Өзекті мәселелер

  • 13.06.19

    Ежелден халық педагогикасы ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзі болып келді және бұл бағытта жас ұрпақтың болашағына берік байлам жасалды. Әсіресе, дарабоз қарттарымыздың даналық ойы, салиқалы сөз саптау үлгісі, өмір белес­терінен  көрген-білгенін, ғибратты әңгімелерін  тәрбие құралына айнал­дырып, одан жақсылыққа ұмтылу, ынтымақ­қа ықылас қою, бауырмалдық қасиетк­е бет бұру секілді тағылымның түрлі ө...

    Толығырақ...
  • 13.06.19

    Бүгінде басы ауырып, балтыры сыздамайтын пенде жоқ. Сырқаттанған адамның алдымен жедел жәрдемнің көмегіне жүгінетіні белгілі. Дәрігердің ауырған жерін тәптіштеп сұраса, көпшіліктің дертінен айыққандай күй кешетіні тағы бар. Алайда «103» қызметкерлерінің әр күні сын сағатқа толы. Көбісі ем-дом жасауға дайын арашашы жандардың сан түрлі жағдай мен оқиғаны бастан кешетінінен бейхабар. Бұған...

    Толығырақ...
  • 13.06.19

    Тоқсаныншы  жылдардығы тоқырау көптің есінде ғой. Жоспарлы экономикадан нарықт­ық экононмикаға бет бұрып, жаңа белесті бағын­дыруға бой түзедік. Бұқара бұған бірден үйрене қойған жоқ. Әркім «балапан басына, тұрымтай тұсына» кетті. Ал отба­сы ошақ қасында болған әйелдер ала  дорбасын асынып, көшеге шықты. Сауда-сат­тықпен айналысты. Ал еркек­ кіндіктің кейбірі көше кезіп кетсе, енді бірі арақ-ша...

    Толығырақ...
  • 13.06.19

    «Бірінші байлық – денсаулық». «Қазалы арнаулы әлеуметтік қызметтер орталығы» мемлекеттік мекемесінің есігінен аттаған бойда осы аталы сөз ойға оралды. Жоқ, басқаша ойлап­ қалмаңыз. Ауладағы самал желмен­ тербелген әсем гүлдер, жайқалған саялы талдар, жеміс ағаштары, сүйкімді иісі танауды қытықтаған балғын жоңышқа, жүйектерді қуалап, сылдырай аққан тіршілік нәрі, баршасы мұнда шаруасына мығым ие...

    Толығырақ...
  • 13.06.19

    Әдетте, футболда көбінесе шабуылшылар­ға аса мән береді. Алайда­ команданың жеңуіне қақпашылардың үлесі зор екенін бірі білсе, бірі білмес. Үздік қақпашы найзағайдай жылдам реакц­иясымен, болаттай төзімді жүйкесімен және де дұрыс позиция таңдай білетін ақылымен командасына сеп­ті­гін тигізеді. Әсіресе, ойын тағдыры шешіле­тін «пенальти» секілді шиеленісті ойын кезін­де­ қақпасын голдан қор­ғап,...

    Толығырақ...
СОДА ЗАУЫТЫ: пайдасы мен зияны қайсы?
30.05.2019 12:25

 

 

Жақында Арал қаласында кальцийлендірілген сода өндірісі бойынша­ зауыттың құрылысы жұмысы және шламды сақтау, қоршаға­н ортаға әсері туралы ашық жиналыс түрінде қоғамдық тыңдау­ өтті. Бүгінде аталған жоба төңірегінде пікір әрқилы. Бұл мәселеде билік не дейді, бұқараның айтары не? Редакция тарапы тиісті орындарда­н  жауап алып, жергілікті  тұрғындардың  пікірін  тыңдап, сөзбе-сөз  сол  қалпында  жариялап  отыр.

 

 

– Арал ауданында салынғалы жатқан республи­калық  индустрияландыру  картасына  енген  құны 93,5 млрд  теңге  болатын «Кальцийлендірілген сода өндіру  жобасының»  тиімділігі  неде?

Р.Сұлтангер­еев, Қызылорда облысының индустриялы­қ-инновациялық­ даму басқармасының басшысы:

– «Арал Сода» ЖШС-нің «Кальцийленген сода өндіретін  зауыт  құрылысы»  инвестициялық  жобасы­ Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Зауыт бельгиялық Solvey компаниясының инновациялық технологиясын қолданатын болады. Бұл  технологияның  басты ерекшелігі басқа әдістерге қарағанда жанама өнім аммоний хлориді­ түзілмейді. Сонымен қатар аммиактың, электр энергиясының және көмірқышқыл газының көп шығыны талап етілмейді. Ал алынатын соданың өзіндік құны айтарлықтай төмен болады. Жаңа зауыт республи­кадағы кальцийленген сода өнді­ретін бірегей кәсіпорын болмақ. Ішкі нарық қазір 100 пайыз содамен қамтылып отырғанын ес­кер­сек, зауыт іске қосылғанда жылына 300 мың тонна өнім шығарып, еліміздің осы өнімге деген қажеттілігінің 75 пайызын қамтамасыз етіп, импорт алмас­тырушы ірі өндіріс болады. Жоба мультипликативтік әсері негі­зінен экономиканың әртүрлі салалар­ының дамуына ықпалын тигізеді. Кальцийленген сода көбінесе шыны, металлургия өндірісінде, сондай-ақ, синтетикалық жуғыш заттар, тыңайтқыштар өндірісінде қолданылады. Айта кету керек, шыны құрамының  30  пайызы  оның құрамындағы негізгі компонеттердің бірі саналатын кальцийленген содадан құралады. Сондықтан да негізгі  тұтынушысы  біздің  шыны зауытымыз болмақ. Оған қоса, зауыт іске қосылғанда 700-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Қазірден бастап осы өндіріске қажетті мамандарды дайындау үшін жастарды жаңа мамандықтарды игеруге шақыру қажет. Өз кезегінде осындай жобалардың жүзеге асуы  елімізде және алыс-жақын шетел­де жаңа мамандық игеріп жатқан студенттердің  жұмысқа  орналасып, еңбек етуіне жол ашады. Жобаның жүзеге асырылуы­ облысымыздың, оның ішінде Арал өңірінің  әлеуметтік-экономикалық дамуына­  зор әсерін  тигізетіні сөзсіз.

– Аталған жобаға аудан тұрғындары қарсылы­қ білдірсе, қандай шешім қабылданбақ?­

– ҚР Үкіметінің қаулысымен «Арал Сода» ЖШС-нің «Кальцийленген сода өндіретін зауыт­ салу» инвестициялық жобасы мемлекеттік қолдау шарасы ретінде зауыт құрылы­сына 100 гектар жер телімі берілген. Зауыт құрылысын бастау үшін алдымен жобалық­ құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жіберіледі. Жобаның техника-экономикалық негіздемесін тәжірибелі украинды­қ «НИОХИМ» ММ жобалау институты ҚР экологиялық нормативтік құжаттарының талаптарына сай әзірлеген. Жобалық құжаттарда зауыттың қоршаған ортаға­ зиянды әсерлерін болдырмау мақсатында алдын алу шаралары қабылданған. Бұл ретте қабылданған шешімдер өндірістің және аймақтың санитариялық-қорғау аймағ­ы шекарасында судағы, топырақтағы және атмосфералық ауадағы шекті рұқсат етілген концентрациядан аспауын және адамғ­а әсер ететін физикалық факторлармен жұмыс істеу жағдайларына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді. Өзекті болып тұрған өнеркәсіп қалдықтарын жинағыш-буландырғыш құрылғы жерасты және жерүсті су объектілерінің гидравликалық ласта­нуынан қорғайды. Атмосфераның ласта­ну деңгейін барынша азайтуға іс-шарлар қарастырылған, ол үшін зауытта тазалау деңгейін 99 пайызға дейін жеткізетін газ тазарту қондырғылары орнатылатын болады.­ Қазіргі таңда зауыттың және қажетті инфрақұрылымдық нысандардың жобалық құжаттарына мемлекеттік са­раптама­ның  оң  қорытындысы алынды. Арал ауданындағы кальцийленген сода өндіретін зауыт барлық нормативті талаптарға сай ел игілігіне жұмыс істейтін болады.

– Арал ауданында салынғалы жатқан республикалық индустрияландыру картасына енген «Кальцийлен­дірілген сода өндіру» зауытының экологиялық зияны бар ма?

 

Б.Абдикаликов, «Жобаларды ведомстводан тыс сараптау» шаруашылық жүргізу құқығындағы республи­калық мемлекеттік кәсіпорнының мемсараптама» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры:­

– Жоғарыда көрсетілген жоба бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізілді. Оның бір бөлігі экологиялық сараптама болып табылады. Ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу барысында табиғатт­ы қорғау қызметін реттейтін экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға, норматив­тік құжаттарға және басқа да нормативтік актілерге сәйкес келетін міндеттер орындалды.

«Өндірістік объектілердің санитарлық-қоршаған аймағын белгілеу бойынша санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларының 3-тармағына сәйкес, санитарлық-қорғаныш аймағы кемінде 300 метрді құрайды, бұл өндірістік объектінің қауіптілігі 3-сыныбының ІІ санатына жатады. Кальцийлен­дірілген сода өндіретін зауыттың аумағы Арал қаласынан солтүс­тік-батысқа қарай 7,5 шақырым қашықтықта орналасқан. Жоғарыда айтылғандарға байланысты атмосфераға ластаушы заттардың шоғырлануының таралуы және оқшаулану нәтижелерін талдау ең жақын тұрғын үй аймағының шекарасында және нормативтік санитар­лық-қорғау  аймағының  шекарасында  шекті  жол  беріле­тін  шоғырланудың  (ПДКмр)  артуы  аспайды.

Алтын  Тоқтамысова,  Арал  ауданының  тұрғыны:

– Біріншіден, бұл зауыт Арал қаласына жақын орналасқан. Өзіңіз білесіз, Арал ауданы экологиялық аймақ саналады. Бүгінде аудан орталығынд­а 37 мыңдай халық тұрады. Аталған зауыттың қалдығы бізге зиянын тигізбей ме? Ендеше, экологиялық өңірге бұл зауыт не үшін қажет?

Екіншіден, қазір Арал қаласында екі теміржол желісі орналасқан. Тағы да бір теміржол желісін жасамақшы. Меніңше, теміржол желісі де тұрғын үйлерге тым жақын. Ол адам өміріне қауіпті ғой. Сонымен қатар аудан орталығында бір ғана теміржол өткелі бар. Жылына  300 мың тонна өнім өндірген зауытқа ары-бері күніне жүк пойызы неше рет қатынайды? Арғы бет пен бергі беттің байланысы қиындап кетпей ме? Жедел жәрдем қатынасы қалай болады? Менің жеке пікірім, кальцийленген зауытты Арал қаласының жанына салуға қарсымын.

 

Болат  Нұрқожаев,

қоғам  белсендісі:

– Өңірімізде өндіріс орны, жұмыс орны ашылғанға ешкім қарсы емес, бірақ химиялық өндіріс көзі болғандықтан экологиялық зияны қоғамда ашық талқыланып, зерттеліп салынуы тиіс. Кальцийлендірілген сода өндірісі әлемде экологиялық зиянд­ы қалдығы көп өндіріс көзінің бірі саналады, себебі 1 тонна сода өндіру үшін 10 м/куб су пайдаланылады. Өндірісте әк, тұз, аммиак пайдаланылады. Аммиак­ қайта айналы­мға кетеді де, қатты қалдықтар  шламға  кете­ді.

«Арал сода» зауытының  қуаты – жылына 300 мың тонна. Яғни, жылын­а 3 миллион м/куб су қа­жет. Ол өндірісте пайдаланылып болғасын шлам сақтау қоймасында сақталып, қатты қалдықтары шөккесін ашық су көздеріне тастал­ады. Қазіргі  21-ғасырда әлемнің дамыған елдерінде толық өңдеу циклы өндірісі, әсіресе эко­ло­гиялық  зиянды­  өндірістерде кеңінен­ пайдаланылуда.  Айта кетет­ін жайт, Павлодар облысында дәл осындай зауыт салуға­ экологтар «келешек  көлдің  қалыпты ортасы бұзылады»  деп  қарсылық  білдірілді. Онда өткен қоғамдық тыңдауда бірнеше сода зауыты бар Қытайда қалдық суды өңдейтіні айтылды. Шламнан кальцийлен­дірілген тыңайтқыш немесе­ цемент­сіз құрылыс материалын алуға болады және де ең бас­ты­сы  оның  қосымшасы Арал өңірін­де көп қоры бар кварц құмы ғана қажет.

Осы  жағдайларды ескеріп, мен­де­ бірнеше сауал туындады.

1. Келешек шлам өңдеу, одан құрылыс материалы немесе тыңайт­қыш өндірілетін болса, оның мерзімі жобаға, келісімге бірден неге көрсетілмейді? Себебі, кезінде Құмкөл кенішінде босқа жанып жатқан қосымша газды халық игілігіне тарту 25-30 жылдан соң жүзеге зорға асты. Инвесторлар  оған құлықты болмады, одан  азын-аулақ  айыппұл  төлегенді  жөн  көрді.

2. Арал өңірі – шөлейт аймақ. Жылына 3 миллион куб жерасты суын пайдалану оның үстіндегі екі аудан халқының ауызсуы деңгейі түсіп кетуіне соқтырмай ма? Кезінд­е Байқоңырда «Дружба» ұңғымасы мен су желісі соған жеткізді  деген  еді.

3. Шлам сақтау қоймасы, жалпы­ зауыт құрылысы неге тұз қорынан алыс? Неліктен Арал қаласының солтүстік батысында, Арал теңізінің бұрынғы акваториа­сында орналастырылып отыр? Оған теңіз ұлтаны төмен деңгейі шлам қойма­сына ыңғайлы болуы немес­е келешек суды сол теңізге тас­тау мүмкіндігі емес пе? Бұл ретте, Арал теңізі басқа елдердегі­дей ащы су емес, тұщы теңіз екен­дігі ескерілмей отырған сияқты.

4. Тұз вагонмен 15 шақырым «Аралсульфаттан» Арал қаласын кесіп өтіп, келесі беттегі зауыт­қа жеткізіледі. Оған әк, аммиак, басқа­ да тиелген, барлығы күніне 60 вагон Арал теміржол станциясында жасақталып, қала іші арқылы­ зауытқа жеткізу онсыз да жалғыз өткелден арғы беті мен бергі беттің қатынасы қиын­датып жібермей  ме? Оған  қандай жағдай­ жасалады?

Ақтөбеден келетін екі желілі теміржолына қосымша тағы бір ветка салынғалы отыр, ол жол жиегін­дегі үйлерге қиындық тудырма­й ма? Жоба жетекшілері «темір­жолды үйлерді қоршаумен қорғау қарастырылады» дейді. Ол қаншалықты тиімді және немен, қалай  жасалады?

5. Осы ретте жоғарыдағы пробле­малардан шығатын мәселе неге зауыт құрылысы «Аралсульфат» тұз қорының оңтүстігіндегі аймаққа жобаланбай отыр? Бұған не кедергі?

САРАТС-2 жобасы іске асса, Арал халқы теңіз бұрынғы деңгейіне­, Арал қаласы іргесіне келеді­ деп үміттеніп отыр. Онсыз да эколо­гиялық апат зардабын аз тартпаған, елінен үдере көшуге мәжбүр бол­ған халық денсаулығы қазір мәз емес. Халық «осыған тағы қолдан апат қосып аламыз» деп алаңдаулы және сұрақтарына толық жауап алуға құқылы.


Көлбай  Данабай, Арал  қаласының  тұрғыны:

– Арал қаласында өткен қоғамдық тыңдауға 100-150-дей адам жиналд­ы. Шараға қатысқандар аудан орталығындағы теміржол желі­сінің жағдайын­ айтты. Рас, бұл мәселенің шешілмей келе жатқанына біраз жыл болды. Екі теміржол желісіне тағы бір шойын жолды қосса, жағдай тіпті қиындап кетейін деп тұр. Халықтың жартысы темір­жолдың  арғы  бетінде тұрады.  Бұл зауыт кімнің меншігінде? Біздің күдігіміз – зауыт Қытайдан келетін әлгі 55 ірі жобаның бірі емес пе? Сол 55 зауыттың бірі болса, оны қайта монтаждап орнатады. Ешкім жап-жақсы жұмыс істеп тұрған зауытын біреуге бұзып бермейді. Дәл осындай болса, жобада көрсетілгендей шаңын да, қалдығын да шығармай жұмыс істеуі мүмкін  емес.

Менің жеке пікірім, мұндай өндіріс орындарының орнына ауыл шаруашылығы саласында немесе экологиялық зияны жоқ шараларды қолға алған жөн.

Пікірлерді  топтастырған  Қозы   Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Мамыр 2019 >
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 31    

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары