Өзекті мәселелер

  • 18.07.19

    Жалпы, қай жерде болмасын статистиканың орны бөлек. Статис­тика – адам сүйсініп не күйініп оқитын бірден-бір ақпарат. Яғни, ол – әрдайым оқылымды материал­. Сондықтан  болар, Ұлттық экономика министрл­ігі Статистика  комитетінің  http: //stat.gov.kz/ сайтын әлсін-әлсін шолып тұратынымыз бар. Бұл жолы біз өз облысымызға қа­тысты біршама сандық деректерге тап болдық. Оны жүйелеп, оқырман ...

    Толығырақ...
  • 18.07.19

    Қызылордада құрылыстың қарқынды дамы­ғаны соңғы бесжылдық десек, асыра айтқандық емес. Алдымен тұрғындарды әлеуметтік нысандармен қамтуды басты бағыт санаған жергілікті басшылар қаладағы көпқабатты тұрғын  үйлердің де көптеп бой көтеруіне мән берді. Оған соңғы 6 жылда облыста 2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілгені дәлел. 2013 жылы 270 мың шаршы метр тұрғын үй салынса, 2018 жы...

    Толығырақ...
  • 18.07.19

    Бүгінгі күні ауданда балық шаруашылығы саласы қарқынды дамыды деп айтуға толық негіз бар. Өйткені балық шаруашылығы өңір экономикасының дамуына және халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына, оларды жұмыспен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отыр. Себебі Арал теңізі мен Сырдария өзенінің жағасында қоныстанған жергілікті халықтың өмірі мен тұрмысы балық шаруашылығымен тығыз б...

    Толығырақ...
  • 18.07.19

    «Рас, үйленбей тұрып әйел­ді «ашсам – алақанымда, жұм­сам – жұдырығымда ұстаймын» дегеннің бірі мен едім» деп бас­тады автобуста отырған жігіт ағасы. Өзі ащы судан аздап ұрт­тап алғанға ұқсайды. Сәлден соң салбыраған басын қисаң­дата көтеріп, көзін жартылай ашып-жұмып «менде бәрі бар еді, көлігім де, үйім де...» деп тағы налыды. Ал, әйелін айт­қандағы байғұстың жыларман түрі мен шарасыздықтан с...

    Толығырақ...
  • 18.07.19

    Сүйріктей саусақ, сәнді тырнақ – кез келген қыз-келіншектің арманы. Тырнағын әсемдеу әйелге сенімділік сыйлайды. Өз-өзін бағалайтынын байқатады. Бүгінде гельді тырнақ бояуын қолданбайтындар сирек. Екінің бірі осы әдісті жасатады. Оның кәдімгі бояудан артықшылығы көп. Бір айға дейін жылтыр әрі тартымды түсін сақтайды. Бірақ... Сұлулыққа құштарлық денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін. Ма...

    Толығырақ...
«ШӨМІШБАЙ САРИЕВ «ШАЙТАН» ЕМЕС!..» (болған оқиға ізімен)
04.07.2019 10:20

Мұғалімдердің жағдайы әбден тұралап­,  «тұрымтай тұсына кетуге» шақ қалған кез болса да, ел тәуелсіздігінің тәттілігіне тоя алмай, бақыттан бас айнал­ып жатқан өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының қақ ортасынан ауғанда, көктемнің шуақты күндерінің бірінде, құлағалы тұрған көне мекте­біміздің есігін сықырлата ашып, ішке аса маңызды шаруаның басын ұстаған кейіптегі аудан-ауылдың бір топ игі жақсылары  сау  ете  қалды.

Қанымызға  сіңген  дәстүр  бойынша  алыстан  келген  қонақтарды «ең кең» деп есептелінетін «мұғалімдер бөлмесінің» қуықтай кабинетінің төріне шығардық. Кейінге шегеруге болмайтын аса маңызды жиналыс болғандықтан, тар бөлмеге мұғалімдерді мейлінше көптеп сыйдыруға тырыстық.

Аудан тапсырмасы бойынша жиналыс барынша жедел орындалуы тиіс болатын. Оның үстіне терезелерінде желдеткіш атаулы жоқ тар бөлмеде ауа сәт сайын тарыла түсетіндіктен, бығырлаған халықпен ұзақ отыру, ешкімге де абырой алып бермесі анық-ты.

Қанша жерден асықтырсақ та, қанымызға сіңген әдет ғой, жиналыс бәрібір біраз кешігіңкіреп барып басталды.

Жиналыстың күн тәртібінде бір-ақ мәселе екен. Ол – мектебімізге мектеп­тің алғашқы түлегі, кезінде республика­лық дәрежеде қызмет атқарған Шақпақ Артықбаев атамыздың есімін беру.

Қош делік! Жиналыс бірден қыза түсті. Ауданнан келгендер де, ауыл ақ­сақалдары да белсене сөйлеп, күн тәрті­біндегі мәселе оң шешімін табуға бір­табан жақын-ақ қалған-ды. Мұндай беталы­с басқаны қайдам, мені қатты қуантқан. Өйткені, мұндай қапаста мұрынымның аллергиясы қозып, өзімді қоярға жер таппай қатты қиналатынмын. Алайда, өкінішке қарай, қуанышым  ұзаққа созылмады. Көптің ішінен біреу жайына қарап тұрмай:

- Ау, бұл мәселені жақында ғана ауыл көлемінде талқылап, халық пікірі екіге айырылып, бір мәмілеге келе алмаған едік! - деп қалды. Сол-сол-ақ, тым жақсы аяқталып келе жатқа­н жиналыс жаңа қар­қынмен өрбіп сала берді.

- Иә, рас айтасыз! Мектепке Ғани  Мұратбаевтың шә­кір­ті  Қарасай  Шоқановтың есімі  берілсін!

- Жоқ! Шақпақ Артық­баев...

Пікір тағы да екіге айы­рылу!.. Тағы да бірінің бетінен бірі алу!.. Жиналыс қызған сайын, ауа да тарыла түсті. «Қырсыққанда қымыран іриді» деген, мұндайда «жайына­ қарап тұратын» мұрын қайда? Жұрттың «ар­қасы  ұстаған»  сайын, мұрынның  да «рухы» көтеріліп, қапталдаса бастады. Шарасыз күйге түскен сорлы басым мұрнымды амалдап «қақпайлап» отырғанмын. Ауызды ашуым да мұң боп қалған. Тек іштей бір Жаратқанға жал­барынып  қоямын.

«О-о!.. Құдайым-ай, мұрынымның «арқасын ұстатып, жынын  қоздыра  көрме!»...

Алайда бүгінде мұрын түгілі, қатын-балаң айтқанды қылмай кеткен заманда не шара?! Жиналыс шарықтау шегіне жеткенде, ауылымыздың ардақты азаматы, ауданымызда ірі-ірі қызметтер атқары­п  жүрген Нұраш Ос­панов  ағамыз:

- Жоқ, бұл  мәселені кейін­ге қалдыруға болмайды. Мектеб­іміз Шақпақ Артық­баев  атындағы  мектеп  болуы тиіс! - деп сөзін салмақтай бергенде, күштеп ұстап отырған «ант ұрған» мұрыным «демо­кратиялық қоғам құрып жатқан елімізде сөз бостан­дығын шектеуге жол жоқ!» деген­дей, «қапас қамауды» бұзып өтіп, бір мәрте рақаттана «салтанатты түрде» залп беріп  жіберді.

- Ә-әт-пішу!

- Жәрекіммолла!

Жұрт теп-тегіс маған жалт қарасты. Көбісі түшкіргенімді өздерін қолдаған деп есептесе керек. Бір-біріне қарасып, көңілдене сыбырласып қалды. «Бір қауіп болса, осы «Азаттан» қауіп болар!» деп ойлап келген-ау, шамасы! Әсіресе, ауданнан келгендердің жүздері әжеп­тәуір жадырап қалды.

- Ә-ә, бәсе, ақылы бар жігіт қой!

- «Азат» болғанымен, ауылдың баласы­  емес  пе?!

Мұндай мақтау сөзге малданған мұрыным егесіне бағынбастан, тағы бір дүркін-дүркін «салют» беріп жіберді. Жұрт қуанғаннан у-шу.

- Жәрекіммолла!

- Жәрекіммолла!

Алайда мұрынымның бұл жолғы «патриоттығы»  жиналысқа  қатысушыларды  екіұдай  қып  тастады.

- Ой-бай-ау! Нұрбай да мақтауды сүйеді екен!

- Е-е, ол да пенде емес пе?!.

Жұртты «қолдасаң да, қолдамасаң да «бір атаңа нәлет!» демекші, жұрттан естіген­ім осы ғана болғандықтан, мұрныма өкпелегенім сонша - «енді қайтып дыбысын шығармайын» деп бекініп, беторамалымды алып, мұрыныммен  «алыса» жөнелдім. Жан алып, жан  беріскенім  сонша – жұрттың сөзін естуден қалдым. Тек миым ғана жұрт­тың әлгі сөздерін тынымсыз саралай бастады.

«О, несі-ай!.. «Азат» қозғалысына мүше болсам, елімнің Азаттығы үшін күрескенім шығар?! «Ақылы бар жігіт» деп астыма көпшік қойғаны несі? Ақымақ болсам, мұғалім боп, оқушыларға ұстаздық етем бе?! Соры қайнаған мұрынымның түшкірігі менің пікірім  емес  қой! Осыған  да  ақылдары жетпеген  бе?!».

Мұрыныммен  «алысам»  деп қанша уақыт  өтіп  кеткенін  қайдам?!  Бір  кезде­ жиналысты  басқарып отырған мектебіміздің директоры Байтілес Қалиев  ағай:

- Бұл даудың бітер түрі жоқ. Сөзді Нұрбай інім түйіндесін. Кезінде елдің небір марқасқалары бұғып қалғанда,  ел тәуелсіздігі үшін қолынан  келгенше күрескен еді. Соңғы сөзді сол айтсын! -  деді.

Қапелімде не айтарымды білмей, сасқалақтап  қалдым. Есесіне, Байтілес ағайдың сөзін елден бұрын мұрыным мақұлдап  жіберді.

- Әт-пішу!

- Жәрекіммолла!

Бітпес даудан  әбден шаршап кеткен­ көпшілік маған үміттене қарайды. Жан-жағыма ойлана көз тастадым. «Егер Шақпақ Артықбаевты қолдасам, Қарасай Шоқановты жақтайтындар шу шығарады­. Керісінше айтсам, Шақпақ Артықбаевты қолдайтындар өкпелей­ді... Ә-әй, бала мінезді қазақтарым-ай!..».

Аллергия мұрнымды қанша жерден қыдықтаса да, сыр берместен, аузымды аңдып отырған халыққа сөзім салмақты шығуы үшін барынша шыдамдылық танытып, парасатты боп көрінуге тырыстым.­

- Егер осы мектепке белгілі бір адамны­ң есімі берілмесе, білім сапасы нашарлап, оқу процесі тоқтап қалмайтын шығар?!.

Жұрт «бұл не айтайын деп тұр» деп құлақтарын түре тып-тыныш бола қалды. Ешқайсысы  бұл  сұраққа  жауап беруге  асығар  емес. Шамасы, екі  жақ та  келіспейді-ау!

- Олай болса, - деп алып, байқау­сызда түшкіріп қалмас үшін, әр сөзімді нақты­лап, салмақтай түстім, - егер сіздер келіспейтін болсаңыздар, қазақта «таласқан тайдікі, ортасындағы менікі» деген сөз бар. Сол сөзді басшылыққа алып, мектептің атына таласып тұрған Қарасай Шоқановқа да, Шақпақ Артықбаевқа да бермей, «ортасындағы менікі» дегендей, елге белгілі, осы мектепт­ің түлегі, ақын Шөмішбай Сариевк­е  берейік!

Бұл сөзді естігенде, жұрт араның ұясына  біреу тас лақтырып жібергендей гу ете қалды.

- Өй, Шөмішбай Сариев әлі тірі ғой!

- Тірі адамға беруге болмайды!

Жұрттың ызы-шу қым-қуытын пайдал­анып, мұрыным рақаттанып тұрып, бірнеше дүркін «залп» жасағаннан кейін, күшейе бастадым. Сонда да жұрттың шуы басылар емес. Ара-арасында:

- Әне, өзің де түшкіріп, қолдап жатырсы­ң  ғой!

- Әт-пішу!

- Ол әуелі аман-есен өліп алсын! Сосын көрерміз!

- Ә-әт-пішу!

Осылайша қолайсыз талапқа ыңғай­сыз­  қолдау білдіріліп те жатыр.

«Бұл жұрт уәж емес нәрсеге бола, жаға  жыртысуға  дейін барып тұрған­дары несі?! Оның үстіне, осы жұрт аллер­гияның не екенін, еріксіз түш­кіртетінін, шынымен де, білмей ме екен?!».

Осы ой шұғыл келді де, «әлі сөзімді аяқтағаным жоқ» дегендей, қолымды көтердім. Шуласқан жұрт «енді не айтар­  екен?» дегендей бір сәт тынши қалды.

Бұл сәтті де өте ұтымды пайдаланып үлгірген қайран мұрыным еш жаңыл­мастан және бір түшкіртіп алып, «енді еркін сөйлей бер!» дегендей, тынысымды ашып жіберді. Терең бір демалып ап:

- Уа, ағайын! Рас айтасыздар!.. Шөмішбай Сариев әлі тірі! Тірі адамға мектептің  атын беруге  болмайды! Десек­ те, қажетсіз дауды даулап, ағайын­ның арасына жік салғанша, құжатты Шөмішбай Сариевтың атына рәсімдеп қоя берейік. Шөмішбай Сариев­ шайтан емес! Ол да біз сияқты еттен-сүйектен жаралған пенде! Түбі бір өледі! Өлген соң, дайын тұрған құжатты­ пайдалана қояйық! - дедім ескі билерше­ даусымды әдейі сарнай шығарып.

Мұндай салмақты сөзден кейін, әрине, іле-шала өзімді-өзім мақұлдағандай, әдемілеп тұрып, бір түшкірдім.

Сөзімнің салмағынан ба, әлде түшкірігімнің қуаттылығынан ба, мүм­кін пікірлерін жоққа шығарғандықтан ба, әйтеуір, бір сәт шыбынның ызыңы естілердей  тынши қалды.

«Минуттік үнсіздіктен» кейін, қайта гу ете қалған жұрттың пікірі сан-саққа жүгірді. Әрқайсысының пікірін қолдап, мұрыным «демократиялық пікір еркіндігін барынша сәтті пайдала­нып, еш кедергісіз «сайрап» ол тұр!

- Өй, мынауың нағыз көк қырсық қой!

- Әт-пішу!

- «Азаттың» оңғаны бар ма?!

- Әт-пішу!

- Дегенмен, сөзінің жаны бар!

- Әт-пішу!

- Әй, мынау бәрін мақұлдай береді екен!

- Әт-пішу!

Қысқасы, мұрынымның арқасында қазақтың ұлы жазушысы Сәбит Мұқановтың рөлін сомдағандай болдым.

Ол былай өрбіпті. Ақын-жазушылар сәл нәрсеге дауласып қалып, Сәбеңе жүгінеді екен. Анау келіп, дауын­ айтса да, Сәбең: «мақұл, сенікі дұрыс» дейді. Мынау келіп, дауын айтса­ да, Сәбең: «мақұл, сенікі дұрыс» дейтін көрінеді.

Бір күні дауласқан екі жақ бірігіп, Сәбеңе келеді де: «Сіз мен айтсам да, мынау айтса да, «мақұл, сенікі дұрыс» дейсіз, сонда кімдікі дұрыс?» - десе, Сәбең: «Сенікі де дұрыс!», «Мынанікі де дұрыс!», «Менікі де дұрыс!» деген екен.

Қайран Сәбең секілді мен де анау айтс­а да,  «Әт-пішу!»,  мынау айтса да, «Әт-пішу!», өзім айтсам да, «Әт-пішу!» деп мақұлдағандай болдым. Тек айыр­машылығы: Сәбең миымен ойланып айт­са, мен мұрынымның күшімен айттым.­

Бір қызығы, осы бір нәтижесіз жиналы­стан кейін, ауылымызға бұл мәселемен енді қайтып ешкім соққан жоқ. Мектебімізге ешкім жоламады.

Алайда мәселе мұнымен бітпепті. Өздеріңізге мәлім, осы жылдың, яғни 2019 жылдың наурыз айында Елбасы Н.Назарбаев өз еркімен биліктен кеткен­ соң, президентіміз Қ.Тоқаевтың жарлығымен Астана қаласы «Нұр-Сұлтан» боп өзгергені белгілі. Осы тарихи­ оқиғадан соң, ізін суытпай, маған­ бір азамат келіп жолықты. Жай жолыққан  жоқ.

- Ана бір жылдары мектебімізге Шөмішбай  Сариевтің  атын  беру тура­лы­ ұсынысыңыз есіңізде ме? - деді.

- Иә, - дедім есіме түсіріп.

- Олай болса, сол мәселені қайта көтерейік. Тірі адамға қаланың атын беріп  жатқанда, мектептің атын беру не тұрады, тәйірі! - деді.

Шошып кеттім. Дереу жан-жағыма қарадым. Бірдеңе айтайын деп едім. Мұрыным тас боп бекіп, тілім байланып қапты. Ештеңе айта алмадым. Тек санама: «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» деген бар шырағым!.. Ағайынның сойылын соққанша, білім саласының сансыз реформаларынан ұрпақ әбден сауатсызданып бітті. Өмірге я оқи алмайтын, я жаза алмайтын мәңгүрт ұрпақ келді. Осының обалын­ халық боп неге көтермейсіңдер? Неге осы жолда белсенбейсіңдер?!.» деген­ ой орала кетті де, бұрылып қаша жөнелдім. Кезекті бітіспес даудан қаштым­.

Иә, бәріміз де ажалсыз шайтан емеспіз! Демек, адам екенбіз, адами істерде ғана қауышайық!

 

Нұрбай   ЖҮСІП,

Арал  ауданы

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Шілде 2019 >
1 2 3 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары