Өзекті мәселелер

  • 21.11.19

     

    Ерлан  ЕСТЕК,

    қазақ күресінен ұлттық құраманың бас бапкері:

    Толығырақ...

  • 21.11.19

    «Заманның  қожасы  да,  тұтқасы  да – жастар!». 1921 жылы «Жас Алаш» газетінің алғашқы нөмірі осы ұранмен жарыққа шықты. Тарих бетінде «Жас Алаш» көтерген үндеу алтын әріппен жазылды. Ел жастарының жанында жатталып қалды. Осы басылымда Ғани Мұратбаев тұңғыш редакт­орлық қызмет атқарған еді. Жалпы, Ғани туралы айтылатын, жазыла­тын дүние көп. Тым қысқа ғұмырында тындырымды тірлік жасап­  кеткені...

    Толығырақ...
  • 21.11.19

    «Шыдамның да шегі бар». «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК мен «Су жүйесі» МКК басшылығы осылай дейді. Сұрауы бар су мен қытымыр қыста жан сақтайтын жылудың ақысына келгенде тұрғындар таршылық танытатын­ көрінеді. Олар ай сайын емес, жыл сайын қордаланға­н қарыздарын жеке тұрғындар мен меке­мелерге ескертуден шаршаған. Жылдың басында жылуға­ қарыз көлемі 200 миллион теңгеге жеткен. Ал...

    Толығырақ...
  • 21.11.19

    Аграрлық өңірдің әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар бүгінде өз жемісін беруде. Кеше ғана ауыл шаруашылығы саласында көштің басында тұрған Жалағаш ауданымен қалай мақтансақ та жарасады. Аллаға шүкір, ауыл еңбеккерлері Жер-Ананың берген ырзық-несібесін ысырап қылмай, Сырдың басты дақылынан тау тұрғызуда белсенділік танытуда.

    ...
    Толығырақ...
  • 21.11.19

    Қазақстандық медицина  саласын  жаңа деңгейге көтеруге бағытталған жобалардың  бірі – «Денсаулық» бағдарламасы. Үш жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан бұл бағдарламаның да мәреге жетуіне аз қалды. Қызылорда облысында аталмыш бағдарлама аясында ауқымды жұмыстар атқарылды.

    ...
    Толығырақ...
КАДР ТАСИТЫН ӘДЕТІМ ЖОҚ
22.08.2019 11:15

Мұрат  ЕРГЕШБАЕВ,

Қазалы  ауданының  әкімі:


ҚАЗАЛЫНЫҢ    ЖЕРАСТЫ  ТАБИҒИ   БАЙЛЫҒЫ   ЖОҚ

– Мұрат Нәлқожаұлы, тарихы терең­де жатқан Қазалы топырағы талай­ талантты тудырған қасиетті мекен­ ғой. Осындай өңірге басшылық ету қандай жауапкершілік жүктейді? Әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасақ.­..

– Қазалы ауданы – Қызылорда облысындағы ең іргелі өңірдің бірі. Өзіндік бай тарихы бар. Жалаңтөс баһадүр мен Жанқожадай батыр, қазақ жастарының көшбасшысы бол­ған Ғани Мұратбаевтай талант дүниеге келген жер. Ел мұраты жолында тер төккен ерлердің осы жерде­ дүниеге келуі тегін емес деп ойлаймын.

Ашығын айтайын, қызметтің қай түрі болса да, халық үшін жұмыс істеген соң жауапкершіліктің болатыны сөзсіз. Мен осы қызметке Қырымбек­ Елеуұлының тұсында, депутаттардың мақұлдауымен тағайындалдым.

Жалпы, Қазалы ауданы облыста даму динамикасы қарқынды өңір саналады. Жасыратыны жоқ, өзге өңір­лермен салыстырғанда қай салада болмасын ілгерілеу бар. Неге? Мен бұл сауалға ұзақ ойландым. Мәселен, өзге аудандардың табиғи шикізаты мол. Өкінішке қарай, Қазалының жерасты табиғи байлығы жоқ. Есесіне, сауда-саттық кең етек жай­ған. Бұлай болуына себеп бар. Өзде­ріңіз білесіздер, аймақ жұрты Қаза­лын­ы «екінші Түркістан» деп атай­ды­. Аралда 80 мың, Байқоңырда  50 мың, Қармақшыда 45 мыңға тарта­ халық тұрады. Көршіліс өңірдің тұр­ғындары күнделікті осында келіп, сауда-саттық жасайды, керек-жарағын­ алады. Енді есептей беріңіз. Бұл – бұрыннан қалыптасқан дәс­түр. Сондықтан Қазалыда сауда нүктелері, дүкендер көптеп ашылып жатыр­. Меніңше, ең басты байлық – адами капитал. Қазалылық жұртшылық кәсіпке, сауда-саттыққа, еңбекке бейімделген. Күні кеше ғана ауылдарды аралап қайттым. Егістік ба­сына  бардық. Ауыл ақсақалдарымен жүздестім. Жылы қабылдады. Тұр­ғындар әйгілі күләбі қауынын егіп, Байқоңырға, Аралға сатып жатыр. Біраз жылдан бері «РЗА» акционер­лік қоғамы дәмі тіл үйірген пастерленген және ультрапастерленген сүт, айран, қаймақ, ірімшік, сары май, құрт өнімдерін өндіруде. Қызыл­орда облысында 3000 бас мал бордақылау алаңы салынған екі-ақ аудан бар. Оның бірі – Қазалыда орналасқан «Сыр Маржаны» ЖШС. Бұдан да басқа ірілі-ұсақты шаруашылық­тарымыз жетерлік. Ел ақсақалдарының, аудан азаматтарының, көпші­ліктің арқасында жұмыс істеп жат­қан жайымыз бар. Мен осындай топы­рақта қызмет еткенім үшін өзімді бақытты адам санаймын.

– Сөз арасында Қырымбек Көшербаевты айтып қалдыңыз. Бұрынғы облыс­ы әкімінің ҚР Президенті Әкім­шілігінің басшысы қызметіне та­ға­йын­далуын қалай қабылдадыңыз?

– Мұндай лауазымды қызметке Сыр елінің тумасы, тәжірибелі басшының тағайындалғанына өте қуа­ныштымын.

– Ал облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовта­н қандай жаңашылдық күтесіз?

– Ең біріншіден тоқталатын жайт, Қуанышбек Досмайылұлы – қызметтің барлық сатысынан өткен азамат. Соңғы 4 жылда Қырымбек Елеуұлының орынбасары болды. Облыс­тың экономикалық жағдайынан толыққанды хабардар. Қандай проблемалар бар? Қай бағытты дамы­туымыз қажет? Бұл сауалдардың жауа­бын білетіні сөзсіз. Ең бастысы – Арал мен Жаңақорғанға дейінгі аралықтағы мәселелердің бәрінен хабары бар. Сонымен қатар, ол қаржының қалай келетінін, оның қадірін, тиімді пайдалануды және ең маңызды салаға жұмсауды біледі. Себебі, өзі  де – қаржы саласының маманы. Өте білімді, іскер азамат. Аймақ басшы­сы Қырымбек Елеуұлының тұсында басталған бірқатар жоба­ларды жалғас­тырады деп сенемін. Оны өзі де айтты ғой. Облыс әкімі де – Сыр елінің перзенті. Сондықтан ол аймақтың алға жылжуына сүбелі еңбек сіңіреді  деп ойлаймын.

 

АДАМ   БАР   ЖЕРДЕ  МӘСЕЛЕ   ДЕ   БАР

– Аудан  тұрғындарын  қазіргі  таңда­ нендей  мәселе  толғандырады?

– Мен аудан тұрғындарын аптасына 2 рет қабылдаймын. Одан бөлек, жұмыстан жаяу қайтамын. Кейбірі көшеде кездесіп, мәселесін айтып жатады. Егер дереу шешуге мүмк­індік болса, тиісті бөлімнің басшыларына тапсырма беремін. Рас, адам бар жерде проблема да бар. Солай­ болуы да – заңдылық. Бүгінгі таңда ең өзекті мәселе – жұмыспен қамту, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қолдау көрсету сынды мәселелердің барын жасырмаймын. Барлық әлемде қалыптасқан жайт. Аталған түйткілдердің түйінін тар­қату мақсатында қолдан келгенше шаруалар атқарып жатырмыз. Айталық, көмекке зәру отбасыларға былтыр 18 млн теңгеге қайырымдылық акциясын жасадық. Ел азаматтары көмекке мұқтаж жандарға қыстыгүні көмір түсіріп берді. Биыл «Мектепке­ жол» акциясы аясында 600-дей бала­ны оқуға қажетті құрал-жабдықтармен, қысқы киім-кешекпен қамту жоспарда бар. Тұрмысы төмен, баспанаға мұқтаж азаматтарды қолдау мақсатында ескі аурухананы күрделі жөндеуден өткізіп, жатақхана есе­бін­де 40 отбасыны сонда орна­ластырдық. Су, жарық, газ бәрі бар. Тек тәртіп керек. Кенттегі ескі мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 35 отбасы­ға бермекпіз.

– Ал Сізді қандай мәселе алаң­да­тады?

– Қазір жұмыс сұрап келушілердің қателеспесем, 95 пайызы – бастауыш мектептің мұғалімі мамандығын бітіргендер. Жастардың өзде­рі сұрап келсе, бір сәрі, егде тарт­қан аға-апаларымыз келеді. «Мен баламды оқыттым. Жұмыс тауып­ бер» дейді. Қазір бізге орыс тілі, ағылшын тілі, информатика, физика-математика пәндерінің мұғалімдері жетіспейді. Алаңдататын жайт мынау: жыл сайын мыңдаған ЖОО-нан мұғалім, заңгер, теміржол, т.б. саланың мамандары бітіріп жатыр. Оның бәріне қызмет табыла бермейді ғой. Ал жоғары білімі жоқ, аяқ-қолы балғадай жігіт­тер күзетшінің жұмысын сұрайды. Кезінде кеңес үкіметінің тұсында күзетшілердің дені үлкен кісілер бола­тын. Ол кездің жас­тары мұндай жұмысты істеуге арланатын. Қараңыз, «РЗА» акционерлік қоғамы өткенде сауыншы, 20-ға жуық механизатор керек деп бізге сұраныс жіберді. «Сыр Маржаны» ЖШС бақта­шы, мал дәрігері қажет дейді. Осында жұмыс сұрап келген жігіттің бірі «Мен бір күн жұмыс істеп, екі күн дем алуым керек» дейді. Айтыңызшы, біз қайда бара жатырмыз?

Бүгінде мемлекет тарапынан қайта оқыту, бизнес бастау, небір гранттар бөлініп жатыр. Аталған бағдарламалардың көмегімен бизнесін бастап жатқан жас қыз-жігіттеріміз де баршылық. Естіген боларсыз, Абай ауылының тұрғыны Оңдашбай Өтеміс он саусақсыз-ақ кәсіп ашып отыр. Ынта бар, мақсат бар. Мен жерлестерімді осы азаматтан үлгі алуға шақырамын.

Кезінде үштілділік мәселесі көтерілді. Шынымды айтайын, әу бас­та бұл шараның болашағына сенбед­ім. Қазір қарап отырсаңыз, ғылымның, ақпараттардың дені ағылшын тілінде жүріп жатыр. Одан қазақ жастары да құр қалмауы тиіс. Заман талабы – осы. Қырымбек Елеу­ұлының тұсында аймақ жастары Ресейде білім алуға мүмкіндік алды. 2017 жылы Мәскеуде білім алып жатқа­н жастармен мен де кездестім. Таңғалдым! Қызылордалық жастардың өзін-өзі ұстау мәнері, сөзі, ойын емін-еркін айта алатындығына риза болдым. Ол жастар бүгін емес, болашақта зор пайда әкеледі деген сенім­демін. Менің жастарға айтарым: адам ізденуден жалықпауы керек.

– Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласын­ың  арасын қосу жұмыстары қалай   жүргізілуде?

– Бүгінгі таңда екі аралықтағы құрылыс жұмыстары қарқын алды. Биыл бұл бағыттағы жұмысты жалғас­тыруға 2,5 млрд теңге көлемінде қар­жы қаралды. Бұйырса, жыл аяғына дейін екі аралықтан 1500 адамға тұрғын үй салу үшін жер учаскесін табысталады. Бірнеше әлеуметтік нысандар салу да бас жоспарға енгі­зілді. Атап айтқанда, балабақша мен бірнеше мекеменің әкімшілік ғимараттарын салу үшін жер телімі белгіленіп, жобалары әзірлену үстінде. Болашақта Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентін қосып, 50 мың халық тұратын үлкен қалаға айналдырсақ деген ойымыз бар. Сондай-ақ, 2 қабатты 12 тұрғын үй құрылысын салу үшін құжаттарын әзірлеп, қаржыландыруға республикалық бюджетке ұсындық. Сонымен қатар «МФК-Тұран» ЖШС, «Нұрай-Ақжол» ЖШС, «Мелиоратор» ЖШС, «Промстройсервис Е» ЖШС, «Аман Құрылыс» ЖШС, «Бер-Нұр-Тараз» ЖШС ауданымыздағы 5 екі қабатты тұрғын үйдің әрқайсысына 2,5-3 млн теңге қаржы шығарып, демеуш­ілікпен күрделі жөндеу жұмыстарын  жүргізуде.

Айта кетейін, Қазалы ауданында ауыларалық жолдардың сапасы өте нашар. Біз бұл мәселені облыс басшылығына жеткіздік. Былтыр 7 жоба, биыл 6 жоба іске асырылып жатыр. Ең шеткі ауылымыз Кәукейге­ дейін жол салынбақ. Әрине, мұның барлы­ғы қаражатқа келіп тіреледі. Біз бюджетке өтінім жібердік. Бұлардың барлығ­ы кезең-кезеңімен шешіледі.

 

АДАМ   АЛДАМАУЫ   КЕРЕК

– Басшылық қызметтегі адамға кадрдың орны ерекше. Сіз кадрды қалай   жасақтайсыз?

– Біріншіден, мен өзіммен бірге кадр тасып жүретін адам емеспін. Бір ғана орынбасарым Қызылорда қаласынан келді. Өз саласының қыр-сырын­ білетін болған соң ұсынысымызды айттық. Қабыл алды. Облыс орталығында еңбек етіп жүрген қаза­лыл­ық жігіттерге хабарластық. Деген­мен, әр адамның өз арманы, мақсаты бар ғой. Келмеген азаматтарға ешқандай өкпе-ренішіміз жоқ. Ал қалған кадрлар – осы топырақтың  тума­лары.  Жалпы, кадр  жоқ деп  айту­ға  болмайды. 80 мың халық­тың ішінде білікті мамандардың бол­мауы­ мүмкін емес. Рас, кейде маман­да­р сөз жүзінде мықты, ал іс жүзінде ақсап жатуы ықтимал. Мемлекеттік қызметте басты қасиет  ұйымдас­тырушылық  қабілет  болуы тиіс.

Екіншіден, адалдық пен таза­лықты жақсы көремін. Адам алдамауы керек. Мәселе шешілмейтін болса, шешілмейтіндігін айтсын. Ал бір алдаған адамды сенімнен шықты дей беріңіз. Сондықтан да оларға жауапты­ жұмыстарды тапсырғым келмейді. Әріптестеріме «Қазалыдағы 80 мың халықтың ішінен әкімдікте жұмыс істеп, ел үшін тер төгудің өзі –  үлкен мәртебе. Осыншама халықтың ішінен Сіздерден білімді адам жоқ дейсіздер ме? Сондықт­ан Алла берген бақты, қызметт­еріңізді бағалай біліңіздер» деп жиі айтамын.

– Осындағы ақжағалылардың ауызбіршілігі қандай? Сұрап отырған себебім: жақында Әйтеке би кентінің әкімі Жарасхан Мұратбаевтың ісі облыс­тық Әдеп жөніндегі кеңесте қаралды. Сонда ол «Менің ізімде күзден бері біржақты қудалау жүріп жатыр» деп еді...

– Бұл – кент әкімінің жеке мәселесі. Қудалау дегеніміз не? Менің одан жұмыс талап етуім бе? Жұмысқа­ таңертең жаяу келемін, жаяу қайтамын. Тұрғындар кент орталығындағы қоқысты, жарық бағаналарындағы ақауды, т.б. мәселелердің барлығын сұрайды. Оған неге мен жауап беруім керек? Ол кенттің әкімі емес пе? Өз бюджеті бар. Орындасын! Сенбесең, қазір кенттегі қоқыстарды аралап көрсетейін. Мен неге сол үшін сөз естіп, таяқ жеуім керек? Мүмкін біздің жұмысты талап еткенімізді қудалау деп түсініп жүрген шығар. Бері­лген тапсырманы орындаған жоқ. Тәртіптік шара көрілді. Ол мойын­дамады. Мемлекеттің мүлігі жекеге өтіп кетсе, ертең менен де сұрайды ғой. «М.Ергешбаев мырза, мына мәселе орын алғанда қайда қарадың?» дейді. Осылай-осылай бұл мәселе жоғарыға жетті. Мен бұл мәселе­ жөнінде онымен жеке де сөйлестім.

– Аудан әкімі мен кент әкімінің байланыс­ы  қандай?

– Тек жұмыс барысында ғана. Менің жеке компаниям болса, біраз адамды қызметтен босатуға болар еді. Дегенмен, оның орнына кадр қайда?

– Фейсбук  әлеуметтік  желісіндегі парақшаңызды кім жүргізеді? Сіздің посттарыңызда тым ресми емес, сәл еркіндік  бар...

– Қараңыз, мақұл, менің атымнан­ баспасөз хатшысы пост жазды делік. Ертең оған ол емес, мен жауап бере­мін ғой. Жасыратыны жоқ, менің шешенді­к өнерім жоқ. Өзім пост жария­лар алдында стилистикасын, үтір-нүктелерін баспасөз хатшы­сына бір көрсетіп аламын. Мен әлеуметтік желіге тіркелген бөлім басшыларына құр сандардан гөрі, халық­қа түсінікті етіп пост, пікір жазуд­ы тапсырамын. Сонда ғана ел жылы қабылдайды. Атқарылып жатқан­  жұмыстарды көреді.

– Ашық  әңгімеңізге  рақмет!

 

Сұхбаттасқан

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Тамыз 2019 >
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары