Өзекті мәселелер

  • 21.11.19

     

    Ерлан  ЕСТЕК,

    қазақ күресінен ұлттық құраманың бас бапкері:

    Толығырақ...

  • 21.11.19

    «Заманның  қожасы  да,  тұтқасы  да – жастар!». 1921 жылы «Жас Алаш» газетінің алғашқы нөмірі осы ұранмен жарыққа шықты. Тарих бетінде «Жас Алаш» көтерген үндеу алтын әріппен жазылды. Ел жастарының жанында жатталып қалды. Осы басылымда Ғани Мұратбаев тұңғыш редакт­орлық қызмет атқарған еді. Жалпы, Ғани туралы айтылатын, жазыла­тын дүние көп. Тым қысқа ғұмырында тындырымды тірлік жасап­  кеткені...

    Толығырақ...
  • 21.11.19

    «Шыдамның да шегі бар». «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК мен «Су жүйесі» МКК басшылығы осылай дейді. Сұрауы бар су мен қытымыр қыста жан сақтайтын жылудың ақысына келгенде тұрғындар таршылық танытатын­ көрінеді. Олар ай сайын емес, жыл сайын қордаланға­н қарыздарын жеке тұрғындар мен меке­мелерге ескертуден шаршаған. Жылдың басында жылуға­ қарыз көлемі 200 миллион теңгеге жеткен. Ал...

    Толығырақ...
  • 21.11.19

    Аграрлық өңірдің әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар бүгінде өз жемісін беруде. Кеше ғана ауыл шаруашылығы саласында көштің басында тұрған Жалағаш ауданымен қалай мақтансақ та жарасады. Аллаға шүкір, ауыл еңбеккерлері Жер-Ананың берген ырзық-несібесін ысырап қылмай, Сырдың басты дақылынан тау тұрғызуда белсенділік танытуда.

    ...
    Толығырақ...
  • 21.11.19

    Қазақстандық медицина  саласын  жаңа деңгейге көтеруге бағытталған жобалардың  бірі – «Денсаулық» бағдарламасы. Үш жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан бұл бағдарламаның да мәреге жетуіне аз қалды. Қызылорда облысында аталмыш бағдарлама аясында ауқымды жұмыстар атқарылды.

    ...
    Толығырақ...
ТҰРҒЫНДАР ҰСЫНЫСЫ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ
05.11.2019 09:45

Соңғы жылдары лауазымды басшыларға көпшілік тарапынан сан қилы пікірлер айтылып жүргенін естіп, көріп жүрміз. Оның өзіндік себептері де табылады. Кейбір мемлекеттік мекемелерді жайлап алған тамыр-таныстық, құрғақ уәде, сырғытпа жауап, өзге де жайттар тіршілік қамымен зыр жүгірген қарапайым бұқараның онсызда жұқарған жүйкесіне салмақ түсіріп жатқанын несіне жасырамыз?

Бес саусақ бірдей емес екен. Құзыреттілердің де арасында елге берген уәдесін орындап, көпшіліктің ризашылығын арқалап жүрген азаматтар баршылық. Соның бірі – Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев. «Уәде – Құдай аты». Ал асыл дінімізде «сөзінде тұрмау – мұнафықтықтың бір белгісі» деген бар. Ендеше, бүгінгі әңгімемізді нақты деректермен өрбітсек.

Қазалы ауданында Жанқожа батыр атындағы қоныс бар. Облыс көлеміндегі тіректі елді мекен санатын иеленген іргелі ауылдың көркі жаныңды жадыратады. Түзу асфальт көшелер, еңселі ғимараттар, көшенің түнгі жарығы, әсем саябақ, басқа да әлеуметтік нысандарды көргенде кеудеңді мақтаныш кернейді.

Ауыл іргесіндегі «Ащыкөл» аталатын шалқар айдын осынау іргелі қоныстың төл құжаты іспетті. Ресми деректе «Ащыкөл» көлі Жанқожа батыр ауылының солтүстік-шығыс беткейінде орналасқан, жалпы алаңы 125 га құрайды» деп тайға таңба басқандай анық жазылған. «Ащыкөлдің» осыншалықты кемеріне келіп, ернеулей толғанын тура 40 жылдан бері көріп тұрғанымыз. Сонау 1969 жылы ауылды топан су қоршағанда дәл осындай көрініс орын алған еді» деседі көнекөздер. Арада өткен жылдармен «Ащыкөлдің» арнасы да ортайды. Мүлде құрғап кету қаупі туындаған сәті де болды. Туған өңірінің келбетіне немқұрайды қарай алмайтын ел азаматтары Ергешбаевқа дейінгі бірнеше басшыға осы мәселе туралы талай хат жазды, жеке қабылдауына да кіріп, мұң шақты. Бірақ... Селт еткен жан байқалмады. Мүмкін, қаржы қол байлаған да шығар. Тіпті бір басшының «Аралды толтыра алмай жатқанда, сендер де айдаладағы тостағандай «Ащыкөлді» жырлап» деген қыжыртпа жауабын да естіді.

Мұндай мазмұндағы өтініш Мұрат Ергешбаев ауданға әкімі болып келген соң да қозғалды. Көңіл түкпірінде «Қазалының бұрын үрен-сүренін білмейтін, орысша білім алған Ергешбаев сенің Ащыкөліңе мән берсе жақсы... өзіңнен шыққан азаматтардың да қарқ қылғаны шамалы ғой» деген сенімсіздік те болғанын бүгіп қалмайын. Ергешбаев бұл мәселені назарда ұстайтынын жеткізді. Азамат екен. Сөзінде тұрды. Ащыкөл арнасына қайта толды. Жалғыз аудан әкімінің еңбегі деу артық соғар, десе де, Мұрат Нәлхожаұлының «Ащыкөлдің» ахуалын жіті қадағалағанын атап кету ләзім.

Жанқожа батыр ауылы Арықбалық ауылдық округінің аймағында орналасқан. Елді мекеннің шежіресі тереңнен нәр алады. Жанқожа батыр бабамыздың бастауымен Ресей патшасы билеушілерінің озбыр саясатына қарсы шыққан көтерілістің шешуші шайқасы дәл осы Арықбалықта өткені тарихтан белгілі. Танымал жазушы ағамыз Молдахмет Қаназ құрастырған «Жанқожа Нұрмұхамедұлы» атты зерттеулер мен мақалалардан құралған кітаптың 59-бетінде «1857 жылы қаңтар айының 9-10-ы күндері Арықбалықта болған ұрыста батырдың қолының саны үш мыңнан астам еді. Шайқас кезінде ақ туды Жанқожа батырдың өзі көтеріп тұрды. Осы шайқаста орыстардың сапынан шығын болған кісі онша көп емес. Фитингофтың отрядында 300 казак-орыс, 320 жаяу әскер, 3 зеңбірек, 3 ракета қондырғысы бар еді» деп («Сырдария уәлайаты», Қазалы қ.1894 ж.18 ақпан. Орыс тілінен аударған Асан Досжанов. Очерктің орысшасы 1894 ж. Қазан қаласында жарық көрген) жазылған.

Осы ғылыми-танымдық басылымдағы Молдахмет Қаназ ағамыз келтірген «Алексей Иванович жарылқаушы ма? Жазалаушы ма?» атты мақаласындағы «1857 жылдың 5 қаңтарында зеңбіректердің әр түрінен 103 снаряд, 9 қаңтарда 205 снаряд, осы аралықта көтерілісшілерге әртүрлі оқ-қарудан 3221(!) оқ атылды. Бұл оқтардың барлығы далаға емес, қазақтарға атылған. Бейкүнә пақырлардың біразы ұрыс алаңы Арықбалықта жан тапсырды. Көтерілісшілердің ізіне түскен А.И.Бутаковтың жазалаушы отряды 9-11қаңтар аралығында 212 ағаш үйдің шаңырақтарын талқандап, керегелерін қиратып жылынды, солдаттарға тамақ пісіру үшін отқа жақты. Осы жолы қазақ шаруаларының 1239 малы бекініске айдап әкелінді. Оның сыртында 300 қой солдаттарға азыққа берілді, жол бастап жүрген сұлтандарға сыйға тартылды» деген мәлімет мұңға жетелейді.

«Ресейде 1905 жылғы 9 қаңтардағы оқиғаны «қанды жексенбі» деп әлі күнге дейін ауыздарынан тастамайды. Әрине, қаза адам санымен өлшенбейді. Алайда Ресейдегі сол оқиғаның салдары Арықбалық шайқасында біздің елдің халқының шеккен азабы, оққа ұшқан, аязда үсіп өлген адам санымен салыстыруға келе ме? Қаңтардың қақаған аязында бар жан сақтар баспанасы киіз үйлері отқа оранған, босқынға ұшыраған қарапайым халықтың (әсіресе емшектегі нәрестелер, балалар, ауру-сырқаулар мен қарттар) қаншасы қырылғанын кім білсін?» дейсің өзегіңді өкініш оты шарпып.

Осы ретте Арықбалық округінің тұрғындарын, аудан халқын, жалпақ жұртты селт еткізген жағымды жаңалықты жеткізе кетсек. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың Жанқожа батыр кесенесіне барар жолдың оң қапталынан «Арықбалық шайқасы» алаңын орналастыру жөніндегі ұсынысын Қазалы ауданы мәслихаты сессиясында мәслихат хатшысы Күнтілес Назымбеков бастаған депутаттар бір ауыздан қолдап, мақұлдады. Жобаның құны – 35 млн теңге. Өткен сессияда алғашқы кезекте алаң орналасатын жер учаскесін тегістеу, т.б. жұмыстарға 1 млн теңге бөлінді. 2020 жылғы көктемнен бастап құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады. «Арықбалық шайқасында шейіт болған бабаларға арналған белгі» бойына батырлар туралы деректер бейнеленген барельеф стеласы орнаталады. Алаңға толығымен брусчатка төселіп, сыртқы жағы әртүрлі қиыршық тас арқылы ұлттық ою-өрнектермен безендіріледі. Шағын сәулеттік формалалар, орындық, қоқыс жәшіктері және түнгі жарықшамдар орнату жұмыстарына эскиздік жобасына сәйкес жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, қаржы бөлдіру үшін бюджеттік комиссияға ұсынылған болатын.

Мұны естігенде туып-өскен Арықбалығымдағы қақаған қаңтардағы қанды шайқас, гүрс-гүрс жарылған зеңбірек оғы, үздіксіз ажал сепкен мылтық даусы, Жанқожа бабамның сағағына дейін қан басқан қылышын құлаштай сермеген айбарлы өңі, «Аллалап» жауға шапқан ержүрек сарбаздар, алаулап жалынға оранған киіз үйлер, аңыраған ана, кескіленген қария, сақылдаған сары аязда үсіп өлген сансыз нәресте, көмусіз қалып, алтын басын ит-құс кемірген ауылдастарым көз алдыма елестеді. «Жөнімен біткен іске рақмет айтпау жөнсіздік» деген ескіден жеткен есті сөзге сай мен де Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаевқа, мәслихат депутаттарына ризашылық білдіруді құп көрдім.

Ағымдағы жылы Жанқожа бабамыздың өмірге келгеніне 245 жыл толды. Осы орайда, аудан әкімінің бастамасымен жуырда жастар арасында жазба ақындар мүшәйрасы өткізіледі деп межеленуде. Ата-бабамызды ұлықтаған арда азаматтарға айтар алғысымыз шексіз.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы ауданы

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Қараша 2019 >
        1 2 3
4 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары