Өзекті мәселелер

  • 16.10.19

    Тәуелсіздік күні қарсаңында «Шіркейлі» арнасындағы көпірдің ашылу салтанаты өтеді... «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер халық игілігіне пайдалануға беріледі... Жыл басынан бері сәулет-құрылыс саласындағы заңнама талаптарын бұзған тұлғаларға 16 млн 822 мың теңге айыппұл салынған... 2019-2021 жылдары газдандыру жұмыстарына 22 млрд теңге қаржы бөлінеді...

    ...
    Толығырақ...
  • 16.10.19

    «Алтын дән – 2019» мерекесі қалалы­қ ипподромда ат бәйгесімен жалғасын тапты. Мұнда шабан­доздар тай, құнан, тоқ, аламан­ бәйге сынды 4 түрінен сынға түсті. Бәйгенің ең ұзағы (аламан) 25 шақырым болса, тай бәйгеде шабан­доздар 4 шақырымға шапты.­

    Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов шараға қатысып, диқандардың жеткен жетістігіне тоқталып, облыс­тағы ат спортына бөлінген көңіл турасын­да  айтты...

    Толығырақ...
  • 10.10.19

    Мұны бәріміз де көп күттік. Жиырма жыл. Аз уақыт емес. Сөз жоқ, бұл жеңістің өзі оңайлықпен келген жоқ. Жасыл алаңда жан беріп, жан алысқан сәтті теледидардан телміре тамашалап, күйініш пен сүйінішті көрудің өзі бір ғанибет­  екен. Бұл күнге дейін не айтыл­мады, мақтау да, даттау да айтылды, бірақ біздің жігіттер жарады. Біздің айтып­ отырғанымыз – жексенбі күні елорда төріндегі «Астана Арена» ...

    Толығырақ...
  • 10.10.19

    Елбасының «Нұр Отан» партиясының ХVIII съезінд­е ұсынған «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік саясаты қоғамның барлық саласын қамтиды. Әсіресе, президент көпбалалы отбасыларға қол­дауды арттыру қажеттігіне ерекше тоқталды. Өйткені, елімі­здегі баспанаға мұқтаж азаматтар саны азаймай тұр. Сандарды сөйлетсек, елдегі үй кезегінде тұрған аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың жалпы­  саны 28 мыңнан...

    Толығырақ...
  • 10.10.19

    Қызылорда облысында экономика саласын дамытуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетік­тері тиімді пайдаланылып келеді­. 2017 жылдан бастап мұнай өндіру көлемінің айтарлықтай төмендеуіне қарамастан, жалпы өндірістік өнім көрсеткіші бойынша оң өзгеріс байқалады. Бүгінде өңір экономикасының барлық салас­ында тұрақты өсім қамтамасыз етілуде. Тек өнеркәсіп өндірі­сінде мұнай ұңғымаларының сулану­ы ...

    Толығырақ...
ДАРҚАН ДАЛАНЫҢ РИЗЫҚТЫ АРНАСЫ
03.10.2019 12:20

Сайлаубай  ЖҰБАТЫРҰЛЫ

жазушы,  көсемсөзші-эколог,

қоғам  қайраткері,

«Парасат»  орденінің  иегері

Біздің толымды да, арынды дарияларымыз, тарихи-жағрафиялық тағдыр ұйғарымында, сайын сахарамыздың шет-кемерін қиықтай түсіп жатыр. Жайық, Сырдария, Ертіс... Бұл сулардың ел-жеріміз үшін игілігін тізбелеп жату артық болар... «Бұйырғанның берекетін берсін» деген ата ұстанымында, сондайлық несібені ұтым-ұтырымен және рәсуасыз игеру – тиім-нәтижесін молынан беретін опалы тірлік екенін жаңа үрдістер, интенсивті шаруашылық жолдары жақсы дәлелдеп келеді. Ал сонау тарихтар «кесімдерін» жаңа уақыт талабында қайта бағамдап, өз ақиқатымызға үйлесімде игеру, өз мүддемізге сабақтастыра дамыту – бүгін мен болашақтың ділгір міндеті.

Заман өзгерді. Жаңа дәуір өз ағымында жаңа талаптар шоғырын алға тартты. Сол үдерістер легінде, жоғарыда аталған қом суларымызға қатысты мәселелер күн тәртібіне бір төбе болып көтерілді. Осы тұғырды тереңдете айтсақ, ең алдымен, Ертіс-суға деген көзқарасты түбегейлі өзгертетін уақыт жетті. Бұған негізді себеп жетеді. Соның да ішінде салмақты үш жайтты алға тарту ләзім. Біріншісі,  еліміздің  мәртебелі  бас  қаласы  –   Нұр-Сұлтан Сарыарқа төрінде еңсе көтерді. Екіншісі, Ұлы Даланың шоқтықты өрісі – Сарыарқада өндіріс орындары мен жасыл желекті танаптар аумағы айтарлықтай кеңге түсті. Үшінші, ғасырлар мен ғалам проблемасына айналған, Арқа іргесі, Тұран төріндегі Аралдың жайы бүгін әлемге мәшһүр...

Осы күні халықта «Еркін ағын  Ертісте қалды» деген пікір бар. Бұл рас сөз. Арналы суларымыздың ішіндегі әзірге тынысы тарылмағаны, ағыны апшымай келе жатқаны – осы өзен. Осыдан жарты ғасырдан астам бұрын Ертіс-Қарағанды арнасы (ЕҚА) сондай әлеуетке негізделе салынған болатын. Және ол еңбекті ақтап, өзінің өмірлік мәнін дәлелдеді де.

Ертіс, ең алдымен, Қазақ даласының шөлін қандыруы керек.

Ертіс-өзен, негізі, өзімізде өнеді. Дені, Алтай тауларынан бастау алатын өзеннің Семей қаласы тұсындағы жылдық ағын көлемі 30 млрд текше метр шамасында. Соның 8 млрд текше метрін Қазақстан игеру мүмкіндігі бүгін айтылып жүр. Ал Қара Ертістен 2 млрд т.м. су алып отырған Қытай-көрші принципіне бақса­қ, біз Ертістен алар су көлемін бұдан 2 еседей арт­тыруды көздесе дұрыс болар еді. Бұл көлем 14-15 млрд т.м. шамасы болуы мүмкін.

Осынау игілік көзі үшін Ерті­стегі «Шүлбі» бөгетінің 2-ші кезегі белгілі бір деңгейде­ жүзеге асуы тиіс. Және сол шама, кей мамандар айтып жүрген, Балтық жүйесіндегі 240 метр емес, 260 метр биік­тікте шығуы керек. Сөйткен жағдайда біз, «дарқан даламыз­ға мол көгілдір ризық келді!» деген толымды уәж айта аламыз.

«Шүлбі-2»-нің 260 метрлік деңгейінен бастау алып, Сарыарқаны солтүстік шығыс, сол­түстіктен жиектеп аға, Торғай қолаты арқылы бері құлайтын, өзағынды (самотечный), яғни, арзан, «Қазақстан арнасы» идеяс­ы өткен ғасырдың орта тұсынан бері бар. Идея тым ұзақ талқыда жатты. Бұған кеше­гі кеңестік орталықтың «қырын» назары да салқынын салды. Бірақ бұл енді өткен тарих... Бүгін негізі бар «Шүлбі» су тоспасы биіктетілуі керек.    260 метр деңгейде Ертіс арнасының біраз жері, аң­ғарлық орман-тоғай алабы су астында қалары  анық. Бүгін де бір­шама елеулі түрде қарсы айтылып жүр­ген контруәж осы. Әрине, су қоймасы жер алады, онысыз болмайды. Дүниеде мысалдар көп: Ресей-көрші бүткіл Еділ бойын «теңіздерге» айналдырды. Ол жерлерде елді мекендер, реликті орман-тоғай аз емес еді... Анығында, қайтарым-функциясы «Шүлбі-2» нысанынан аздау өзіміз­дің Қапшағай, Шардара су қоймалары да сондай қажеттілікте өмірге келген.

Ауқымды елдік мүдделер бізден ше­шімді әрекеттер талап етеді.

Жағрафиялық-стратегиялық тұрғыда Арқа төсіне сәтімен орналасқан астанамызда су мәселесі бой көтеруі мүмкін. Ар­қаның өзендер жүйесі жағдайында бұл күту­лі жайт. Жоғарыда орна­ласқан «Вячеслав» бөгенінің ендігі мүмкіндігі шектеулі бола бастады. Оған ЕҚА-нан түсетін су да жағдайды бүгін демегенімен, ертеңгі күн талабына толымды жауап  бере  алмайтын іспетті. Ал Нұр-Сұл­танның тым жақын болашағының өзі аса ауқымды екені көз алдымызда­ғы айқын ақиқат. Көп жылдардан ауыр металдар тұнған Нұрадан (ол құятын Қорғалжын көлдер жүйесі сұранысын айтпағанда) да Есілге көмек шамалы болмақ. Міне, осы ретті жағдайлар астанамыз үшін жаңа, әлеуетті су көзін ашуды күн тәртібіне қоя бастады.

Жалпы, Орталық Қазақстандағы су жетімсіздігі күн санап­ өткірленіп келе жатқан мәселе. Бұл демография, шаруа­шылық, экология кешендері қатарында байқалады... Осының бір шешімі: Есіл өзеніндегі жаңа су қоймасы түрінде жүзеге асатын болды. Ол – «Бұзылық» су қоймасы. Сәл тоқтала кетейік: Есілде көптен күтулі су қоймасы салына­ды. Көктем айларында ағынының 80 проценті мұхит асып кететін, осы мінезді өзеннің арыны басылып, енді онда бүкіл жаз бойы біршама кепілді, тұрақты су режімі орнайтын болады. Және де Державин қаласынан төмен, жылда­ тасқын басатын жерлер (әсіресе, Петропавл аумағы) проблемасы түбегейлі шешіле­ді. Егістік, өндіріс, елді мекендер, табиғат сұранысы тағы бар. «Бұзылықтан» іргедегі Сары­өзен-Сарықопа су жүйесіне су түсіп, мұнда кепілді табиғат теңгерімі орнауы мүмкін. Ал енді, осы жүйеден, жер ың­ғайымен, Торғай арнасы арқылы Аралға су беру мүмкіндігі – ертеңгі күн мүмкіндігі көрсететін жайт.

Бір сөзбен, Орталық Қазақстанда ылғал тапшы, су жетіспейді. Бұл – факт.

Ал Арал сияқты КСРО-дан қалған апатты мұраның моральдік уәжіне ешқандай имандылық ұстанымы қарсы келе қоймас. Иә, бізде ғалам ауқымды Арал мәселесі бар! Жоғарыдағы «Шүлбі-2» нұсқасында Ертіс қиналысты Аралға қол соза алады!

Осының барлығы сол нысанның бір 20 метр деңгей айырма­сында тұр.

Әрине, мұндай сан-сала ойларға, бір есептен, Сібір беттен күтілген мол су келе қоймағаны­ себеп десе де болар еді. Ресей­-көрші Солтүстік суының бір бөлігін Оңтүстікке бұру мәселесін жылы жауып қойды. Тіпті, одақтан қалған ортақ мұраның бірі – Арал мәселесін көре-тұра солай болды... Бізге енді трансшекаралық су мәселесінде жан-жаққа көп алаңдайтын рет жоқ. Сонау, жүзеге аспай қалған Сібір-Орталық Азия су жолы – «ғасыр арнасы» хақында осы күні әртүрлі пікір бар. Бір көзқарас: Ресей зиялылары сонау КСРО уағында шу көтеріп, мемлекет қолға алға­н сол істің іргесін шайқады, ақыры, «біздің мықтылығымызбен бетін қайтардық!» деген шулы науқанмен (тоқырау дағдарысы тағы бар), баста­маны омақастырып тынған еді. Енді, сол шулы дабыраның құр эмоцияға құрылған, негізі тайыз­ бос сөз болғанын, ол арнаның алыс перспективаға кетер,­ әр тарапты, сан-салалы пайдасы боларын сол елдің зиял­ы  қауымы бүгін өкініш­пен айтып жүр. Ал енді бұған «біздің жақ» пікірі төмендегіше: «Сібір арнасы Қазақстанды сол суға деген тәуелділікке байлап қоюы мүмкін», «ол түстік өзендердегі (әсіресе, Сырдариядағы) үлесті суы­мыздан  айырылып  қалуға  әкеп соқтыр­ады».

Анығында, Сібірден келер судың біраз бөлігі Ресей-Түмен жері үшін «жұмыс істеп» қайта­тын Ертіс, Есіл, Тобылдық өз суымыз екені есте болғаны жөн... Ендігі, тең құқықты егемен елдер арасында ала-құла, біржақты саясат жүре қоймас. Әлем тәжірибесінде әділдік, теңдік, кепілділік тетіктері бар. Мысалы, Ұлы даламыздың өзен арнасы ғана емес, әлемдік өмір арнасына айналған Еуропа – Оңтүстік-Шығыс Азия қуатты транзиттік рөлін осы ретте неге күшті балама ретінде­ пайдаланбасқа! Және Солтүс­тік суы Оңтүстікке керек бол­ғанда, Оңтүстіктің өнімдері Солтүстікке қажет болмас па? Тарих пен даму жолдары түбі тиімді көршілікті осындай үйлесімге келтіреді. Тек, тең ынталы, тең құқықты, кепілді іс тетіктері табылмағы мақұл. Бұл үшін дипломатиямыз жұ­мысы мен шаруашылық есебі­міз мүлтіксіз болуы керек. Бұған Оңтүстік көршілер де өз мүдде, өз есебінде қатысуға ынталы болуы әбден мүмкін...

Біз үшін ең маңыздысы: Сырдариядағы сыбағалы суымызға бұның еш әсері болмауы тиіс! Болуы мүмкін де емес. Ол суымыз – киелі құндылық және ол түбегейлі қорғалуға жатады­.

Түбі, Сібір суы Тұранға, ал Еділ суы Қазақстанның батыс өлкелеріне келеді. Тарих жүрісі адамзатты осыған қалай да келтіреді. Мына буырқанған дүниеде әркім өз су-батпағымен, шөл-даласымен, томаға-тұйық оқшаулықта отыра бере алмайды. Ендеше, төмендегі ойларды әлдебір қисынсыз қиял шалқуы деуге болмайды: Батыс Сібір – Тұран су арнасының негізді жобасы өткен ғасырдан дайын тұр. Тең құ­қықты елдер енді осының саяси, экономикалық шарттарын жаңадан қарастыра-қалыптастыра, қайта оралуы керек. Ал Еділдің бір арна суы Саратов су қоймасы, Балаково мекені тұсынан, Ресей даласын суландыра, Батыс Қазақстанның Кіші өзен, Чапаев бағытымен Бейнеу маңына өз ағынымен келуге сұранып тұр. Және де кешегі жоспарда бар, Ресей терістігіне кетіп жатқан Печора мен Вычегда суларымен Еділді үстелеуі – қисын жолы. Елбасымыз Санкт-Петербургтегі алқалы жиында ұсынған экологиялық, экономикалық берері мол Азов – Каспий арнасы да ойда жүр. Түбі, Еділ мен Каспий зардап шекпеуі тиіс. Тек жоғарыдағы нұсқалардың ел­аралық саяси, заңдылық, экономикалық негіздерін бекем, сауатты жасақтау – елдік мүдде мұраты.

Бір сөзбен, келешегі кең болар тарих үшін шақырып тұрған өрісті бастама бағыт­тары көп. Келер жақсылықтың жолын қазірден аша беру – ақыл ауанындағы ұтымды тір­ліктер болар еді.

Ертісті сайын даламызға әкелу – осының ең жақын тұр­ғаны. Ертіс-өзен мұхитқа құя­ды. Және Ертіс, бүгінгі Қазақ елі ақиқатында, дарқан даламыздың көгілдір ризығына айна­латын  болады.

Ресей-көрші өз қажетінде Ертісті Құлынды даласы ар­қылы Ақсу тұсында Обьтен үстеулейік десе, бізден оған қарсылық  бола  қоймас.

Бұл нұсқа да Оңтүстікте, Сыр атырауына келетін дәс­түрлі ағын режімін бұзуға неме­се оны тоқтатуға әкеледі деген сөз емес. Кеңес кезінен заң­дас­тырылған Сырдариядағы 12 млрд т.м. үлесті, таза суымыз  бар.

Сырдария ағынына еш балама­ болуы мүмкін емес!

Оңтүстік суларының құны бүгін алтыннан қымбат бола бастады. Осы ретте, Сырдария­ның тек Қызылорда жеріндегі жағдайына тоқталу қажеттігі бар. Соңғы кездері Сырымызда­ қалған аз ағынды мейлінше шаруашылық мақсатында игеріп қалу үшін жаңа су қоймаларын салу күн тәртібіне көтеріле бастады. Қызылорда облысының өзінде осы күні «Күміскеткен», «Қараөзек» қоймаларын салу жоспарлануда. Және бұл ондаған жылдар бойы Арал халқы табанды түрде сұрап отырған бір деңгейлі «Кіші Арал» теңізін кө­теру ұсынысына қарағанда, қажырлы, жедел түрде қолға алынды. Жаңа гектарларға молыр­ақ су керек. Және қойма­лардың булану, жерге сіңу шығын­ы ыстық өлкеде көп көлем талап етеді. Сонда қалай? Оңтүстік көршілер дария бойына осындай құрылыс саламыз десе, біз Аралды алға тартып, әлеумет-экология жайын­ айтып, халықаралық ауқымда орынды сөз көтереміз. Бұл әлем кеңістігінде сауатты, өркениетті, дұрыс қадамдарға жатады. Ал өзімізге келгенде, Сырымыз үшін әй дейтін ажа, қой дейтін қожа болмағаны ма? Азын-шұғын су ағып жатыр екен деп, Сырдың шамалы ағынына қол сала беру не? Ел пікірімен санасу, қоғамдық тыңдаулар болды ма?

Кезінде КСРО шөлді өлкеде толыса ағып жатқан еркін дариялардан экономикалық, әлеуметтік, тіпті, демогра­фиялық ырғын пайда көріп, аса салмақты уәждермен Аралды жоқ етіп тынып еді. Осы 1993 жылғы тұңғыш Арал саммитін­де қатты сынға алынды. Ел­басымыз дариялар бойындағы біржақты саясат: дара дақылдар экспансиясын тежеу, эксте­нсивті, ысырапшыл су пайда­лану ісін тыю, үнемді тәсіл, шаруа­шылықтарды әртарапт­андыру, Арал ахуалы, экологияны оңалту жайын баса айтып еді. Ең бастысы, сондай әсіре прагматикалық, бір­жақты тарих саясатына (дара дақылдар экспансиясы, шаруа­шылық жолында табиғатты жұтата беру, көз алдында аққан суды тіршілік уәжімен әйтеуір ала беру) бүкіл дүние, ұлы Тарих­ үкім айтқан жоқ па? Сырда шамалы су қалған екен деп, енді сол өткенді қайталау дұрыс па?!. Мұнан дария атырауына, теңізге не қалады?

Бұл жерде, жоғарыдағы, әлеуеті мол Ертісте жасалатын, гуманистік сарыны басым­ әрекет-шара мен Сырда салынбақ қоймалардың екі түрлі мәні күмәнсіз ұғынылуы керек.

Жалпы, кейінгі тарихымызда Сыр бойы, дария суын пайда­лануда экологиялық мәдениет кемшіндікте қалып тұр. Бұның шет-пұшпағына көз жеткізу үшін көп амалдың қажеті жоқ, Сыр бойындағы жолдармен жай ғана жүріп өтудің өзі жеткілікті... Төменгі Сыр табиғаты жүдеп тұр... Солтүстік Арал факторы осы, экологиялық мәдениет көтеру­ді  қамшылап, су рәсуасын шектеуге сеп болуы тиіс еді. САРАТС жобасының шоқ­тықты кезеңі – «Кіші Арал» ең алдымен, Сырдария ағынына есептелген.

Қазақстанда «Арал теңізін келеге келтірудің бірінші батыл­ қадамы» деп жария­ланған Солтүстік Аралды көтеру ісі өз жалғасын солай күте, ошарылып қалды. САРАТС­ жобасының бірінші кезеңі біткеніне 14 жыл. Көп уақыт. Бұл созылыңқырап кеткен шаруаның шешімін табу Сыр бойында әлі де жүріп жатқан сыңайлы... Сөйтіп жүргенде, қолда бар «Көкарал» бөгетінен айырылып қалу қаупі де келіп жетті. Осы мәселе қазір нақты шешілу­ үстінде сияқты.

Суы шөміштеп бөлінген Сырдария жағдайында, мәні терең «Кіші  Арал»  идеясының жүзеге  асуы жоғарыда айтыл­ған ойлар бедерінде оң шешім­ге біртабан жақындай түсері хақ. Арал үміті – жан-жақта. Кіші  теңіздің 50-51 метрлік деңгейіне есептелген жұмысты, көп шайқақсыз, қажырлы түрде баста­п кететін уақыт жетті. Орнықт­ы жұмыс ертеңгі күнге есеппен істеледі. «Іс оң шешіл­сін» деген шаруа қисыны, жұмыс талабы солай. Бұған негіз бар. Болашақ бар. «Көк­арал» дайын болса, әр тарапт­ан келер су көздеріне теңіздің «құшағы» әрдайым ашық  тұратын  болады.

Арқадан келер молшылық Солтүстік Аралды ел күткен ежелгі  жағасына жеткізсе, онан әрі Халықаралық Аралды Құт­қару Қоры ойға алған, Ұлы теңіз беттегі «Көкарал атырауы» жобасына да жол ашылар еді. Осы ретте, проблемалы теңіз үшін Республикамыз атқа­рып жатқан нақты шаралар кешені басқа көршілердің ешбірі­нде жоқ екенін де айта кету керек.

Өркендеулер мен серпіліс­тер күтіп жатқан сайын сахарамыздың ертең келер көгілдір арналы ризыққа сабақтасар болашағы берекелі болады деген сенім зор.

(«Егемен  Қазақстан», №190, 2.10.2019 жыл.

Мақала автордың толық нұсқасында беріліп отыр).

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Қазан 2019 >
  1 2 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары