Өзекті мәселелер

  • 12.09.19

    Қасымды түлен түртті. Түрткенде тіпті шектен шықты. Соңғы уақытта ащы суға үйір болды­. Таң алекеуімнен оразасын ішімдікпен ашады. Ішке түскен қызу миында қордаланған уайымын ұмыттырады. Зіл-батпан денесін жеңілдетеді. Отбасымды асыраймын, жеткіземін деп істемеген жұмысы  жоқ. Базарда арба да сүйреді. Жүк түсіруші де болды. Шеберхана ашып, аяқ киім де тікті. Жалданып жұмыс та істеді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Қалалық А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған Қызылорда қаласының идеологиялық активі мен «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының саяси кеңе­сінің бірлескен отырысында басым бағыттар сараланды. Жиынды қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ашып, жүргізді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Алғашқы 8 айдың қорытындысы бойынша қала қазынасына 12 452,6 млн теңге түсім түсіп, жоспар артығымен орындалған. Дегенмен, салық саласында  түйткілдер тым көп. Мәселен, қала  көлеміндегі 13 базарда 1342 орын, 8 ірі сауда үйінде 915 орын жалға берілген. Базарл­ар мен сауда үйлерінде сауда жерлерін жалға алып, кәсіппен айнал­ысып жүрген азаматтар табыстарын төмендетіп көрсеткен. Бұл жөнінде Қы­зы...

    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов осыған дейін өңірдегі алты ауданға ат басын бұрып, ауылдарын аралап қайтқаны бар. Сонау солтүстіктегі Арал мен оңтүстіктегі Жаңақорғанға дейін түгел шарлап шықты. Бірақ Ғанибек Қазантаев басқаратын облыс орталығының іргесіндегі Сырдария ауданына табан тіреген жоқ.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Айжарық  СӘДІБЕКҰЛЫ

    СЕН   ӘЛЕМНІҢ ЖАНАРЫНДАСЫҢ,   АРАЛ!

    Арал атырабын жайлаған экологиялық апаттың дүние-әлемнің жанарына іліккеніне де талай жылдың жүзі аунады. Енді аманшылық болса, жиырм­асыншы ғасырды түгендеп, жаңа жүзжылдықты бастаймыз. Ең өкініштісі сол, алдағы ғасырдың табал­ды­рығынан тәуелсізді...

    Толығырақ...
ТЕҢІЗ ТАҒДЫРЫ
06.09.2019 11:10

Экологиялық  баян

«Адам ішпесе ащы судың жылға қуып ақпағаны жақсы».

Қорқыт бабадан қалған сөз.

БІР  ҮМІТ  пен  БІР  КҮДІК

Арал қаласында түнемелік «Кіші Арал» деп ұйықтап, таңе­ртең «Кіші Арал» деп оянатын бір азамат тұрады. Аты-жөні – Ахмедулла Үмбетов, аудан әкімінің бірінші орынбасары. Бір топырақтан жаралдық, бір құдықтан су іштік. Біздің мұңымыз да, жырымыз да бір. Мұңымыз – туған жерден ел көшіп, ата­қонысымыздың қаңырап қалуы. Жырымыз – теңіз тағдыры­. Өлген теңізді тірілту біз сияқты мұңлықтардың мұң-зарынан басталып, исі қазақтың арманына айналды. Ақыры «Аралды құтқару қоры» ауданда да, облыста да, астанамыз Алматыда да құрылды. Қаржы жиналып-ақ еді, Кремльдің жуан қарын шойтығы Павловтың ақша реформа­сы бәрін быт-шыт қылды. Миллион сомның миллион тиындық құны қалмады. Көкірекке шер байланды. «Жығылғанға – жұдырақ» дегендей, көреген халықтың зар жылап айтқан ақылына кері ойластырылған «Сырдария-Сарышығанақ» су жолын қазу бос далбаса болып шықты. Мыңдаған сом қаржы құлқын  құмарлардың  құрдымында  кетті.

Зығырданың қайнайды! Жең ұшынан жалғасқан жемқорлардың шыбын жанын қан шығармай шырқыра­та­тын заман өтіп кеткен. Арызыңд­ы кімге айтарсың? Жалы­натының – айналып келгенде баяғы кеңпейіл халқымыз. Аумағы қусырылған теңізді жоқтай-жоқтай тоқсан алтыншы жылға да жеттік. Аудандық, облыстық, республикалық қорлардың жаңадан құрылуымен үмітіміз қайта жана бастады. Түбі тақырланып қалған «Аралды құтқару қорына» ауданның жаңа әкімі Алашыбай Баймырзаев менің көзімше бірінші болып 50 мың теңге салды. Ал облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қорға бір айлық жалақысын қосыпты. Сол-ақ екен, көптеген азаматтар, оның ішінде аудан әкімшілігінің қызметкерлері де бар, қордың қоржынына бала-шағаларының несібесінен жырып бір-бір айлық жалақыларын салған. Айтып қояйық, қорға осылай там-тұмдап тиын-тебен түсе берер-ау, дегенде Кіші теңіз жасау оңай-оспақ іс емес. Бұл деген­іңіз – тегінде омыраулап тізеге салуға­  көнбейтін  жұмыс...

Апыр-ай, мына жаңа әкімнің жүре­гінің түгі бар екен?! Аралға «келмей жатып»­ Кіші теңіз жасаймын деп жатыр­. Биылғы маусымда дарияның құяр сағасына­ штаб орнатыпты. Басына­ 2 вагон-үй, 5 скрепер, 1 бульдозер, жиырма­ шақты адам алып барған. Бөгетті бастауды бісміллә деп бұрынғы №4 жылжымалы  мехколоннаның ізімен жасақталған Нұртуған ақын атындағы акционерл­ік қоғамның бастығы аман­өткелдік Жолдас Кегенесовке жүктеген. Ә  дегенде айлық жалақы, жана­р-жағармай үшін 200 мың теңге босаты­пты. Осы қаржының арқасында көп күттір­ген, көңілді күпті еткен нәтижес­і – осы жылдың он төртінші қыркүйегінде Ұлы теңіз бен Кіші теңіздің арасын жал­ғаған қылта бөгелген. Бұл, әрине, бөгеттің табаны ғана,үлкен жұмыс әлі алда...

Енді аудан әкімінің бірінші орынбасары Ахмедулла Үмбетов екеуміз осыдан­ бірнеше жылға кейін шегінеміз. Арал қаласынан «Возрождение» аралына жүк жеткізіп тұру үшін әскерилер Ұлы теңіз бен Кіші теңіздің аралығын, кеме қайырлай бергесін «черпалкамен» дамылсыз қазып тұрған. Ол ұзындығы жүз метрге жуық терең өзекке айнал­ған. 1992 жылы дария суының теңізге мол түсуіне байланысты әлгі өзектің ені біразға барды, - деді Ахмедулла. Сол кезде «Казгипроводхоз» ғылыми-зерттеу­ институтының мамандары Қара­терең-Көкарал автожолының (бөгеттің) жобасын жасауға кіріскен еді. Үш жарым­  ай  жүріп зерттеген.

Сонымен не керек, жоба дайын болды­. Жоба бойынша бөгетке 2 млн 480 мың текше метр топырақ кетеді. Жолдың кеңдігі 10 метрге барады. Жұмыс екі кезеңде бітеді. Әуелгі кезеңде жолдың табаны (14 шақырым) бір жарым, екінші кезеңде үш метрге көтеріл­еді. Бірінші кезеңнің жұмысы 5,56 млн долларға бітеді. Бұл жұмыс 18 айда бітуі тиіс. Оның екі айы дайындық  жұмыстарына  кетеді.

Қағазда осылай. Ауызбен айтқанда оңай. Бірақ мұншама ұлы жұмысты батылы­ңыз жетіп бастап көріңіз. Тұра тұрыңыз, әзір басталмайды. Себебі, дайын тұрған доллар жоқ – бір, екінші Сырдария-Сарышығанақ жобасы сәтсіздікке ұшырап үлгірді. Енді Кіші теңіз жасамақшы болған көзсіз ерлер қорқып қалды. Осының өзі бос әуре­шілік емес пе? Қаратерең-Көкарал арасына түсетін бөгет су екпініне шыдас бере ала ма? Осындай толқу туды. Ақылдаса келгенде көзсіз ерлердің ойына ленин­градтық ғалымдардың жобасы оралды. Ғалым Аладин Арал проблемасымен 14 жыл айналысқан «әулие». Ол Англияның екі профессорын ертіп келген­.

Сол кезде ел ішінде күңкіл басталды. Сарышығанақтың ақшасын жеп кеткендер, енді Кіші Аралдың ақшасына ауыз салды, - деп. Қайдағы ақша? Кеңес Одағы кезінде құрылған «Аралды­ құтқару қоры» банкротқа ұшырап біткен-ді. Павлов деген дәу бүкіл елді «банкротқа ұшыратып» кеткен-ді. Көп ішінде кім жоқ, дастарқан басында ауыз­бен­ орақ оратын жалаңтөстер төбе көр­сетті. Әкімшілікке барып: маған көк тиынн­ың керегі жоқ. Бір трактор мен бір машина бер, адамдарыңды жек, ішетін арағын жіберіп тұрсаң болды, ар жағын өзіміз қатырамыз, - деп теп­сінгендерді де мына көз көрген. Өсек-аяң желдей  еседі, іс жылжып болар емес, қаңқу сөз көп. Әлгі тепсінген ақикөзге: – Қалай бөгейсіз? - дегенде: «Қаратөс» шыңының тұмсығындағы қиыршық тастарды шыңның сазымен араластырып бөгеймін. Цементтен бете­р қатып қалмаса, маған кел!» - деп екпіндеді. Ой-дөйт! - деген-ай, беті бүлк етсе не дейсіз. Кіші Аралды бөгеп, Айды аспанға бір-ақ шығармақ. Сөйтіп тарихта­ атын қалдырмақ. Кіші теңіз жасау жолында қаншама көзіқарақты ғалымдардың басын қатырып жүр­гендерімен  шаруасы  шамалы.

Қайран теңіз, кім көрінгеннің тәл­кегіне ұшырап, ермегіне айналдың-ау! Кім көрінгеннің тілінің ұшында бұлбұл ұштың-ау! Іс басында жүрген жігіттерге бәрінен де ілім-білімнен еш хабары жоқ надандардың ақыреті өтті. Аяғын басса,­ аузын ашса болды – өсекке таңады.

Біле-білгенге көзжұмбайлықпен ұрынуға кімнің тәуекелі жетеді? Кіші Арал – жұмбақ. Оны бүгін бөгедің, соңыр­а қалай болады? Еңбек қайтып, үміт  ақтала ма? Ені он метрлік бөгеттің биіктігін мүмкін 7-8 метрге дейін көтеру­ керек шығар. (Ондай да жоба бар көрінеді). Өйткені, суға сенім жоқ, оның күші алапат. Қарашаның қара суығы желтоқсанға ұласарда теңіз аңғарында күр пайда болып, сең қаптайды. Дауыл тұрса, бөгетті толқын соққылайды. Сондық­тан, жобада негізгі бөгеттің Кіші теңіз жағынан қорғаныш бөгеті соғыл­ады, - деп айтады. Екеуінің арасы 70 метрден бастап, кейбір жерлерінде 100-105-110 метрді алып жататын болады­. Негізгі  бөгеттің Кіші теңіз жағы түйеталы  болып келеді, бұл қатты соққан толқындардың екпінін қайтара алады.­ Ал негізгі бөгеттің ұлы теңіз жағынд­а табаны 50 метрлік, ені де сондай дренаж­ болады. Оған ыза су жиналады. Бұл – сақтық шаралары. Ал осынша­ма енапат жұмысқа көзжұм­байлық  жүре  ме?

Айтпақшы, Үкіметтен көмек бола ма деп тоса-тоса шыдам таусылғасын көз­жұмбайлыққа барып та көрген бұлар. 1992 жылғы бірінші бөгеу су Ақеспеге қарай жинала ма, жоқ па, байқап көру ыңғайында басталды. Ендеп кеткен өзекті сол жылдың қыркүйегінде бөгегеннен кейін су бір метрге дейін көте­рі­ліп, бөгет кенересін шіреп тұрды. Алақайла­ған бұлар Ақеспеге, Тастүбекке, Үшшоқының астына су деңгейін өлшейтін белгі орнатты. Оны бақылап, хабарлап тұруды «Көк теңіздің көк­жа­лы» атанғандардың бірі Ақеспенің атақты балықшысы Нарғали Демеуовке тапсырды. Көп ұзамай Нарекеңнен хабар­ келді. Ақеспеде құрғаққа шығып қалған­ кемелердің астына су жүгіріп, қозғалыс­қа түсті деген. Бірақ кейін су деңгейі сылқ түсіп, бөгеттен шегініп кетті.

– Қарашаның қарасуығында бір­неше адам Үшшоқыға қарай жүргені­мізде 17 шақырымнан кейін теңіз шалшығына  кезіктік, - деді Ахмедулла. Қатқа­н мұз үстіне шықтық. Ойып көр­генімізде судың деңгейі 20 сантиметрдей, ал кейбір шұңқырларында тереңірек екен. Жобаны жасаушылар қателеспеген, Арал қаласының аңғарына су келеті­ніне көзімізді жеткізді. Бөгеуді енді жоба бойынша жалғастыруға кірістік. 1993 жылы ақпан айының басын­да дарияның аяғында су көте­рі­ліп, теңіз табанына тез жайыла бастады­. Бөгетті биіктету наурызға дейін созылып келді де, тоқтап қалды. Себебі, құрылысшылар жолды (бөгетті) нау­рызға дейін салып үлгіруі керек еді, үш жарым­ шақырымдайын ғана салып үлгірді, қалғанына үлгіре алмады. Орып кеткен  су  өткел  бермеді.

– Мен бөгетке жиі қатынап тұрамын, кейде бөгет басында түнеп қалып та жүрдім. Жайылып кеткен судан техникаларымыз батпақтап, аралдап қалуға айналдық, - деді Ахмедулла. – Көкектің аяғында тікұшақпен барып көргенімізде­ бөгетіміз жайылма судың ортасында қалыпты. Жұмысты одан ары жалғас­тыруға қаржы көзі болмады. Облыстан да, республикадан да көмек бола қойма­ды. Сөйтіп, өзекті бірінші бөгеу өзінің эксперименттік міндетін атқарды. Кіші Аралды жасауға болатынына көзімізді жеткізді, су шаруашылығы министр­лігінің сенімі бекіді. Сол алғашқы қарқынмен бөгеттің де, Кіші теңіздің де ұлы жобасын жасаттырып, құнын есептетіп алдық, – деп Ахмедулла жоба схема­лары мен құжат қағаздарды алдымызға жайып тастады. – Айтпақшы, жобан­ы жасауға министр Н.Қыпшақ­баев пен ақын ағамыз Кәкімбек Салықов­тың  өлшеусіз  көмегі  болғанын жазыңызшы, жұрт  білсін...

Бір үміт пен бір күдік. Біз «Арал тағды­ры – адам тағдыры» деп газетте тынбай дабылдатып жүргенімізде, дария­ атырауындағылар апатпен арпалысумен болыпты. Әуелгі бөгеу «тегін» атқарылды деуге болады. Қызылордалық және аманөткелдік құрылысшылар еңбекақы алып та жарымапты. Енді мына көзсіз ерлер тағы да тәуекелге басып­ты. Қажетті қаржының есебі белгілі болғанымен көрініп тұрған көмбесі жоқ. Мына басталған жұмыс жалаң энтузиазммен қай жерге дейін барады? Бір үміт пен бір күдік...

– Сіздердің мына машақаттарыңыз, яғни Қаратерең мен Көкарал арасын екінші рет бөгеу кезекті бір асығыстық емес пе? - деп Ахмедулланы сұрақтың астына  алдым.

– Ағажан, асығу керек! Асықбасақ болмайды! - деп ол кабинетін кезіп кетті. – Бұрындары бүкіл теңіз үшке бөлініп қалады деуші едік. Енді, Кіші Аралдың өзі бөлініп барады. Санап берей­ін бе? - деп ол саусақтарын бүге бастады. –Үлкен Қаратүп пен Үш­шоқының арасы қосылды. Бір ме? Ақес­пе­ бағытындағы (Бутаков шығанағы) Тастүбек пен Домалақтың арасы қосылып та қалды. Арасында көлшік жатыр. Екі ме? Анау Сарыкөл жақтағы (Паскович шығанағы) Сарыбасат пен Көкарал ол қосылуға жақын. Үш пе? Шевченко шығанағы екіге бөлініп барады­. Бес пе? Ал улы шаң, ұшпа топыра­қ басып жабайы­ жерге айналған теңіздің атырабындағы ондаған қазан шұңқырлар өз алдына. Олардан сасық иіс аңқиды. Арал аймағының енапат топырағы жел тұрған сайын ентелеп барады­. Міне, осындай жағдайда әрекет­сіз қалай жайбарақ­ат  отыруға  болады?!­

Айтып тұрғаны қисынға келеді. «Кіші теңіз жасаймыз» деп айғайлауымыздың да, қабылданған қаулыларымыздың да, белгіленген шаралардың да есебі жоқ. Соның бірде-бірінен қайран болмағасын ел ішінде: «сол Кіші Аралдың керегі не, қаржыны босқа шашып» деген күңкілдің шыққанына да біраз болды. Бұл, әлбетте, әбден үміттене-үміттене, жоғарыға қарай-қарай өзегі талғандардың айтып жүргені. Осы қаңқу ойымда, Ахмедуллаға енді әдейі не дер екен деп қиянпұрыс сұрақ қойдым.

– Кіші Арал, Кіші Арал деп шулап жүрсіңдер. Сол кіші теңіз бізге не үшін керек болып тұр? Арал халқын ұшпаққа шығара ма?

– Керек! Керек! Ойбай-ау, теңіз табанын­ан миллиондаған тонна улы шаң ұшып жатқан жоқ па? - деді ол осыны­ шынымен айтып тұрсыз ба деген­дей таңырқап. – Бөгет орнықса құрғап қалған теңіз ұлтанын су басады. Ол тұзды ерітіп жібереді, шаң көтерілмейді, құм дауылына тосқауыл болады, фитомелиорацияға кететін шығындарды да 10-15 процентке кемітеді. Демек, аймақтың микроклиматы оңалады. Егер Кіші теңіз жасалатын болса, одан көлдерді есептемегенде жылына 4 мың тоннаға дейін балық аулаймыз. Қаратүп пен Көкарал аралығындағы жерлерде  2 мың басқа дейін түйе, мың қаралы жылқы­  өсіру  жоспарымызда  бар...

Мәссаға-а-н-н, қиялыңа болайын?! Жоспарлап та қойыпты бұлар. Сол күн алыс па, жақын ба?! Егер бөгет жоба бойын­ша толығымен бітсе, Ауан мен Ақбасты аралығындағы өзекпен су жүріп Кесаралға құлайды. (Ауан мен Ақбастыны бөліп тұратын терең өзекті жергілікті тұрғындар Кесарал дейтін). Жобада Кесаралға шлюз салу да қарастырылған, - деп айтады. Ол Кіші теңіз­ге түсетін суды реттеп отырады. Ондай атты күн туса, көршілес Қазалы ауданы жерінің де микроклиматы тынысын кеңге салар еді. Ай, арман-ай, арман! Мынау басталған іс қаржыдан тарыққанда тоқтап қалмас па екен. Бір үміт пен бір күдіктің толғағы әл-әзір басылар­  емес...

(Жалғасы бар.)

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Қыркүйек 2019 >
            1
2 3 4 5 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары