Өзекті мәселелер

  • 17.10.19

    Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Сындарлы қоғамдық­ диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауын жариялаған­ы баршамызға белгілі. Сарапшылардың басым­  бөлігі бұл Жолдауға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев айқындап берген саясаттың жалғасы деп баға беруде. Мұны еліміздің негізгі саяси бағыты с...

    Толығырақ...
  • 17.10.19

    Әнуар Дәуленбаев – 2016 жылдың наурыз айынан бастап №8 Төретам сайлау округі бойынша облыстық мәслихат депутаты. Өзінің сайлауалды бағдарламасында Байқоңыр қаласы мен Қармақшы ауданындағы кәсіптік білім беретін оқу орындарының базасын нығайтуға күш салатындығы туралы­  айтқан еді. Айтылған уәде бойынша мектепті жаңадан бітірген, тәжірибесі жоқ және жұмысқа орналаса алмай жүрген жастарды...

    Толығырақ...
  • 17.10.19

    Таңмен таласып, жұртпен жағаласып, кезекті күнімізді қарбаласпен бастап жатырмы­з. Бәрі де бір мақсатты күйттеп, бағыт алып барады. Біреуі жеке көлігімен, енді біреуі қоғамдық көлікпен кетпекші. Қолсағатыма қарасам, сабақтың басталуына­ небәрі 10-15 минутқа­ жетер-жетпес уақыт бар екен. Таксимен жеделд­етіп жетпек ниет­пен, тұрақта тұрған көліктің артқы есігін ашып, отыра кеттім. Тәуелсіздік да...

    Толығырақ...
  • 17.10.19

    «Сыбырлағанды да Құдай есітпей ме?» деген. Несіне жасырамыз, осыдан бірнеше жыл бұрынғы Қармақшының халін дүйім жұрт біледі. Экономикасы баяу, кәсіптің көзі жоқ, алға жылжиын десе халықта ынта болмаған еді. Мұндайда елдің есін жинайтын көреген басшы керек. Жұрттың да тілегені табылғандай, әуелі Жаратқанның, содан соң білікті басшылардың арқасында Қармақшы ауданында динамикалық өсу қарқы...

    Толығырақ...
  • 16.10.19

    Тәуелсіздік күні қарсаңында «Шіркейлі» арнасындағы көпірдің ашылу салтанаты өтеді... «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер халық игілігіне пайдалануға беріледі... Жыл басынан бері сәулет-құрылыс саласындағы заңнама талаптарын бұзған тұлғаларға 16 млн 822 мың теңге айыппұл салынған... 2019-2021 жылдары газдандыру жұмыстарына 22 млрд теңге қаржы бөлінеді...

    ...
    Толығырақ...
МӘДЕНИЕТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛЕ МЕ?
26.09.2019 11:10

Мәдениет және өнер саласы қыз­меткерлері теңгенің құны құлағалы құлазып  кетті. Себебі сол, жалақы аз. Иә, бұл мәселе биік-биік мінберлерде, билік өкіл­дерінің  аузымен талай  көтерілді. Мәжіліс­мендер  мен  сенаторлардың  да салмақты пікіріне айнала білді. Қанша рет қоғамдық талқылауға түссе де, бұл санаттағы қызметкерлердің мардымсыз жалақсы жоғарыла­ған ­жоқ. Жұрттың айлығына алты ай сайын ақша қосылса да, олардың маңдай тері ештеңемен, еш теңгемен өлшене қоймады. Сонда да үмітін үзбестен, ел руханияты  үшін  адал еңбегін артық көрмей жүрген жандар­ үшін жағымды жаңалық Президенттің биылғы Жолдауын­да жарияланды. Мемлекет басшысының мәдени­  сала қызметкерлеріне лайықты көңіл бөлінбей отырғанын айтып, ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлерінің айлығын көтеру туралы шығарған шешімі дәл осы саланың мамандарын су бүріккендей серпілтіп  тастады.

Мәдениет саласы қызметкерлерінің мәселесін көтерген Президент Қасым-Жомарт Тоқа­ев: «Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе, жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды. Мұндай ахуал­ осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде» деді. Мемлекет басшысы келесі жылдан бастап Үкіметке мәдениет қызметкерлерінің еңбек­ақысын  көбейтуді  тапсырды.

Расында, соңғы жылдары қалаған кітабыңды қолыңа ұстатып, тарихыңды тануға үлес қосатын қадірлі мамандық иелеріне деген құрметтің деңгейі төмендеп кеткені шындық. Жалақысы жанбағысына жетпесе де жанкештілік көрсетіп жүрген бүгінгі мамандардай емес, жастар жағы бұл салалар­ға мүлдем барғысы жоқ. Дәл осы себепті, істеп жүрген жұмысына қол бұлғап, қош­тасып кеткендері қаншама?! Жә, әңгіме, бұл туралы емес. Әңгіме – сала мамандарының сапасын қалай арттырамыз деген­  сауал  төңірегінде.

Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлының осы мәселеге қатысты «Театр және эстрада әртістері бір ғана жалақыға өмір сүрмейді. Өзім де студент кезімде симфониялық оркестр­де қосымша жұмыс істедім. Әлемдегі барлық музыкант осылай жұмыс істейді. Бірақ қазіргі уақытта біз кітапхана мен мұрағаттарда жұмыс істей­тін қызметкерлердің жалақысын өсіруіміз қажет. Оларда қосымша табыс табу мүмкіндігі жоқ. Солардың жалақысын өсіру керек» дегені есімізде. Өкінішке қарай, дәл осы түсінік жалпы мәдениет саласы қызметкерлеріне салқынын тигізіп келді деуге болады. «Шыны керек­, мәдениет саласының қызметкері деген атымыз бар болғасын, қоғам бәрімізді бірдей әнші, әртіс, биші деп қабылдап кетті. Олардың ішінде кітапхана мен мұражай, мұрағат қызметкерлері ескерусіз қалды. Біз «тойдан табыс таба алатындардың» қатарында емеспіз. Осыдан төрт жыл бұрын 27 мың теңге жалақы алатын  едік. Қазір 43000 теңге болды. Қазақстандағы ең төменгі жалақы – біздікі. Айту­ға аузың да бармайды. Еңбек еткен жылым мен санатыма орай қазіргі жалақым 70-80 мың теңгеге жетті. Оған жастар жағы бірден ілінбейді. Сондықтан мұндай айлыққа жастар жағы жоламайды. Онымен отбасы түгілі, қара басын асырай алмайды ғой» дейді «Жидебай – Бөрілі» мемлекеттік қорық-музей­інің жетекші ғылыми қызметкері Қуат Қиықбай. Маман пікірінің жаны бар. Бүйірден қысқан қымбатшылық пен бұл мәселені байла­ныстырсаң, әңгіме әріге кетер еді. Елімізде қолданыстағы шығармашылық білім беру жүйе­сінің музыка, балет, орындаушылық, бейнелеу  өнері  бо­йын­ша кадрлар даярлаудағы көрсеткіштері  жоғары болғанымен, кино, анимация, сурет өнері, мүсін, графика, дизайн, декоративті-қолданбалы өнер, музей, реставрация, кітапхана ісі саласындағы мамандар тап­шыл­ығының спектрін толық  қамтымай  отыр.

Ал Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қызметкері Ғазиза Құдайберген: «Бұл жаңалық бізге мотивация берді. Қазір кітапханаларға ерекше көңіл бөлінуде. Заманауи техникамен қамтылған, жаңғырған кітап­ханаларда білікті, білімді маман­дар жұмыс істеу керек. Сапалы қызмет көрсету тек мықты маманның ғана қолынан келеді. Ал ондай маманға жалақы дұрыс төлену керек. Кітапханашылардың әлеуметтік мәселесі шешіліп, үйге тұру кезегі­не ие болса, нұр үстіне нұр  болар  еді»  дейді.

Осыған дейін сәуірдің басын­да Мәдениет және спорт министрлігі қызметкерлерінің айлық ақысын көтеру туралы мәселе көтерген болатын. Сондағ­ы белгілі болғаны – сала қызметкерлерінің айлығына 1,72 үстеме коэффициент қосуды­ жоспарлағандығы. Ең өкінштісі, бұл небәрі 8 пайыз қызметкерлерге ғана қатысты болып шықты. Дұрыстап түсіндірейік.

Мәдениет министрлігі сарапш­ыларының мәліметінше, 2018 жылы Қазақстанда орташа­ айлық есептік жалақы 158 мың теңге болса, мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбек­ақысы 80-120 мың теңге ғана болды. Ал статистика комите­тіне сенсек, еліміздегі әртүрлі сала мамандары, шағын кәсіпкерлік саласын қоспағанда, орта есеппен 162 мың теңге­д­ен алса, өнер, ойын-сауық, демалыс саласындағылар бар болғаны 127 мыңнан  алған. Бұл дегеніңіз – елдегі орташа айлық есептік жалақыдан 22 пайызға аз деген сөз. Комитет ұсынған мәліметтерге сәйкес, өнер саласы­ндағы көптеген мамандар одан да аз жалақы алған. Біздің  зерттеуімізде  дәл  қазіргі таңда  бас  суретші-сәнгер – 57 мың теңге, зал әкімшісі –  54 мың теңге, би-хор ұжымының әртісі – 47 мың, балетмейстрлер – 84 мың теңге, музей қызметкерлері 45 мыңнан, кітап­ханашылар 43 мыңнан баста­п, жәдігерлерді қорғаушы –  52 мың  теңге  жалақы алады.

Осы уақытқа дейін жалақысының аздығын алға тартып, мұң шақпаған, бас шұлғып, барын­ сала жұмыс істеп келген мамандардың жалақысы жаппай өспей қала ма деген де қауіп бар. Өйткені Президент Жолдауына дейінгі министр­ліктің шешімі бойынша жалақысы өсетін 8 пайыз қызметкерлердің тізімінде 9 республикалық мекеме мен 33 мемлекеттік қазынашылық кәсіп­орынның қызмекерлері – бар болғаны 42 ұйымның маман­дары  бар.

Осыған дейін министрлік осы ұйымдарда жұмыс істейтін 5399 қызметкердің айлығын көтеруді ғана жоспарлады. Ал статистика комитетінің соңғы мәліметтеріне сәйкес, 2018 жылдың 12 айында мәдениет саласында 65,9 мың адам еңбек етеді. Яғни, жалақы сала қызметкерінің әрбір 12-шісінде ғана өседі. Тек жоғары жақтағылар мен республикалық ұйымдардың қызметкерлеріне қатысты бұл шешімге қарап «жалпы қызметкерлердің жалақысы өседі»  деп айтуға ешқандай негіз  жоқ. Яғни, қала, ауылдағы музей, мұрағат, кітапхана, театр қызметкерлері Мәдениет министр­лігі ұсынған жоба аясында жоғары­ жалақыдан үмітсіз. Есесіне Мәдениет министр Ақтоты Райымқұлованың «Президент өз тапсырмасын нақты­лап, оның орындалу мерзімін белгіледі. Яғни, 2020 жылдан бастап мәдени сала қызметкерлерінің жалақысы көбейтілуі  тиіс. Бұл бізге сенім ұялатады»  дегені, үш  ай бұрын­ғы шешімнің қайта қаралып, сала мамандарын жаппай жарыл­қайды деген үміт басым.

Сондай-ақ, ағымдағы ахуал­ды ушықтырып, мәде­ниет саласының түйінді проблема­ларына айналған мәселенің басқа­ да себептері бар. Бүгінде мәдениет саласында меценаттық, демеушілік және волонтерлік институттар дамымаған. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, АҚШ-та мәдениетті мемлекет­тік қолдаудың мықты идеологиялық негізі бар. Сондай-ақ онда қаржыландыруды гранттар, қорлар мен демеушілер қамтамасыз етеді. Ал Ресейде негізгі қаржыландыру көзі – федералдық бюджет. Тікелей қаржыландыру Ресейде бұқаралық мәдениет ұйымдарының орта есеппен 80 пайызға дейінгі кірісін қамтамасыз етеді. Ресей­дің мәдени саясаты мәдениет пен оның әлеуметтік рөлі­нің ұлттық ұғымына негізделген. Қытай Үкіметі болса, мәдениетті дамыту қорын құру мен мәдениет саласындағы коммерциялық кәсіпорындар ар­қы­лы мәдени индустрия сала­сын қалыптастырудың тиімді тетігін жасап алған. Ал Ұлыбри­тания мен Канадада мемлекет ұлттық мәдениетті қолдау бо­йынша негізгі қаржылық ауырт­палықты өзіне алғанымен, бұл функцияны тәуелсіз әкімшілік органдар жүзеге асырады, олар өз кезегінде қаржы қаражатын арнайы комитеттер мен сарапшылар  топтарына  береді.­

Әлемдік үздік практикаларды ескере отырып, Қазақстан үшін АҚШ, Ұлыбритания, Германия сияқты елдердің үлгісі бойынша мәдениет саласындағы  демеушілік  пен  меценат­тықты қолдаудың пәрменді құқықтық тетіктерін құру ай­рық­ша өзекті дер едік. Сонда ғана біз әңгіме өзегіне айнал­дыр­ған жалақы мен мықты маман­ мәселесі шешімін тауып, саланың тамырына қан жүгірер еді...

Гүлжан  РАХМАН,

журналист,

Нұр-Сұлтан  қаласы

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Қыркүйек 2019 >
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 27 28 29
30            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары