Өзекті мәселелер

  • 19.12.19

    Кешегі даласында абақ­тысы жоқ, бес қаруы белінде жүрсе де жауынан өзгеге қару жұмсамаған заманда елдің бір-біріне өкпесі, кеткен есесі болмады дейсің бе? Болды ғой. Бірақ, сол заманның өзінде қойнындағы қаруға тұра ұмтылмай, әділдікті, ақ пен қараны шешетін әулеттің үлкені не ауылдың ажасы, оған көнбей жатса, елдің қожасына жүгінді емес пе? Дау бұған да бөгет бермеген кезде биге барып соңғы ше...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Ақыл  жетпес

    Адамның ақылы өлшеусіз мол. Алайда сол ұлан-ғайыр, шексіз ақылыңның кейде кішкентай, уақ-түйек мәсе­лелерді шеше алмай, тұйыққа тіреліп, жол таба алмай, адасып­  жүретініміз  қалай?!

    ...
    Толығырақ...
  • 19.12.19

    «Кувад синдромы» туралы бұрын-соңды естіп пе едіңіз? Мүлдем естімеген болуыңыз да мүмкін. Бұл – ер адамның жүкті әйел секілді күй кешуі. Мұндай да болады. «Кувад» сөзі француздың «couver» деген етістігінен шыққан, яғни қазақшалағанда «жұмыртқа басу» дегенді білдіреді. Бұл синдром екіқабат әйелдің күйеуінде жүктіліктің үшінші айында басталып, сәби дүниеге келгенге дейін жалғасуы ықтимал....

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Шырылдаған бала дауысынан селк ете қалған олар өздері секілді тағы бір күнә­сіз­дің жетім қалғанын сезді. Сәбиді түннің бір уағында тауып­ алған тәрбиеші дереу төсекке жатқызып, жұбата бас­тады. Әбден жылай-жылай көзінен жасы сарқылған баланың демі бітіп, әрең тыныс алады. Көздері жәудіреген бір топ баланың естісі аузындағы емізікті жұлып алып, апайына ұстатты. Жанаршылықпен қараған оның ересек...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Поэзия

     

    Ботадай боздап аспан жылайды,

    Алдайды бәрін түлкі үміт.

    Жапырақтардан жас тамшылайды,

    Жапырақ жүрек бұлқынып. ...

    Толығырақ...
МИЯ СИРЕП, ҰЯДАН ҚҰСТАР БЕЗДІ...
10.10.2019 11:55

Қызыл мия тамырының талапайға түсіп жат­қандығына бірнеше жыл болды. Егер Қытай әлемдік фармацевтика саласында үлкен төңкеріс жасап жатқан болса, оған өзіміздің Қызылордадан шығатын миямыздың үлесі бар. Қасіреті сол, емдік қасиет­і мол қызыл мияның қасиетті тамыры «шетелді­к инвесторлардың» оңай олжасына айналып­ отыр. Арзан табысты көздегендер бұл іске атсалысуын қояр емес. Ал біз әлі күнге дейін дәрілік өсімдігімізді үлкен өндіріс саласына айналдыра алмай­  отырмыз...

 

ҚУРАЙ  ДА,  ҚЫЗЫЛ  МИЯ  ДА  –  БІР

Қасиеті жағынан қызыл мия артық болғанымен, құны жағынан осылай боп отыр. Жабайы бизнес жолына түскендер қасиет­ті шөптің тамырын түбі­рімен қопарып, экспортка жіберіп жатыр. Мұның ең басты себебі – мия «Қызыл кітап­қа» енбеген. Оны қалай болса солай пайдаланып жүргендер­дің жүгенсіз кетуі сондықтан. Оның тамырынан пайда іздегендер оның 15-20 тоннасын екі-үш күнде шетел асырып жатыр. Қытайдың дәстүрлі медицинасында мия тамырынсыз бірде-бір дәрі-дәрмек жасал­майды. Оны олар өнді­рісте те пайдаланады. Ең өкініштісі, құзырлы мекемелер оны заңсыз саудалайтындарға тосқауыл бола алмай тұр. АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комите­тінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахметтің айтуынша, «Қы­зыл кітапқа» енбесе де, қызылмияны жұлу – заңға қайшы. Өйткені, ол дәрілік өсімдіктер қатарында. «Егер оның орман билеті болмай, заңсыз терсе, әкімшілік құқықтық жазаға тартылады. Арнайы айыппұл салынады. Дәрілік шөпті шетелге экспорттауға болады. Ол үшін дәрілік шөпті даярлауға негізделген рұқсатнама қағазы және экспертизалық талдамадан өткен биологиялық негіз­демесі болу керек» дейді.

Қайткен күнде де бағалы өсімдікті «Қызыл кітапқа» енгі­збей, тамыры тереңге жа­йылған кәсіпке балта шабу мүмкін болмай отыр.

 

БАҒАЛЫ   ӨСІМДІКТІ  ӨҢДЕЙТІН   ОТАНДЫҚ  ЗАУЫТТАР   НЕГЕ   АЗ?

Қызыл мияның ерекшелігі, шығынды қажет етпейді. Ыстық пен суыққа төзімді. Бір ексе, ондаған жыл бойы шыға береді. Оның тамырын косметикадан бастап, консерві жасауға, шырын шы­ғару­ға, қант өндірісіне қол­данады. Дәрі-дәрмек жасау екіба­стан онсыз жүргізілмейді. Ең өкініштісі, табиғи байлығымызды тиімді пайдаланып жатқан фармацевтикалық кәсіпорындар өте аз. Ақтөбеде орналасқан өндіріс ошағы қызыл мия тамырының сығындысын алып, жөтелге қарсы шәрбаттың екі түрін дайындайды. Кәсіпорын жылына миллион дана дәрілік өнім шығарып, еліміздің түкпір-түкпіріне таратады. Ал қызыл мияны өңдейтін еліміз бойынша отандық екі зауыт ғана бар. Орал қаласындағы өндіріс орны жылына 3 мың тонна мия тамырын өңдей алады. Алайда зауыттың жұмысы шикізат тапшылығынан алға жылжымай тұр. Осыған қарап, өзгеге кетіп жатқан өсімдік өзімізге бұйырмай тұр деуге болады. Қызылорда облысында озық технологиямен жабдықталған қазақ-қытай бірлескен кәсіп­орны тамырдан таршылық көріп отырған жоқ. Бүгінде бұл аймақтың 10 мың гектар алқа­бына­  мия егілген.

 

ШИПАЛЫ   ШӨППЕН

ЕМДЕЙТІН   ОРТАЛЫҚТАР  КЕРЕК

Қазақ – әу бастан дәстүрлі емнің ебін білген, шипалы шөппен дертке дауа тапқан халық.  Қазір осындай орталықтар жоқтың қасы. Ата-бабаларымыз кезінде осы қызыл мия тамырын да халық медицинасында ұтымды қолданыпты. Ең алдымен күйзеліс пен ұмытшақтықтан арылу үшін және қалқанша без ауруларын емдеген. Осыған қарап-ақ мына қоғамда жүйкелеген жұрттың жан жарасын жазуға таптырмас өсімдік екенін айтуға болады. Табиғи шөп дәрілермен емдеу орталығының бас директоры Сүлеймен Аралбай – халық медицинасының санаулы жалғастырушы­ларының бірі. Ол басы ауырып, балтыры сыздағандарға осы тамыр­ды ұсынып, көмектескен. «Бұл шөптің көк бауыр, бауыр, асқазанның қуатын арттыра­тын емдік қасиеті бар. Тыныс жолдары, өкпеге пайдалы. Жөтелге қарсы қайнатып ішуге  болады. Қит етсе, Қытай, Тибет медицинасына жүгіре­міз. Ал өзіміздің қазақ медици­насы әлдеқайда тиімді. Расымен де ұшы-қиыры жоқ даламызда өсіп жатқан табиғи байлығымызды игерудің жолы бір ізге қойылмаған. Сондықтан оған сеніп, еміне шипа деп қолданатындардың қарасы аз» дейді ол.

 

ҰЗАҚ   ӨМІР   СҮРУДІҢ  СИҚЫРЛЫ   ТАМЫРЫ

Шынтуайтында мия тамырынан 1000-нан астам пайдалы өнім жасауға болады. Бұл өсімдікті тамақ өнеркәсібінде, косметологияда қолданбайтын елдер кемде-кем. Тіпті, мия тамырын ауыр өнеркәсіпте де, оның ішінде, темірдің қуатын күшейтуге, тоқыма өнеркәсі­бінде де қолданады екен. Германияда мия тамырынан жақпа майлардың 20-30 пайызы жасалса, Тибетте мия тамырын «ұзақ өмір сүрудің сиқырлы тамыр­ы» деп атайды. Онда жас­тық реңді сақтау үшін қайнатып ішеді. Ал Қытайда мия тамырының адамды жасартатын қасиеті 3000 жыл бұрын дәлелденген. Бұл елдің дәстүрлі медицинасында мия тамырынсыз бірде-бір дәрі жасалмайды. Тамақ дәмдеуіш қоспаларға да мия тамыры қосылады. Тәтті­лігі жағынан бұл өсімдік қанттан 50 есеге артық. Қазір газдал­ған тәтті сусындардың денсаулығымызға зиян екенін жиі айтамыз. Алайда бұл сусындардың құрамына қант қоспай-ақ, мия тамыры арқылы емдік қасиетін күшейтуге болады.

Сондықтан Финляндия, Норвегия, Дания, АҚШ мемлекеттері түрлі тәтті шоколад­қа осы өсімдікті пайдаланады. Тіпті, шикізат тапшылығынан Қытай билігі 2008 жылдан бастап­ мия тамырын баж салығынсыз тасымалдауға рұқсат берген.

 

 

СӨЗ   СОҢЫ

Осыдан 40 жыл бұрын елі­мізде 50 мың гектар аумақта 100 мың тоннадан аса қызылмия өссе, 90-жылдары оның көлемі 70 мың тоннаға дейiн азайған.

Қазір өсімдіктің мөлшерін анықтау оңайға соқпай тұр.

Мия тамырынан пайда тауып­ отырғандар, оның айналасында еліміздің «Қызыл кітабына» енгізілген жойылып кету қаупі бар өзге де өсімдіктер өсетінін біле бермейді. Сондықтан қасиетті жерлеріміз бен қадірлі өсімдіктерімізді көзі­міздің қарашығындай қорғайтын, табиғи байлықты ұтымды игерудің кешенді бағдарламасын құру керек. Егін шаруашылығының мамандары осы арқыл­ы ел экономикасына миллиардтаған табыс әкелуге әбден болады деп отыр.

Онда неге оған мемлекеттік тосқауыл қоймасқа?!

 

***

Қасиетті өсімдіктің қадірін білмей, қолда бардан қағылып отырған тұста Қадыр ақынның өлеңі көмейге құйылып түсті:

Біздің сайда болатын мия қалың.

Ауылдастар ойлайтын ұя қамын.

Мия сиреп, ұядан құстар безіп,

Біреу үшін енді мен ұяламын...

Қызылмияға қырғидай тиген­дердің ашкөздігі үшін ұялсақ па екен?

Қадірі артық құндылығымызды заңмен қорғай алмағанымыз үшін бе?..

 

Гүлжан   РАХМАН,

Нұр-сұлтан   қаласы

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Қазан 2019 >
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары