Өзекті мәселелер

  • 05.12.19

    «Құмкөл-Қызылорда» авто­жолы­ның 70-інші шақырымында «Кеңлік» кен орнынан Шымкент қаласына бағыт­ алған «Neoplan» маркалы автобус­ аударылып, 8 адам қаза тапты. 21 адам жарақат алған. Мәліметтерге сүйенсек, автобус ішінде барлығы 36 адам болған. Олардың барлығы – «Саутс Ойл» мұнай компаниясының қызметкерлері» деген ақпарат барша қазақстандықтың қабырғасын қа­йысты­рғаны  анық.

    ...
    Толығырақ...
  • 05.12.19

    Алты құрлықты ақпарат билеген уақытта оған ілесіп отырудың өзі жетіс­тік. Соңғы жылдары «жаңа медианың келешегі кемел, ал дәстүрлі БАҚ-тың болашағы бұлыңғыр» деген пікір бірен-саран айтылып жүр. Қай медианың алға озып, қайсысы артта қалатыны уақыт еншісіндегі дүние деп білеміз. Бірақ ел алдымен интернетте жылт еткен жаңалыққа емес, газет бетінде қатталған хабар­ға сенетіні анық. Ол – ақиқат. Толығырақ...

  • 05.12.19

     

    Ерғали  АБДУЛЛА


    Қу  ақша

    Бермеймін дегенді – бергізеді. Көрмеймін деге...

    Толығырақ...
  • 05.12.19

    Арнайы  бетіміздің  тұрақты айдарындағы кезекті қонағымызбен  сұхбаттасудың  сәті түсті. Бұған дейін есепшілер мен ұстаздар әулеті туралы жазған болатынбыз. Жасыратын түгі жоқ, бұл жолы кейіпкер таңдау оңайға соқпады. Нәти­жесі­нде таңдау арманы – бір, мақсаты – ортақ, бол­мысы – егіз, бірге оқып, медицина саласында бірге қызмет етіп, бір шаңырақтың түтінін түзу ұшырып отырған дәріг...

    Толығырақ...
  • 05.12.19

    Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев өткен жылғы 5 қазандағы Жолдауында «2019 жыл – Жастар жылы» деп жариялады. Жыл аяғы жақын. Күні бүгінге дейін елімізде жастар мәселесі бойынша озық істер орындалып, межелі мақсаттарға қол жеткізілді. Елбасы өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында: «Менің ойымш­а, біздің жастар елеспен өмір сүрмеуге тиіс. «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға орт...

    Толығырақ...
ПАРА БЕРГЕНГЕ ДЕ, АЛҒАНҒА ДА ЖАЗА БАР
07.11.2019 12:00

Бақытжан  НИЯЗОВ,

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

 

– Бақытжан Мақсұтұлы,  ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұмысы ауқымды және ең маңызд­ы  саланың бірі екені даусыз. Білуімізше, агенттік тарапынан жемқорлықтың алдын алу бағытында біраз жобалар қолға алынды. Дегенмен, «халықтың сенімі» деген дүние бар. Агенттік ел сенімінен шыға алып отыр ма?

– Иә, сұрағыңыз өте орынды. Халықтың сеніміне ие болу оңай шаруа емес. Десе де, мына бір ақпаратты сізбен бөліссем деймін.

БҰҰ Даму бағдарламасының қаржылық қолдауымен жүзеге асырылған «Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықтың жай-күйінің мониторингі» зерт­теуі аясында Transparency Kazakhstan  сарапшылары облыс­ және аудан орталықтары­ деңгейінде 9 мың респондентке­ сауал­ қойды. Бұдан бөлек, «Ашық диалог» порталына 568 өтініш келіп түсті. Осылайша, респонденттердің жартысынан астамы (54,4 пайызы) соңғы жылдары сыбайлас жемқор­лық деңгейінің төмендегенін атап өтті. Сондай-ақ, бизнес-қауымдастықтағы оң өзгерістерді де ерекше атап өткен  жөн. Мәселен, кәсіп­керлердің 76 пайызы елімізде пара бермей, тек құқықтық негізд­е жұмыс істей отырып, өз бизнесін дамытуға болады деп есептейді. Жалпы алғанда, азаматтар мен бизнес өкілдерінің пікірінше, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бо­йынша агенттік (72,4 пайыз) ең жоғарғы және ең ықпалды сенімге­  ие.

 

– Айтыңызшы, қай салаларда сыбайлас жемқорлық фак­ті­лері  жиі  кездеседі?

– Өкінішке қарай, биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында облыста 46 сыбайлас жем­қорлықпен байланысты істер орын алған. Олардың 50 пайызы ауыр қылмыстар санатына жатады. Жауапты қызметкерлер әртүрлі рұқсат беру құжаттарын және құжаттарды жедел мерзімде бергені, азаматтарды жұмысқа орналастырғаны, қызмет бойынша қамқорлығы не­мес­е жәрдемдескені, қыл­мыс­тық және әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны үшін жемқорлыққа барған. Азаматтар пара беруге мәжбүрлеген 70-тен астам себепті айтты. Солардың ішінде ең көп тарал­ғаны – жұмысқа орналастыру, жер телімін рәсімдеу, баланы балабақшаға орналастыру және  жол жүру ережелерін бұзу. Ал бизнес өкілдері салық органдарында, жер қатынас­тары саласында, аудандық әкімдіктерде, полиция, өртке қарсы қызметте және кеден қызметінде  сыбайлас жемқорлық  фактілері  жиі  кездесеті­нін  алға  тартады.

 

– Қай мәселенің де салда­ры­мен емес, себебімен күресу тиімді ғой. Бұл  бағытта  нендей жобалар­  жүзге  асырылып   жатыр­?

– Аймақта «Сапалы жол – Адалдық алаңы» жобасы шеңбе­рінде департамент қыз­метк­ерлері  орталықтың, көлік­тік  бақылау  инспекциясының қызметкерлерімен, «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің, облыс бойынша арнайы мониторинг­тік топтың және БАҚ өкіл­дерімен бірле­сіп, жергілікті маңызы бар автомоб­иль жол­дарының проб­лем­алық учас­келеріне жылжымалы зерт­ханамен 7 рет бақылауға шықты. Сонымен қатар жоба жұмысын жетілдіру мақсатында жол саласына қатысты басқарма басшыларының, жол құрылысы саласында жетекшілік ететін қала мен барлық аудан әкімдерінің орынбасарларының, мердігер мекеме­ басшыларының қатысуымен жиын өткізілді. Онда аталған салаға қатысты ең өзекті мәселелер талқыланып, сараланды. Тағы бір айта кететін жайт, автом­обиль жолдары сапасының нашарлауына әсер ететін маңызды факторлардың бірі – ауыр салмақты үлкен жүкті тасымалдау. Бұған байла­нысты автомобиль жолдарында ауыр салмақты және инертті жүк тасымалдайтын автокөлік құралдарына бақылауды қамтамасыз ету мақсатында көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп рейдтік шаралар ұйымдастырылды. Нәтижесінде 43 жүк көлік жүргізушілеріне әкімшілік хаттамалар рәсім­деліп, айыппұлдар салын­ды. Ал «Адал жол» жобасы аясында арнайы құрылған жобалық тобымен теміржол көліктеріне 18 рейдтік іс-шаралар ұйым­дастырылды. Жүргізілген іс-шаралар барысында пойызға билетсіз мінген 24 жолаушы анықталды. Жолаушыларды билетсіз мінгізген жолсеріктерге қатысты көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлерімен 20 әкімшілік құқықбұзушылық турал­ы хаттамалар рәсімделді. Сондай-ақ, теміржол вокзалында жолауш­ылар пойызына билетсіз ақшасын алып мінгізіп жіберетін 2 делдал (қосымша көмекші) анықталып, желілік полиция бөлімінің қызметкер­лерімен әкімшілік хаттамала­р  толты­рылды.

Автокөлікті сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына лицен­зиясы бар ЖШС-нен сақтандыру полисін алуға келген азаматтар қосалқы көмек көрсететін азаматтар арқылы (помогайка) техникалық байқаудан көлікті тексері­п, қараусыз автокөліктің суреті арқылы жалған құжат дайынд­ап беретіндігі белгілі бол­ған еді. Осыған орай облыстық поли­ция департаментіне және көліктік  бақылау  инспекциясына ұсыныстар  жолдадық.

Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар жыл бойы жалғасатын болады. Қысқаша айтқанда, сыбайлас жем­қо­рлық фактілерінен гөрі оның алдын  алу  маңызды  екені анық.

 

– Жасыратыны жоқ, ел арасында «айран ішкен құтылып, шелек жалаға­н тұтылып қалады» деген пікір бар. Бұған келісесіз бе?

– Тұспалыңыз  түсінікті. Биыл өңірде  сыбайлас  жемқорлық  фактілерін­е жол берген 7 бірдей об­лыстық  деңгейдегі  мекеме  бас­шы­лары күдіктелген. Осыдан-ақ, атқары­лып жатқан жұмысты шамала­са­қ  болатын   шығар.

 

– Пара алушы мен пара беруші арасындағы жазадағы айырмашылық соншылықты көп емес. Осы мәселенің  аражігін  ажыратып, толы­ғырақ  тоқталсаңыз...

– Рас, мұның барлығы тайға таңба басқандай ҚР Қылмыстық кодексте жазулы тұр. Пара беруші де, пара алушы да және арадағы делдал да жазасыз қалмайды. Қылмыс­тық кодекстің 366-бабында «Мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адамның не оған теңестiрiлген адамның­ немесе жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның  не  лауазымды  адамның, сол сияқты шет мемлекеттің немесе­ халықаралық ұйымның лауазым­ды адамының пара берушi­нiң немесе оның өкiлi болған адамдардың пайдасына жасаған әре­кеттері (әрекетсiздiгi) үшiн, егер мұндай әрекеттер (әрекетсiздiк) осы адамның қызметтiк өкiлет­тiктеріне кiретін болса не ол лауазымдық жағдайына байланысты осындай әрекеттерге (әрекетсiз­дiкке) ықпал жасай алатын болса, сол сияқты жалпы қамқорлығы немес­е жол берушілігі үшін өзіне немес­е басқа адамдарға ақша, бағал­ы қағаздар, өзге мүлiк, мүлiкке құқық немесе мүлiк сипатындағы пайда түрiнде жеке өзi немесе дел­дал­ арқылы пара алуы – мүлкі тәр­кіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен  айналысу  құқығынан  өмір  бойына­ айыра отырып, параның жетпіс еселенгеннен сексен еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұ­л салуға не он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады» делін­ген. Ал пара берушілерге қатысты осы кодекстің 367-бабында «Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамға­ не оған теңестірілген адамғ­а немесе жауапты мемлекет­тік лауазымды атқаратын адамға не лауазымды адамға, сол сияқты шет мемлекеттің немесе халық­аралық  ұйымның лауазымды адамына­ жеке өзіне немесе делдал арқылы пара беруі – мүлкі тәр­кіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның қырық еселенгеннен елу еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға  жазаланады» деп көрсетілген. Бұл жерде айта кететін жайт, кодекс­тің 366-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген адам тарапынан параны қорқытып алу орын алған болса немесе егер осы адам пара бергені туралы құқық қорғау органына немесе арнаулы мемлекеттік органға өз еркімен хабар­ласа, қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Ал 368-бапта «Парақорлыққа делдал болу, яғни пара алушығ­а және пара берушiге олардың арасындағы пара алу және беру туралы келісімге қол жеткiзуге не­месе­ оны iске асыруға ықпал ету – мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе­ белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның бес еселенгеннен он еселенгенге дейінгі сомасы мөлше­рінде айыппұл салуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға  жазаланады» делінеді. Егер делдалдық бірнеше рет қайталанса, кінәлі тұлға параның он еселенгеннен жиырма еселенгенге­ дейінгі сомасы мөлшерінде айып­п­ұл салуға не алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырыл­мақ.

 

– Облыс көлемінде биыл жүйелі жемқорлық фактілері тіркелді ме?

– Жыл басынан бері жүйелі сыбайлас жемқорлықтың 6 фактісі тіркеліп отыр. Былтыр 4-еуі тір­келген еді. Мәселен, Қазалы аудандық құрылыс бөлімінің басшысы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында инфрақұрылым жүргізу жұмыстары толық тамамдалмаған 3 нысанды қабылдап алған. Нәтижесінде атқары­лмаған жұмыстар үшін мемлеке­ттік  қаржы мердігерлердің есепшотына толығымен аударылып беріліп, мемлекетке мате­риалдық зиян келіп, мемлекеттің өз азаматтарын сапалы инфрақұрылым­мен, яғни газбен, электро­энергиямен және ауыз­сумен қамтамыз етудегі саясатын жүзеге асыру мүмкіндігінен айырылып және іс жүзінде игерілмеген мемлекет қара­жатын басқ­а ұйымдардың иеленіп алуына жағдай жасап, салдарынан мем­лекеттiң заңмен қор­ғалатын мүдделерi­не елеулі­  зиян келген.

 

– Шыны керек, тұрғындардың дені «аш құлақтан, тыныш құлақ» деп құқыққа қарсы фактілерді хабарлауды жөн санамайды. Неліктен?

– Жасыратыны жоқ, көпшілігі заңға қайшы әрекеттерді байқаған күннің өзінде хабарлауға ықыласты емес. Дегенмен, биыл департамент 18 азаматқа 2558800 теңге көлемінде сыйақы төледі. Бұл жерде ерекше тоқталатын жайт, хабарлаушы мемлекеттік тұрғыдан қорғауға алынады. Бұдан бөлек, теріс әрекетті хабарлаған азамат құпия қалады. Бұған алаңдауға негіз жоқ.

 

– Бақытжан Мақсұтұлы, ашық әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Қараша 2019 >
        1 2 3
4 5 6 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары