Өзекті мәселелер

  • 13.12.19

    Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мазмұны терең, мағынасы зор мақаласын жуырда тағы бір мәрте шолып шықтым. Сол сәтте ойыма­ Арал ауданының Тоқабай елді мекенінде тұратын ардагер ұстаз, сол өңірге танымал өлкетанушы Үргенішбай Қуатов оралды.

    ...
    Толығырақ...
  • 13.12.19

    Менде арман көп. Қиялдай кетсем, ойымда шек жоқ. Туған жерімде лайықты білім алып, ата- анам, туған қарындасыма қамқор болғым келеді. Қарындасымды шексіз жақсы көремін. Ол – менің бауыр етім. Ата-анамыз бізге күн сайын бір-бірімізге қамқор, мейірімді, адал болуды үйретіп отырады. Өйткені мейірімділік әлемді құтқарады. Егер біз мейірімді болсақ, біздің өміріміз қуанышқа, бақытқа тол...

    Толығырақ...
  • 05.12.19

    «Құмкөл-Қызылорда» авто­жолы­ның 70-інші шақырымында «Кеңлік» кен орнынан Шымкент қаласына бағыт­ алған «Neoplan» маркалы автобус­ аударылып, 8 адам қаза тапты. 21 адам жарақат алған. Мәліметтерге сүйенсек, автобус ішінде барлығы 36 адам болған. Олардың барлығы – «Саутс Ойл» мұнай компаниясының қызметкерлері» деген ақпарат барша қазақстандықтың қабырғасын қа­йысты­рғаны  анық.

    ...
    Толығырақ...
  • 05.12.19

    Алты құрлықты ақпарат билеген уақытта оған ілесіп отырудың өзі жетіс­тік. Соңғы жылдары «жаңа медианың келешегі кемел, ал дәстүрлі БАҚ-тың болашағы бұлыңғыр» деген пікір бірен-саран айтылып жүр. Қай медианың алға озып, қайсысы артта қалатыны уақыт еншісіндегі дүние деп білеміз. Бірақ ел алдымен интернетте жылт еткен жаңалыққа емес, газет бетінде қатталған хабар­ға сенетіні анық. Ол – ақиқат. Толығырақ...

  • 05.12.19

     

    Ерғали  АБДУЛЛА


    Қу  ақша

    Бермеймін дегенді – бергізеді. Көрмеймін деге...

    Толығырақ...
ӨҢІРІМІЗДІҢ ӨРКЕНДЕУ ӨЛШЕМІ
28.11.2019 11:35

Топырағына тұнған талай дүние Сыр өңірінің тұнба тарихын қойнына бүгіп жатқандай. Дарқан даладағы еңбек адамдарының тынымсыз тірлігі, өркендеу жолындағы айқын мақсат, бағдарлы бағыт, ортақ мүдде аймақ тынысының ашылуына себепкер. Ауасын жұтып, суын ішіп, топырағына табан тіремегендер үшін ен даладағы құм суырған өңір көрінетіні рас. Шындап келгенде, ауыл  шаруашылығы саласымен қатар индустрия-инновацияның игілігін иіріп тұрған аймақ ретінде абыройы асқақ. Екі ғасыр тезіндегі үндестік, тарих қатпарындағы сабақтастық жалғасып, жаһандану дәуіріне бет алудамыз.

Сол жағалаудағы соны серпіліс, бағдарлама бағытымен жүзеге асып жатқан тың жоба, қала экономикасының қарқынды дамуы мен инфралогистикалық құрылым жолындағы бағдарымыз – бір төбе. Жуық арада құрылатын «Байқоңыр» экономикалық аймағына да артар үміт мол. Сыр елінің осы және өзге де жаңалығы турасында аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы өткізген брифингінде мәлімдеді.

 

ӘКІМ   РЕТІНДЕГІ  АЛҒАШҚЫ   ЕСЕП

- Бұл – менің әкім ретінде сіздермен алғашқы кездесуім. Біздің өңіріміз жайында хабардар екендеріңізге сенімдімін. Бұл, әрине, тиімді болар еді, өйткені, бізге берілген азғантай уақыт ішінде аймақтың бүкіл тыныс-тіршілігін айтып шығу мүмкін емес. Сондықтан, облыс дамуының ең маңызды аспектілеріне тоқталайын. Өздеріңіз білетіндей, облыс әкімі болып тағайындалғанға дейінгі соңғы 3,5 жыл бойы Қызылорда облысы әкімінің экономика және қаржы мәселелері жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Сондықтан, жыл соңына дейінгі облыс дамуының жоспарлары түбегейлі өзгере қойған жоқ. Дегенмен, мемлекет басшысы қой­ған міндеттер мен ағымдағы экономикалық жағдайды ескере отырып, жыл соңына  дейінгі іс-қимылдарымызға түзету енгіз­дік, - деп сөзін бастады облыс әкімі Қ.Досмайыл­ұлы.

Айта кетейік, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен жылғы құнды жетістіктеріміздің бірі – Қорқыт ата мұраларының жаһандық материалдық емес мұралар тізіміне енгені. Биыл игі істің сабақ­тастығы ретінде түркітілдес елде­р өнерпаздарының қатысуымен «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық өнер фестивалін бесінші рет өткіз­дік. Оған Түркия, Иран, Сербия, Саха, Татарстан, Әзір­байжан және басқа да  елдерден белгілі ғалымдар қатысып, 200-ге жуық өнер шеберлері мен шығармашылық ұжымдар келді. Ал биыл­ғы құндылықты толтыр­ған жаңалық – Сығанақ қалашығындағы қазба жұмыстары кезінде «ежелгі қорымнан» табыл­ған ХІІІ-ХІV ғасырлардағы алтын бұйымдар. Бүгінде сырға, алқа, қапсырмалар, моншақтар, керамикалық қаптамалар ғылыми зерттеуге жіберілді. Ежелгі және ортағасырлық Сығанақ, Жанкент, Сортөбе, Шірік-Рабат, Жент, Бәбіш-мола, Қышқала қалашықтарына археологиялық қазба  жұмыстары  жалғасуда.

 

ТҰЗ    ӨНДІРУ   АРТАДЫ

Өңір экономикасын әр­тараптандырудың негізі – индустрияландыру саласы. Жыл басынан бері өнеркәсіптің шикіз­аттық емес секторындағы өндіріс өсімі 4,4%-ды құраған. Бүгінгі таңда мемлекеттік бағдар­лама аясында іске асырылған 24 жобаның 18-і жоспарлы қуаттың 100 пайызына жеткен. Жыл соңына дейін индус­трияландырудың  екінші бесжылдығы аясында тағы 3  жоба  іске  қосылмақшы.

- Индустрияландыру бағдарламасы аясында «Арал тұз» АҚ 2 испандық цехты іске қосты. Бүгінгі таңда бұл кәсіп­орын өз өнімінің 79%-ын Украи­на, Әзірбайжан, Грузия, Қырғызстан, сондай-ақ Ресей Федерациясының 82 қаласына экспорттауда. Шетелде өнім қажеттілігінің артуына байланысты биыл тұз өндіру көлемін жылына 400-ден 500 мың тоннағ­а дейін жеткізген, ал 2022 жылы өндіру көлемін жылын­а 700 000 тоннаға дейін арттыру жоспарда бар, - деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, соңғы жыл­дары  Сыр өңірінде ауыл шаруа­шылығы  саласына аса мән берілуде. Агроөнеркәсіп өнімдерін экспорттауға қа­тысты жұмыстар күшейтілуде. 2016 жылы бақша дақыл­дарының экспорты ұлғайып, 2017 жылы көкөністер мен малды­  экспорттау  жұмыстары басталды. 2018 жылы  Қытайға алғаш рет мақсары майы жіберілді. Ал, биыл осы елге жүн экспорттау жолға қойылды. Жыл басталғалы ауыл шаруаш­ылығы жалпы өнімінің көлемі 3,5 пайызға артқан.

 

КЕН   ОРЫНДАРЫН   БАРЛАУ   ЖАЛҒАСАДЫ

Жер астынан игерілген мұнайдың 95 пайызының су­лануы түйткілді түйін болып тұрғаны рас. Тәуелсіздік алған алғашқы онжылдықта үдей игерілген мұнайдың облыс экономикасына тигізер әсері мол екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан кен көздерінің рөлі өңір халқы үшін әлі де ұзақ уақыт бойы маңызды болып қала береді. Жаңа мұнай кен орындарын іздестіру, осы сала­ға жаңа технологияларды ен­гізу, газ өндіру мен өңдеу – өте өзекті мәселе. Он айлық қо­рытынды есепте бұл мәселе де қамтылды.

- Қазір осы мәселені шешуге жұмыс істеп жатырмыз. Оның үстіне, мұнай-газ саласын дамытуда бізде резервтер бар. Биылғы ақпан айында Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Қызылорда облысының даму мәселелері қаралған кезде­ біз осы саланы дамыту мәселелерін үлкен блокпен көрсеттік, әсіресе, көмірсутек шикізатының жаңа кен орындарын барлау және газ өндіру мен өңдеу мәселесі тұрақта назарда. Айта кету керек, Қызылорда облысының кешенді дамуына қатыс­ты бірқатар мәселелер Қазақстан Республикасы Үкі­метінің қаулысымен бекітілген 2019-2022 жылдарға арналған облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына енгізілген. Нәтижесінде, 2020 жылы Шу-Сарысу шөгінді бассейні бойынша мұнай-газ перспективалы құрылымдарын анықтау мақ­сатында жер қойнауын зерттеу жұмыстарын жүргізуді бас­таймыз, - деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, өңірдегі аз зерттелген «Арал» және «Сырдария» бассейндерін барлау жоспарланған. Бұл – мұнай-газ саласын дамыту мәселесінде айтарлықтай алға жылжу бар деген  сөз.

 

КҮРІШШІЛЕР   РЕКОРД   ЖАСАДЫ

Облыстың ауылшаруашылық секторында серпінді даму динамикасы қалыптасып келеді­. Кейінгі жылдары аграрлық секторда өндірілген өнім көлемі 1,5 есеге өскен. Ауыл шаруашылығына салынған инвест­иция көлемі 46 есеге, тамақ өнімдерін өндіруге са­лынған инвестиция 10 пайызға ұлғайды.  Биыл облыс бойын­ша­  барлығы 183,1 мың гектар­ға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, жалпы егіс көлемі 2014 жылмен салыс­тырғанда 25 мың гектарға артты.­ Әртараптандыру бағытында малазықтық дақылдар 8 мың гектарға, майлы дақылдар 7 мың гектарға, ал күріш­тен басқа дәнді дақылдар көле­мі 3,7 мың гектарға ұлғайды. Сондай-ақ, биылдан бастап облыс­та алғаш рет 3 шаруашылықта 50 гектарға соя егіліп, жақсы нәтиже көрсетті. Ағымдағы жиын-терін науқанында қызылордалық күрішшілер әр гектардан 60,3 центнерден өнім жинап, 530,5 мың тонна Сыр маржанын қамбаға құйып, жаңа  рекордқа  қол жеткізді. Әр гектардан 108 центнерден өнім алған күрішшілер де бар. Бұл – облыс тарихындағы ең үздік нәтиже. Аяқ судың тапшылығын да еңсердік. Сонымен қатар, күріш тұқымын сауық­тыру және вегетациясы қысқа, бәсекеге қабілетті отандық сұрыптардың үлесін арттыр­у  бойынша да бірқатар жобалар  іске  асырылуда. Биыл «Сыр сұлуы», «Ай-Керім» және басқа да отандық сұрыптар бірнеше шаруашылықтарда егілді. Айта кетейік, Қызыл­ордада күріш таяу шетелден басқа­, қазір Монғолия, Түр­кия, Ауғанстан елдеріне экспортталуда.

 

ХАЛЫҚТЫҢ    ӨМІР   СҮРУ САПАСЫ   АРТАДЫ

2018-2020 жылдар Қызыл­орда облысында жаппай кәсіп­керлікті дамыту жылы деп жарияланды. Жүйелі шаралардың нәтижесінде облыста жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны соңғы жылдарда 9%-ға өсті. Сырдарияның сол жағалауындағы жаңа қалашықта тұрғын үйлердің сап түзегеніне тәнті болмайтын адам кемде-кем. Тұрғын үйдің айтарлықтай үлесі халықтың өз қаражаты есебінен де жүргізілуде. Соңғы 3,5 жылда облыс аумағында 2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй  пайдалануға  беріл­ді. Биылдың  өзінде  облыста 48 көппәтерлі тұрғын үй бой көтеруде. Бұл – 2000-нан астам пәтер. Сол жағалаудағы жаңа қалада 320 орындық балабақша, облыстық жастар ресурс­тық орталығының ғимараты, «Рухани жаңғыру» орталығы, «Болашақ» университетінің кампусы  салынды.

- Аймақта сумен қамтамасыз ету және газбен жабдықтау мәселелері қатар шешілуде. Бұл да – халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттырудың маңызды факторлары. Бүгінгі күні облыс халқының 97%-ы орталықтандырылған ауызсуға қол жеткізіп отыр, ал халықтың 63%-ы табиғи газды тұтынуға мүмкіндік алды. 2018 жылы 3 аудан орталығына – Жосалы, Тереңөзек және Жала­ғашқа «көгілдір отынды» жеткізіп, биылғы жылы кент­ішіл­ік  газ  желісінің  құрылысы  басталды.  Осылайша,  2020 жылы осы кенттердің тұр­ғындары көгілдір отынды тұтыну мүмкіндігіне ие болады, - деді аймақ басшысы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында.

Тілге тиек етерлік жайт, Үкіметпен бірлесіп Байқоңыр қаласын және оған іргелес Төретам және Ақай елді мекендерін дамытуға республикалық бюджеттен қаржыландыруды ұлғайту бойынша шаралар қарастырылуда. Биыл Байқоңыр қаласындағы Қазақстан Республикасының азаматтары үшін 50 пәтерлі бес үйдің құрылы­сы аяқталды. Сонымен қатар, тағы 5 көппәтерлі үйдің құрылысын бастау туралы шешім қабылданды. «Байқоңыр» арнайы экономикалық аймағы құрылады. Бүгінгі күні Байқоңыр қаласында табиғи газды тұтыну тарифі Қызыл­орда облысы бойынша бірың­ғай тарифпен, яғни текше метрі 20,7 теңгемен теңестіріл­ді. Қазақстандық газға қосыл­ғанға дейінгі тариф құны текше­ метрі 850 теңгені құраған еді.

 

ЖЕКЕ   МЕКТЕПТЕР  ДАМИДЫ

Аймақ бойынша  денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, қоғамдық тәртіп, тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тағы басқа салаларда 116 жоба бар. Олардың 40-ы бойынша инвесторлармен жүзеге асыру туралы келі­сімшартқа қол қойылған. Қазіргі  таңда облыста 574 мектепке дейінгі тәрбие мекемелері жұмыс істеуде. Оның ішін­де  мемлекеттік балабақша саны 161 болса, жеке балабақша­ саны – 413. Сондай-ақ, Қызыл­орда облысында 3-6 жас ара­лығындағы балалар мектепке дейінгі тәрбиемен толығымен қамтылған. Апаттық жағдайдағы және үш ауысымдық мектеп­тер мәселесі толығымен шешімін тапқаны және бар. Мұның өзі білім беру деңгейі­нің біршама сатыға көтерілгенінен хабар береді.

- Соңғы үш жыл ішінде мектеп түлектерінің 98 пайызы жоғарғы оқу орындарына және колледждерге түскен. 500-ден аса мектеп түлектері Ресей Федер­ациясы Үкіметінің гранты есебінен Ресейдің жетекші техникалық жоғарғы оқу орындарында білім алуда. Облыстағы білім беру жүйесіне жеке секторды жаппай тарту міндеті қойылуда. Жеке мектептерді дамыту, жатақханалар мәселелері инвесторлар қаражаты арқыл­ы шешіледі. Ал, кол­ледж­дер сенімді басқаруға бері­леді. Жемқорлық тәуекелдерін тө­мендету мақсатында білім беру саласындағы барлық мемлекет­тік қызметтер кезең-кезеңім­ен электрондық форматқа көші­рілмек, - деді облыс әкімі.

Спорт саласы бойынша Сыр өңірі чемпиондарға кенде емес. Жаһандық және республикалық додаларда үздік үштіктер қатарынан көрініп келе жатқан спортшылар да – аймақ мақтанышы. Биыл Қызылорда облысының спорт саласындағы басты жаңалығы – «Қайсар» футбол команда­сының Қазақстан Кубогы ойын­дарында жеңімпаз атануы. Осылайша қайсарлықтар 20 жыл уақыттан кейін екінші рет финалға жолдама алды. «Қасқырлардың»  ендігі мін­деті – Европа Лигасында ла­йық­ты  ойнау.

 

«ШЫНЫ   ЗАУЫТЫ»:  ШЕШІЛМЕГЕН   СҰРАҚ   БАР

Облыс әкімі қызметіне кіріскелі еліміздің бас қаласында алғаш рет есепті жиын өткізіп тұрған Қуанышбек Досмайылұлына БАҚ өкілдері тара­пынан бірқатар сұрақтар қойылды. Сұрақтың әлқиссасы ауыл шаруашылығы саласы аяқтанған аймақтағы нан бағасынан  басталды.

- Солтүстік өңірлерде қуаң­шылық, ауа райының ыстық болу­ына байланысты және экспо­ртқа шығаратын өнімнің көлемі көбеюіне орай нан бағас­ы көп өңірлерде қымбаттады. Өзге өңірлер секілді Қызылорда облысында да нан бағасы қымбаттады. Қыркүйек айында нан бағасы 60-65 теңге болатын болса, қазір 75-78 теңгеге жетті. Дегенмен, облыста тұрақтандыру қоры арқылы халық­тың  көп тұтынатын азық-түлік өнімдерінің бағасын өсірмеу мақсатында жұмыс істелуде. Жалпы, нан бағасының қымбаттауына бай­ланысты Қызылорда облысы республика бойынша 5-орында, - деп жауап берді аталмыш сұраққа  аймақ  басшысы.

Ал аймақтағы балық шаруа­шы­лығы және «САРАТС­-2» жобасы туралы сауалд­ар да жауап­сыз қалған жоқ. Облыс әкімінің айтуынша, «СА­РАТС­-1» жобасы аяқталып, қазір «САРАТС-2» жобасының 4-бағдарламасы іске қосылуда. Оның 3-еуі – республикалық бюджет есебінен. Сондай-ақ, Арал ауданында балық шаруашылығымен айналысатын 9 кәсіпорынның 4-еуінде Еуропаға балық өнімін жөнелтуге лицензиялары бар. Одан бө­лек, Қызылордадағы шыны зауы­тының қашан ашылатыны да қаузалған мәселе, түйткілді түйін күйінде қалып келеді. Облыс әкімі бұл сұраққа да нүкте  қойды.

- Шыны зауыты бүгінгі таңда­ жұмыс істеп тұр. Мердігер компаниялар келесі­ жылдың нау­ры­зында алғашқы пешті іске қосып, арада тағы үш ай өткеннен кейін ал­ғашқы сынақ ретіндегі қа­зақстандық әйнекті дайындайды. Әзірге шешілмеген бір­қатар сұрақ бар. Шыны зауыты бо­йынша жергілікті атқарушы органның өз міндеттемесі бар. Ол – инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізіп, теміржол желісін жеткізіп беру, - деді.

Ертеде бір қора қой мен бір топ қасқырды қатар айдап келе жатқан қойшы­ға бір әкім сұрақ қо­йыпты-мыс. «Қас­қырларды неге қойларыңа қосып қой­ғансың? Жеп қоймайды ма?» деп. Сөйтсе қойшы: «Әкім елді жемесе, қасқыр қойды жемейді» деген екен. Жаһандық экономикадағы кедергілерге қарамастан Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық  даму динамикасы өз деңгейінен төмен түс­кен жоқ. Мұның барлығы – атқа мін­се де, аяғының жерге­ жақын екенін естен шығармайтын, аймақтың ахуалына алаңдап, халықтың өмір сапасы мен болашағына бейжай қарамайтын басшыға да тікелей байланысты екенін естен шығармаған ләзім.

Нұрбике  ҚАЗИҚЫЗЫ

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Қараша 2019 >
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 29 30  

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары