Өзекті мәселелер

  • 19.12.19

    Кешегі даласында абақ­тысы жоқ, бес қаруы белінде жүрсе де жауынан өзгеге қару жұмсамаған заманда елдің бір-біріне өкпесі, кеткен есесі болмады дейсің бе? Болды ғой. Бірақ, сол заманның өзінде қойнындағы қаруға тұра ұмтылмай, әділдікті, ақ пен қараны шешетін әулеттің үлкені не ауылдың ажасы, оған көнбей жатса, елдің қожасына жүгінді емес пе? Дау бұған да бөгет бермеген кезде биге барып соңғы ше...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Ақыл  жетпес

    Адамның ақылы өлшеусіз мол. Алайда сол ұлан-ғайыр, шексіз ақылыңның кейде кішкентай, уақ-түйек мәсе­лелерді шеше алмай, тұйыққа тіреліп, жол таба алмай, адасып­  жүретініміз  қалай?!

    ...
    Толығырақ...
  • 19.12.19

    «Кувад синдромы» туралы бұрын-соңды естіп пе едіңіз? Мүлдем естімеген болуыңыз да мүмкін. Бұл – ер адамның жүкті әйел секілді күй кешуі. Мұндай да болады. «Кувад» сөзі француздың «couver» деген етістігінен шыққан, яғни қазақшалағанда «жұмыртқа басу» дегенді білдіреді. Бұл синдром екіқабат әйелдің күйеуінде жүктіліктің үшінші айында басталып, сәби дүниеге келгенге дейін жалғасуы ықтимал....

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Шырылдаған бала дауысынан селк ете қалған олар өздері секілді тағы бір күнә­сіз­дің жетім қалғанын сезді. Сәбиді түннің бір уағында тауып­ алған тәрбиеші дереу төсекке жатқызып, жұбата бас­тады. Әбден жылай-жылай көзінен жасы сарқылған баланың демі бітіп, әрең тыныс алады. Көздері жәудіреген бір топ баланың естісі аузындағы емізікті жұлып алып, апайына ұстатты. Жанаршылықпен қараған оның ересек...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Поэзия

     

    Ботадай боздап аспан жылайды,

    Алдайды бәрін түлкі үміт.

    Жапырақтардан жас тамшылайды,

    Жапырақ жүрек бұлқынып. ...

    Толығырақ...
ҚАСҚЫРДЫҢ КЕГІ
27.06.2019 10:57

Күн бесінге тая­ған шақ. Аспан айналып жерге түскендей ыстық. Үп еткен жел жоқ. Үлкен төбенің астын­дағы апанда екі сұлба қараяды. Бірі – арлан, екіншісі – ана қасқыр. Жаңа туған бөлтіріктер енесінің бауыры­нда жатыр. Бұл маңайды екі қасқыр мекендейді. Түз тағысының тектілігі шығар. Арлан ауылдың малы­на тиіспейді. Қорқаулық, қомағайлық  танытпайды. Қорек­тік азықты алыстан әкеледі. Ауыл тұрғындары да апанның маңына жуымайды. Ескі таныстай, екі қасқырға көздері үйренген.

Биыл қыстақтың малы күйлі шықты. Жылдағыдай емес, шығыны аз. Сәлімге табысты жыл болды. Қора-қопсы төрт түлікке толды. Малы ие бермегесін ұсақ-түйегін базарға апарып сатты. Қой-ешкісінің азын-аулағын  ірі  қараға ауыстырды.  Құралған  қаражатқа  жаңа көлікті  тізгіндеді. Үйіне жөн­деу жұмыстарын жүр­гізіп,  жиһаздарын жаңалады. Мұның бәрі адал еңбек­тің  арқасы.

Мал қайырып жүрген Сәлімнің көңіл күйі көте­ріңкі. Көптен бері әу демеп еді. Бір мезет ән салды. Бірінен соң бірі көмейінен саз лықсып төгіледі. Ән айту бала кезден әдеті. Өзінің  әжептәуір дауысы бар. Әртіс боламын деп еді. Әкесі мен шешесі  қарсы  болды.

-Оқуды тауысқан талай­ адамды көрдік. Шекесінің шылқығаны  шамалы.  Тұрмысы бізден асқан ешкім жоқ. Бір айлықпен қалай өмір сүресің? Шайлығыңа да жетпейді ғой. Ата­кә­сіп­тің тұтқасын ұста. Мал бақ, еңбет ет,-деді.

Сәлім әке-шешесін тыңдады. Мектеп бітірген соң, оқуға барған жоқ. Жеке шаруа қожалығын құрды. Төрт тү­лік­тің басын көбейт­ті. Қазір екі жүзден  астам­ жылқы, түйе, сиыры бар. Қой-ешкісі 2 отарға жуықтады. Келе жатып, төбе басында қарауытқан сұлбаны көрді. Шоқиып отырысы итке ұқсайды. Айтақ, айтақ деп айқайлап еді. Жануар ештеңеден ыққан жоқ. Қапелімде аузына сөз түспей қалды. Бойын үрей билеп өтті. Зер сала тағы қарады. Қасқыр екен. Сәлім еліріп айтаққа басты. Арлан ащы дауысқа ызалана қарады. Сенде жұмысым жоқ дегендей, орнынан түргелді. Ал Сәлімді түлен түртті. Аяқ астынан бойында батылдық пайда болды. Астындағы атын қамшылап, шауып барды. Қасқыр алдында баяу жортып барады. Қызынып алған жігіт  қамшымен қасқырды салып қалды. Арлан кілт тоқтады. Сәлім  тағы да ұмтыла берді. Бұл жолы түз тағысы қолындағы қамшысын арс етіп қапты. Күштілігі сондай белінен шарт сындырды. Есік пен төрдей ірі қасқыр еркелі­гін қайтсін. Жігіт арланның ашуынан ықты. Енді тиіссе аямай­тынын білді. «Менімен ойнама! Шамаң­а қара!»  дегенді ұқтырған түз тағысы  алыстай  берді.

Кешкі тамақ үстінде баласы әке­сіне қасқырды айтты. Сәлімге әкесі қатты  ренжіді.

- Қырыққа келсең де, ақылың жоқ. Айдаладағы арланда нең бар? Артынан­ қуып, қамшы сілтегенің не? Жазым қылса қайтесің? - деді  Саят.

Жазым деген сөз баласының шымбай­ына батты. Кеудесін намыс кернеді.

- Сонда қасқырдан қорқуым керек пе?

- Байбалам салатын ретің жоқ. Түз тағысы өздігінен тисіпейді. Оның жақын арада апаны бар. Малға шаппайды. Азығын алыстан тасиды. Маңайдағ­ы ел-жұртқа залалы жоқ. Енді көрсең, тиіспе!

Мұнан кейін Сәлім арланды бірнеше рет көрді. Әкесінің ескертуінен соң, жолаған жоқ. Аптап ыстықтан шөл қысып, дорбасына қол салды­. Салқын айраннан рақаттана сімірді. Құрғаған таңдайы жібіп, терең тыныс алды. Апшысын қуырған ыстықтан мал иіріліп, бұта түбінде жусап жатыр. Сәлім жыңғылдың көлеңкесіне аяқ суытты. Көз жетер тұста тағы да қас­қырды байқады. Өткендегі арлан батыс­ты бетке алып кетіп барады. Жүрісі ширақ. Қайда барады екен? Түз тағысының  соңынан  айран-асыр болып қала берді.

Бірде Сәлімнің құрдасы Төкен баласын сүндетке отырғызды. Ел-жұртты жиып, той жасады. Жолдастарымен басы қосылып, ішімдіктен біраз сілтепті.  Үйіне қалай келгені есінде жоқ. Таңертең әйелінің ай­ғайынан оянды. Басы зілмауыр тартып, ауырып жатыр. Орнынан әрең тұрды. Өзінен басқа малға қарайтын адам жоқ. Ата-анасы ауылда. Бұлар қожалықтың жұмысымен ауылдан біраз шақырым жерде тұрады. Қол­қанат болатын балалары жас. Әйелі үй жұмысынан артылмайды. Амал жоқ, мастығы тарамастан таңғы асын ішті. Аяғы шыққан баладай атына әрең отырды. Түскі асқа дейін Сәлім ұйқылы-ояу жүрді. Ат үстінде ұйқы қысып, қалғи берді. Түскі асты ішіп, жайланған соң, сергігендей болған. Бірақ арақ уыты бойында. Өзін-өзі басқара алмайды. Кенет қырдағы шоқыға көзі түсті. Өткендегі арлан шоқиып отыр. Сәлім атына қамшы басып, айтақтады. Иттер үргенімен, қасқырдың мысынан қорықты. Қыңсылап  жанына  жуымады. Сәлім­нің бойын ашу буды.  Артынша әке сөзі есіне түсіп, кілт тоқтады. Сойыл сілтесе, қасқырдың  аямайтынын білді.

Күндер өтіп жатты. Сәлім мал жайылымындағы жұмыстан ауыс­пайды. Таң атқаннан  кеш қарай­ғанша өрісте жүреді. Соңғы кезде әкесіне­ «екі адам алайық» деп ұсыны­с тастады. Бір кісіге қарау қиын. Жылқы, түйелері қиындық тудырмағанымен, ұсақ мал шаршатады. Кешке дейін діңкесі құриды. Аяқ басуға жарамай қалады. Үйіне келгенде ішусіз қалатын кешкі ас көбейді.

Бірде мал бағып жүріп, Сәлім апанды көрді. Қызықтап жанына келді. Қасқырдың бауырын көтерген үш бөлтірігі жүр. Енесі көрінбейді. Сол екен, бөлтіріктерге бүркіттей шүйлікті. Бірін тірі қалдырмады. «Бұлар көбейсе, малдың жауы» деді үлкен іс тындырғандай. Жазықсыз бөлтіріктер  адам  қолынан  өлді.

Үш күннен соң, қожалықтағы малға­ қасқыр шапты. Бір қызығы, тамақт­ан орғанымен, етін жемепті. Баласының ағаттығына әкесі қатты күйінді. Сонша малды қалай қарауыл­дасын? Арлан ашуға шындап мінді.  Апта ішінде мал басының саны азайды. Түскен тістей сиреді. Үш бөл­тіріктің құнын даулағандай, түз тағысы­ мұнымен тоқтаған жоқ. Адамд­а кеткен ақысын жібермеді. Сәлімнің үйіне шабуылдады. Арлан тысқа шыққан үй иесіне тұра атылды. Есік алдында сарт-сұрт шайқас басталды. Өмір мен өлім текетіреске түсті. Көмекке келетін адам жоқ. Сәлім  ауыр жарақат алды. Ызалы тағы қабырғасы мен санын аямай қапты. Үй иесінен қан саулап ағып жатыр. Сірескен қолдар арланның алқым­ында қатып қалыпты. Көршісі Иса болмағанда демі үзіліп кете ме, кім біледі? Есік алдындағы апыр- топыр­ды көріп жүгіріпті. Келе сала көрші  қора сыртындағы айырды алып, қасқырға сілтей берді. Жауығып алған­ арлан қайтқан жоқ. Ызалы жанардан от шашады. Артынша ойбайы­н салып­, әйелі шықты. Шырылда­ған бала-шаға шулады. Адамдардың тобыр­ын көріп, қасқыр бүлкекке салып ұзай берді.

Сәлім төсек тартып біраз жатты. Жарасы жазылғанша малға шықпады. Алайда үй иесінің іші удай ашыды. Ісіне қатты өкінді. Қасқырға тимегенде  мұндай жағдайға түспес еді. Мұнан кейін арлан жоғалып кетті. Адамның озбырлығынан жайлы мекен іздеді ме екен...  Қайда кеткені белгісіз.

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Маусым 2019 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 28 29 30

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары