Күз мезгілі – молшылық маусымы. Егін-терін жиналып, даңғайыр диқандардың ала жаздайғы маңдай тері ақталып, астық қамбаға құйылады. Төрт түліктің де етті, қоңды болатын шағы. Шаруалардың да көбіне шат-шадыман күйде жүретіні сондықтан. Әсіресе, күн райы қоңырсалқынды келіп, даладан тұлпар тұяғының дүбірі жиі естілетін мезгіл. Өткен сенбіде Шиелі ауданы, Майлытоғай ауылында облыстық жаппай көкпар ұйымдастырылды. Ұлттық спорттың ұлықталуына ауылдың тумасы, жеке кәсіпкер Ыбырайхан Мұсабаев ұйытқы болды.
Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Атқа міну мәдениеті» туралы жазылған. Жалпы, атқа міну – өткенімізді ұмытпау, ұлықтау. Және спорт әрі емдік қасиеті де бар. Соңғы кездері елімізде ат спортына көп көңіл мен қаражат бөлініп келеді. Алыстағы ауыл-аймақтағы ағайындар да ат спортының дамуы үшін қолдан келгенін аянбауда.
- Көкпар, салым болады дегенді естігенде бойымды ерекше сезім билейді. Жылқы әуелден қазақ халқына жақын ғой. Жалпы, мініс аттың өзіне күтім керек. Көкпар шабатын ат одан да жоғары күтімді қажет етеді. Бүгінгі жаппай көкпарда ауылдың жігіттері намысты қолдан бермеді деп айта аламын. Осындай шараны ұйымдастырып жатқан ел ағаларына алғыс айтуымыз керек. Өйткені, бабалардың жүріп өткен жолын балалар жалғастырса, еш адаспаймыз, - дейді майлытоғайлық шабандоз Ардақ Сағымбаев.
Жаппай көкпардың жалпы жүлде қоры 700 мың теңгені құрады. 10 мыңдық, 50 мыңдық, 100 мыңдық салымдармен қатар, бас фсалымға 300 мың теңге тігілді.
- Бұрынғы қазақтың салтында астан кейін бәйге шабылған, көкпар ұйымдастырылған. Бүгін ауылда соның бір көрінісі ретінде салым беріліп жатыр. Бас салым – 300 мың теңге. Жан-жақтан шабандоздар келіп өз өнерлерін көрсетіп жатыр. Бұл – қазақтың салтына біткен, қанына біткен үлкен үрдіс. Ауылымызда бірлік болсын. Ел азаматтары аман болсын! - дейді ауыл әкімі Қойшыбай Асанов.
«Бәйгетөбедегі» жұртшылықтың асыға күткен жаппай көкпарына жиылғандардың қарасы қалың болды. Қызылорда қаласынан, Жаңақорған, Шиелі аудандарынан және алыс-жақын ауылдардан барлығы 100-ге жуық тұлпар мен иесі ұлттық ойынның көркін қыздырды.
Рас, ат спортын тамашалағанда қаның қызып кетеді. Ал, шабандоз секілді додаға кіру, оны сезіне білу – мүлдем ерекше сезім. 130-дан астам шаңырақ түтінін түзу ұшырып отырған ауыл егін және мал шаруашылығымен айналысады. Бір-біріне «қамшыұстарың аман болсын!» дейтін қазақ халқы үшін жылқының орны қашан да ерек. Сол секілді, ат жалын тартып мінетін майлытоғайлықтардың да қатары күннен-күнге көбейіп келеді.
Рыскелді ЖАХМАН |