Жыл сайын қала күні елеусіз қалған емес. Өткен жылы 200 жылдық мерейтой аясында да ауқымды шаралар ұйымдастырылып, халықтың мерейін тасытқан еді. Биыл да дәстүрлі үрдіс өз жалғасын тауып, сүйікті қаланың туған күнін бір ай бойына тойлау бақыты бұйырды. Қыркүйек айының орта шенінде басталған шаралар қазан айының 12-сіне дейін жалғасады деп күтілуде. Әртүрлі форматтағы іс шаралар легі «YOUTH FORMULA» – жастық шақтың формуласын сезін!» мерекелік кешімен жалғасты. Шара балабақша қызметкерлері, ерікті жастар, қоғам белсенділері, этномәдени ұйымдар, өңір спортшылары мен мүмкіндігі шектеулі жандардың қатысуымен «Достық» үйінен жастар карнавалымен бастау алды. Жиналған қауым түрліше өрнектелген балалар қоларбалары көрмесін таныстырып, ертегі кейіпкерлерінің және дәстүрлі мерекелік киімдерін киіп, түрлі аспапта ойнау арқылы «Жанды арбат» бойын жандандырды. Жалпы 100-ден аса қатысушыны қамтыған жастар карнавалы қала тұрғындарын қызықты мәдени-көпшілік шаралар орталығына апарды.
Одан ары орталық алаңда асық ату, «Workout» спорттық сайыстары, жас отбасылар арасында «Толағай» спорттық сайысы өтті. Гаджет ойындарынан бас тартып, қарапайым достыққа баулитын «Біз де бала болғанбыз» атты ескіден қалған аула ойындарына қатысуға ниет білдіруші қала тұрғындары арасында сайыс ұйымдастырылды. Жеңіске жеткен қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Қала тұрғындары мен қонақтары ұлттық тағам түрі бауырсақтан дәм татты. Шара одан әрі «LIVE ARBAT» жастар концертіне жалғасып, студенттердің бірі ән шырқаса, бірі түрлі аспаптарда ойнап, Орталық алаңды ерекше реңге бөледі. Сонымен қатар, шараға арнайы ат басын бұрған қала әкімінің орынбасары Бектас Нұриддинов пен «Абзал и К» ТС директоры Мағжан Ералиев қатысып, көпбалалы отбасыны қуанышқа бөлейтін тосынсый жасады. «Абзал и К» ТС Қызылорда қалалық әкімдігі мен «Атамекен» республикалық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен жүзеге асып жатқан «Менің атамекенім» әлеуметтік жобасы аясында үш бөлмелі пәтер кілтін көпбалалы отбасыға табыстады.
Бақытқа бөленген отбасындағы 5 немеренің әжесі демеушілік көрсеткен кәсіпкер «Абзал и К» ТС директоры Мағжан Абзалұлына жомарттықтың шынайы үлгісін көрсетіп, күтпеген сый жасағаны үшін шын жүректен алғысын жаудырды. Кәсіпкердің бұл отбасыны таңдауына түрткі болған жас маман ретінде Нұрболат жұбайы Ботагөзбен бірге мектеп жасындағы екі ұл және үш жастағы үшем – Хадиша, Райяна және Айшаны тәрбиелеп, жалдамалы пәтерде тұруына қарамастан көпбалалы отбасының тіреуіші бола білгендігі.
Жастардың арасында жомарттықтың орасан үлгісімен есте қалған кеш танымал ди-джейлердің қатысуымен арбат бойындағы би кешіне ұласты.
Халық-хабар
|