
Ерлан ЕСТЕК,
қазақ күресінен ұлттық құраманың бас бапкері:
Өткен аптада Қызылордада ерлер және әйелдер арасында қазақ күресінен Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Балуандар бәсекесіне еліміздің түкпір-түкпірінен спортшылар қатысып, бозкілемде барын салып жатты. Иә, белі кеткен балуанның белдеспей жатып бүк болатыны белгілі жайт ғой. Бірақ, біз ондай жайтқа кез болмадық.
Қыж-қыж қайнап жатқан Қызылордадағы қазақ күресінің қызығын тамашалап қайттық. «Жүрген аяққа жөргем ілігеді» дегендей, қазақ күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Ерлан Естек ағамызбен жолығып, аз-кем әңгімелескен едік.
- Сыр еліне қош келдіңіз! Алғашқы сұрағымыз ел чемпионатының ұйымдастырылуына, деңгейіне арналып отыр.
- Жалпы, ел чемпионаты жыл сайын ұйымдастырылып жүр. Биыл Сыр елінде жоғары деңгейде өтіп жатыр, оны өздеріңіз де көріп отырсыздар. Ешқандай кем-кетігі жоқ. Жарысты ҚР Қазақ күресі федерациясының президенті Дәурен Абаев ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ел чемпионатына Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің барлық облысынан 500-ге жуық спортшы келіп, 16 салмақ дәрежесінде шеберлік байқасуда. Жарыстың деңгейі де жоғары боп тұр.
- Жаңа есімдер шығып жатыр ма?
- Былтырғы ел чемпиондары бұл жарысқа қатты дайындалған жоқ. Өйткені, алда көп жарыс бар. Әлем чемпионаты, әлем барысы өтеді. Спортшы болу оңай емес. Біз әрдайым сапарда жүреміз. Жыл он екі ай отбасының қасында бола алмаймыз. Үнемі тер төгеміз, 24 сағат дайындық жасаймыз.
- Шетелдіктердің қазақ күресіне деген көзқарасы қалай?
- Өткен жылы Польшада «Еуропа барысы» турнирі өтті. Балуандарымыз бір апта сонда оқу-жаттығу жиынында болды. Біз Азия құрлығына жататын болған соң, ол жарысқа қатыспадық. Сол жарысқа 23 мемлекеттен балуандар қатысты. Қазақ күресін шетелде ұйымдастыру – зор қуаныш. Сол секілді, Азия чемпионаты Моңғолияда өтті. Олардың да қазақ күресіне деген ықыласы жоғары екенін байқадық. Тіпті, көрермендердің өзі көліктеріне қазақ күресінің логотипі бейнеленген қағаздарды жапсырып алып, болмаса қолына ұстап алып жүрді. Қуанасың. Мұндай құрмет кейде Қазақстанда да бола бермейді.
- Ал, сіздің ойыңызша қазақ күресіне қандай өзгеріс қажет?
- Бір нәрсе айтайын. Бұрынғы мен қазіргіні салыстыра алмаймыз. Уақыт өткен сайын бәрі дамып жатыр. Қажеттілік бар. Қазақ күресі – қазақтың жанымен бітеқайнасқан спорт. Әрине, жетпей жатқан кем тұстары бар. Ең бастысы, ережесі бекітілген, мемлекеттік тұрғыда қолдау, ел арасында қызығушылық бар. Күреспен айналысушылардың қатары да көбейіп келеді. Сондықтан, кем-кетікті жетістікке айналдыру керек.
- Облыстағы қазақ күресінің дамуына қандай баға бересіз?
- Қызылорда балуандары туралы жақсы пікір, көзқарас қалыптасқан дей аламын. Былтыр 100 келіде Нұрым Сәлімгерей мен Мақсат Исағабылов финалға шыққан. Одан өзге де орын алғандар болды. Мысалы, биылғы чемпиондар – келесі жылға дайындап отырған балуандар. Сыр балуандары үшін биылғы жыл жемісті болды. Мақсат балуан Моңғолияда өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атанды. Нұрым балуан Ақтөбе қаласында өтетін Әлем чемпионатында күресетін болады. Негізі, Қызылордада қазақ күресінің даму қарқыны жақсы.
- Бұған облыс басшылығының ықпалы бар ма?
- Шындап келгенде, мемлекет, федерация тарапынан немесе облыс басшылығынан қазақ күресіне деген көңіл түзу екенін айтуға тиіспін. Барлығы қазақ күресін қолдайды.
- Той-томалақта, аста балуандар күресіп жатады. Бұл да қазақ күресінің дамуына өз үлесін қосып жүрген болар...
- Иә, әрине. «Қазақ күресін тек мемлекет, облыс не федерация ғана дамытсын» деген пікір жоқ. Біз әр жерде және әрқайсысымыз атсалысуымыз керек.
- Оқу-жаттығу жиындары, жалпы дайындық барысы қалай өтеді?
- Оқу-жаттығу жиындары басқа мемлекеттерде өтіп жүр. Мысалы, Моңғолия, Әзербайжан мемлекеттерінде болды. Бұл сол жақтың балуандарымен тәжірибе алмасуымызға сеп болады. Әрі қазақ күресінің ауқымын кеңейтуге де пайдалы дер едім.
- Арнайы уақыт бөлгеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Рыскелді ЖАХМАН |