Оқырманнан хат

Келіп кету есептегіші

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1904
mod_vvisit_counterКеше1815
mod_vvisit_counterОсы аптада14844
mod_vvisit_counterӨткен аптада20075
mod_vvisit_counterОсы айда37349
mod_vvisit_counterӨткен айда58946
mod_vvisit_counterБәрі4218439


Өзекті мәселелер

  • 13.12.19

    Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мазмұны терең, мағынасы зор мақаласын жуырда тағы бір мәрте шолып шықтым. Сол сәтте ойыма­ Арал ауданының Тоқабай елді мекенінде тұратын ардагер ұстаз, сол өңірге танымал өлкетанушы Үргенішбай Қуатов оралды.

    ...
    Толығырақ...
  • 13.12.19

    Менде арман көп. Қиялдай кетсем, ойымда шек жоқ. Туған жерімде лайықты білім алып, ата- анам, туған қарындасыма қамқор болғым келеді. Қарындасымды шексіз жақсы көремін. Ол – менің бауыр етім. Ата-анамыз бізге күн сайын бір-бірімізге қамқор, мейірімді, адал болуды үйретіп отырады. Өйткені мейірімділік әлемді құтқарады. Егер біз мейірімді болсақ, біздің өміріміз қуанышқа, бақытқа тол...

    Толығырақ...
  • 05.12.19

    «Құмкөл-Қызылорда» авто­жолы­ның 70-інші шақырымында «Кеңлік» кен орнынан Шымкент қаласына бағыт­ алған «Neoplan» маркалы автобус­ аударылып, 8 адам қаза тапты. 21 адам жарақат алған. Мәліметтерге сүйенсек, автобус ішінде барлығы 36 адам болған. Олардың барлығы – «Саутс Ойл» мұнай компаниясының қызметкерлері» деген ақпарат барша қазақстандықтың қабырғасын қа­йысты­рғаны  анық.

    ...
    Толығырақ...
  • 05.12.19

    Алты құрлықты ақпарат билеген уақытта оған ілесіп отырудың өзі жетіс­тік. Соңғы жылдары «жаңа медианың келешегі кемел, ал дәстүрлі БАҚ-тың болашағы бұлыңғыр» деген пікір бірен-саран айтылып жүр. Қай медианың алға озып, қайсысы артта қалатыны уақыт еншісіндегі дүние деп білеміз. Бірақ ел алдымен интернетте жылт еткен жаңалыққа емес, газет бетінде қатталған хабар­ға сенетіні анық. Ол – ақиқат. Толығырақ...

  • 05.12.19

     

    Ерғали  АБДУЛЛА


    Қу  ақша

    Бермеймін дегенді – бергізеді. Көрмеймін деге...

    Толығырақ...
ҚУЫРШАҚ ҒАЛЫМДАР ОЙЫНШЫҚ ҒЫЛЫМНЫҢ ІРГЕТАСЫН ҚАЛАЙДЫ
15.08.2019 14:10

Кез келген қазақты «Бізде ғылым қайтсе дамиды?» деген­ сұрақ  мазалайтын  болса, бұл  саладағы  тасымыз әлде­қашан өрге домалар ма еді?! Жо-жоқ, бұл «қазір тым төменге құлдилап­  кетті» деген сөз емес. Жол үстінде келе жатып­, ой құшағына оранып, ғылым жолы туралы тебіренгенім кеше ғана. (Бұған дейін басыма бірде-бір рет кіріп-шықпаған­ы үшін кімнен ұялатынымды білмедім!?) Жалпы, қазақ ғылымындағы түйткілді тақырыптарды тізбектеп жазуды жөн санағанмын.

Таңдайыма келген тәтті өлеңдей ми қыртысымды мың айналған «Қуыршақ ғалымдар ойыншық ғылымның іргетасын қалайды» деген сөйлем менің қозғағым келген тақырып  аясын тарылтып жібергендей көрінді. Семіз сөйлеп, арық шықпау керек. Десе де, қалтасы қалың немесе атақты адамдардың «ғалым» деген дардай атқа ие болып жат­қанын естіп жүрміз. Ел ішінде де сан түрлі пікір бар. Арзандап кетті деп аттандауымыз содан шығар. «Сіз не дейсіз?» деген  айдар­  арқыл­ы қос ғалымның  пікірін білгеніміз де сол. Біздікі  ғылым  жайлы айтылған һәм жазылға­н  әр  пікір  ғылым үшін  қызмет етсе, пайдасын тигізсе­ деген  ой  ғана.

«Менің екінші сыныпта оқитын немерем ғылыми жобам­ен айналысып, диплом жеңіп алды» дегенді естігенде шалқамнан құлай жаздадым. Өзі екінші сынып! Ғылыми жоба! О, тоба! Айналайындар-ау, екінші сыныпта қайдағы ғылыми жоба? Ғылыми жұмыс болғанның өзінде де адам иланатын шаруа ма осы?! Қазақстандағы ғылыми-зерттеу институттарының «огородына» түсіп, «қауын-қарбыз қабығының» адам организміне пайдасы мен зияны» деген тақырыпты зерттеп отырған «балақай ғалым» менің осы постыма миығынан күліп отырған шығар?! Күле берсін! Бұл – оның Құдай берген құқығы. Дей тұра, мен мұрнының  боғын томармен қаға алмай­ жүріп, ғылыми жобамен айналысып отырған балақайды көз алдыма елестете алмадым. Таза формализм. Жо-жоқ, таза маразм!» деп жазған болатын фейсбук парақ­шасында белгілі жур­на­лист Шархан Қазығұл мұнан сәл ертеректе. «Ғалым Балақаев  биігінен «балақай ға­лым» синдромына дейін» атты жазбасын ол «ғылыми жобамен есі кіресілі-шыға­сылы кезінен айналысып үйренген  формалист  өсе  келе маразм  диссертация  қорғауға дайын тұратынына бәс тіге аламын» деп өз сөзін қорытындылайды.

Иә, мәселе қайда жатыр? Әйтеуір студент атанып, артынша оқу бітіргеннің көбі­нің  аузынан «магистратураны бітіріп алу керек еді» деген­ сөзді естисің. Сол-ақ екен, сөзінен нақтылықты тағы байқамайсың, оқу керек пе, оқу керек. Болды! Бітті! Әлбетте, оқыған жөн, бірақ олардың ғылым жолына деген сапары қаншалықты ұзақ болады? Белгісіз әрі бұлыңғыр секілді...

Жақында ғана «Жас қазақ» газетіне берген сұхбатында ғалым Мекемтас Мырзахметов былай деп таусылыпты. «...Мен ғылым докторымын. Біреуге ғылыми жетекші болайын десем, бірде-бір мақалам шетелдің журналында жарық көрмепті. Сондықтан жетекші бола алмайды екенмін. Бір жағынан шетелд­ің журналына мақала шығару деген қып-қызыл ақша. Қысқасы, жасанд­ы ғылым мен жағымпаз ғалымды топырлатып жатырмыз. Қазіргі PhD докторлар бұрынғы кандидаттардың қолына су құйып бере алмайды. Деңгейлерінің арасы – көк пен жердей».

«Осы арада тағы бір қызықты ай­тайын. Білім саласы осы жүйеге (қазіргі жүйені айтады – Р.Ж.) ауысқалы қал­тасы қалың әкім-қара, шенеуніктер мен әнші-әртістер жаппай магистратура мен докторантураны оқуға көшті. Қауашағында білім жоқ, бірақ қалтасында PhD доктор деген таудай атағы бар. Бұл да – бүгінгі білім жүйесіндегі былықтың бір көрінісі» дейді ғалым.

Ғылым – өте қиын жол. Әрдайым ізденісті қажет етеді. «Оқу инемен құдық қазғандай» деген тәмсілмен өстік, жетілдік. Шынтуайтына келгенде, оқу – ғылымның ең бергі сатысы, алғашқы баспалдағы. Әрі қарай өзді­гіңізше елестете беріңіз. Осы орайда, «ғылымға бөлініп жатқан көңіл мен қаржы қандай?» деген сауалды ортаға тастай салуға болады. Мәз емес! Ғалымға­ төлеп жатқан ақшамыз оның ғылыммен айналысуына толыққанды жете ме, қажетін өтей ала ма? Ғылымда қандай мәселе бар? Оны шешу жол­дары қандай? Сөз басында жазғанымыздай, ғылымдағы түйткілді және аражігін ажыратып алатын мәселелер төңіре­гінде мамандардың өздері сөйлегені дұрыс деп таптық. Біздің білгеніміз, қуыршақ ғалымдар көбейсе, олар тек ойыншық  ғылымның  іргетасын  қалаумен  ғана  айналысады...

Рыскелді   ЖАХМАН

 


 

Нұрбол  АППАЗОВ,

химия ғылымдарының кандидаты, профессор, Қорқыт ата атындағы ҚМУ Химиялық зерттеулер және технологиялар институтының директоры:

- Біздің халықта ғылым жайлы қалыптасқан теріс ұғым бар, университетте жұмыс атқарса болды ғалым деген.­ Университеттің негізгі міндеті – білім беру, яғни, онда қызмет атқаратындардың дені – ұстаздар. Сол университет жанында ғылыми­-зерттеу институ­ттары, ғылыми-зерттеу орта­лық­тары, ғылыми-зерттеу зертхана­лары қызмет атқарады. Міне, сонда­ ғылым іске асады. Бірінші осыны ескеру­ керек.

Сосын профессор-оқытушы және про­фес­сор-ғалым деген ұғым бар, бірін­шісі тек студенттерге білім берумен айнал­ысады. Екіншісі студенттерге білім берумен қатар, ғылыммен айналысады. Ғылым құр идеямен іске аса алмайды, оған міндетті түрде қаржы қажет. Қазіргі таңда мемлекеттен конкурс негізінде­ гранттық қаржыландыру, бағдар­лама­лы-нысаналы қаржыландыру және т.б. түрлері бар, бірақ, бір өкініш­тісі  бөлінетін  қаржы  өте аз.

Сондай-ақ, ғылыми дәреже және ғылыми­ атақ деген ұғым бар. Ғылыми дәреже алуда коррупциялық жағдайлар болып тұратын, бірақ, қазір өте қуантатын  жағдай  мұның  тамырына  балта шабылды десе де болады, енді ғылым­ға тек талабы бар жастар келед­і. Ал, ғылыми атаққа келетін болсақ, оны ешқан­дай ақшамен сатып алу мүмкін емес, ол – нағыз еңбекпен келетін дүние. 2011 жылы жаңа Ғылым туралы заң қабылданды, содан бері біздің универ­си­тетте бірде-бір ғалым атақ ала алмай­ жүрген, мен алғаш рет 2018 жылдың қыркүйе­к айында  жаңа  талапқа  сәйкес профессор  атандым.

Меніңше, ғылым жақсы табыс әкел­мегендіктен,  бай-бағландардың бала­лары  ғылыми  дәреже  мен  атаққа қызыға қоймай­ды. Олар бизнеске, банк саласы, саясат және т.б. салаларға кетеді. Ғылым­ға келетіндері шынайы ғылымға қызығатындары деп ойлаймын. Жалпы, ЖОО орындары мен ғылыми-зерттеу институттарына барсаңыз, бай-бағландардың балаларын өте сирек кездес­тіресіз, бұл салаға көбінесе қарапайым отбасы­нан  шыққандар  келеді.

Өз басым, мектептегі балаларға ғылыми жұмыс бергенге қарсымын, олар көбіне білім додаларына қатысуы керек, мысалы, пәндік олимпиадаға. Ал, мектепте ғылым рефератпен­ шектелсе де болады,  яғни ғалымдардың  соңғы  жетіс­тіктерімен  танысу  мақсатында.

Жастарға күнкөріс керек, өсіп-өну, отбасын құру және т.б. Ал ғылыммен шынайы айналысатын болсаң, көп уақытты сарп етіп, төменгі табыспен ондаған жыл еңбек етуге тура келеді, содан кейін ғана ғылым жемісін беріп жатады.­ Ғалым ғылым жолында еңбек етуі үшін оған ғылыми инфрақұрылым (зертхана, ол зертханада қажетті құрал-жабдықтар, реактивтер, ыдыстар, зертханалық жиһаз және т.б.), еңбек ететін мамандар (әсіресе, жастар) және міндетті түрде қаржыландыру қажет. Бұлардың бірі болмаса, ғылымнан нәтиже көру бос әуре. Осыдан 10 жыл бұрын Елбасының қолдауымен өңірлерде ғылымды дамыту мақсатында­ ұжымдық қолданудағы зертхана­лар мен инжене­рлік бейіндегі зертханалар ашылған болатын. бұл өңірлерде ғылымды дамытуға айтар­лықтай  өз үлесін қосқаны анық. Алысқ­а бармай-ақ, өзіміздің Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік универ­сите­тіндегі инженерлік бейіндегі зертхананың ашылуы өңірімізде химия, химия­лық технология ғылымдарын дамытуға лайықты пайдасын тигізіп, бірқатар жас ғалымдарға жол ашты. Жоғарыда айтқанымдай, 2011 жылы Ғылым туралы заң қабылданып, ол ғылымды қаржыландыруға жаңа серпін алып келді. Зерт­хана алғашында мемлекеттен базалық қаржыландыру алып, оның материалдық базасы­н жақсартуға бірқатар жақсы көмек  болды, одан  бөлек  жас  мамандар­ды­ жұмысқа  тартып ғалым болып қалыптасуына дейін жалақы жағын шешуге мүмкіндік берді. Конкурстық негізде грант­тық  қаржыландыру арқылы ғалымдарымыздың ғылыми еңбектерін дамыту­ға  көмектесті. Осы зерт­ханада жүр­гізілген  ғылыми-зерттеу нәтижелері алғаш­  рет  өңірімізде коммерциялан­дыру жобасын ұтып алуға да қол жет­кізілді. Істелген жұмыс аз емес, бірақ, жеткен жетістікте тоқтап қалмай ары қарай да жылжу қажет. Бірақ, кез келген нәрсенің де әттеген-айы болары рас, соңғы жылдары ғылымды  қаржы­ландыру  мемлекет есебінен  ұдайы  төмендеп  келед­і.


Бекарыс  НҰРИМАН,

PhD  доктор:

- Бірінші кезекте біз «ғылым қоғамға не үшін керек?» деген мәселені түсініп алсақ. Ғылымның мақсаты – қоғамдағы қордаланған, шешімі табылмай жүрген мәселенің түйінін тарқатып беру немесе шешудің оңтайлы жолын ұсыну. Мәселен, бір аймақта­ күн райы +40 градустан да жоғары болса,­ келесі аймақта +10 градустан аспайды делік. Екі аймақта жол салу үшін әуелі екі жақтың ауа райы ескеріліп, асфальт құрамының қандай болу керектігі зерттеледі. +10 градустан әрі ысымайтын аймаққа есептелген асфальтт­ы +40 градус ыстығы бар Қызыл­ор­даға салсаңыз, жазда асфалтыңыз еріп, балқып кетеді емес пе?! Яғни, біз қажетті нәрсеге ғылыми зерттеу арқылы қол жет­кіземіз  деген сөз. Демек, ғылымның мақсаты – адамның өмір сүруін жеңілдетіп, туында­ған мәселелерін шешу. Осы тұста, гуманита­рлық салада «ғылым қандай мәселені шешіп беруі мүмкін?» деген ой туады. Ең бастысы, халықтың әдеби, мәдени, тарихи жалпы рухани мұраларын көне дәуірден қазірг­е дейінгісін зерттей отырып, бірінші­ден, отарлық санадан арылу үшін, екіншіден, жаһандануға жұтылып кетпеу үшін «ұлт ретінд­е, халық ретінде рухани болмысымызды қалай сақтап қаламыз?» деген мәселені талқылып, осыған бір шешім тауып беруі керек деп есептеймін.

Әлемге қарайтын болсақ, бір ғана BBC-дің өзінде эфирден қандай бағдарлама көрсетілетіні 1-2 жыл бұрын алдын ала зерттеледі. «Алда әлемдік кризис келе жатыр, сол кезде  қандай  тақырып  өзекті  болады?» деген­ секілді мәселелер  жан-жақты талқыланады. Зерттеу нәтижесі бойынша жаңа бағдарламалар  халыққа  жол тартады. Бізде  ше? Әсіресе, Орта Азия елдері ғылыми зертте­удің нәтижесін өндіріске қолдану, өмірде қолданудан гөрі кез келген шешімді саяс­и тұрғыда қабылдайды. Сөйтеміз де қабылданған шешімнің дұрыстығын ғылыми зерттеу арқылы дәлелдеп жататынымыз жасырын емес.

Патшалық Ресей қазақ халқын отарлау үшін ә дегеннен әскермен шауып кірген жоқ. Бірінші қазақтың болмысын, салт-дәстүрін, күнделікті тұрмыс-тіршілігін зерттеді. Қазақ қандай халық, қандай сөз айтқанда күледі, қандай сөз айтса жұбанады, өмір сүру салты қандай, бұлардың рухани тұрғыда көңілін тыныштандырып ұстап отырған қандай құндылық? Сөйтіп, біздің тарихымыздың, әдебиетіміздің, тіліміздің, мәдение­тіміздің бәрін-бәрін зерттеп, соның нәтижесінде шешім қабылдап барып отарлауға көшті. Соның бір дәлелі ретінде Тевкелевтің зерттеуін айтуға болады. Ол: «Қазақтың 12 жақсы қасиеті, 6 жаман қасиеті бар екен. Қазақты отарлау үшін әлгі 12 жақсы қасие­тін  жойып,  6 жаман қасиетін дамыту керек­» дейді. Бірінші, «бұлар екі тізгін, бір шылбыр, бар билігін төренің қолына береді. Енді хандық билікті жойып, билікті қараның қолына беру керек. сосын қараның арасынд­а билікке талас басталады» деп бағамдады­. Мұны жасады ма, жасады. Екінші, ақсақалға бағыну. Қазақта арқыраған батыр болса да, таяққа сүйенген қарияға бағына­ды, оның айтқанынан шықпайды. «Ақсақал, сіздің заманыңыз басқа, ол дәуір өтті, қазір жаңа заман» деген ұғымды енгізді. Зерттеу нәтижесінде қабылданған шешім  бойынша жастарды үлкендерге айдап­  салу  процесі жүрді. Осылайша, үлкенді сыйлау­ секілді  біздің ірі болмысымыз жойылды. Жоғары­дағы  сөзімді қайталап айтамын, біз бүгінгі  күні отарлық санадан арылу үшін және жаһандануға жұтылып кетпеу үшін «ұлт ретінде,­ халық ретінде рухани бол­мысы­мызды қалай сақтап қаламыз?» деген мәселені  талқылып, осыған  бір  шешім  тауып­ беруі  керек деп есептеймін. Мінеки, біз  «бүгінгі  қазақ  ғылымының  алдағы мін­деті қандай?»  дегенде осыған мән беруіміз қажет  еді.

Бүгінде ғылыммен кім айналысып жүр? Маңайға көз тастап көрейікші. Бізде ғылыммен айналысу үшін магистрлік, докторлық диссертация қорғайды. Маңайымда мен көріп жүрген қаншама мықты жастар бар, оларды мақтан тұтам. Дегенмен, әдебиеттану болсын, басқа салада болсын бір ауыз ағылшынша сәлемдесуді білмесе де, магистратура­ мен докторантураға оқуға түсіп жатқандар да бар. Бұлар – ғылымды ақшаға сатып алуға болады деген көзқарастағы адамдар. Осылар ғылымның тамырына балта шауып жатыр. Бұл жалған ғалымдардың ғылымға тигізер қандай зияны бар? Біріншіден, қоғамда ғылымның ешқандай қадірі қалмайды. Яғни, ғылым ақшасы бардың айналысатын шаруасы сияқты. «Мен – доктормын, мен – пәленмін» деп айту үшін ғана секілді болып қалады. Екіншіден, осы уақытта шынайы зерттеп жүрген ғалымдардың еңбектері бағалан­байды. Міне, осындай жалған ғалымдардың көзқарасы ғылымға кері әсерін тигізеді.­ Бұл ретте біз биылғы магистратураға тапсырушылардың ағылшын тілінен тестке­ кірген жағдаяттарын жария етіп айтуымызға болады. Министрліктің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жарияланып жатыр. Тестте телефонмен немесе шпормен ұсталып жатқандар бар. Бұлар – осыған дейін ғылым туралы теріс пікір туғызғандардың жемісі. Енді біз мұны қалай тоқтата аламыз? Бір-ақ жолы бар, бақылау мен талап күшеюі керек. Аға буын ғалымдар: «қазір ғылым қартайып бара жатыр­»  дегенді жиі айтады. Егер біз ғылымды дамытамыз десек, онда жастардың ғылымға бет бұруына және дамытуына мүмкіндік жасауымыз керек. Себебі, «Қазақстанда ғылымға бет бұрдым» деген сөз «қайырш­ылыққа өз еркіммен келдім» деген түсінікті қалыптастырған. «Ғылымда ақша жоқ, жағдай қарастырылмаған, әйтеуір ілініп-салынып өмір сүресің» деген секілді. Осыны жою үшін мемлекет тарапынан ғылымғ­а көп қаржы бөлінуі керек. Мәселен, өзім қазақстандық докторант ретінде шетелді­к грантты жеңіп алдым. Ол жерде берілетін ай сайынғы стипендия өте жоғары­ болды. Осы тұста, елдегі гранттан гөрі шетелді­к грантпен айналысқан дұрыс деген ой туады. Біздегі ғылыми потенциалы бар жастардың шетелге кетуінің бір себебі осы екені  жасырын емес.

Әрине, елде ешқандай мүмкіндік жасалмай жатыр дей алмаймыз. 2018-2020 жылдарға арналған 3 жылдық ғылыми жобалардың конкурсы болды. Сол жобаға қатысушылардың, қателеспесем, «30 пайызы 35 жасқа дейінгі жастар болсын» деген талап қойылды. Бұл – бір. Екіншісі – жақында ғана жарияла­нған 40 жасқа дейінгі жас ғалымдарға арналған ғылыми жобалар гранты. Демек, бізде аз да болса, жастарға көңіл бөлініп жатыр. Онан бөлек, әр өңірде облыстық бюджеттің қаржыландырылуымен ғылыми жобалар жүзеге асырылып жатады. Осы жобаларда әр өңір жастардың жұмыс істеуіне, жаңа көзқараспен зерт­теуге басымдық беру керек деп есептеймін. Өйткені, кейбір облыстардағы ғылыми жобалар­ды қарасам, ескі көзқарас, бұрын жазылған ғылыми зерттеулердің нәтижелері әлі жарияланып келеді. Ғылыми гранттар бөлінгенімен, жаңашылдық жоқ. Ескі ізбен кете берсек, бізде ғылым дамымайды.

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Тамыз 2019 >
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары