Өзекті мәселелер

  • 19.12.19

    Кешегі даласында абақ­тысы жоқ, бес қаруы белінде жүрсе де жауынан өзгеге қару жұмсамаған заманда елдің бір-біріне өкпесі, кеткен есесі болмады дейсің бе? Болды ғой. Бірақ, сол заманның өзінде қойнындағы қаруға тұра ұмтылмай, әділдікті, ақ пен қараны шешетін әулеттің үлкені не ауылдың ажасы, оған көнбей жатса, елдің қожасына жүгінді емес пе? Дау бұған да бөгет бермеген кезде биге барып соңғы ше...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Ақыл  жетпес

    Адамның ақылы өлшеусіз мол. Алайда сол ұлан-ғайыр, шексіз ақылыңның кейде кішкентай, уақ-түйек мәсе­лелерді шеше алмай, тұйыққа тіреліп, жол таба алмай, адасып­  жүретініміз  қалай?!

    ...
    Толығырақ...
  • 19.12.19

    «Кувад синдромы» туралы бұрын-соңды естіп пе едіңіз? Мүлдем естімеген болуыңыз да мүмкін. Бұл – ер адамның жүкті әйел секілді күй кешуі. Мұндай да болады. «Кувад» сөзі француздың «couver» деген етістігінен шыққан, яғни қазақшалағанда «жұмыртқа басу» дегенді білдіреді. Бұл синдром екіқабат әйелдің күйеуінде жүктіліктің үшінші айында басталып, сәби дүниеге келгенге дейін жалғасуы ықтимал....

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Шырылдаған бала дауысынан селк ете қалған олар өздері секілді тағы бір күнә­сіз­дің жетім қалғанын сезді. Сәбиді түннің бір уағында тауып­ алған тәрбиеші дереу төсекке жатқызып, жұбата бас­тады. Әбден жылай-жылай көзінен жасы сарқылған баланың демі бітіп, әрең тыныс алады. Көздері жәудіреген бір топ баланың естісі аузындағы емізікті жұлып алып, апайына ұстатты. Жанаршылықпен қараған оның ересек...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Поэзия

     

    Ботадай боздап аспан жылайды,

    Алдайды бәрін түлкі үміт.

    Жапырақтардан жас тамшылайды,

    Жапырақ жүрек бұлқынып. ...

    Толығырақ...
СЕКСЕН ТӨРТТЕГІ ТӨРТ ЧЕМПИОН
19.12.2019 11:20

1984 жылы ақпанның соңы, наурыздың  басында Ташкентте бокстан Кеңес­ одағының кезекті чемпионаты өтті. Советке қараған 15 одақтас республика мен Мәскеу, Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) боксшылары 12 салмақтың жүлдесін  сарапқа  салды.

Осы чемпионатта қазақ батырлары 12 бас жүлденің 4-еуін қанжығаға байлады. Ресей – 3, Украина 2 алтынды олжаласа, Белоруссия, Өзбекстан, Қырғызстан командалары бір-бір алтын медальға ие болды.

КСРО чемпионатындағы ең бірінші медаль 1947 жылы Махмұт Омаровқа (қола) бұйырса, содан табандатқан 33 жыл бойы одақтың алтын жүлдесі қазақ былғары қолғап шеберлеріне жеткіз­бей келді. ХХ ғасырдың бел ортасы­нан бері жалғасқан құрсауды бірінші болып 1980 жылы Серік Қонақбаев бұзса, іле-шала, 1982 жылы Серік Нұрқазов Алаш ұландарынан екінші болып­ КСРО чемпионы атағына қол жеткізді. Яғни, сексен төрттегі дүрмекке дейін бар-жоғы екі чемпион! Бұл қазақ спортшыларының әлсіздігінен емес. Мәскеудің отар ұлттардың ұл-қыздарын шідерлеп ұстаған саясатының салдары еді. Әйтпесе, Мақсұт Омаров пен Әбдісалан Нұрмаханов бастаған қаншама оғландарымыз жеңіске лайық бола тұра, Кеңес одағының чемпионы атағына жете алған жоқ.

Енді, міне, сол тұста әлемдегі ең мықты бокс державасының бірінен санала­тын Кеңес одағының чемпио­натында күтпеген жерден төрт бірдей қазақ – Кәрімжан Әбдірахманов (48 кг), Серік Нұрқазов (57) Серік Қонақбаев (67) және Асылбек Қилымов (75) жеке-дара шықты. Бұл жеңіс барша­ алаш жұртын дүр сілкіндірді. Елдің еңсесі көтеріліп, арқа-жарқа боп қал­дық. Ол кезде біздің ұлттың жастарынан­ қазіргідей әлем, Азия чемпиондары жылда шығып жатқан жоқ еді. Бокстан бар болғаны екі Еуропа чемпионымыз бар еді: Қонақбаев пен Нұрқазов. Олимпиа­да мен әлем чемпионатында Қонақбаев ұтып алған екі күміс жүлде біз үшін алтыннан кем емес. Не нәрсе­нің де аз кезде қадірі артық болады ғой. Қазір бағамдай қарасақ, осы төртеудің тарихи жеңісімен империяның спорттағы сірескен сеңі сөгіле бастаған тәрізді. Ең бастысы, қазақ жігіттері өздерінің ешкімнен кем еместігін жан жүрегімен сезінді әрі нағыз жеңістің қандай болатынын ұқты. Сонымен бірге алдыңғы толқын ағаларына жасал­ған сан жылғы қиянаттың қарымтасын қайтарды. Осыдан кейін Алаш ұлдарының спорттың әр түрінен КСРО чемпионаттарында олжа салуы жиілей баста­ды. Өзіңіз ойлап қараңыз, чем­пио­натты өз төрінде өткізген өзбектер бір алтынды зорға алды, халқының саны сол кездің өзінде 43 миллионнан асқан украин­дар  екі  алтынмен  шектелді.  140 миллион орыс орманның өзі алты жарым миллион қазақтың жаужүрек ұлдарына тосқауыл қоюға жарамады. Қазақ құрамасы бұрын-соңды мұндай белеске табан тіреген емес.

Дәл осы 1984 жылы кезекті жазғы Олимпиада ойындары АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтті. Біздің жоғарыдағы төрт батырымыз Олимпиада жолдамасын жамбасқа басып қойған. Бірақ капитализм мен социализмнің текетіресі шегіне жетіп, соның салқыны­ спортшыларға да тиді. Сол жылы капиталистік лагерьдегі мемлекеттер спортшылары Олимпиада жүлдесіне таласып жатқанда, социализм туын көтерген елдер «Достық-84» жарысының көрігін қыздыруға кірісті. Жер түбіндегі Кубаның төрінде айқасқа түскен төрт батырдың екеуі күміс (Әбдірахманов, Нұрқазов), біреуі қола (Қонақбаев) жүлдегер атанды. Қилымов кубалық Гоместі ұрып жықса да, төрешілер ұзақ кеңесе келе жеңісті 3:2 есебімен қарсыласына  алып берді. Бір қызығы, осы сында Кубаны­ң 11 боксшысы жеңіс тұғырына көтерілді. Алты спортшысы финалда шайқасқан совет былғары қолғап шебер­лері Гаванада­н «алтынсыз» оралды­. Осы деректі­ң өзінен-ақ бұл жарыст­а спорттық принциптен гөрі саяси­ принциптерге баса мән берілгенін  анық  аңғаруға  болады.

Ташкенттегі жеңістен кейін Әбді­рахманов пен Нұрқазов тағы бір мәрте КСРО чемпиондары атанды. Қилымов сексен төртте КСРО кубогын ұтып, сексен алтыншы жылы Одақ біріншілі­гінің финалында күтпеген жерден жеңіліс тапты. 1987 жылы 23 жасында бокс қолғабын босағаға ілді. Қонақбаев Ташкенттегі сыннан кейін көп ұзамай боксты біржола доғарды. Сексен төрттегі тарихи жеңіс төрт бағыланның ғана бағын көтеріп қойған жоқ, Отанымыздың әр қиырындағы бокс бапкерлерінің жігерін одан сайын жани түсті. Ұлттық құрамадағы, жастар сапындағы жігіттеріміз осы жеңіспен арқаланып, бұрынғыдан бетер ширықты. Қазақтың қиырдағы ауылдарында құм толы қапты құлаштай ұрған қарадомалақтар қатары еселеп өсті. Ең бастысы, Алаш ұлан­дарының әлем көз тіккен дүрмекті додала­рда олжа салуы жиіледі. Екі ғасыр отарлық езгіде болған ұлттың кеудес­і қайта көтерілді. Ұлттық рух күн­нен-күнге  жарқырай  түсті.

Содан бері 35 жыл артта қалыпты. Осы бауырлармен қатар жүрген күндер, бір дастарқан басында иық қағыстырып, әзіліміз жарасқан сәттер күні кешегідей көз алдымда. Дариға-ай, сол бір дәурен ақырындап жылыстаған күйі көз ұшында­ қылаңытады. Батырлардың қамал бұзған ерліктері көкіректі әркез шуаққа бөлейді. Төртеуінің сонау шырқау­ көкте желбіреткен намыс туы қаншама жүректің отын маздатты десеңізші.­

 

Қыдырбек  РЫСБЕК

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Желтоқсан 2019 >
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары