Өзекті мәселелер

  • 12.09.19

    Қасымды түлен түртті. Түрткенде тіпті шектен шықты. Соңғы уақытта ащы суға үйір болды­. Таң алекеуімнен оразасын ішімдікпен ашады. Ішке түскен қызу миында қордаланған уайымын ұмыттырады. Зіл-батпан денесін жеңілдетеді. Отбасымды асыраймын, жеткіземін деп істемеген жұмысы  жоқ. Базарда арба да сүйреді. Жүк түсіруші де болды. Шеберхана ашып, аяқ киім де тікті. Жалданып жұмыс та істеді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Қалалық А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған Қызылорда қаласының идеологиялық активі мен «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының саяси кеңе­сінің бірлескен отырысында басым бағыттар сараланды. Жиынды қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ашып, жүргізді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Алғашқы 8 айдың қорытындысы бойынша қала қазынасына 12 452,6 млн теңге түсім түсіп, жоспар артығымен орындалған. Дегенмен, салық саласында  түйткілдер тым көп. Мәселен, қала  көлеміндегі 13 базарда 1342 орын, 8 ірі сауда үйінде 915 орын жалға берілген. Базарл­ар мен сауда үйлерінде сауда жерлерін жалға алып, кәсіппен айнал­ысып жүрген азаматтар табыстарын төмендетіп көрсеткен. Бұл жөнінде Қы­зы...

    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов осыған дейін өңірдегі алты ауданға ат басын бұрып, ауылдарын аралап қайтқаны бар. Сонау солтүстіктегі Арал мен оңтүстіктегі Жаңақорғанға дейін түгел шарлап шықты. Бірақ Ғанибек Қазантаев басқаратын облыс орталығының іргесіндегі Сырдария ауданына табан тіреген жоқ.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Айжарық  СӘДІБЕКҰЛЫ

    СЕН   ӘЛЕМНІҢ ЖАНАРЫНДАСЫҢ,   АРАЛ!

    Арал атырабын жайлаған экологиялық апаттың дүние-әлемнің жанарына іліккеніне де талай жылдың жүзі аунады. Енді аманшылық болса, жиырм­асыншы ғасырды түгендеп, жаңа жүзжылдықты бастаймыз. Ең өкініштісі сол, алдағы ғасырдың табал­ды­рығынан тәуелсізді...

    Толығырақ...
ЖАҒДАЙЫ ЖОҚ ЕЛ ЖАНЫМЕН АЛЫСА МА?
29.08.2019 11:55

Душанбеде өз-өзіне қол жұмсауды бақылаған ғалымдардың қатысуымен арнайы дәріс өткізіліпті. 30 жылдық бақылау нәтижелері бойынша Орталық Азиядағы суицидтер саны бойынша Қазақстанның бірінші орынды иеленгені белгілі болды. Деніміз ислам дінін ұстансақ та, тізімнің басынан орын алғанымыз қабырғамызды қайыстырды.

Ең өкініштісі, өз-өзіне қол жұмсаудың 76 пайызы халқының табысы төмен және орта елдерде орын алады екен.

Демек, бұл жерде ақын Иранғайып айтқандай, «өмірді сүрмей, өмірге сүріліп жатқан» қазақтың бес батпан мұңы да тұр. Соғыссыз, табиғи апатсыз осынша жұрттың жаппай қырылуына не себеп? Осы сауалды алдымызға көлденең тартып көрдік.

Суицид ұғымы XVII ғасырда пайда болғанымен, адамзаттың өмірін жалмаған бүгін­гідей жағдайға енді жетіп отыр. Қазіргі қоғамда өзін-өзі өлтіруге итермелейтін жайт көбейіп кетті. Ресми мәліметтерге сүйенсек, әлем бойынша әр  25 секунд сайын бір адам өз-өзіне қол жұмсаса, дәл осы суици­дтің кесірінен жылына 1,5 миллион жан өмірімен қоштасады.

Өз-өзіне қол жұмсаудан Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерінің арасында бірінші орында болса, әлем бойынша алғашқы бестікте тұр. Орталық Азия елдерінде өзіне-өзі қол жұмсау оқиғаларының саны бойынша Қазақстан көш бастап келеді (48,1), одан кейін Түркіменстан (15,8), сосын Өзбекстан (13,6) және Қыр­ғызстан (13,4). Тәжікстанда бұл көрсеткіш басқа елдерге қарағанда төмен болса да (7,2), ол елде де өсу үрдісі бар екен.

Жалпы, суицидті бір ғана себеппен байланыстыру қате. Әлеуметтік жағдай, отбасылық жанжал, жалғыздық, бәрі де оған түрткі болуы мүмкін. Мамандар өзін өлімге қия­тындардың 19 пайызы – жаза­лау алдындағы қорқыныштан, 18 пайызы – рухани дерттен, 18 пайызы – отбасылық уа­йым-қайғыдан, 6 пайызы – қорқыныштан, 3 пайызы – қаржылық мәселелерден, 1,5 пайызы – өмірден жалығу­дан, 1,2 пайызы ауруға шалдығудан баратынын айтады. Ал 41 пайыз өлімнің себебі белгісіз күйінде қалып отыр.

Әлеуметтанушы Нұрсәуле Көмекбаева қандай қауіпке болмасын алғашқы болып ұрынуға бейім, оң-солын толық танып үлгермеген жас­тар­ жағы екенін айтады. «Мәселен, былтыр елімізде  15-29 жас аралығындағы жастар өзіне қол жұмсаудан әлемде 4-орын алды. Ең өкініштісі, бізде жастар арасындағы суицидке қарсы насихат шаралары жүйелі түрде жүргізілмейді. Шыны керек, мамандар өзіне-өзі қол жұмсаудың негізгі себептерін анықтап береді. Енді онымен күресу керек ғой. Осы арқылы бұл мәселені түбегейлі шешпегенімізбен, салдарын азайтуға әбден болады. Ол үшін психоло­гтар, дін өкілдері, әлеуметтік қызметкерлер, саламатты өмір салтын насихаттаушылар, ұстаздар, ата-аналар, жалпы айтқанда, біртұтас қоғам болып күресуіміз керек. Арнайы  бағдарлама  керек. Өйт­кені мына статистика – жаға ұстатарлық, дабыл қағарлықтай  жағдай. Өзіне қол жұмсап тірі қалғандардың дені өмірмен шын қоштасқысы келмегенін, тек өздеріне қоғамның назарын аударуға тырысқанын айтқан. Сондықтан түрлі мәселеге тап болып, депрессияда жүргендермен, жүйкелеп жүр­ген жұртпен жұмыс жүйелі болса дейміз» дейді ол.

Қоғамның назарын аударту дегеннен шығады, соңғы кезде елдегі бүгінгі ахуалға көңілі толмайтын адамдардың қарасы көбейді. Психолог маман­дар суицидке итермелейтін тағы бір себепті өмір сүрудің ауыртпалығы, қаражаттың жетіспеушілігі мен қысқаштай қысқан қарызбен байланыстырып отыр. Ол да мүмкін. Өмірдің қиындығына төтеп бере алмай, қайраты мүжіліп, жігері құм болған адамдардың мәселенің шеші­мін тек өлімнен іздейтіні жасырын емес. Мұны құтылуға емес, тұтылуға бейім қоғамның қотыры деуге де болады. «Сорлыға сойыл бірінші тиеді» дегендей, банктен алған қарызы­ бір бүйірінен қысып, басындағы баспанасынан айырылып немесе­ өзі біраз жасты еңсерсе де әлеуметтік жағдайын реттей алмай, бала-шағасына жеткізе алмай, тұрмыстың тапшылығын көргендер аз емес. Бірақ бұл суицидтің қосалқы ғана себебі. Бұл, негізінен, рухани дертке жатады. Адамның әлсіздігі, қажыр-қайратының кемдігі, қиындыққа берілгіш шарасыздығы тұр бұл жерде. Рухы күшті адамдар ғана өз-өзін өлімге итермелемейді. Бұл дерттің ең басында психикалық ауытқу тұр. Ал психикалық ауытқу депрес­сиядан, яғни күйзелістен басталады. Өкінішке қарай, қазақ бұған аса көп мән бере бермейді. Күйзеліске түссе психологқа, психотерапевтке дер кезінде баруды білмейді. Тек мүлдем түсінбейтіндей халге жеткен кезде барып мән беруі мүмкін. Ол кезде бәрі кеш бо­лады» дейді Психологиялық сауықт­ыру орталығының маман­ы Ерлан Бошай.

Қалай болған күнде де «өз-өзіне қол жұмсау – ең ауыр күнә» екенін білетін халқы бар мұсылман елі үшін бұл жақсы құбылыс емес. Америкалық Хьюстон-Даунтаун университетінің мұғалімі Шахназ Са­вани де «Бұл аймақта халық көбінесе ислам дінін ұстанады. Соған қарамастан, өз-өзін өлтіру әрекеттері азаймай отыр» депті. Иә, енді осы мәселеге діни көзқараспен қара­йықшы. Өз-өзіне қол жұмсау, фәни дүниені айтпағанда, мәңгілік өмірде пенденің алдынан зиян болып шығары анық. Себебі, біздің жанымыз – Алланы­ң аманаты. Оған қия­нат жасау – ауыр күнә. «Алла тағала Құранда: «Күмәнсіз, Алла сендерге аманатты өз иелеріне табыс етуді және адамдардың арасында билік қылатын болсаңдар, әділдікпен билік қылу­ларыңды әмір етті» дейді. Сондық­тан жаратушының әміріне бойұсынып, өзі берген жанын қайтарып алғанша мына өмірдің сынағына сабырлылықпен қарағанымыз абзал. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүйікті үмметтерін өз-өзіне қол салудың ауыр азабынан сақтандырып кеткен. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Өзін-өзі тұншықтырып өлтірген адам, тозақ отында тұншықтырылады. Өзіне пышақ салып өлген адам, тозақта пышақ­талады. Өзін жардан тастап өлген адам, тозақ отына лақтырылады», - деген. Демек, суици­дке бару, адамды екі дүние­де де орны толмас өкінішке ұрындырады. Басқа түскен уақытша қиындыққа мойымай, оны жеңіп шығу, қайсарлық таныт­у – біздің нақты ұстанымымыз болуы керек» дейді теоло­г Елдос Қырықбай.

Тағы бар айта кетерлігі, өз-өзіне қол салу жергілікті жерлерде, ауылдарда жиі болады екен. Осы қадамға барғандар, әрекеті орындалмай қалғаннан кейін «Ел естісе ұят болады» деген желеумен көбіне жабулы қазан жабулы күйінде қалып жатады. Ал олар дереу тиісті мамандардың көмегіне жүгіну керек. «Жұмыс бабымен, дәл осы мәселемен Ақтөбе, Қызылорда облыстарында үш айдай уақыт жүрдім. Сонда аңғарғаным, мұндай жағдай орын алған отбасылар өздерін жабық ұстап, жасыруға тырысады. Яғни, мұны ұят санайды, қылмыс көреді. Суицидтік әреке­ті соңына дейін жетпеген адамдарға өте үлкен көмек керек­. Ол орын алған отбасыға да дәл сондай көмек қажет. Жария­ла­маймыз деп, жарасын асқын­дырып алады. Біздің халық бұл қиын жағдайға тап болғанымен, мамандардан психо­ло­гиялық көмек алуға асық­пайды. Біздің ең осал жеріміз – осы. Сондықтан бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып, қоғам болып дабыл қағып жат­сақ­ та оң нәтиже бермей отыр» дейді психолог Ерлан Бошай.

СӨЗ  СОҢЫ

Рас, мамандардың сөзіне илануға болады. Өйткені елімізде­ өзіне қол жұмсау факторы осыдан оншақты жыл бұрын да өте өзекті мәселе еді. Қазір де дәл солай. Өзгеріс кері жағына қарай өршіп, мәселенің түйіні тарқатылар түрі жоқ. Суицидпен өмірден өтетіндердің қарасы көп. Денсаулық сақтау министрл­ігі мен барлық құзыретті мекемелер дертпен күресудің ерекше тәсілін ойлап таппаса, осы кезге дейінгі жұмыстың  еш нәтижесі жоқтығын статистика дәлелдеп отыр. Бұған енді Үкімет араласып, мемлекеттік деңгейдегі іс-шараларды жүйелемесе, Орталық Азиядан асып, әлемнің бірінші орынына­ қонжимасымызға кім кепіл?! Мұның сыртында мемлекеттің басты байлығы саналатын адам мәселесі де тұр емес пе?

Онсыз да көп емеспіз.

Гүлжан   РАХМАН,

журналист,

Нұр-Сұлтан  қаласы

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Тамыз 2019 >
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 30 31  

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары