Оқырманнан хат

Келіп кету есептегіші

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1586
mod_vvisit_counterКеше2451
mod_vvisit_counterОсы аптада14082
mod_vvisit_counterӨткен аптада16609
mod_vvisit_counterОсы айда76079
mod_vvisit_counterӨткен айда90857
mod_vvisit_counterБәрі5006509


Өзекті мәселелер

  • 19.12.19

    Кешегі даласында абақ­тысы жоқ, бес қаруы белінде жүрсе де жауынан өзгеге қару жұмсамаған заманда елдің бір-біріне өкпесі, кеткен есесі болмады дейсің бе? Болды ғой. Бірақ, сол заманның өзінде қойнындағы қаруға тұра ұмтылмай, әділдікті, ақ пен қараны шешетін әулеттің үлкені не ауылдың ажасы, оған көнбей жатса, елдің қожасына жүгінді емес пе? Дау бұған да бөгет бермеген кезде биге барып соңғы ше...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Ақыл  жетпес

    Адамның ақылы өлшеусіз мол. Алайда сол ұлан-ғайыр, шексіз ақылыңның кейде кішкентай, уақ-түйек мәсе­лелерді шеше алмай, тұйыққа тіреліп, жол таба алмай, адасып­  жүретініміз  қалай?!

    ...
    Толығырақ...
  • 19.12.19

    «Кувад синдромы» туралы бұрын-соңды естіп пе едіңіз? Мүлдем естімеген болуыңыз да мүмкін. Бұл – ер адамның жүкті әйел секілді күй кешуі. Мұндай да болады. «Кувад» сөзі француздың «couver» деген етістігінен шыққан, яғни қазақшалағанда «жұмыртқа басу» дегенді білдіреді. Бұл синдром екіқабат әйелдің күйеуінде жүктіліктің үшінші айында басталып, сәби дүниеге келгенге дейін жалғасуы ықтимал....

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Шырылдаған бала дауысынан селк ете қалған олар өздері секілді тағы бір күнә­сіз­дің жетім қалғанын сезді. Сәбиді түннің бір уағында тауып­ алған тәрбиеші дереу төсекке жатқызып, жұбата бас­тады. Әбден жылай-жылай көзінен жасы сарқылған баланың демі бітіп, әрең тыныс алады. Көздері жәудіреген бір топ баланың естісі аузындағы емізікті жұлып алып, апайына ұстатты. Жанаршылықпен қараған оның ересек...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Поэзия

     

    Ботадай боздап аспан жылайды,

    Алдайды бәрін түлкі үміт.

    Жапырақтардан жас тамшылайды,

    Жапырақ жүрек бұлқынып. ...

    Толығырақ...
ЕЛМҰРА – АТАҚТАРЫМНЫҢ ЕҢ ҮЛКЕНІ және ЕҢ ҚАДІРЛІСІ
07.11.2019 12:10

Ол – әнші, жыршы, термешілер арасында «Өнертану» ғылым саласынан «Арал, Қазалы өңірінің жыраулық дәстүрі» деген тақырыпта диссертация қорғап, Қазақстан­  бойынша  ғалым  атанған  алғашқы  өнер  иесі.

Ол – ҚР мемлекеттік күзет қызметінің Президентік оркестрінде қызмет істеген алғашқы жыршы-жырау.

Ол – Тұңғыш президенттің қолдауымен Нұр-Сұлтан (ол кезде Астана – ред.) қаласына­ арнайы шақыртылып, мемлекеттік бағдарламамен пәтер иеленген алғашқ­ы  жырау.

Ол – жыршы, жыраулар  ішінде  халықаралық  байқаудан  жүлделі болған алғашқы­  жан.

Ол – Қазақ ұлттық өнер университетінде жыраулық мектепті ашқан алғашқы өнертанушы.

Ол – ел мұрасын арқалаған жай ғана Елмұра.

Иә, біздің кейіпкеріміз – ҚР  Еңбек сіңірген қайраткері, өнертану ғылымыны­ң кандидаты, жыршы, термеші Елмұра Жаңабергенова. Өнер иесімен болған әңгіме көбіне «Елмұра» өнер мектебінің жұмысына арналды­.  Сондай-ақ,  жыршы  өзінің  алдағы  жоспарлары  туралы  айтты.


МЕКТЕП  АШУДАҒЫ  МАҚСАТ ҚАНДАЙ?

 

«Елмұра» өнер мектебі өткен жылдың қазан айында ашылғанымен, желтоқсан айынан бастап жұмысын бастады десем болады. Тіпті, ақпан айына дейін толық күшіне енбеді. Оның басты себебі, біз мүлдем жарнама жасамадық. Мектепке тек ауызша  естіген адамдар ғана келіп жатты.

Мектепті ашуыма көпшіліктің «баламды­ оқытыңызшы, үйретіңізші» деген өтініші, сөздері себеп болды. Мен оларды үйден оқыта  алмадым. Университетке  шақыру­ға тағы  болмайды. Сондықтан, аз ғана баламен осындай шағын мектеп аштым. 4-5 ай оқыған балалардан  жақсы шәкірт­тер шыға бастады. 5-6 баламыз  лауреат  атанып­,  жүлделі  орындарға  қол  жеткізді.

«Елмұра» өнер мектебінің негізгі мақсаты – балаға кәсіби өнер түрлерінен білім беру. Мектеп «Дәстүрлі жыр», «Дәс­түрлі ән», «Домбыра», «Айтыс өнері», «Шешендік өнер», «Қолөнер», «Үрмелі аспап», «Қобыз», «Жетіген», «Шертер», «Фортепиано», «Сольфеджио», «Вокал, дауыс қою», «Актерлік шебер­лік, сахна тілі», «Сурет салу», «Қаламгер», «Композиция», «Бала тілі – бал» (қазақ тілінде сөйлеу), т.б. бағытта оқушы­ларға білім береді. Ата-аналар тарапынан түскен өтінішке орай да жұмыс істейміз. Биыл біз екі жылдық біліммен колледжге үш, университетке бір бала дайындап отырмыз. Біздің мектептен тәлім алған, сонау Арал қаласынан келген Ақмарал Ыдырысова деген оқушымыз бүгінде университетте оқып жатыр. Биыл «Жастар жылы» болғандықтан, мектепке мұға­лімдерді жаңа буыннан алдым. Олар бір-бірінен өткен талантты, талапты.

Осы күні Нұр-Сұлтан қаласында ашылып жатқан өнер мектеп­тері бар. Ол жағынан кенде емеспіз. Әрине, мұндай орта­лықтардың көптеп ашыл­ғаны жақсы.­ Балаларымызды ұлттық өнерімі­зге баулығанымыз дұрыс. Біздің мектептен «Шешендік өнер», «Айтыс өнері», «Бала тілі – бал» деген үйір­мелер алғаш рет ашылып отыр.

 

ЭЛЬМИРАДАН   ҚАЛАЙ  ЕЛМҰРАҒА   АЙНАЛДЫ?

 

Менің негізі шын есімім – Эльмира. Атақтарымның ішін­дегі ең үлкені және қадірлісі, маңыздысы осы – Елмұра. Менің де арқалап жүргенім елдің мұрасы ғой. Осы мектепте елдің мұрасын сақтайтын жастар, таланттар көп болсын деген­ жақсы оймен мектептің атын «Елмұра» деп қойдым.

1997 жылы жаз айында Шәмшат Төлепова апамыздың көзі тірісінде 60 жылдығына орай конкурс ұйымдастырылды. Екі күнге созылған сол сайыста мен жеңімпаз атандым. Сонда Шәмшат апамыз: «Сенің орындауың ешкімге ұқсамайды. Диапазоның бөлек, дауысың өте жағары. Сендей ерекше дауыс иесі қыздар арасында болған­ жоқ» деп баға берген еді. Қайтар жолда ақын Елена Әбдіқалықованың айтқан сөзі әлі есімде. «Сен үлкен жырларды, термелерді айтасың. Елдің мұрасын арқалап жүрсің ғой, сені Эльмира емес, Елмұра деп атайық»  деді. Содан  бері  22  жыл  өтті, мен  – Елмұрамын.

 

«ОҚУШЫНЫ   ДАЙЫНДАЙТЫН

АРНАЙЫ   МЕКТЕПТЕР   АЗ»

 

Мен жыраулық, әншілік өнерді үйреткенде тек орындалуын ғана емес, шығарманың тақырыбы, оның негізгі мазмұны, мағынасын түсіндіріп, сонымен қатар автор­ларға (сөздің авторы, мақамның авторы­) арнайы тоқталамын. Онда «автор­дың тағы қандай шығармалары бар?» деген­ сұрақтан бастап, өмір жолы, шығарманың тарихы бәрі-бәрі қамтылады.

Қазіргі таңда колледждерге, университеттерге оқушыларды дайындайтын арнайы мектептер аз. Біздің негізгі әрі үлкен мақсатымыз – осы олқылықтың орнын тол­тыру. Негізі мектепте 4 жыл оқуы керек. Алдағы уақытта сертификаттар берсем деймін. Бұл – алдағы уақыттың жемісі. Өнер мектебінің ашылғанына әлі бір жыл болған­ жоқ. Жұмыс жүріп жатыр. Балаларды кәсіби тұрғыда дайындаймыз, бұл жерде ешқандай шоу-бизнес немесе қайта-қайта экранға, концертке шығарамын деген мақсат­  жоқ.

Қазіргі таңда жетіген, шаңқобыз, қылқобыз, сазсырнай сияқты аспаптар көп сұранысқа ие болмай отыр. Бұл мені қынжылтады. Мұнда оқитын балалар да өте аз. Соған жарнама жасауымыз керек.

Біз көптеген мектептерге тегін концерт­тер ұйымдастырамыз. Былтырдың өзінде 3-4 рет концерт беріп үлгердік. Бұл оларды­ сахнаға тәрбиелеу, еркін сөйлеу, өнерге деген икемділігін арттыру, қалыптастыру үшін қажет болады. Қарттар үйі, жетімдер үйі секілді жерлерге де концерт береміз. Егер жетімдер үйінің тәрбиеленушілері біздің өнерімізге қызығушылық танытып жатса, оларға да үйретеміз деген мақсатымыз бар. Мен шәкірттерімді де, балаларымды да өнерге тәрбиеледім.

 

БАЛАЛАР   ЛАГЕРЬДЕН  –  ӨНЕРГЕ...

 

«Елмұра» өнер мектебінде әр жылдың өз деңгейі бар. Ол дегеніміз «бала бірінші жылы нені және қалай үйрену керек?» деген­ сұрақтан басталады. Мұғалімдер не үйретіп жатыр, бала және ата-ана риза ма, қандай жетістіктер болып жатыр? Және тағы да басқа сұрақтарды қамтимыз. Біз балаларға терең білім беруді мақсат тұтамыз. Сондықтан, өзім барлығын қадағалап отырамын.

Бізде көпбалалы ата-аналарға, мүмкін­дігі шектеулі жандарға жасалған жеңіл­діктер бар. Сонымен қатар, одан да басқа көптеген ойларымыз бар. Оларды да жүзеге­ асырамыз. Негізгі мақсат – қазақи, ұлттық рухта тәрбиелеу. Мойындауымыз керек, қаланың жастары қазақы ойламайды, қазақша көп сөйлей алмайды. Салт-дәс­түрді, болмысты үйретсек дейміз. Сонымен қатар, дәл осы мақсатта жазғы лагерь ұйымдастырғанмын. Лагерьде біз барлық сабақтар бойынша оқыттық, үйреттік. Музейге, кинотеатрға, саябаққа алып бардық. Бұл балалардың және көпшіліктің көңілінен шыққан секілді. Себебі, сол лагерьге келген балалар бүгінде өнер мектебінің оқушыларына айналды. Өткен жылға қарағанда мектептің аяқалысы жақсы. Мектеп ашу, оның жұмысын жүргізу оңай шаруа­ емес. Еңбектеп бастап барып тік тұрасың ғой, сол секілді. Барлығы бірден емес, біртіндеп болатын нәрсе екенін білемін. «Елмұра» өнер мектебі туралы, жазғы лагер­ь жайында көпшілігі білмей қалып жатыр, ақпарат  әлі ел арасына түпкі­лікті жетпей  жатыр  деп ойлаймын.

 

АСТАНА   ДА –  ӨНЕРДІҢ   ОРДАСЫ

 

Кезінде Тұңғыш президентіміз Н.Назар­баев бізді «осы Астананы (ол кезде Астана еді) көркейтіңдер, өнерді дамытыңдар, жастарға үйретіңдер» деп алып келген болатын. Мен сонда бір кірпіш болып­ қаланып, елге пайдам тисе деп ойлайты­нмын. «Елмұра» өнер мектебін сондықтан аштым. Және жұмысын өз күшіммен жолға қойдым. Қазір соған қуанамын. Жастарды тәрбиелеу, оқыту – менің ел алдындағы борышым.

«Жыраулық дәстүрді зерттеудің әдіс-тәсілдері» деген шағын кітабым жарық көрді. «Өнер – өмірімнің өзегі» деген өзімнің шығармашылығыма арнап кітап шығардым. АҚШ-тағы өнерсүйер қауымның арнайы тапсырысы бойынша үнтаспам дайындалды. Сосын «Дүрлердің дүбірімен жеткен дауыс» деген терме-толға­улар жинағым шықты. Алдағы уақытта­ тағы да мақсаттарым бар. 50 жылдығыма қызу дайындалып жатырмын. Қазір «Арал, Қазалы өңірінің жыраулық дәстүрі» деген 300 беттік үлкен монографияны дайындап қойдым. Бұйырса, оның да жарыққа шығатын­  күні алыс емес.

Алматыға келгенде күйші Қаршыға Ахмеди­яров ағам Жақсылық деген шеберге ертіп апарып, даусыма, болмысыма орай домбыраға тапсырыс жасатса, оны ата-анам  сатып алып берген еді. Әлі күнге дейін сол домбыраны ауыстырған емеспін. Өнерде­ жүргеніме 33 жылдай болып қалды, 17 жасымнан бері үлкен сахналарда ән айтып­ келемін. Жалпы, өзім 3-сыныпта ән айтуды  бастаған  едім.

Жазып  алған

Рыскелді  ЖАХМАН

 


 

ӘСЕР

(Елмұра  Жаңабергеноваға)

 

Қас жыраудың біледі халқы нарқын,

Қос ішекпен көнеден тартылар тін.

Асфаһани асыл сөз санадағы,

Құйылғандай құлаққа балқып алтын.

 

Жырау көрдім шабыттан жанатындай,

«Әу!» дегенде қоймайды таң атырмай.

Әне-міне, кетердей көтеріліп,

Құлынмүше періште қанатындай.

 

Ұлы көш тастап кеткен мұрамыздай,

Ұйқысынан оянған ұлы абыздай.

Ақылдың аңыратып адырнасын,

Жүректен жебе тартқан мына қызды-ай!

 

Ділімде от ойнатып дана нақыл,

Қу нәпсіге құн кестім қарабақыр.

Елтіп алған үніне Елмұраның,

Сол шақтағы күйіме қара да тұр.

 

Тар жалғанның тірескен күшін бағып,

Қолыма жібек баулы құсымды алып.

Кәнизегі күмістен кездігіммен,

Пенделіктің тастадым ішін жарып.

 

Жауһар жыр, жұмағыңды несіп қылдың,

Кеудемде ашылмаған есікті ұрдың.

Осындай ғажайыптан айыратын,

Тірмізік тірлігімнен шошып тұрдым.

 

Байланған болмысыңмен үнге мынау,

Төмендеп түстің неге, дүр көңіл-ау.

...Арқалап алқымдағы алтыныңды,

Мені тастап барасың, кімге жырау?!

Дүйсенбек   АЯШҰЛЫ

 


Мақала дайындалып жатқанда белгілі термеші, жырау Елмұра Жаңабер­генованың анасы Қантай Әбуқызының қайтыс  болғаны туралы­  қаралы  хабар  жетті. «Халық» газет­і  Елмұра  Манасқызына  қайғы­сына  ортақ­тасып,  көңіл  қосын  біл­діреді.


 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Қараша 2019 >
        1 2 3
4 5 6 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары