Өзекті мәселелер

  • 13.06.19

    Ежелден халық педагогикасы ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзі болып келді және бұл бағытта жас ұрпақтың болашағына берік байлам жасалды. Әсіресе, дарабоз қарттарымыздың даналық ойы, салиқалы сөз саптау үлгісі, өмір белес­терінен  көрген-білгенін, ғибратты әңгімелерін  тәрбие құралына айнал­дырып, одан жақсылыққа ұмтылу, ынтымақ­қа ықылас қою, бауырмалдық қасиетк­е бет бұру секілді тағылымның түрлі ө...

    Толығырақ...
  • 13.06.19

    Бүгінде басы ауырып, балтыры сыздамайтын пенде жоқ. Сырқаттанған адамның алдымен жедел жәрдемнің көмегіне жүгінетіні белгілі. Дәрігердің ауырған жерін тәптіштеп сұраса, көпшіліктің дертінен айыққандай күй кешетіні тағы бар. Алайда «103» қызметкерлерінің әр күні сын сағатқа толы. Көбісі ем-дом жасауға дайын арашашы жандардың сан түрлі жағдай мен оқиғаны бастан кешетінінен бейхабар. Бұған...

    Толығырақ...
  • 13.06.19

    Тоқсаныншы  жылдардығы тоқырау көптің есінде ғой. Жоспарлы экономикадан нарықт­ық экононмикаға бет бұрып, жаңа белесті бағын­дыруға бой түзедік. Бұқара бұған бірден үйрене қойған жоқ. Әркім «балапан басына, тұрымтай тұсына» кетті. Ал отба­сы ошақ қасында болған әйелдер ала  дорбасын асынып, көшеге шықты. Сауда-сат­тықпен айналысты. Ал еркек­ кіндіктің кейбірі көше кезіп кетсе, енді бірі арақ-ша...

    Толығырақ...
  • 13.06.19

    «Бірінші байлық – денсаулық». «Қазалы арнаулы әлеуметтік қызметтер орталығы» мемлекеттік мекемесінің есігінен аттаған бойда осы аталы сөз ойға оралды. Жоқ, басқаша ойлап­ қалмаңыз. Ауладағы самал желмен­ тербелген әсем гүлдер, жайқалған саялы талдар, жеміс ағаштары, сүйкімді иісі танауды қытықтаған балғын жоңышқа, жүйектерді қуалап, сылдырай аққан тіршілік нәрі, баршасы мұнда шаруасына мығым ие...

    Толығырақ...
  • 13.06.19

    Әдетте, футболда көбінесе шабуылшылар­ға аса мән береді. Алайда­ команданың жеңуіне қақпашылардың үлесі зор екенін бірі білсе, бірі білмес. Үздік қақпашы найзағайдай жылдам реакц­иясымен, болаттай төзімді жүйкесімен және де дұрыс позиция таңдай білетін ақылымен командасына сеп­ті­гін тигізеді. Әсіресе, ойын тағдыры шешіле­тін «пенальти» секілді шиеленісті ойын кезін­де­ қақпасын голдан қор­ғап,...

    Толығырақ...
АЙТЫСТЫҢ ҚАЙТАЛАНУЫ «АЙТҚЫШТЫҢ» МАЙДАЛАНУЫ МА?
21.03.2019 08:55

Төл өнеріміздің орны қашанда – төр. Иә, айтыс «қайтыс» болды деп дабыл қаққан кездеріміз де болды. Оған қарағанда қазіргі жағдай әлдеқайда жақсы. Ұлттық өнеріміздің тамырына әуелі жанашыр азаматтар қан жүгіртсе, көп кешікпей билік өкілдері де мойын бұрып, қызу қолдауға кірісті. Тіпті, кейінгі кездегі өтіп жатқан сөз сайыстарының санынан көз сүрінеді. Қуануымыз керек, айтыс басқа жолдан бас тартып, бастапқы жолына түсті.

Айтыс сахнасында жақсылық түгел жырланса, сын-ұсыныспен қатар, өзекті мәселелер де көтеріледі. Қалай десек те, сөз барымтасының халыққа берер пайдасы көл-көсір. Дей тұрғанымен, соңғы уақытта «көп шайнаған қазының дәмі кетеді» деген пікірді айтушылардың қатары артып келеді. Бұл халық айтыстан жалықты немесе айтыскерлер халықты жалықтырып алды деген сөз емес. Тек үсті-үстіне ұйымдастырылған айтыстар шала пісіп, кісі шашалтатын бәлішті біздің көз алдымызға әкелетіндей...

Айтыстардың қайталануы – «айтқыштардың» майдалануы шығар. Олай деуге себеп, бас бәйге, жүлделі орындар мен ынталандыру сыйлықтарынан өзге, қатысушы барлық ақындарға да ақшалай сыйлық беріліп жатады. Әлбетте, жүлдені сұрап алу болса да, шаппай алу жоқ. Бір айтысты бітіре сала екіншісіне аттанған ақынның алдыңғы сөзінің орнын ауыстырып, келістіре салуы заңды да шығар. Уақыттың тығыздығы мен жүлденің жүз көрсетуі ұятты аз уақытқа ұмыта тұрып, талғампаз тыңдарманға «жобасы бар жырын» ұсынуына әкеліп соқтыратыны анық. Бұл мәселеге келгенде басыбайлы біреуді кінәлі деу дұрыс емес. Айғайлау мен үнсіз қалудың да қажеті шамалы. «Түйін қалай түйілді?» дегеннен гөрі, «оны қалай шешу керек» дегенге жауап іздеген жөн. Сонымен, қайталама айтысты қалай қойдыруға болады?

Ең бірінші, үлкенді-кішілі айтыстардың видеонұсқасы бұқараға тегіс жетуі тиіс. Тікелей эфирден көрсетілсе де еш артықтық етпейді. Екіншіден, айтыстың бәрі аудионұсқада жазылып, радиолардан таратылуы керек. Үшіншіден, ұйымдастырушылар әр айтыстың жазбаша нұсқасын жасап, кітапша ретінде халыққа ұсынса деген ойымыз бар. Осы үш ұсыныс бір мезетте қолдау тапса, бас салып жаттанды сөзін басқа жерде де «бұрқырататындар» сәл де болса аяғын тартады. Немесе киелі өнердің киесіне ұшырамай тұрғанда айтыстан біржола қол үзуге қамданар ма еді!?

Осы мәселе турасында Сыр бойының 3 айтыс ақынынан пікір алған едік. Жас ақын Бекжан Ержігіт өз ойымен ашық бөліссе, ортаңғы буыннан Мұхтар Ниязов айтыстағы секілді айтарынан аянып қалмады. Ал, аға буыннан Кенжебай Жүсіпов салмақты пікір білдірді.

Рыскелді  ЖАХМАН


 

 

Сіз не дейсіз?

Бекжан ЕРЖІГІТ,

айтыскер ақын:

- Жалпы, айтыста бір айтқанды екінші жерде қайталауға қарсымын. Аллаға шүкір, қазір сөз додасына бөлінетін қаражат аз емес. Сондықтан, кез келген ақын қошеметпен беретін сыйды адалдан алуы керек. Кейінгі жас буын ақсүйек өнерімізге кір келтіретін мұндай олқылықтарға жол бермейміз деп үміттенемін. Жастар бұл әдеттен өздерін аулақ ұстаса, қазақ айтысының келешегі жарқын, еңсесі биік болады. Ой қайталау, сөз қайталау жиі кездеседі, бірақ, түгел бір шумақты қайталау – алып бәйтеректің тамырына балта шапқанмен бірдей. Мен мұнда жалпы қазақ айтысын айтып отырмын. Сырдағы ақындардан мұны жиі кездестірмейміз. «Ақындық – ардың ісі» болғандықтан, бұ қызметті де тазалықпен, адалдықпен атқару керек. Ал, жаттағанды қайталап айтып жүлде алу тазалыққа жатпайды.

Әлбетте, жастар аға буынға қарап сап түзейді ғой, сол кісілердің қолдауынан, ескертуінен сөзімізге де, өзімізге де қарайлаймыз. Меніңше, сөзді қайталап айтқан емес, ел көкейіндегі ойды айтқан орынды.


 

Мұхтар НИЯЗОВ,

«Алтын домбыраның» екі дүркін жеңімпазы, айтыскер ақын:

- Қазіргі айтыстың экраннан берілмеуі – басты мәселе. Жалпы, сөздің қайталануы айтыста бар. Бірақ, эфир мұны түбегейлі шешпейді. Яғни, арналар айтыстың мәтінін ешқашан толық бермейді. Бәрін айтпаймын, десе де жастардың арасында сөз қайталаушылық, жеңіл жолмен танылушылық кездеседі. Өлеңнің ішкі иіріміне, астарына үңілетін ақындар бізде саусақпен санарлық ғана шығар. Сол себептен, бір қарағанда айтыс, сөз көбейіп кеткен сияқты көрінеді. Ұмытпайық, алтын ешқашан үйіліп жатпайды. Меніңше, жақсы өлең, жақсы өнер халықты бейжай қалдырмайды. Ал, жалықтыра бастаса, онда қымызға су араласа бастады дей беріңіз.

Дәл қазір айтыстан айырылып қалуға болмайды. Бойымызға көшпенділердің гуманитарлық ойларын, ақылдарын алып, осы отырықшы халықтардың санасына сіңіру арқылы біздің жаңа өмірге бейімделген технократтық өмірді қалыптастырғымыз келіп жатыр. Бұл жолда айтыс сияқты халықтың жүрегінің түбіндегі иірімдеріне сай түсетін өнердің түрі жоқ. Өйткені, оны 8-9 сағаттап көретін жұртшылық әншейіннен-әншейін отырған жоқ. Олардан «Неге қызығып отырсың?» деп сұрасаң, сезіне алғанымен, толық жауап бере алмауы мүмкін. Халық пен айтыстың байланысын үзсек, көзі бақырайған маргинал болып қаламыз. Айтысты терек деп алсақ, оның қисық өскен бұтақтарын кесіп, жуандатып, биіктету бір басқа да, оны түбінен кесу бөлек әңгіме. Айтайын дегенім, әлгі бұтақтарға бола, теректі кесіп тастауға болмайды. «Күнді алақанмен жаба алмайсың» деген секілді, айтыс деген азат, биік өнер ғой.


 

Кенжебай ЖҮСІПОВ,

ҚР мәдениет қайраткері, айтыскер ақын:

- 80-90-жылдары айтыс қолға алына бастаған уақытта «қағазға қарап айтысу» деген болған дейді. Бұл айтысты жолға қою үшін, қазіргідей мәртебеге жеткізу үшін жасалған әдіс еді. Уақыт өте келе оның дұрыс емес екені анық білінді, есесіне айтыс жақсы көріне алды, ауқымы да кеңейе түсті. Сол секілді, бір айтқанын екінші жерде қайталау дұрыс дей алмаймын. Бірақ, мұның өзі уақытша нәрсе болмақ. Жас айтыскерлерге ескерту керек, кейін өздері де түсінеді.

Қазір әлеуметтік желілердің дамыған заманы ғой, сондықтан сақа ақындар, бабында жүрген ақындар қайталауға бара бермейді деп ойлаймын. Ал, айтыс сахнасында енді-енді төбе көрсетіп жүрген ақындар бұл қадамға үлкен додаға дайын болмауынан, өзін жақсы жағынан көрсету үшін баратын болуы керек. Көктемде күнге қызып, құмның арасынан қылтиып шығып келе жатқан шөпті алақанмен сипасаң, тамырынан ажырап, қайта өсе алмайды ғой. Сол секілді, кейбір таланттарды «сен қайталадың!» деу арқылы өшіріп алуымыз мүмкін.

Меніңше, бүгінгі айтыстағы басты мәселе мұндағы қыз балалардың аздығы болып отыр. Поэзияда жақсы жағынан көрініп жүргендер бар. Демек, домбыра тарту мүлдем төмендеп бара жатыр. Осыған жете мән беру қажет.

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Наурыз 2019 >
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары