Өзекті мәселелер

  • 19.12.19

    Кешегі даласында абақ­тысы жоқ, бес қаруы белінде жүрсе де жауынан өзгеге қару жұмсамаған заманда елдің бір-біріне өкпесі, кеткен есесі болмады дейсің бе? Болды ғой. Бірақ, сол заманның өзінде қойнындағы қаруға тұра ұмтылмай, әділдікті, ақ пен қараны шешетін әулеттің үлкені не ауылдың ажасы, оған көнбей жатса, елдің қожасына жүгінді емес пе? Дау бұған да бөгет бермеген кезде биге барып соңғы ше...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Ақыл  жетпес

    Адамның ақылы өлшеусіз мол. Алайда сол ұлан-ғайыр, шексіз ақылыңның кейде кішкентай, уақ-түйек мәсе­лелерді шеше алмай, тұйыққа тіреліп, жол таба алмай, адасып­  жүретініміз  қалай?!

    ...
    Толығырақ...
  • 19.12.19

    «Кувад синдромы» туралы бұрын-соңды естіп пе едіңіз? Мүлдем естімеген болуыңыз да мүмкін. Бұл – ер адамның жүкті әйел секілді күй кешуі. Мұндай да болады. «Кувад» сөзі француздың «couver» деген етістігінен шыққан, яғни қазақшалағанда «жұмыртқа басу» дегенді білдіреді. Бұл синдром екіқабат әйелдің күйеуінде жүктіліктің үшінші айында басталып, сәби дүниеге келгенге дейін жалғасуы ықтимал....

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Шырылдаған бала дауысынан селк ете қалған олар өздері секілді тағы бір күнә­сіз­дің жетім қалғанын сезді. Сәбиді түннің бір уағында тауып­ алған тәрбиеші дереу төсекке жатқызып, жұбата бас­тады. Әбден жылай-жылай көзінен жасы сарқылған баланың демі бітіп, әрең тыныс алады. Көздері жәудіреген бір топ баланың естісі аузындағы емізікті жұлып алып, апайына ұстатты. Жанаршылықпен қараған оның ересек...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Поэзия

     

    Ботадай боздап аспан жылайды,

    Алдайды бәрін түлкі үміт.

    Жапырақтардан жас тамшылайды,

    Жапырақ жүрек бұлқынып. ...

    Толығырақ...
МЕДИЦИНАДА 170 ЖЫЛ ЕҢБЕК ӨТІЛІМІЗ БАР
05.12.2019 12:50

Арнайы  бетіміздің  тұрақты айдарындағы кезекті қонағымызбен  сұхбаттасудың  сәті түсті. Бұған дейін есепшілер мен ұстаздар әулеті туралы жазған болатынбыз. Жасыратын түгі жоқ, бұл жолы кейіпкер таңдау оңайға соқпады. Нәти­жесі­нде таңдау арманы – бір, мақсаты – ортақ, бол­мысы – егіз, бірге оқып, медицина саласында бірге қызмет етіп, бір шаңырақтың түтінін түзу ұшырып отырған дәрігерлер отбасын­а  түсті. Ерлі-зайыпты стоматологтар Сұлтан Асанов­ пен Әсел Ералықызын көпшілік қауым жақсы біледі. Олар – дәрігерлер династиясын  170 жыл  еңбек  өтілімен  жал­ғап­  келе  жатқан  қарашаңырақтың   иелері.

- Әңгімеміздің басын таныстықтан бастас­ақ...

Сұлтан:

- Менің аты-жөнім – Сұлтан Мейрамбекұлы, 1985 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келдім. Қаладағы №12 орта мектепті аяқтап, 2003 жылы С.Асфен­дияров атындағы Қазақ ұлттық медицина­ университетінің стоматология факуль­тетіне  оқуға  түстім.

Әсел:

- Мен негізі Шығыс Қазақстан об­лысы, Үржар ауданының тумасымын. Кейіннен Алматы қаласына көшіп келіп, сонда тұрақтадық. Тарихы терең, шежі­реге­  бай Сыр елінің келінімін. Аты-жөнім – Әсел Әділбекова. Жолдасым екеуміз құрдаспыз. 2003 жылы мектеп қабырғасын  бітірген соң бала күнгі арма­ныма қол жеткізіп, С.Асфендияров атындағ­ы Қазақ ҰМУ-ға стоматология факуль­тетіне  құжат  тапсырып, сол мамандықты­  игеріп  шықтым.

- Қалай таныстыңыздар? Алғаш  таныс­қ­ан  сәтте ортақ болашақ күтіп тұр деген ой  болды  ма?

Әсел:

- Біздің таныстығымыз арнайы ұйымдастырылмаған. Екеуміз де бір факультетте, бір топта оқыған соң араласып-құраласып, дос болдық. Арада екі жылдан­ астам уақыт өткен соң ғана бір-бірімізге жақын екенімізді сезіндік. Сөйтіп жоғары­ оқу орнын 2008 жылы аяқтап, отбасын құрдық, бірге жұмыс істедік. Қазір Алланың берген перзентін тәр­бие­леп отырмыз. Жолдасым Алматы қаласында «Халық» тіс емханасында, Алматы облысы Ішкі істер департаменті емханасында қызмет етті. Өзім де осы салада еңбек етумен қатар бала тәрбиесімен айналы­стым.

- Екеуіңіз де – халыққа танымал стомато­лог-дәрігерсіздер.  Өзде­ріңізді дәрігерлер отбасы ретінде таниды. Сіздерден бөлек, медицина саласында жұмыс істеген, істеп жүрген жақындарыңыз туралы­  бірер  сөз...

Сұлтан:

- Иә, мұныңыз рас. Әкем Мейрамбек Асанов – Қызылорда облысына еңбегі сіңген бет-жақ хирургі. Облыстық медициналық орталықта жұмыс істеді, қазір облыстық көпбейінді балалар ауруханасында білікті дәрігер. Анам (марқұм) Күләш Ахметова да өмір бойы педиатр болды. Әпкем Ботагөз хирург, жолдасы кардиолог, кіші әпкем Қаракөз кардиолог, ал оның жолдасы терапевт болып қызмет етеді. Олар Алматы қаласында тұрады. Бір қызығы, ата-анам да, әпкелерім де, біз де – Алматыдағы ҚазҰМУ-дың түлектеріміз.

- Сіздерді  «дәрігерлер династиясы» десек­ те  жаңылыспайды  екенбіз. Отбасы мүшелерінің  жалпы  медицина саласындағы  еңбек  өтілі  қанша  жыл?

Сұлтан:

- Негізі мамандық игеруді адамның ең басты құндылығы, болашақ бағдары деп білемін. Сол құндылықты ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтай алудың өзі – абырой. Бұл ретте біздің отбасы мүшеле­ріміздің дәрігерлер екенін аймақтағы медицина ұйымдарының қызметіне жүгінушілер жақсы біледі. Ал отбасы мүшелерінің медицина саласындағы жалпы еңбек өтілі 170 жылды құрап отыр.

- Тіс емдеу саласында жүргендеріңізге қанша  жыл  болды? Халықтың тіс емдетуге  құлқы  қандай?

Әсел:

- Бала кезден дәрігер болуды армандағаным, бертін келе мақсат етіп қойғаным бар, өз мамандығыма қызығушы­лығым зор. Медицина университетіне түскендегі қуанышым – өз алдына бөлек әңгіме. Әлгінде айтып кеткендей, жолдасым Сұлтан екеуміз ірі мегаполис санала­тын қалада да халыққа қызмет көрсеттік.  2013 жылы отбасылық жағдайға байланысты Қызылордаға толықтай  көшіп  келдік. Содан бері отбасылық кәсібіміз «АС-МЕД» тіс емдеу орталығының жұмысын жандандырудамыз. 11 жылдық тәжірибесі бар стоматолог ретін­де тістің кез келген күрделі асқы­нуын емдейміз. Негізі халықтың сұра­нысы бар, бірақ өте асығыс, тез емдеткісі келеді. Біз өз жұмысымыздың сапалы әрі сенімді шығуы үшін асығыстыққа жол бере  алмаймыз.

Отбасында бала тәрбиесіне қалай мән бересіздер? Балаларға жеткілікті уақыт бөліп  жүрсіздер  ме?

Әсел:

- Қазақтың мақалы бар «Атың жаман болса, қырың кетер, Балаң жаман болса, арың кетер» деген. Жұмысбасты болғанмен, бала тәрбиесін ақсатып алмауға тырыс­амыз.  Ананың алақанын айдындай көретін балаға әкенің мейірімі де ауадай қажет. Сол себепті тәрбиені бірге жүргіземіз, бос уақытта серуенге шығамыз, бассейнге, мұз айдынына, кино­театрға  апарамыз. Баланы тәрбиелеу үшін ата-ана алдымен өзін тәрбиелеуі керек. Өйткені бала әке мен шешенің айтқан­ын емес, олардан көргенін істейді. Украинн­ің әйгілі балалар жазушысы Василий­ Сухомлинскийдің «Адамға өзінің аналық немесе әкелік міндетін сезінуді жөргекте  жатқан  кезде-ақ үйрете беру керек»­ дегені  бекер  болмаса  керек.

- Балаларыңыз өскенде өздеріңіз секілді дәрігер болуды армандай ма? Мамандық таңдау­да  ата-ананың  балаға  ықпал жасағаны дұрыс  деп  ойлайсыздар  ма?

Сұлтан:

- Мәселен, мен ата-анамның дәрігерлік жұмыстарына қызығатынмын. Мамандық таңдауыма мүмкін осы жайт ықпал етті ме, бір жағынан балалық арманның жетелеуі де бар. Әйтпесе, мені «дәрігер бол» деп күштеген ешкім жоқ. Осы күні қыздарымыз өзіміз секілді стоматолог мамандығын оқимыз деп жүр. Әлі мектепте оқиды, сонда да мамандық таңдауларына кірісіп жүр. Баланың болашағы олар өмірдің үлкен даңғылына жет­кенше ата-ананың мойнында деп ойлаймын. Кей жағдайда ықпалдың жетегіне ерген жастар­ алған білімі негізінде емес, мүлде басқ­а салада еңбек етіп жүреді. Яғни, бұл ретте­ мәселенің екі ұшы бар. Біріншісі – балан­ың болашағына бейжай қарамай, маман­дық таңдауына ықпал ету, екіншісі – ата-ана өз мақсатына бала арқылы емес, балан­ың мақсатына жетуі үшін таңдауды өзіне  қалдыру.

- Соңғысы – біздің дәстүрлі сұрақ. Бала санын­а келгенде есепке әлде қазақы мента­литетке  жүгінесіздер  ме?

Әсел:

- «Бала – өрісің» дейді. Отбасындағы бар қызық – балалардың қуанышы. Сол қуанышымызды еселеуде ешқандай есепке жүгініп көрген жоқпыз. Алланың берген аманатына адал қараймыз.

- Уақыт бөлгендеріңіз  үшін алғыс  айтамыз!

Әңгімелескен  Нұрбике  ҚАЗИҚЫЗЫ

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Желтоқсан 2019 >
            1
2 3 4 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары