Өзекті мәселелер

  • 13.12.19

    Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мазмұны терең, мағынасы зор мақаласын жуырда тағы бір мәрте шолып шықтым. Сол сәтте ойыма­ Арал ауданының Тоқабай елді мекенінде тұратын ардагер ұстаз, сол өңірге танымал өлкетанушы Үргенішбай Қуатов оралды.

    ...
    Толығырақ...
  • 13.12.19

    Менде арман көп. Қиялдай кетсем, ойымда шек жоқ. Туған жерімде лайықты білім алып, ата- анам, туған қарындасыма қамқор болғым келеді. Қарындасымды шексіз жақсы көремін. Ол – менің бауыр етім. Ата-анамыз бізге күн сайын бір-бірімізге қамқор, мейірімді, адал болуды үйретіп отырады. Өйткені мейірімділік әлемді құтқарады. Егер біз мейірімді болсақ, біздің өміріміз қуанышқа, бақытқа тол...

    Толығырақ...
  • 05.12.19

    «Құмкөл-Қызылорда» авто­жолы­ның 70-інші шақырымында «Кеңлік» кен орнынан Шымкент қаласына бағыт­ алған «Neoplan» маркалы автобус­ аударылып, 8 адам қаза тапты. 21 адам жарақат алған. Мәліметтерге сүйенсек, автобус ішінде барлығы 36 адам болған. Олардың барлығы – «Саутс Ойл» мұнай компаниясының қызметкерлері» деген ақпарат барша қазақстандықтың қабырғасын қа­йысты­рғаны  анық.

    ...
    Толығырақ...
  • 05.12.19

    Алты құрлықты ақпарат билеген уақытта оған ілесіп отырудың өзі жетіс­тік. Соңғы жылдары «жаңа медианың келешегі кемел, ал дәстүрлі БАҚ-тың болашағы бұлыңғыр» деген пікір бірен-саран айтылып жүр. Қай медианың алға озып, қайсысы артта қалатыны уақыт еншісіндегі дүние деп білеміз. Бірақ ел алдымен интернетте жылт еткен жаңалыққа емес, газет бетінде қатталған хабар­ға сенетіні анық. Ол – ақиқат. Толығырақ...

  • 05.12.19

     

    Ерғали  АБДУЛЛА


    Қу  ақша

    Бермеймін дегенді – бергізеді. Көрмеймін деге...

    Толығырақ...
«БЮДЖЕТ ҚАРЖЫСЫН ТАЛАН-ТАРАЖҒА САЛҒАНДАР БАР»
26.01.2012 11:26

 

 

 

 

 

 

 

Қайрат  ӘБДІХАНОВ,

Қызылорда облысы прокурорының міндетін атқарушы:

 

 

- Жемқорлық жайлаған облыс ре­тінде Қызылорда өткен жылы сынға ілікті. Ұятқа қалдыр­ған, әсіресе, әкімдіктің қызметкерлері һәм шенеуніктер болды. Жағдайдың күрделеніп кеткені қалай?

- Прокурорлық ықпал ету актілері негізінде бір жылдың ішінде 15 млн. 416 мың теңге қаржы мемлекет пайдасына өндірілді. Сыбайлас жемқорлық сипатында құқық бұзғаны үшін жергілікті атқарушы органдардың 35, ішкі істер органының 20, білім саласының 17, денсаулық сақтау саласының 5, төтенше жағдайлар департамен­тінің 4, кеден органының 1 қызметкері әртүрлі жауапкер­шілікке тартылды. Қызмет бабын пайдаланып, бюджеттің 185 730 теңге қаржысын ысырап етіп, оның 90 мыңын заңсыз иемденген Жаңақорған аудандық балалар мен мәдени тәрбиелік жұмыстар орталығының директоры 5 жылға шартты түрде сотталды. Арал ауданындағы «Ақ­бұлақ» балабақшасының директоры да жалған құжат жасап, 1 млн. 908 мың теңге­ні желге ұшырды деп айыпталып, 3 жыл мерзімге шартты жазаға­ кесілді. Сырдария аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлі­мінің бас маманы Тереңөзек кентінде тұратын 18 жасқа дейінгі балалары бар отба­сылардың несібесіне ортақтасқан. Ол 2007 жылдың І және ІІ тоқсандарына есептелген 209 058 теңге көлеміндегі мемлекеттік жәрдемақыны жалған құжат жасап иеленген. Кінәлі азаматқа 1 жыл шартты жаза тағайындалды. Бұлардан келген 2 млн. теңгеге жуық шығын­ның орны толтырылды. Қалалық демалыс паркіне аттракц­иондар әкеп орнатуға тиіс болған «Ата Даңқ» серіктестігі қала әкімдігімен арадағы келісімшарт талабын орын­дамаған соң 11 млн. 052 мың 092 теңгені мемлекетке кері қайтарды. Осы ретте облыстық прокуратураның сыбайлас жемқо­рлықтың алдын алу мақсатында ақпараттық-насихаттық жұмыстарды ұдайы жүр­гізіп келе жатқанын ерекше атағым келеді.

- Қаладағы су жаңа теміржол өткелінің төңірегіндегі дау ба­сылған сияқты. Көпірді «сапасыз салынған» деп, республикалық БАҚ-тарға дейін шулады. Қайрат Әлиханұлы, сіздер осы мәселенің астарына үңіліп көрдіңіздер ме? «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды», білесіз...

- Иә, көпір төңірегінде көп айтылды да, жазылды да. Біз бұл мәселені зерттедік. Саламатов көшесінің бойындағы теміржол үстінен аспалы көпір салуды ойластырған – облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы. Тендерден «Бушра» серіктестігі жеңіп шығып, оған 2009 жылдың аяғына дейін құры­лысты аяқтау тапсырылады. Жалпы құны 1 млрд. 561 млн. 657 мың 407 теңгеге мемлекет­тік сатып алу шарты жасалған. Арада бір жарым жыл өтеді, уәдеде тұрған «Бушра» жоқ. Кешенді сот-құрылыс және экономикалық сараптаманың 2011 жылғы наурыздағы қорытындысы көрсеткендей, тапсырыс иесі сөйте тұра атқарылмаған жұмыстар үшін 255 млн. 180 мың 411 теңгені артық төлеген. Қаржы полициясы маусым айында сеніп тапсырылған қаражатты ысырап ету фактісі бойынша Қылмыстық кодек­с­тің 176-бабының 3-бөлігінің «б» тармағымен қылмыстық іс қозғады. Құрылыс жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттарға және техникалық нормаларға сәйкестігін және мате­риалдық залалдың нақты мөлшерін анықтау үшін қыр­күйекте қосымша кешенді сот-құрылыс, экономикалық сараптамасы тағайындалған. Ал желтоқсан айында Қылмыстық іс жүргізу кодексінің  50-бабының 1-бөлігінің 8-тармағының негізінде істің тергеуі  тоқтамға  алынды.

- Көпір түсуі тиіс жерге қа­тысты да шу шығып еді...

- Жергілікті әкімдік 2009 жылдың басында №903 қаулы шығарып, қала тұрғындары Әлмұханова және Беркімбаеваның 30 615 шаршы метр жерін мемлекет мұқтаждығына мәж­бүрлі түрде алып қойған. Ол кісілер кейіннен бізге арызданды. Анықтағанымыздай, әкімдік не жер иелерінің келі­сімін алмаған, не сотқа талап арыз бермеген. Конституциялық құқықтарына нұқсан келген қос азаматқа екі жақтың келісімі арқылы жер телімдері үшін өтемақы төленді. Заңбұзушылыққа жол берген бас­шылардың біріне қатаң ескерту жасалса, енді бірі сөгіс алды.

- «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жолын салып жатқан жұмысшылардың құқығы аяққа тапталғанда, прокуратура араша түсіп, жағдайды реттеген-ді. Мега жобаны мойнына алған шетелдік компаниялар ел заңдарын қазір қаншалықты сыйлап отыр?

- «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізінің 814 шақырымы біздің өңірдің үстін кесіп өтетін болғандықтан, жолдың сапалы салынуына және жұмысшылардың маңдай терімен тапқан ақысын уақытылы алып тұруына әрбір жауапты орган мүдделі деп есептеймін. Тек прокуратураның ықпалымен 2011 жылы 269 млн. теңгеден астам жалақы бойынша қарыздар өтеліп, 1 628 азаматтың конс­титуциялық құқықтары қор­ғалды. «Жылыой Строй Сервис», «Казсевавтодор», «МерСтрой», «Қуан КБ», «Энергомост ЛТД», «Азеркорпу» секілді субъектілер тарапынан жұмысшыларға тиісті еңбекақылардың төленуі қамтамасыз етілді. Бұл күрежолдың Сыр бойындағы бөлігін бүгінде «Импреза», «Салини Конструттори», «Азеркопу», «Тодини Конструциони Дженерали», «Аккорд-Окан» компаниялары мен олардың қосалқы мердігерлері салып жатыр. Кем­ші­лік аз кездеспейді. Кейбірі­нің жұмыс орындары мен жатақханалары санитарлық нормаларға сай емес. Жалақыны уақытылы төлемеген, еңбек қауіпсіздігін cақтама­ған, жұмысқа қабылдау кезін­де орынсыз талаптар қойған, жазатайым оқиғаларды жасы­рып қалған жағдайлар болды. Мысал ретінде «Жылыо­й Строй Сервис» серікт­естігінің былтыр көк­темде 289 жұмысшыны жалақ­ы бермей, зыр жүгіртіп қойғаны бар. Содан кейін ғана жағдай оңалды. Ал Еңбек кодексінің талаптарын бұзғаны үшін заңды тұлға әкімшілік жауапкерші­лікке тартылды. Қазіргі уақытта «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік жол құрылысында жұмыс атқарып жатқан азаматтардың конституциялық құқықтарының сақта­луына облыстың прокуратура органдары тарапынан үнемі қадағалау жұмыстары жүргізілуде.

- Қайрат Әлиханұлы, енді аймағымыздағы жетім балалар жайын сөз етсеңіз...

- Конституцияның 27-бабының 1-тармағында бала мемлекеттің қорғауында болатыны көрсетілген. Ал әке-шешесі жоқ, қорғансыз балалар ерекше қамқорлықты қажет ететіні сөзсіз. Қайсыбір қиын-қыстау шақта жетімін жылатпаған қазақтың осынау адамгершілік қағидаларынан алшақтап бара жатқандығы өкінішті-ақ. Тексеру нәтижесінде, мысалы, олардың асыраушыларына ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақының төленбегені анықталып отыр. Ел үкiметiнiң 2011 жылғы 1 тамыздағы № 893 қаулысының 12-тармағына сәйкес ақшалай көмек әр айдың 15-iне дейін қорғаншы не қамқоршы тұлғаның дербес шотына аударылуы тиіс. Алайда, бұл талап орындалмаған. Прокуратураның араласуымен ғана 161 қорғаншы мен қамқоршыға 5 млн. 473 мың 440 теңге көлемінде жәрдемақы төленді. Жергілікті әкімдік­тер тағдырдың тәлкегіне түскен балаларды пәтер кезегіне қоюды тіпті ұмытқан сияқ­ты. Жалғыз Жалағаш ауданында білім бөлімінің есебінде тұрған 43 баланың тек 3-еуі үй-жайдан үмітті. Сонда басқа балалардың бола­шағы не болмақ? Кейбір білім ошақтары сыннан көз ашпай келеді. Бұл, әсіресе, қаладағы № 1 мектеп-интернатқа қатысты. Осында тәр­биеленіп жатқан Рябчиков, Куцко және Вахненко интернаттан үш рет қашқан. Бір апта бойы ұшты-күйлі кетіп, Сырдария ауданынан табыл­ған да кезі болған.

- Аты-жөні жоқ бала неге қашады? Мұнда бір гәп бар боп тұр ғой...

- Себеп – интернатта балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасалмай отыр. Кейбір сыныптарда шамдар күйіп кеткен, жаңаланбаған. Балалар осындай жағдайда оқып-жазуға мәжбүр. Сабақ кестесінің дұрыс құрылмағаны байқалады. Пәндер қиындығына қарай дәрежеленбеген, мектепте қосарланған сабақтар өткізілуде. Оқу жүктемесінің норма­ла­ры санитарлық ережеге қайшы. Өткен оқу жылында басқа түлектер жаппай ҰБТ-ға қатысып жатқанда, интернаттың 11 сыныбын аяқтаған 10 тәр­биеленушінің барлығы бірдей сынақтан шет қалған. Олардың жоғары оқу орындарына түсуге талпынбағаны көрініп тұр. Демек­, интернат тәрбиеленушілері сапалы білім алу мүм­кіндігінен шет қалып келеді.

- Осы жазда өткен ҰБТ кезін­де жаңақорғандық талапкерлер жаппай жоғары ұпай еншілеп, айды аспанға бір-ақ шығарғаны есте. Сынақ жауаптарының саудасы һәм мемлекеттік құпияны бұзғандардың ісі немен бітті?

- Сіздің меңзеп отырғаныңыз Жаңақорған кентінің №163 орта мектебінде өткен тестілеу сынағы ғой. Елді елең еткізген жағдай шынымен де мемлекеттік құпияны құрайтын мәліметтердің, яғни сұрақ кітапшаларының көшірмелерінің заңсыз айналымға шыққанын көрсетіп берді. Осыған байланысты ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қы­зыл­орда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша депар­таменті Қылмыстық кодекстің 172-бабының 4-бөлігімен қылмыстық іс қозғады. Алдын ала тергеу нәтижесіне орай комитет департаментінің Шиелі аудандық бөлімшесінің бұ­рынғы бастығы мен жедел уәкі­ліне Қылмыстық кодекстің 380-бабының 2-бөлігімен, 172-бабының 4-бөлігімен және Жаңа­қорған аудандық білім беру бөлімінің меңгерушісі мен Жаңақорған ауданындағы №163 орта мектептің дирек­торына осы кодекстің 307-бабының 4-бөлігімен, 28-бабының 5-бөлігімен, 172-бабының 4-бөлігімен айып тағылды. Комитет қызметкерлері соттың санкциясымен қамауға алынды. Қылмыстық істі былтыр қазан айында біз Шымкент гарнизонының әскери сотына жолдадық. Қазіргі уақытта іс сотта қаралуда.

- Заңсыз мұнай айналымы бойынша қанша дерек тіркеліп, кімдер жазаланды? Қайрат Әлиханұлы, облыс прокурорларының осы бағыттағы жұмыс­тарына тоқталсаңыз...

- 2011 жылы облыс аумағында мұнай ұрлау, оны жасырын шағын зауыттарда өңдеу, сату, заңдастыру сипатында барлығы 13 қылмыстық іс қозғалды. Оның 12-сі сотқа жол­данып, қалған 1-еуі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Есепті мерзімде заңсыз айналымнан 235 млн. теңгенің 2 931 тонна өнімі алынды. Мысалы, Қызылорда қаласының тұр­ғыны Қойшыбаев қылмыстық жолмен келген шикі мұнайларды заңдастыру үшін 2009 жылы 22 желтоқсанда «Үшқоңыр-Қызылорда» серіктестігін құрады. Әділет басқармасына, салық комитетіне тіркеледі. Қылмыстық жолмен келген ақшаларды алу үшін Қойшыбаев «Халық банкінің» облыстық филиалынан есепшот та ашып қойған. Содан кейін тергеу­ кезінде анықталмаған адамдарды топтастырып, кеніштер­ден ұрланған құны 16 087 059,3 теңгенің 232,170 тонна шикі мұнайын сатып алып, өзінің Қызылорда қаласындағы «Ай Дан Мұнай» компаниясынан жал­ға алынған «Үшқоныр-Қызылорда» серіктестігінің терминалына жинақтаған. Қойшыбаев қылмыстық жолмен тапқан «қара алтынды» жалған мәмілелер жасау арқылы Алматы облысындағы «ВАS Group» серіктестігінің мұнай өңдеу зауытына жөнелтіп жатқан жерінен ұсталған. Бүгінде ол соттың үкімімен бас бостандығынан айырылды. Былтыр қаржы полицейлері анық­таған 1 заңсыз мұнай өңдеу цехы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қызылорда-Жез­қазған трассасының 53-шақырымында орналасқан цехтың басында 2010 жылдың 25 желтоқсаны күні ешбір құжатсыз 10 тонна шикі мұнай тиелген «Камаз» көлігі ұсталған болатын. Жалпы құны 692 697 теңгені құрайтын 9,489 тонна дизель отынын және 84 мың теңгенің 1 тоннадан астам жерасты байлығын заңсыз алып өту дерегіне қатысты 2011 жылдың қаңтарында Қылмыстық кодекстің 190-бабының  1-бөлігімен, 183-1-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, сот үкімімен айналымдағы зат мемлекет пайдасына тәркіленді. Мұнайды заңсыз өңдеумен шұғыл­да­натын ұйымдасқан қыл­мыс­тық топтарды әшкерелеу, қылмыстың алдын алу об­лыстағы құқық қорғау органдарының алдындағы келелі міндет болып қала бермек.

- Әңгімеңізге  рахмет.

Сұхбаттасқан

Назерке САНИЯЗОВА


 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Қаңтар 2012 >
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 27 28 29
30 31          

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары