Өзекті мәселелер

  • 16.10.19

    Тәуелсіздік күні қарсаңында «Шіркейлі» арнасындағы көпірдің ашылу салтанаты өтеді... «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер халық игілігіне пайдалануға беріледі... Жыл басынан бері сәулет-құрылыс саласындағы заңнама талаптарын бұзған тұлғаларға 16 млн 822 мың теңге айыппұл салынған... 2019-2021 жылдары газдандыру жұмыстарына 22 млрд теңге қаржы бөлінеді...

    ...
    Толығырақ...
  • 16.10.19

    «Алтын дән – 2019» мерекесі қалалы­қ ипподромда ат бәйгесімен жалғасын тапты. Мұнда шабан­доздар тай, құнан, тоқ, аламан­ бәйге сынды 4 түрінен сынға түсті. Бәйгенің ең ұзағы (аламан) 25 шақырым болса, тай бәйгеде шабан­доздар 4 шақырымға шапты.­

    Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов шараға қатысып, диқандардың жеткен жетістігіне тоқталып, облыс­тағы ат спортына бөлінген көңіл турасын­да  айтты...

    Толығырақ...
  • 10.10.19

    Мұны бәріміз де көп күттік. Жиырма жыл. Аз уақыт емес. Сөз жоқ, бұл жеңістің өзі оңайлықпен келген жоқ. Жасыл алаңда жан беріп, жан алысқан сәтті теледидардан телміре тамашалап, күйініш пен сүйінішті көрудің өзі бір ғанибет­  екен. Бұл күнге дейін не айтыл­мады, мақтау да, даттау да айтылды, бірақ біздің жігіттер жарады. Біздің айтып­ отырғанымыз – жексенбі күні елорда төріндегі «Астана Арена» ...

    Толығырақ...
  • 10.10.19

    Елбасының «Нұр Отан» партиясының ХVIII съезінд­е ұсынған «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік саясаты қоғамның барлық саласын қамтиды. Әсіресе, президент көпбалалы отбасыларға қол­дауды арттыру қажеттігіне ерекше тоқталды. Өйткені, елімі­здегі баспанаға мұқтаж азаматтар саны азаймай тұр. Сандарды сөйлетсек, елдегі үй кезегінде тұрған аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың жалпы­  саны 28 мыңнан...

    Толығырақ...
  • 10.10.19

    Қызылорда облысында экономика саласын дамытуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетік­тері тиімді пайдаланылып келеді­. 2017 жылдан бастап мұнай өндіру көлемінің айтарлықтай төмендеуіне қарамастан, жалпы өндірістік өнім көрсеткіші бойынша оң өзгеріс байқалады. Бүгінде өңір экономикасының барлық салас­ында тұрақты өсім қамтамасыз етілуде. Тек өнеркәсіп өндірі­сінде мұнай ұңғымаларының сулану­ы ...

    Толығырақ...
БІРЕУ ТОЙЫП, БІРЕУ ТОҢЫП СЕКІРЕДІ (болған оқиға ізімен)
10.10.2019 09:30

2018 жылдың 10 желтоқ­санында «Астана» телеарнасындағы хабарламада: «Жасы сексеннен асып кеткен шалдар жап-жас немере-шөберелеріндей жезөкше қыздарға барады екен» - деген «жаңалықты» естігенде, сонау өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы бір сұмдық оқи­ғаны еріксіз есіне түсірген мәдениет саласы ардагерінің қаны қайнап, басына шапты.

Иә-ә!.. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақ Елі өзінің Тәуелсіздігін жария­лағанда, елін сүйер азаматтар қуанғаннан бөріктерін аспан­ға  атқан. Сол бөріктері көкке көтерілгендердің арасында аталмыш ардагерлердің де үлесі бар болатын. Жүрегі нәзік, сезімтал азаматтың қуанғаны сонша – айналасындағы болып жатқан өзгерістерге тіпті де мән берместен тоқсаныншы жылдардың дәл ортасына дейін бөркін аспан­ға атумен беріле айналысқан.

Осылайша, қуанышты күндер өте бере ме еді?!..  Кенеттен:­

- Уа, жетер енді! Қуанышыңның  мейірі қанатындай-ақ уақыт өтті ғой!.. Үйде бір үзім нан жоқ! Аштан өлетін болдық қой, түге! - деген ке­ліншегінің аш қасқырдай ызала­на шақ еткен дауысы селт еткізіп есін жиғызды.

Айналасына қараса, мәс-саған!.. Тәуелсіз Елі әлдеқашан социализмнен коммунизмге емес, капитализмге қарай кері аттап, капиталис­тік құндылықтарды бойына мықтап сіңіре бастапты.

«Адам адамға дос және бауыр­!» деген қағида әдіре қап, есесіне, «Адам адамға – қасқыр!» атты ұран төбеде ойнақтап­  тұр  екен!

Әлеуметтік теңсіздік те барынша ушығып кетіпті. Бюджеттік саладан жалақы алатын қызметкерлер мардымсыз – мың теңгелік еңбекақыларына да қол жеткізе алмай, алты ай сергелдеңге түссе, теміржолда қызмет ететіндер ай сайын алпыс мың теңгелік жалақыларын жамбасына басып, мұрттарын майла­п, жалғанды жалпағынан басқан күйі, еріккеннен талтаң-талтаң етеді.

Уа, жалған-ай!.. Бір кездері қызғалдақтай құлпырған қыз-келіншектеріміз күнкөріс үшін қытайлық арзан ала қоржы­ндарын иықтарына салып ап, белдері бүгіле, аяқ-аяқтарына шалынып маймаңдайды.

Мұны көргенде, жүрегі нәзік, көкірегі ояу мәдениет саласы қызметкерінің көзіне жас үйірілді.

«Орны бар оңалар» деген, ең бастысы – Тәуелсіздік тізгіні қолымызда ғой, әлі-ақ оңалып кетерміз. Қызғалдақтай қыздарымыз үлде мен бүлдеге малынып, төрде отыратын кезі де туар!» - деді, өзін-өзі іштей жұбата.

Өкінішке қарай, сезімтал жүрегі мықтап алдапты. Азат еліміз шекарасын бекітіп, әлемде өз орнын ойып тұрып алғанымен, әлеуметтік жағдайын ұқсата алмады. Оның үстіне, «жабайы» капитализмнің қанды шеңгелі, ұсқынсыз, рухсыз құндылығы жан-жақтан қысқан үстіне қысып, ұлттық рухымызды, намысымызды санамыздан ығыс­тыра  берді.

Халқын мұндай қысымнан құтқаруға тиісті үкімет те жаңылысқан үстіне жаңыл­ысып, халықтың берекесін мүлде қашырып жіберді. Шындық пен өтірік мидай араласып, жұртшылықтың адал жолдан адасуына кең жол ашылды.

Мұның бәрін ой елегінен өткізіп, шарадай басы шақшадай болған, ұлтының нағыз жанашыр патриоты «бір көсек нанды қайдан табамын» деп, жаралы­ жүрегін ақырын сипалап қойып, ілбіп келе жатқан-ды. Өзін сонадай­дан күтіп тұрған теміржол сала­сында тәуір қызмет атқаратын түйдей құрдасын да аңғара қоймады.

- Ау,  достым! Ұнжырғаң түсіп кетіп­ті  ғой?!  Жай  ма?!..

Түйдей құрдасын енді көріп, аздап абдырап қалған мәдениет саласының әйдік маманы:

- Ә-ә... жайшылық қой! - деді күміл­жіп.

Сол сәтте «қайдан жайшылық болсын!» дегендей, аштықтан әбден бұралған қақпыш қарны ерсілеу дыбыс шығара,­ шор ете қап, егасының халінен біршама хабар бергендей болды.

«Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш боламын деп ойламайды» - деген ғой, пешенейі түгел теміржолшы аш құрдасының хал-жағдайын қаперіне де алмастан:

- Жайшылық болса, қыздарға бармаймыз ба?! Қаладан мың бұралған небір хас сұлулар келіпті!.. Жас иіс демек­ші!.. - деді.

Сөйтті де, теміржол саласының білдей қызметкері тоқ қарнын солқ-солқ еткізіп, кеңк-кеңк ете қалды. Құрдасының көңілін қалдырғысы келмеген мәдениет саласының соры қайнаған білгір маманы да күлуге талпыныс жасағанымен, онысы өте сәтсіз аяқталды. Алты айдан бері жөнді нәр татпаған байғұстың қарны омыртқасына­ жабысқан күйі еркін күлкіге ерік бермеді. Күлкісі бейне аш қасқырдың ашына­  ұлығанындай қорқыныш әкелсе,­ онысын қызу қолпаштағандай ауаға толы қақпыш қарнының шұрылы «қосыла шапқанда» қорқынышты күлкіні қоюлата түсті.

Қайран тоқтық-ай десеңші! Теміржолдың қарны тоқ қызметкері ешнәр­сені бағамдамастан, досының көптен бері майланбай қаусап тұрған сүйектерін сықырлата бір сығып ап, өміріне аса риза кейіпте мейірлене құшақтады. Сөйтті де, май басқан зілдей алақанымен  байғұстың арқасынан қағып-қағып жібергенде, әлгінің өкпесі аузына түсе жаздап, аяқ-қолы дірілдеп, құламай әрең қалды. Мұның бірін де аңғармаған теміржолшы алдағы уақытта қолға түсер «жемтігін» әбден құмары қанғанша, умаждағысы келгендей, алақанын ысқылай  бастады.

Көптен ыстық тамақтың иісін де иіске­п көрмеген мәдениет саласының сорлы­ қызметкерінің есіл-дерті бір жапыр­ақ нан боп тұрғанда, досының «жас иіс» дегенін «жас сорпа» дегенге жорып, бір жұтынып қойды.

«Сананы тұрмыс билейді» демек­ші, мәдениет қызметкері алдағы ішер ыстық «жас сорпаны», сонымен қатар, бір көсек нанды қалай да үнемдеуді, үнемделген нанды бала-шағасына апарып беруді жеделдет­е ой елегінен өткізе армандап, теміржолшы досының ізіне қалай еріп  келе жатқанын да байқа­мады.­

Екеуі көптен  жөндеу  көрмесе де, әлі сыны кете қоймаған еңселі үйдің жанына­ келіп тоқтады. Іштен сыңғырлай күлген қыздың әсем күлкісі теміржолшының жүрегін қыдықтап өтсе, мәдениет қызметкерінің қарнын бүлк еткізгендей  болды.

Екеуінің бұл үйге келгендегі мақсаттары екі бөлек болса да, армандарына жету жолында бірауыздан: «Иә, сәт!» десті.

Ішке енген екеуін қара торы әдемі келіншек қарсы алды. Әдемі келіншек қарны қабақтай теміржолшыға мейір­лене қараса, қарны қоян ұстағыш тазынікінде­й бел омыртқасына қабысып қалған байғұс мәдениет қызметкерінің сүдініне  бір сәт  мүсіркей  қарады. Сөйт­ті де, мәдениет қызметкеріне «мына бөлмеге кіріңіз» дегендей, басымен­ ишара жасап, өзі темір­жолшыны құшақтап­, ілгері  бөлмеге  кіріп  кетті.

Әлі де «бір көсек наннан дәмелі» сорлы­ мәдениет қызметкері әлгі келіншек нұсқаған бөлмеге имене кірді. Кірсе, «астапыралла!» ақ төсекте шал­жиып,­ анадан тумай тыржалаңаш бір жап-жас қыз жатыр! Айылын жияр емес! Мәдениет қызметкері ұялғаннан шыдай­ алмай теріс айналды. Сөйтті де, «мысық­қа ойын керек, тышқанға өлім керек» демекш­і, бір көсек нанды жалма-жан көз қиығымен ұрлана іздей бастад­ы. Алайда наны бар  болғыр, көзіне шалына қоймады. Жас сорпаның иісі де сезілмейді. Есесіне,  ортадағы кереуе­тте  шалқасынан   түсіп  жатқан  жап-жас  қыздың «әй-әй»  мүшесі мен­мұндалайды.

«Бір күн ашыққаннан қырық күн ақыл сұрама» демекші, қанша жерден сыпайы боп, ұялып-қызарса да, аштық өз дегенін істетпей қоймады. Аштық қысқан қарны сөйлетпеске амал қалдырмады. Мұрнының астынан міңгір­летті. Қызға теріс қараған күйі:

-Бір көсек нан қайда?! - деді.

Қыз бұл сауалды басқаша түсінді-ау! Қатты таңырқаған кейіпі:

- «Бір көсегің» алдыңда жатқан жоқ па?! - деді, «ау, болсайшы, енді қашан?!» дегендей зілдене.

Мұны естігінде, еріксіз жұтынып-жұтынып жіберген мәдениет саласының сыпайы қызметкері аштығын білдіргісі келмегендей, барынша сыпайы­  да  жұмсақ  үнмен:

- Қане?! - деді.

Бұл аса сыпайы сауал қыздың қытығын­а қатты тиді. Табан асты жындана­  жаздады.

- Міне!..

- Бір көсегін алсам бола ма?!

Қыз бұл сұрақты естігенде, өзіне-өзі есеп беруден қалды. Ашуға булыққаны сонша:

- Өзі біреу-ақ! - деуге ғана шамасы жетті. Бұл жауапқа аса таңырқаған сыпай­ы жігіт ағасы әлі де ештеңенің байыбына барар емес. Тек: «Өзі біреу-ақ болса, қыздың несібесіне несіне ортақтас­амын?!» - деп ойлады да, кенеттен азаматтығы, патриоттығы ұстап:

- Жарайды. Өзі біреу-ақ болса, өзің-ақ же, қарындасым...

Мұндай «қамқорлыққа толы азаматтық мәрттікті» көптен бері естіп көр­меген қыз қапелімде не күлерін, не жыларын да білмей, аузын ашты да қалды. Бір сәт «осы мені мазақ қып тұр ма?!» деп ойласа, енді бірде «осының таза жынды емес пе?!» деген ой да мазалап өтті. Сөйтті де, кенеттен «Мына жындыдан қалай құтылсам екен?!» деген үрейлі ой санасын шарпып өтіп, басын айналдырып жіберді.

«Жыртық үйдің де Құдайы бар» деген­, осылайша, қатты қапаланып тұрған қызды тығырықтан әлгі «жындының» өзі құтқарып жіберді. Санасынан саңылау тапқан бұл оқиға «жындыны» ашындыра айқайлатты:

- Апыр-ай!.. «Тәуелсіз ел болдық»  деп қуанып жүргенімізде, айналайын үкіметім, азаматтарды нансыз, қызғалдақтай қыздарымызды арсыз қалдырдың-ау!.. - деп көзінен қанға бергісіз жас ағыза күңіреніп, есікке беттей бергені, қыздың да санасын селт еткізді.

Оның көз алдына қаладағы жұмысы жабылып, жастардың тұрмыс тауқыметімен жан-жаққа сенделіп кеткені, «ол аз» дегендей, жұмысшы жастар жатақханасын әлдебір алаяқтар, пысықайлар жекешелендіріп ап, бәрін дедектетіп қуып шыққаны елестеп өтті. Нәпақа таба алмай, қиындыққа тап болғандардың басым көпшілігі жеңіл жол іздеп кеткен. Бұл да сол көптің бірі боп, өмір ағынына төтеп бере алмай, ыға жөнелген. Енді, міне, әп-әйдік еркектің алдын­да талтайып жатқаны.

Намысы оянған қыздың қаны қайнады. Әлгі кісінің ізінен жүгіріп еді. Ол әлдеқашан кетіп қалыпты. Қыз қыстығып жылап жіберді. Клиенттен айырылып қалғанына ма, әлде үйінде аш-жалаң­аш отырған інілеріне нәпақа таппағаны­на ма екен?! Әйтеуір, өксіп-өксіп ұзақ жылады. Мүмкін, тағдырына­ налыға­н шығар?! Кім білсін?!..

Содан бері талай уақыт өтті. Темір­жолшылар сынды кейбір мамандық­тардың артықшылықтары қалыпқа түскенімен, қоғамда ешқандай өзгеріс болмады. «Баяғы жартас – бір жартас!». Әлеуметтік теңсіздік ушыққан үстіне ушыға берді. Президенттің де, үкімет­тің де, депутаттардың да небір жалынды сөздері халықтың буынына түсіп, талай рет көңілдерін босатқанымен, уәделері орындалмады. Жұмыссыз ауыл жастары жұмыс іздеп қалаға шабыл­ғанымен, қалада я жатар орын -  жатақхана да, я оңған жұмыс та жоқ. Босқа қаңғырумен уақыттары өтіп жатыр. Жатар жайлы орын – пәтерлер де, тәуір жұмыстар да тамыр-таныстың, ағайын-туғанның, жемқорлардың қолында! Қысқасы,  «бай  байға, сай  сайға  құйып» жатыр!...

Биліктің айтар уәжі – сол баяғы бір әуен! «Қазақ жастары жалқау! Өнерсіз! Бастары істемейді! Орыс тіліне шорқақ! Ұры-қары болуға, бұзықтыққа бейім!.. Үй болуға, тұрмыс құруға құлықтары жоқ!..» - дегенде, ауыз-ауыздарына жұқпайды.

Иә-ә, әйтеуір, билік тарапынан қазақ жастарына деген бір ауыз жылы сөз естілмей­ді. Қазақтың «үйі жоқтың күйі  жоқ», «отауыңды сайламай...» деген­ ескертп­елері ойларына да кіріп  шықпайды. Мұның бәрін ой-санасынан өткізіп, елдің хал-ахуалын үнемі бақы­ла­п жүрген мәдениет саласының ардаге­рі ақтөбелік шал-шауқандардың «тойып секірген» қылығын естігенде, талағы артын­ан бір-ақ шыға жаздады. Өзіне-өзі ие бола алмай қалған сорлы ардагер  тек:

- «Балық басынан шіриді» деген  осы-ау! Үлкен болмай кеткірлер, түге! - деуге ғана шамасы келіп, отырған орнын­а  сылқ  ете  қалды.

Мүмкін, баяғы шарасыз қыз есіне қайта түсіп кетті ме екен?!..

Иә-ә, солай!.. «Біреу тойып секірсе­, біреу тоңып секірер» деген осы-ау, бәлкім!

«Тірі балық ағынға қарсы жүзер, өлі балық ағынмен ыға берер» демекші, осылай­ азғындықтың ағынымен ыға берсек­, Тәуелсіздігіміз тұғырынан құлап, тізгінінен  айырылып  қалмасақ  игі  еді!

Нұрбай   ЖҮСІП,

Арал   ауданы

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Қазан 2019 >
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары