Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қыркүйек айында «Көше Fest» сайысын өткізді. Бұл шараның негізгі мақсаты – көше тұрғындарының ауызбіршілігін арттыру, өскелең ұрпаққа ақсақалдарды қадірлеуге шақыру, жастардың бойында иба-ізет, намыс, ар-ождан, қадір-қасиет сынды биік адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру және де қаланың бір бөлшегі саналатын көшенің тазалығын сақтауға шақыру.
Шараға қала аумағынан Әміре Қашаубаев көшеcі, Тасбөгет кентінен Мұстафа Шоқай атындағы көше, Қызылжарма ауылдық округінен Әлібай Әбенов көшесі, Абай ауылдық округінен Абай көшесі, Қараөзек ауылдық округінен Абылайхан көшесі, Талсуат ауылдық округінен Космонавт көшесі қатысты.
Сайысқа қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубай Әбішов, журналист, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағы Қызылорда облыстық филиалының төрайымы Қаршыға Есімсейітова, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағаcы Болат Нұрхожаев, ақын, Мәдениет Үйі жанынан құрылған «Қауырсын» жас ақындар үйірмесінің жетекшісі Мамыр Байдаулетов, «Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт клубы» мемлекеттік коммуналдық мекеменің директоры Жамал Бозова қазылық жасады.
Сайыстың І кезеңі бойынша әр қатысушы көшенің тазалығы бақыланды. ІІ кезең өнер бойынша көшенің тұрғындары қойылым көрсету арқылы батагөй ақсақалдарын, ертегі айтатын үлгілі әжелерін, өнегелі, өнерлі қыз-келіншектерін, сегіз қырлы, бір сырлы жігіттерінің өнерлерін көрсетсе, ІІІ кезең спорттық сайыстар, яғни арқан тартыс, гір көтеру, қол күрестен жарысқа түсті. Байқау қорытындысы бойынша І орынды қала аумағынан Ә.Қашаубаев көшесі, ІІ орынды Қараөзек ауылдық округінен Абылайхан көшесі, ІІІ орынды Абай ауылдық округінен А.Құнанбаев көшесінің тұрғындары иеленді. «Көрікті көше» номинациясымен М.Шоқай көшесі (Тасбөгет кенті), «Өнерлі тұрғындар» номинациясымен Ә.Әбенов көшесі (Қызылжарма ауылдық округі), «Бірлігі жарасқан көше» номинациясымен Косманавт көшесі (Талсуат ауылдық округі) тұрғындары танылды.
Қозы Көрпеш ЖАСАРАЛҰЛЫ |