұрылмайды? Кеше ғана отстав­каға  кеткен Б.Сағын­таев Үкіметі елдің көп жылдық тілегін неге жүзеге асыра алмады? Жағдай болмады ма?.. Ол азамат осыдан бір­неше жыл бұрын Көкарал басын­да болып, мәселені пісіруге атсалысқан білікті, жауапты тұлға еді ғой... Оның сыртында, Арал деп айтыл­ған көтеріңкі уәделер мен биік сөздер не болғаны?» деген­ сұрақ елде аса көп бүгін. Сірә,  анығында, Аралға деген­ көзқарас  көңілдегідей емес... Осы уақыт ішінде «Кіші Аралдан» әлдеқайда қымбат «Көксарай» апыр-топыр­ салынды. Ал Сыр бойын­дағы тасқын су қатері дабылы сол күйі қалып келеді.­ Енді сонау суреттегішті оңтүстік көршілер, жүре-бара, жай ғана су қойма­сына айналдырып алатын сияқты­. Бастағы уәде мүлдем басқа еді... Бұл «саясаттың бас-аяғын» жұрт көзі бақырайып көріп отыр... Қойма демекші, Сырдың төменгі ағысынан (жасанды резеңкі бөгетті айтпағанда) тағы екі су  қоймасы  салынбақ  деседі. Сонда, өзегі талған Сырымыздан төменгі жаққа, Арал­ғ­а енді не қалады?.. Орыст­а «измором брать» деген бір ұғым бар. Мәнісі – дым татырм­ай, уақыт өткізіп, мәселені жоқ етіп тыну. «Кіші Арал» идея-үмітінің басындағы хал де жүре-жүре осыған жететін сыңайлы. Арысы 30 жыл, берісі 14 жыл үлкен үмітте, халық негіздей сұрап отырған бірдеңгейлі Солтүстік теңіз идеясы тапжылмастан тұр... «Кіші Арал» нысаны Арал алабы аумағында экономика, тұр­мыс, қоршаған ортаны оңалту,­ түгел Сыр бойындағы экологиялық мәдениетті қамшылаудың бірден-бір қуатты факторы болмақ еді...

Арал мәселесі бойынша бес ел басшысының тұңғыш Қызылорда саммитінде екі дария алабындағы дара дақыл­ мәселесі сынға алынып, су шығыны көп дақыл экспансиясын шектеуді, өңір шаруашылықтарын әрта­раптандыруды, бұл жолда тиімді әлеуметтік-экономикалық ізденістер жүргізуді баса айтып еді. Бірақ іс жүзін­де, Сыр алабындағы су ысырабының осыдан 30 жыл бұрынғыдан көп өзгергені шамалы.

Солтүстік Арал мәселесін ел-жұрт болып қуатты түрде көтеру керек. Мәселелер шешімін­де «тамақ – байдан, өлім – Құдайдан» деген бейтар­аптық елге енді жарамайды.

«Кіші Арал» маңында түрлі уәждер келтіріп, тыңнан арна қазып, айдалаға қыстақ, жол тартып, сол қабатта ақша шашып қалу ниетті бұқпа саясаттар сөзі – бір бөлек гәп... Елдің көз алдын­да, сол елдің өз қажырымен жүзеге асырылған осы нысан тарихына түрлі жамау жапсырып, «көзі тірі» тарихты  өз  қалауынша  бұрмалауға тырысып  жүрген әрекеттер де бар. Бұл ретте әлі де іш есеп, кешегі стандартты ой-саясат басым, әлі де жан-жақтағы­ «авторитеттерге» шыбындап бас шұлғу бар. Бұны да бір айтармыз... САРАТ­С дегенде, қарқынды түрде қолға алынған Қаза­лыдағы Әлсейіт көпіріндегі проблемалар ойлантады. Тағы қайталасам, бұл көпірге кешегі Үкімет басшысының нақты уәдесін Қызылордадағы кездесуде өзім сұрап едім...

– Ел-жер жолында ақы-пұлсыз, жан салып еңбек ету ерліктің бір парасы деседі. Әйтсе де, осыдан адамға бір нақты  өмірлік  қайтарым  деген­ бола  ма?

– Бұл сұрағыңның әзіл­мен  астасатын екінші жауабы  бар. Ол – «донкихоттық». Донкихоттықта қандай бас пайда болуы мүмкін?.. Бірақ ақиқаттың бір жолы осында жатыр. Қитұрқы саясаттар мен іш есептер қамауында, қаны аққан, жаныңды ауыртатын мәселеге келу үшін әртүрлі жол іздейсің. Менің Кеңес дәуірінде басталып, бүгін 52 жылға жеткен Арал жолындағы сүркіл тірлігім («эпопея» деу ретсіз болар) – осыған бір мысал... Жұрт ең алдымен қалта қамы үшін қимылдайды, сол тірлігі арқылы­, кейін ер атанып, ел көзінде жүреді. Біздей есеп­сіз, ақы-пұлсыз әрекет мысалы­ сирек. Ал енді осыған өмірде бір қайтарым-пайда­ деген бола ма? Еңбек­тің Құдайдан қайтуы деген не? Ұсақ бас пайда, мансап есебінен бөлек мысал бұл. Ұлдық парыздың жүзеге асу қуанышын еш пайдамен салыст­ыруға келмейді. Әрине, ол, алдымен, ел-же­ріңнің жаңғырған дида­ры­ның  қуанышы, халықтың өзіңе деген ықылас-алғысы, сосын, сенің алғаусыз еңбе­гіңді көріп, елеп бағалайтын көшелі ел азаматтарының ашық көкірек көзі. Менің, әсіресе, 60 жылдық мерейтойым, сосын, кешегі 70 жылдық мерейжасыма қатысты шаралардың облыс орталығындағы, Аралдағы нұсқалары  осыған  мысал  бола алды.

– Қазір көркем әдебиетке ұмтылыс, қызығып іздеу азайды, қаламгерге құрмет аз – деседі. Мұның  себебі  не?

– Бұл рухани жүдеулікті неден­ көрерді білмей қина­ла­сың. Күн орнында, Ай орнында, елің де – сол баяғы ағайын. Біреулер қоғамнан деп жатады, қоғамның да бағыты жаман емес. Асылы – бұл көркем шығарм­аға, сөз киесіне деген жабық көңілдерден болар. Бұрын кез келген шопанның, механизатордың етігінің қо­нышында кітап, «Жұлдыз», «Жалын­» журналдары жүретін. Ол заманда адам ақшасымен емес, ақылымен, білік-білімі­мен  есептелетін, қалың бұқара­ көркем шығарманы іздеп жүріп оқитын. Міне, нағыз адами құндылықтар! Ал, ақын, жазушымен жүздесу – ел үшін арман еді. Біз оның шет жағын көрдік, кейін өзіміз де кездесу­лерге  бардық. Сайып келгенде, бұл екі жақ үшін де қажет, рухан­и қуат алу шарасы ғой. Осы күні елге жауапты жекелеген басшылықтың өзгерген дүниетанымынан осы сабақ­тастық – оқырман да, қаламгер де ұтылып жатқан сияқты. Бәлкім, шенеунік «Жазушы деген кім?» деген үстем көңілде болар, алайда мұндай пиғыл сол басшы деңгейінің барометрі ғой...

Менің туған өлкемнің бір аймағы Қазалыда менің мерейтойыма қатысты өткен оқиға­лар – адам күлерлік те, қынжыларлық болды. Облыс әкімі Қ.Көшербаев атына жазылған хат негізінде екі ауданға тапсырма берілген. Қазанның 13-і күні Аралда елмен емен-жарқын жүздесу болды. Ал Қазалы басшысы М.Ергеш­баевпен бұл мәселе табаны күректей екі ай пысықталған. Ойбай, ол азаматпен не уәде болмады! Біз шаруа ұсынған хаттарда келісілгендей (5 хат!), кездесуді ойдағыдай өткізу, Әйтеке би кентінің үлкен көшесіне көрнекі бейнесурет қою, Қазалы ауданының «Құр­метті азаматы» атағын беру, жаңа романның 30 кітабын елге тарату, тіпті, жазушы еңбегін елеп, ат мінгізуге шейінгі шаруала­р қайта-қайта пысықталды. Солай келісілді. 70 жас биігі мен ел алдындағы азды-көпті еңбек үшін жаман құр­мет-сый емес сияқты...

Құрамында әдебиетші ғалымдар бар ресми тобымыз елмен жарқын жүздесу үмітін­де Қазалыға келсек, залда бір 15 шақты ғана адам шошайып отыр. Келіскеніміздей кездесуге шақырылар деген қазалылық қаламгер аға-інілердің бірі жоқ. Шамасы, біз сенген аудан басшылығы оларға хабар да бермеген... Әкімнің салалық орынбасары Ә.Жарылқағанов кеш басында бір төбе көрсетті де, зым-зия болды. (Қайда десек­, жұмыс орнында отыр-мыс). Ал Ергешбаев мырза облыс­ орталығында, республикалық бір басшымен кезде­суде... Басшының ағымдағы жұмысы біткен бе, бірақ алдында ғана аймақ басшысы өнеге көрсетіп, шығармашылық кешті түгел бірге атқарысып еді. Мұны жұмыс кестесімен бекіткен еді... Ал бұл аудан әкімдігі сонау шараны ағымдағы істерден тыс тастап, 4-5 уәденің бірін де орын­дауды қажет деп таппаған сияқты, баяғы көтеріңкі сөздерден дым жоқ. «Жетім қыздың шарасындай»  болды  да  шықты... «Мұн­ша сорақылық неден?» деген сұрақ туындады тобымызда. Осыны анықтау үшін аудан басшыс­ына кейін хат та жа­зыл­ды. Біз нақты мәселе сұраймыз, ал әкім орынбасары Ә.Жарылқағанов ауданға түскен «Абыржы» кітабы туралы 2-3 жол ғана келте жауап қайтарады. «Мен не деймін, қобызым не дейді?» болды бұл да. Әрі-берідесін, бұл азаматтар айтылған сөзді жүйелеп ұға ма өзі деген күмән пайда болды­. (Ол хаттар архивімде сақтаулы­). Сонша уәделерден соң, арлы адам ұялатын сонша сорақ­ы алдау құқығын бұларға кім берді екен? Біз біреуге шікірә болмаспыз, бірақ басшы­ тұлғалардың сондай шімірікпес өтірікке қалай арлары барды? Осындай моральдық сұрақтар сыртында жазушы, журналист, коғам қайраткері ретінде, тағы бір тұжырым пайда болды: мынадай тәсіл­мен бұл азаматтер ел-жұртпен қалай жұмыс істеп отыр?!.

Ал, елдің ынтасы жақсы; осылай боларын іш сезді ме, уақытты бос өткізбеу үшін оқу­шылар үйінде жас жеткіншектермен кездесуге өзіміз ұсыныс жасадық. Мұнымыз дұрыс болды, айналайын жас ұрпақ, шүпірлеп сұрақ қойып жатыр, арасында журналист, жазушылықты қалайтындары, өлең жазатындары бар екен. Бұдан ұққанымыз: ел ынталы, ал ұлықтарға керегі «әйтеуір шара өтсе болды» ма дедік. Мәселе, менің бейнесуретімнің көшеге­ ілініп-ілінбегенінде, кітаптың өтіп-өтпегенінде, маған атақ беріліп-берілмегенінде емес, мәселе биліктің өнерді қабылдауы, рухани құндылықты баға­лауында еді... Облыстың бір­қатар аудандары романның тара­луына атсалысты, біразы өз жағдайларын түсіндіріп айт­ты. (Жазушылықта мұндай тәжірибе әлі де бар). Олардың кітапханаларына да роман түс­кен, бірақ Қазалы басшылығы сияқты соған сілтемелеп, уәде жұтқан ешбірі жоқ. Ештемесі де кеткен жоқ. Алғыс алды. Абырой алды. Ең бастысы, елдегі біраз ынталы ағайын жеке кітапханасын жаңа туындымен байытты...

Иә, Қазалы сияқты, кешегі дәстүрі бай, үрдісі өнегелі ел­дің бүгіні түсініксіз тартқан ба деп қалдық, туған өлкеміздің бізге деген рухани бет-бейнесі әлгі сыпатты болды... Саналы азаматтық кімнің кім екенін, сөз киесін дегдар сезім мен ар биігінде таниды, барыңды барда­й бағалай біледі... Бүгін­нің  бір  дефициті арлы  азамат­тық  болған сияқты...

– Дегенмен, келе жатқан Жаңа жылға көзқарас үмітті, жоспарлар жарқын болар, аға?

– «Битке өкпелеп, тонды отқа тастайтын» әлсіздікті біз­ден ешкім күте алмас. Жоспарлар көп. Ізденістер жалғасады. Еліміз  жоспарлары ауқымды да келешекті. Ел-жұрттың мәселелері де жеткілікті. Көркем ойда да, қоғамдық істерде де ізденіс алабы аса ауқымды. Бұл бағыттарда көркем сөз, көсем  сөзде талмай жұмыс  істей  беру  қажет­тігі  бар.

Ізгі тілекті бар ағайынға әз Наурыз құт-береке әкелсін деп тілеймін!

– Әңгімеңізге рақмет, аға!

Сұхбаттасқан

Айдар  САЙЛАУОВ,

журналист

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Наурыз 2019 >
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары