Өзекті мәселелер

  • 12.09.19

    Қасымды түлен түртті. Түрткенде тіпті шектен шықты. Соңғы уақытта ащы суға үйір болды­. Таң алекеуімнен оразасын ішімдікпен ашады. Ішке түскен қызу миында қордаланған уайымын ұмыттырады. Зіл-батпан денесін жеңілдетеді. Отбасымды асыраймын, жеткіземін деп істемеген жұмысы  жоқ. Базарда арба да сүйреді. Жүк түсіруші де болды. Шеберхана ашып, аяқ киім де тікті. Жалданып жұмыс та істеді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Қалалық А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған Қызылорда қаласының идеологиялық активі мен «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының саяси кеңе­сінің бірлескен отырысында басым бағыттар сараланды. Жиынды қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ашып, жүргізді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Алғашқы 8 айдың қорытындысы бойынша қала қазынасына 12 452,6 млн теңге түсім түсіп, жоспар артығымен орындалған. Дегенмен, салық саласында  түйткілдер тым көп. Мәселен, қала  көлеміндегі 13 базарда 1342 орын, 8 ірі сауда үйінде 915 орын жалға берілген. Базарл­ар мен сауда үйлерінде сауда жерлерін жалға алып, кәсіппен айнал­ысып жүрген азаматтар табыстарын төмендетіп көрсеткен. Бұл жөнінде Қы­зы...

    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов осыған дейін өңірдегі алты ауданға ат басын бұрып, ауылдарын аралап қайтқаны бар. Сонау солтүстіктегі Арал мен оңтүстіктегі Жаңақорғанға дейін түгел шарлап шықты. Бірақ Ғанибек Қазантаев басқаратын облыс орталығының іргесіндегі Сырдария ауданына табан тіреген жоқ.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Айжарық  СӘДІБЕКҰЛЫ

    СЕН   ӘЛЕМНІҢ ЖАНАРЫНДАСЫҢ,   АРАЛ!

    Арал атырабын жайлаған экологиялық апаттың дүние-әлемнің жанарына іліккеніне де талай жылдың жүзі аунады. Енді аманшылық болса, жиырм­асыншы ғасырды түгендеп, жаңа жүзжылдықты бастаймыз. Ең өкініштісі сол, алдағы ғасырдың табал­ды­рығынан тәуелсізді...

    Толығырақ...
ЖАСАМПАЗДЫҚ пен ӨРЛЕУДІҢ КЕПІЛІ
06.09.2019 11:30

Келісім мен татулық кілті, жасампаздық пен өрлеудің кепілі, тұтастық пен тұрақтылық тұғыры бар мемлекеттің келешек бағдарын айқындайтын тағы бір саяси құжат қатталды. Ол – ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» тақырыбындағы Жолдауы. Бұл – Қ.Кемелұлының мемлекетке басшылық еткелі халыққа арнаған тұңғыш бағдарламасы. Тәуелсіздік алғаннан бергі тарихи уақыттың өзін тұтас дәуірге теңеуге болады. Өйткені қазақ елінде осы жылдар ішінде тамыры терең, қазығы мықты, өміршеңдігімен құнды реформалар мен стратегиялар қабылданды. Олардың барлығы да ел егемендігінің нығаюына септігін тигізіп, маңызды қадамдарға ұмтылуына жол ашты десек, қателеспейміз. Оған бүгінгі күніміз куә. Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жаһандық ұйымдар мен өркениет көшіне ілесу барысында әлемдік тенденциялардан қалыс қалып жатқанымыз жоқ. Бұл жолғы саяси құжатта құнтталған мәселелердің құндылығы қандай? Бағыт-бағдардың негізгі өлшем сәйкестілігі қай деңгейде? Жүгі жеңіл емес Жолдауда айтылған мәселелерді ақыл таразысына салып, пайым елегінен өткізіп, парасат сүзгісімен сараптап көрелік.

 

«...ПРЕЗИДЕНТ – ...ПАРЛАМЕНТ – ...ҮКІМЕТ»

Алдымен Парламент палатасындағы жаңа маусымның ашылуына сәттілік тілеген президент халыққа Жолдау бағыттауға кірісті. Соңғы кездері елдегі қоғамдық-саяси­ ахуалдың шелек тұтқасындай иілуі кім-кімді де алаңдатқаны рас. Тыныштық пен татулық берекесіне үйреніп қалған қоғам үшін дауыл алдындағы тыныштықтың өзі үрей туғызғанын тағы да жасыра алмаймыз. Міне, осы ретте ресми ақ­ордалықтардың ақылмен саралаған жоспар­лары халыққа ауадай қажет. Ол – саяси жаңғыру үдерісі. Бұл мәселе ел азамат­тары мен мемлекет мүддесіне негізд­еле отырып жасалуы тиіс. Әзірге қол жеткізбеген мақсаттың қатарында «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұр. Саяси басқарудағы жүйелілік формуласы тұрақтылық қалпын сақтауға негіз  бола  алады.

- Біз қоғам игілігі үшін сындарлы саясат жүргізіп келе жатқан басқа да саяси партиялармен және қозғалыстармен ынтыма­қтастықта жұмыс істеуіміз қажет. Қоғамды толғандырып отырған негізгі мәселелер көшеде емес, Парламентте және азаматтық диалог аясында талқыланып, шешімін табуы тиіс, - деген президенттің сөзі осыған  дәлел.

Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Заманауи геосаяси ахуалға бейім­дел­ген үйлесімді мемлекет қалыптастыру үшін алдымен билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату  қажет.

 

ҚҰҚЫҚ   ҚОРҒАУ  ЖҮЙЕСІН  РЕФОРМАЛАУ  КЕРЕК

Сот және құқық қорғау жүйесіне өзгеріс енгізуді президент тек Жолдауда ғана мәселе етіп көтерген жоқ. Бұған дейінгі жиында­р мен сайлауалды тұғырнамасында да сөз етті. Бұл жүйедегі күрделі реформалар – азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіп­сіздігін күшейтудің негізгі факторы. Судьялардың заңды және ішкі сенімді басшылыққа ала отырып, шешім шығару құқығы мызғымас сипатқа ие болу үшін бірқатар өзгерістер қажет екенін тағы да алға тар­туының өзіндік себебі­ болуы мүмкін. Дегенме­н, сот шешімд­ерін мұқият талдау жұмысын жолға­ қойып, бірыңғай сот тәжірибесін орнықтыру  қажет екенін мемлекет басшының өзі қадап  айтты.

- Құқық қорғау жүйесін толық реформалау – аса маңызды міндеттердің бірі. Полицияның мемлекеттік күштік құры­лымындағы бейнесі бірте-бірте өзгеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға  қызмет  көрсететін органға айна­лады.­ Ең алдымен, 2020 жылдың аяғына дейін Әкімшілік полиция комитетінің жұмысын қайта ұйымдастыру қажет. Мұны науқаншылдыққа айналдырмай, сапалы жүргізген жөн. Полицейлер жұмысының тиімділігі полиция қызметінің беделді болуына байланысты. Ішкі істер министр­лігін реформалауға алдағы үш жыл ішінде 173 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражат еңбекақыны көбейтуге, баспананы жалға алуға, халыққа қызмет көрсету қағидаты бойынша полицияның заманауи фронт-офистерін ашуға жұмсалады, - деді пре­зидент Қ.Тоқаев халыққа Жолдауында.

 

ЖЕР  НЕГЕ  ИГЕРІЛМЕЙ  ЖАТЫР?

Ел экономикасы әлемдік деңгейдегі саяси қиындықтарға қарамастан алға ілгерілеуін тоқтатқан жоқ. Осы қарқыннан ажырап қалмасақ, 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайыздан асыруға мүмкіндік бар. Ол үшін бірнеше қасаң қағиданы шеңберден асырып алмай, орындау міндетінің маңыз­ы зор. Мәселен, шикізатқа тәуелді менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыруды жандандыру керек. Мемлекеттің тұрақтандырушы рөлін сақ­тай­ отырып, нарықтық институттар мен құрылымдардың толыққанды дамуын қамтамасыз етуде «қарапайым заттар экономикасы»  бар. Одан кейін тиімділігі айтар­лықтай жоғары шағын және орта бизнесті дамыту мәселесінің өзектілігі жоғары. Осы ретте 2020 жылдан бастап шағын бизнес саласындағы компанияларды тексеруге 3 жылға дейін мораторий жариялады. Ал бүгінде кәсіпкерліктің өрлеуіне жол ашып тұрған бірден-бір бағдарлама саналатын «Бизнестің жаңа жол картасы» бағдар­ламасына алдағы үш жыл ішінде қосымша 250 миллиард теңге бөлінеді деп жоспарлануда.

Ал агроөнеркәсіп кешендерін дамыту үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы және бос жатқан жерлерді игеру қажет. Бүгінде «жер шетелдіктерге жалға беріледі» деген сөзді естісе, өре түрегелетін жұрттың көбі бос жатқан жерді игермей отыр дегенге біреу келіседі, ендігісі келіспейді.

- Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс, - деген сөзінің астарында да терең мән жатса керек.

 

ЦИФРЛЫҚ   РЕВОЛЮЦИЯ  КӨЗ   АЛДЫМЫЗДА

Өркениет көшіне ілесе дамудың тағы бір бағыты – цифрлық экономикаға қадам басу. Бұл ретте арнайы қабылданған бағдарлама да бар. Бүгінде интернет экономикасы дамушы елдерде жылына 25%-ға дейінгі қарқынмен өсіп келеді. Қазірдің өзінде интернетке түрлі деректерді алмас­тыратын 35 миллиард құрылғы қосылған. Яғни, цифрлық рефолюция біздің көз алдымы­зда өтуде. Бұл төңірегінде де мемлек­ет  басшысы  үнсіз  қалған  жоқ.

- Біздің міндетіміз – ақпараттық коммуникациялық инфрақұрылымның даму деңгейі бойынша өңірдегі көшбасшылықты нығайту. Үкімет заңнаманы 5G, «Ақылды қалалар», «Үлкен деректер», блокчейн, цифрлық активтер, жаңа цифрлық қаржы құралдары сияқты тың технологиялық құбылыстарға бейімдеу қажет. Қазақстан технологиялық серіктестік орнату, мәлімет орталықтарын құру және орна­ластыру, мәліметтер транзитін дамыту, цифрлық қызметтердің жаһандық нары­ғына қатысу үшін ашық юрисдикция ретінде­ өзіндік брендке айналуы тиіс, - деді  Жолдау  аясында.

Жаһандық трендке айналған мемлекеттің өзін-өзі цифрландыруы экономикадағы құндылықтарды құра отырып, әл-ауқаттың арттырып, бизнесте және тұрмыс деңгейінде лайықты орынға ие болуға бағытт­айды.

 

БАҒЫТЫМЫЗ   – АЙҚЫН,  ЖОЛЫМЫЗ   – АШЫҚ

Саяси тың өзгеріске қадам басуды, құқық қорғау саласына өзгеріс енгізуді, экономиканы әртараптандыру мен әлеу­меттік қамсыздандыру бағытында түрлі ұсыныстарды ел құлағына жеткізген ел басшысы әлеуметтік жаңғыртудың жаңа кезеңіне өту туралы да әңгіме қозғады. Оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау­, мәдениет саласын жандандыру, зейнет­ақы, инфрақұрылымды дамыту, тағысын тағы қоғамның қызу талқысына түсіп тұрған мәселелерді мезгілінде қозғады­. Осы мәселелердің  ішінде  халыққ­а  ұнам­ды­ жайттар сөз болды. Соларды­ң бірі – зейнетақы жүйесіне қатысты  өзгеріс.

- Еліміздің зейнетақы жүйесін дамыту саласына ерекше тоқталғым келеді. Мұнда да қордаланып қалған мәселелер жеткі­лікті. Қазіргі кезде зейнетақы жинағының жетіспеушілігі онша сезілмейді. Алайда 10 жылдан кейін жағдай өзгеруі мүмкін. Сондықтан Үкімет Ұлттық банкпен бір­лесіп, зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізуі керек. Қазір жұмыс істеп жүрген адам өзінің зейнет­ақы жинағын тек зейнетке шыққан соң ғана пайдалана алады. Бірақ олардың бұл қаражатты зейнетке шыққанға дейін пайдаланғысы келетіні түсінікті жағдай. Жұмыс істейтін азаматтар өздерінің зейнета­қы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақсатқа, соның ішінде баспана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдалану мәселесін жыл соңына дейін пысықтауды Үкіметке тапсырамын, - деген сөзі халықтың жүрегіне үміт отын жаққандай әсер қалдырды.

Оған себеп те жоқ емес, халықтың дені баспана мәселесінде қиналып жүргені ақиқат. Егер зейнетақы жинағындағы қаражатын жаратса, бір қажеттілігі азаяр еді. Дегенмен, бұл туралы нақты шешімдер әлі қабылданған жоқ. Оның өзіндік критерийлері болатыны айтпаса да түсінікті.

Әлеуметтік және экономикалық сая­сатқа  жауапты  құрылымдардың қоғамның қажеттіліктеріне сәйкес алдын ала нақты жұмыс жүргізуін қадағалауды тапсырған президент алдағы уақытта Жолдауда айқын­ көрсетілген міндеттерді жүзеге асырып­, мақсаттарға қол жеткізу үшін жұмыс істейтінін жеткізді. Бұқараға сенім мен серпіліс жасауға нақты қадамдарды айқынд­ап берген мемлекет басшысы Жолдау­дағы сөзін «Береке мен бірлік, ақыл мен парасат халқымызды үнемі алға бастап келеді. Бағытымыз – айқын, жолы­мыз­  – ашық»  деп аяқтады.

 

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Қыркүйек 2019 >
            1
2 3 4 5 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары