Өзекті мәселелер

  • 14.11.19

    Ішкі істер министрінің орынба­сары Алексей Калайчиди аттестациядан кейін лауазы­мы­нан  босаған полиция басшы­лары туралы айтты, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

    – Аттестация екі кезеңнен тұрды. Біріншісі – дайындық барысы. Яғни, лауазымдағы азаматтың  кәсіби  дағдысы зерттелді. Біз бұған  дейінгі полиция басшыларын аттестаттаудың оқ ату, дене дайындығын, заңды білу деңгейін тексеру сек...

    Толығырақ...
  • 14.11.19

    Бізде мынадай тенденция бар ғой. Әкімдер мемлекеттік мекемелерге барса,­ сондағы қызметкерлер тайлы-таяғымен иіліп төсек, жайылып жастық бола қалатын. Тіпті, бұл дәстүрге айналып кеткені қашан?! Ал әкім мекеме­ге ескертусіз келсе, жағдай қалай болар еді? Мұндай «қызықты» апта  басында  көрдік.

    ...
    Толығырақ...
  • 14.11.19

    «Отан қорғап, сарбаз сапына қосылады» деп үкілі үміт артып отырған­ бөріктілердің арасында әскери борышын өтеуден қашып жүргендер бар. «Қашқындарда­н» бөлек, республиканың түкпір-түкпіріне немесе өзге мемле­кеттерге жұмыс істеуге барып, нақты мекенжайсыз, хат-хабарсыз кететіндерге де дауа болмай отыр. Осыған­ байланысты әскерге шақырылушыларды жергілікті әскери­ басқару органдарына шақы...

    Толығырақ...
  • 14.11.19

    Мәдениет ауылдық округі тіректі елді мекенге айналғалы бұл өңірдің тірлігі де алға басты. Ауыл әлеуетінің артуына бұрын жергілікті шаруашылықтар қолғабыс ететін. Қазір кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланған ауыл тұрғындары да табысқа кенелуде. Кейбір жандар жеке табысы артқан сайын әлі де бола берсе екен дейді. Ал  бұл  елді  мекендегі  шаруашы...

    Толығырақ...
  • 14.11.19

    Өткен жылы мемлекеттік «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарлама­сына қатысып, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен «Бастау Бизнес» курсынд­а білімін жетілдірген Қармақшы ауданына қарасты Ақай ауылының жас кәсіпкері Қосым Жұмағалиевтің  есімі  бүгінде ауылдастарына жақсы­  таныс.

    ...
    Толығырақ...
ПРЕЗИДЕНТТІҢ МАРАПАТЫН ИЕЛЕНУ – МЕН ҮШІН ЗОР ҚҰРМЕТ
31.10.2019 11:30

Амантай  СЕРЖАНОВ,

«ПетроҚазақстан Құмкөл

Ресорсиз» АҚ мұнай және газ өндіру жөніндегі бастығы:

 

- Амантай Тоқтарбайұлы, әңгіменің әлқиссасын өзіңіз туралы­ деректерден бастасақ...

- Мен 1968 жылы 21 қаң­тарда Қызылорда қаласында дүниеге келдім. 1975-1985 жылдар аралығында №1 те­мір­жол орта мектеп-интер­натында білім алдым. 1985-86 жылдары «Маслосырбаза» мекемесінде жүк тиеуші, 1986-87 жылдары №12 кәсіп­тік өрт сөндіру бөлімінде (ОППЧ при охране ФНМ) өрт сөндіруші болып жұмыс істедім. 1987-89 жылдар аралығында Кеңес әскерінің қатарында қызмет еттім. Екі жылдай №1 орта кәсіптік-техникалық училищеде оқып, мұнай және газ өндіру операторы мамандығын алдым. 1990  жылдан мұнай сала­сында жұмыс істеп келемін.

1998-2004 жылдары Қызыл­орда  қаласындағы  Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде сырттай оқып, тау-кен инженері мамандығын игердім. Ата-анам жайлы айтар болсам, әкем Тоқтарбай Сержанов үй құрылыс басқармасында (ДСУ) жүргізуші болды. Ол кісі өмірден өткенде бар бол­ған­ы 3 айлық нәресте екен­мін. Есімімді әкем Алматыдағы онкологиялық ауруханадан айығып шығып, отбасыммен аман-есен қауышам деген ниетпен, сеніммен Амантай деп ырымдап қойған. Анам Ұлмекен Өткелбаева ұзақ жылдар бойы қалалық кооператив сауда (Горкоопторг) мекемесінде сатушы болып жұмыс істеген, қазір зейнеткер. Отбасым бар, жұбайым Рая Сержанова – жоғары білімді маман, бастауыш сыныптың мұғалімі, бес бала тәрбиелеп отырмыз, екі қыз, үш ұлымыз бар.

- Мұнай саласына қалай келдіңіз? Заманн­ың таршылық тұсында бұл салаға жұмысқа тұру оңай болды деу қиын.

- Мұнай саласына келуім кездейсоқ болды. Құмкөл кенішінде мұнай табылып, ұңғымалар бұрғыланып жатқаны, жақын  арада мұнай  өндіру  басталаты­ны­  жайлы сыныптасым Қайрат Рүстем­бековтен естідім, ол маған өзінің мұнай және газ өндіру операторы мамандығында  оқығанын, жақында диплом алатын­ын айтты. Бұрын біздің өңірде мұнай игерілмегендіктен, сала туралы ешбір түсінік болмады. Өзім жұмысқа тұра алмай жүрген кезім, себебі арнайы мамандығым жоқ, әскерден келген соң Өскемен құрылыс жол институтына тапсырып, конкурстан өтпеген болатынмын. Аз-кем ойланып, кейін құжаттарымды тапсырдым, білім алып, мұнай және газ өндіру операторы мамандығының иесі болдым. Яғни, менің мұнайшы болуыма тікелей себепкер сыныптасым Қайрат десем, қате айтқандық емес. Жұмысқа сол кездегі мұнай-газ өндіру кәсіпшілігінің басшысы Жо­лама­н Мәмбетов ағамыз қабылдады.  90-жылдары мұнай өндіру әлі қарқынды дамымаған кез, тіпті қызылордалықтардың көпшілігі Құмкөл кеніші жайлы­ естімеген де болар. Жергілікті мамандар жоқтың қасы, сондықтан, жұмысқа еш кедергісіз орналастым.

- Бүгінде Қазақстан мұнайына  120  жыл  толды. Сіз еңбек етіп келе жат­қал­ы  осы  салада  қандай тың   жаңа­лық­та­р  болады?

- Иә, Қазақстан мұнайын өндіріп, игеруге бір ғасырдан астам уақыт өтіпті. Бұл дегеніңіз – қажырлы еңбекке толы үлкен тарих. 30 жылдан аса тарихы бар Құмкөл мұнай кенішінің өмірінде ауыз толтырып айтуға тұрарлық елеулі жаңалықт­ары  жетерлік.

«ПетроКазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы – Қазақстан Республикасында газды пайдаға жарату нысан­дарын іске пайдалануды сәтті ендірген алғашқы  кәсіпорындардың  бірі. Бұрын ілеспе газдың ішкі қажеттілігінен артылға­ны факелдерде жағылатын. Ол қоршаған ортаға өзіндік экологиялық әсерін тигізетін. Бұл жоба іске асқаннан кейін ілеспе газдан энергия қуаты өндіріліп және қабат қысымын қайта орнына келтіру жұмыстарына пайда­ланатын  болдық.

- Еңбек жолыңызға қарасақ, сіз баспаған саты аз  секілді. Дегенмен, ізіңізден ерген  мұнайшылардың  қандай қасиеттері басым? Қазір үлкен кісілердің көбісі жастарға көңіл толмаушылық білдіріп жатады­  ғой... Шәкірттеріңіз  бар  ма?

- Негізінен мұнайшыларға үздіксіз жұмыс істеп тұрған өндірістегі­ жағдайларға қарай жылдам шешім қабылдау, тапсырманы дер кезінде орындаудың маңызы зор. Жұмыс барысынд­ағы  технологиялық процестің бұзылмауын қадағалау, қауіпсіз­діктің барлық  деңгейі­н сақтау  сияқты тәжірибемен  жинаған қасиеттері  басым­  болуы керек.

Қазіргі жастардың алға ұмтылыс­тары, ізденуі, білімдерін жетілдіруі де жақсы. Қай кезеңде болмасын, көңіл толмайтын адамдар болады, бес саусақ ешқашан бірдей болған емес. Жастардың адамгершілік қасиеттерден гөрі, мансап қуып, тезірек байып кетуді ойлауы – осы заманның талабы, ол үшін оларды кінәлауға болмайды. «Ұстаздан шәкірт озады» демекші, өз ісінің маманы болған шәкірттер баршылық. Жоғары­ оқу орнынан алған білімдері мен өндірістен алған тәжірибелерінің арқасында әрбір цехта жұмыстарын адал атқаруда. Атап өтер болсам, Баубек­ Жұбан – құжаттар жөніндегі маман, Сейтжан Жұманазаров – ҚАМ кеніштеріндегі мұнай-газ өндіру жөніндегі шебер, Әмірхан Қуандықов – жерасты зерттеу жетекші инженері, Мадияр Сүлеев – қойнауқатты зерттеу жөніндегі маман, т.б.

- Өз ісіңіздің маманысыз. Кен игеру барысында жиі ұшырасатын қиындық қандай?

- Жиі туындайтын қиындықтардың бірі деп технологиялық процесті қалпында ұстап тұратын қондырғылардың істен шығуын айтамын. Кейде осы қондырғылардың кенеттен істен шығуының салдарынан біз ұңғымаларды тоқтат­уға мәжбүр боламыз.

- Өзіңіз айтқандай, мұнай өндірісінде ұңғымалардың тоқтап қалатын сәттерін жиі естиміз. Осындай жағдайда Сіздер қандай шешім қабылдайсыздар? Бұл компанияның экономикалық жағдайына қалай әсер етеді?

- Ұңғымалар тоқтап қалған жағдайда тезірек жұмысқа қосуға әрекет жасаймыз, себебін анықтап, талдау жасалынады. Егер де ұңғымаға жерасты жөндеу жұмыстары қажет болса, ұңғыма жөндеу бригада станогын жібереміз. Ұңғымалардың уақыт өте келе тоқтап қалуы, ол дағдылы жағдай. Біздің міндетіміз – ұңғымалардың тоқтаусыз жұмыс істеу мерзімін ұзартып, көбірек мұнай өндіру. Шығыс болмай, кіріс болмайды­ дегендей, компанияда ұңғыманы жөндеу жұмыстарына арнайы қаржы қарастырылған.

- Бұрынғы және қазіргі технологиялық  өзгерістердің  айырмашылығы  тура­лы­  не  айтасыз?

- Ең басты айырмашылықтардың бірі болып мұнай есептегіш құралдары санал­ады. Бұрын механикалық түрі болса, қазір электронды автоматты есептегіштер қолданылады. Бұл бізге жұмыс уақытын үнемдеуге және мұнайдың сапасын, көлемін дәл есептеуге жол ашты. Бұрын бір жұмыстың жаңа түрін бастауға рұқсат қағаздар автокөлікпен пошта арқылы келетін болса, қазір факс немесе электронды пошта ар­қылы жолдан­ады. Құмкөл кенішін алғашқ­ы жылдары жайластыру кезінде темірден жасалған құбырлар пайдаланылса, қазір ұңғымалардың өнімі сулануына байланыст­ы құбыр ішіне салатын полиэтил­ен гильзалары және стеклопластикалық құбырлар қолданысқа енгізілді.

- Бүгінде жұмыс барысында озық технол­огияның қай түрін қолданасыздар? Жалпы, кеңестік кезең мен техника тілі дамыған замандағы жұмыстың өзгешелігі қандай?

- Техника мен технология даму заманы­ өндіріс тиімділігі және еңбек өнімділігін арттыру мақсаттарын көз­дейді деп санаймын. Алдыңғы қатарлы техника мен технология жетістіктері энергия өндірудің жаңа көздерін ашу мен пайдалануға, жаңа химиялық матери­алдардың пайда болуына, квант­тық техниканың қолданылу аясының кеңеюіне жол ашты. Салыстырмалы түрде қысқа уақыт аралығында электрондық (факс, модем, электронды пошта­) және ғарыштық байланыс құралдары өндіріс пен күнделікті тұрмыста кеңінен пайдаланылатын болды. Біздің кеніште газдан энергия өндіру жобасы жүзеге асты. Жаңа химия­лық қоспалар мұнайдан суды тиімді бөлуге кеңінен қолданылуда. Алысқа бармай-ақ компьютерді алайық. Кеңестік заман кезінде барлық қағаздар қолмен жазылатын еді. Барлық кестелерді қолмен сызатын едік. Қазір барлық есеп-қисап жұмыстарының, сызба жұмыстарының компьютерсіз жасалуын­  елестету  қиын.

- Қазақстан мұнайының 120 жыл­дығына  орай  мемлекеттік  награда алдыңыз­. 30 жылдық  тәжірибесі бар мұнайшы  ретін­де халыққа игі тілегіңізді жолда­саңыз...

- Ағымдағы жылдың 5 қыркүйегінде Атырау қаласында Қазақстан мұнайының 120 жылдық мерейтойын атап өту іс-шарасына қатыстым. Қасым-Жомарт Кемелұлының қолынан «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалін алдым. Президе­нттің марапатын иелену – мен үшін зор құрмет. Бұл құрмет біздің алдағ­ы ісімізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Барлық мұнайшыларды Қазақстан мұнайына 120 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын! Сіз­дердің тәуел­сіздік туын тұғырға­ қондырған еліміздің экономикалық және әлеуметтік жағынан дамуына,­ халқымыздың әл-ауқатын жақсарта түсу жолындағы толассыз еңбектеріңізге табыстар мен жарқын жеңістер тілеймін. Жері­нің асты байлыққа, жерінің үсті парасатты халыққа толы, көк туын желбіреткен, Ән­ұранын шарықтатқан еліміздің  барша  азаматтарына береке­-бірлік, жасампаз еңбек, толағай табыст­ар  тілеймін.

- Әңгімеңізге  рақмет.

Сұхбаттасқан Н.ҚАЗИҚЫЗЫ

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Қазан 2019 >
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары