Оқырманнан хат
Келіп кету есептегіші








![]() | Бүгін | 2238 |
![]() | Кеше | 2476 |
![]() | Осы аптада | 10050 |
![]() | Өткен аптада | 19014 |
![]() | Осы айда | 70863 |
![]() | Өткен айда | 78079 |
![]() | Бәрі | 5163400 |
АЛАША ХАН |
19.12.2019 11:35 |
Өлең жолдарында Саназар* батырдың жаудан жаралы боп келгені ауызға алынады. Кетіктен 35 шақырым жерде Саназар әулиенің моласы жатыр. Ыбырай ахун Құлбайұлы да білімімен Сырымды тоқтатқан атақты бай Саназарды еске алады (142-б). Өлкетанушылар бұл есім иелерін XVIII ғ. тумалары деп біледі. Ал Сыпыраның Саназары болса, XIV ғасырдың ел қорғаны болған атақты батыр. Ол басқа емес, төртқара Айтұлы Саназар батыр болса керек», -деп көрсетеді (Ноғайлы, Алматы, 2009, 47-49-бб). Ауызша шежіре бойынша алты Әлімнің Қарамашақ (төртқара) руын таратқанда: Қарамашақтан–Жаншүгір–Сабылтай–Майлық–Торым, Рыскелді, Айт, Қожас, Кенжес болып бес аталыққа бөлінеді. Айттан: –Беген, Орақ, Қалқабай, Сарназар. Сыпыраның жырындағы Саназар мен шежіредегі Сарназар – бір адам. (XIII-том, 4-кітап. Қаракесек бірлестігі (Әлім, Кете, Шөмекей), Алматы, 2010, 230-б). Алты Әлімнің Қарамашақ (төртқара) руының Жаншүгір аталығындағы Айтұлы Сарназар – (Саназар) дейміз. Едіге батыр жырында Саназар батыр туралы, Ш.Уәлиханов жазып алған нұсқада – Саназар – ноғайлы батыры; Қаныш Сәтбаев жарияланған нұсқада – Саназар – бұрынғы өткен батырлардың бірі деп көрсетеді (Алматы,1996, 362, 363-бб). Айтұлы Саназар XIV ғасырдың кейіпкері, тарихта болған. Қиялдан туған әдеби кейіпкерлер емес, өмірде болған, тарихта із қалдырған тұлғалар екенін дәлелдеу. Алтын Орда хандары Өзбек, Жәнібек хандардың заманында өмір сүрген Сыпыра – Алтын Орда жырауы. Қазақ әдебиетінде Сыпыраны Ноғайлы жырауы деп, ноғайлыға телиді. Ноғайлы ұлысы тарихи есігін ашардан бұрын дүниеден озған. Сыпыра Өзбек хан, Жәнібек және Алтын Ордаға кейін хан болғандардың, сол заманның мемлекеттік тұлғаларын, аталмаш батырларын етене жақсы білген, жырына арқау еткен. Тоқтамыс, Едіге қандай тарихи тұлға болса, Сыпыра да – сондай тарихи тұлға. 1334 жылы Ибн Баттута Сарайшықта болғанда: «Осы қалада түрік нәсілінен шыққан егдерген, сыйлы адамның ғибадатханасы бар. Оны Ата деп атайды. Ол бізге дастарқан жайып, батасын берді» деуінде мән бар (История Казахстана в арабских источниках. Том. I. Алматы, 2005, 232-б). Әлкей Марғұлан Баттута кездестірген діндар Атаны – Сыпыра деп біледі (Ежелгі жыр, аңыздар. Алматы, 1985, 147-б). Ол: «Тоқтамыс пен Едіге айтысып жүргенде жүзге келген Сыпыра жырауды Тоқтамыс күйме арба жіберіп, Маңғыстаудан сарайға алдырып, оның кеңесін тыңдайды», - деп жазады (Сонда, 147-б). Ш.Уәлиханов Сыпыра жырау шығармаларына бірінші назар аударған. Шоқаның жазып алған жырын Мелиоранский «Тоқтамыс жыры» жинағына енгізеді. Сыпыра жыраудың «Тоқтамыс жыры»: «Мен қартыңмын, қартыңмын, Не көрмеген қартыңмын. ..................................... Он екі тұтам оқ атқан, Одан соңғы ер Шыңғыс, Оны көрген кәріңмін. Мұнарасы қырық құлаш Өзден сұлтан Жәнібек, Оны көрген кәріңмін. Ұлы бабам Домбауыл, Соны көрген кәріңмін. Жүз сексенге келгенде, Сонша хандар өткенде, Жас та болсаң Тоқым хан* Сені көрген кәріңмін» (Сонда, 218-б) (Ноғайлы, 47-б). Сыпыра жыраудың айтып отырғаны – Жақайым шежіресіндегі Шыңғыс. Әлімнен: Жаманақтан (шекті)–Шыңғыс, Өріс, Баубек тарайды. Шыңғыстан: Жақайым, Қалу (Мәку – шын аты, тауып алған ұлы). Жақайымнан: Ақбура, Шалбура (Тоқбура), Ақыс, Көгіс болып төрт аталыққа бөлінеді. Едіге батыр жырында, Ш.Уәлиханов жариялаған нұсқада: Ер Шыңғыс – бұрынғы өткен, Сыпыра жырау көрген хан деп көрсетеді (Едіге батыр. Алматы, 1996, 362-б). Шыңғыс – XIV ғасырдың бірінші ширегінен кейін өмір сүрген Өзбек хан, Жәнібек хан, Тоқтамыс ханның тұстасы. Сыпыраның айтып отырған Тоқым ханы* – Тоқтамыс хан. Адай руынан шыққан Сыпыра Алтын Орда заманының жырауы десек, одан кейінгі шекті Жамбай Ноғайлының атақты ақылман, сөз зергері, әйгілі жырауларының бірі болған. «Қырымның қырық батыры» топтамасында солардың бірі – «Ақжонас ұлы Ер Кеңес». Мұрын жырау жатқа білетін жырлардың тізімін айтып жаздырғанда: «Ақжонас батыр. Оның ұлы Кеңес батыр, Оның ұлы Жамбай батыр» деп көрсеткен. Жамбай – ноғайлы заманының жырауы. Эпостың басты кейіпкерлері Едіге, Тоқтамыс, Сәтемір, (Ақсақ Темір), Сыпыра, қосалқы кейіпкерлері Тоған, Айса ұлы Ахмет – бәрі-бәрі ізі бар тарихи тұлғалар десек, Жамбай да өмірде болған адам. Ауызша шежіреде: Әлім–Жаманақ (шекті) –Өріс–Айдарбек, Есеналы; Айдарбектен–Татран*, Алтынбай, Күлік*; Күліктен*– Берше, Құлым, Жанбай, Тоқас; (Үсенбаев Т. Алшын шежіресі. Қызылорда, 2003, 271-б). Едіге батыр жырында: Шоқан жариялаған нұсқада – Кеңестің ұлы Кеңжанбай – Тоқтамыс ханның қол астындағы батыр; Қ.Сәтбаев жариялаған нұсқада – Кеңестің ұлы Кеңжанбай – Тоқтамыс ханның қоластындағы батыр; Ә.Диваев жариялаған нұсқада – Кеңестің ұлы Кеңжанбай – Едігенің серігі; М.Жүсіп-Көпеевтың нұсқасында – Кеңестің ұлы Кеңжанбай – Тоқтамыстың батыры; Мұрын жырау нұсқасында Кеңестің ұлы Кеңжанбай немесе Жанбай би; Нұртуған жырлаған нұсқада –Кеңес ұлы Кеңжанбай – Құбылдың жолдасы деп көрсетеді (Алматы, 1996, 362-365-бб). Шекті тайпасының Татран мен Күлік аталықтары орыс жылнамаларының бетіне түскен. Әлкей Марғұлан, Алтын Ордадан ірге айырып алғаш «қазақ шыққан» Айса ұлы Ахмет деп біледі. Ол: «XIV ғасырда қазақ халқын жеке біріктіруге зор күш салған атақты Ер Айсаның ұлы Ахмет. Ол Алтын Орда ханы Жәнібектің (1343-1357 жж.) қызын ертіп жүріп, Ордадан қырға келіп қазақ хандығын құрды. Ахмет Жәнібектің қызын алған күйеуі. Аңыз бойынша Жәнібек оны іздеуге Ордадан Алаушын (алшын) бастаған үш жүз жігіт жіберді. Олар Ахметтің қасында қалып қояды. ...Ақсақ Темір Тоқтамысқа қарсы аттанып бара жатып (1391ж.) жол-жөнекей қазақ ұлысын қатты қиратып, оның хандары Ахмет пен Сәметті өлтірді» («Жұлдыз», №1, 1984, 132-146-бб). Едіге батыр жырында, Мұрын жырау жырлаған нұсқада – Айсаұлы Ахмет – Едігенің серігі, батыр дейді (Алматы, 1996, 364-б). Ш.Уәлиханов тағы да баян етеді: «Ақсақ Темір Тоқтамысқа бірінші жорығында (1391 ж) Қарақұм өңірімен өткенде ағайынды Ахмет пен Сәметтің ұлысын талқандап, екеуін асып өлтірді. Ол шамандықты түп тамырымен жойып, шын дінді орнықтыру үшін машайықтарын жіберді», - деп көрсетеді (Валиханов Ч. Том I, 212-б). Автордың ескертпесі: Ш.Уәлихановтың: «Ол шамандықты түп тамырымен жойып, шын дінді орнықтыру үшін машайықтарын жіберді», - деп жазғаны жаңсақ пікір дейміз. Ахмет Өзбек ханның туған жиені, Жәнібек ханның күйеу баласы, ал Сәмет Жәнібек ханның күйеу баласы болса, Алтын Орда ханы Өзбек мұсылмандықты қабылдамағаны үшін 70-ке жуық Шыңғыс ұрпағын өлтіріп жіберген. Ал оның ұлы Жәнібек хан Ордада мұсылмандықты уағыздаған, мұсылман болған. Өзбек пен Жәнібектің күйеулері мұсылман болмай шамандықты қолдады деген болжамы дұрыс емес дейміз. Л.Гумилев Өзбек ханның Исламды мемлекеттік дін ретінде қабылдағаны туралы: «...и объявил ислам государственной религией Золотой Орды. Царевичи и нойоны, отказавшиеся предать веру отцов были казнены», - деп көрсетеді (Древняя Русь и Великая степь. Москва, 2004, 566-б). Бұл арада Ақсақ Темір Ахмет пен Сәметті басқа себептермен өлтірген болуы мүмкін. Батыс пен шығыс тарихшыларының шығармаларында бұл оқиға туралы жазылмаған. Айса ұлы Ахмет баяғы Алаш хандығының күлдігі Алаша хан бекінісіне жақын жердегі Ордабазарды астана етіп, Қара Кеңгір, Сары Кеңгір бойында жаңа хандықтың уығын шаншып, Алаш атын қайта тірілткен сияқты. Ауызша шежіре бойынша Қарамашақтан (төртқара) –Оразгелді–Беген–Добал –Тәлтекем–Олжай, Сапай, Құлтаба болып тарайды. Олжайдан – Айтқұл, Ахмет, Сахмет болып бөлінеді (XIII-том, 4-кітап. Қаракесек бірлестігі (Әлім, Кете, Шөмекей), Алматы, 2010, 222-б). Сәмет кейін ауызша шежірені түзегенде Сахмет болып айтылып кеткен болуы мүмкін. Сәмет пен Сахмет бір адамның аты дейміз. Жоғарыда айтылған Ахмет пен Сахмет (Сәмет) төртқара руынан болса, Өзбек ханның Алтын Орданың ұлы беклербегі алшын Иса бек (Айса) төртқара тайпасынан, Батыс түрік қағандығының соңғы қағаны Ашина Хэлу-Қалу (Ышпара) ұрпақтары немесе берідегі Қарахан әулетінің нәсілінен болуы да ықтимал. Бұл туралы «Шекті руының құпия тарихының» бірінші кітабының (2017 ж.) «Төртқара (Қарамашақ) руы» туралы жазылған XI тарауынан оқуға болады. «Алшын жырларының басты кейіпкері Айсаның өзге тілді әдебиеттерде Иса боп хатталатыны даусыз. Біз іздеп отырған Айса-Иса туралы 1334 жылы араб саяхатшысы Ибн-Баттута егжей-тегжей жазып кетіпті. «Ұлы сұлтан Өзбектің қызы туралы» бөлімінде: «Әкесінің ордасынан алты миль жердегі бұл қатынның, патша қызының ордасына бардық. Оның күйеуі әмір Иса да келді. Оның қызы сұлтанның әйелі еді, жұбайымен бір кілемнің үстіне жайғасты. ...Жиһанкез (Ибн-Баттута) Иса бектің қызы Өзбек ханның төртінші әйелі Урдуджа туралы жылы сөзді аямаған. ...Ол аға әмір Иса бектің қызы, ұлыс басшысы, әмірлердің әмірі деген мағынада. Онымен көзі тірі кезінде жолықтым, ол – сұлтанның қызы Иткудуджуктің күйеуі. Бұл қатын сұлтан әйелдері арасындағы жақсысы, өзгеге жанашырлығы мен мейірімділігінде шек жоқ» (История Казахстана в арабских источниках. Том I Алматы, 2005, 221-222-бб. Аударған Әнес Сарай. Ноғайлы, 396-б). Сөйтіп, Исаның (Айсаның) әмірлердің әмірі, Алтын Орда империясының екінші басшысы – беклербек (бас қолбасшы) екеніне көз жеткіземіз. Иса (Айса) өз қызы Ордашаны (Урдуджаны) Өзбек ханға әйелдікке беріп, өзі Өзбектің қызы Иткүшікке (Иткудуджукке) үйленген. Иса (Айса) Өзбекке әрі күйеу, әрі қайын атасы. Оның ұлы эпостық Ахмет батыр – Өзбек ордасының гүлі, барлық «көрініс» салтанаттарының сәні, Алтын Орда империясында аса ықпалды Иткүшік бәйбішеден туған ұл, Өзбек ханның туған жиені. 1375 жылы Новогород үшкуйниктері (өзен қарақшылары) Еділмен төмен сырғып, Астраханға келіп, құл сатады. Осыған орай орыс жылнамаларына төменгідей дерек түскен: «Осы кездегі Астрахан князі Салчей (әлде Салчен) деген еді. Ол Жәнібектің жиені, Өзбектің күйеу баласы Әметтің ұлы еді» (Зайцев И.В. Астраханское ханство М., 2006, 18-б). Жылнамада: «Салчей (или Салчен) – внук Жанибека и сын Амата, зять Узбека» делінген. Р.Ю.Почекаев «Цари Ордынские» атты зерттеуінде: «...к власти в Хаджи – Тархан (Астрахан) пришел эмир Салчи, который был сыном эмира Амата Исы – гургена* и дочери хана Джанибека», -деп көрсетеді (Санкт-Петербург, 2012, 167-б). Аматты Өзбектің күйеу баласының ұлы деген. Шамасы, Иса (Айса) өліп, аты көмескіленгендіктен, орыс жылнамасына енбеген. Ал Аматтың эпостық Әмет батыр екенінде дау жоқ. «Гурген*» деп хан қызына үйленгенді атайды. Мысалы Ақсақ Темірді гурген деп атаған. Ә.Марғұлан Ахмет Жәнібек ханның қызына үйленген деп жазады, ал Р.Ю.Почекаев Аматың (Әмет) ұлы Сәмет (Салчи) Жәнібек ханның қызына үйленген дейді. Яғни, Ахмет пен Сәмет (Салчей) Жәнібек ханның қыздарына үйленген болады. «Алшын жырларын» ширата келіп, бұрын ауызға алына бермеген ғажап тарихтың үстінен түсеміз. Өзбек, Жәнібек хандар тұсында алшындар (авт. - шекті мен төртқара рулары) Алтын Орда тағының төңірегінде болып, ханнан кейінгі ең жоғарғы лауазым беклербектікке қол жеткізіп, Орданың ішкі-сыртқы саясатына шешуші әсер еткен. Өзбек пен Жәнібектің Хажытарханды Сәметке билеуге бергені байқалады. Әмет ұлының мұрагерлік жолмен онда билеуші болып отырғаны жоғарыдағы (орыс жылнамасында) деректе айтылған. Осында орыстар қате хаттаған Салчей (Салчен) Шоқан Уәлиханов пен Әлкей Марғұлан атап көрсеткен Ақсақ Темірдің қолынан өлетін Сәмет (Сахмет) болса керек. Ә.Марғұланның айтуынша, Иса (Айса) бектің ұлы Ахмет қазақ даласына, дәлірек айтсақ, Ордабазарға өзгелерден бұрын «қазақ шығып» кетіп, дербес Қазақ хандығының іргетасын қалаушы. Шамасы, Алтын Орда төңірегіне қайтып оралмай, Ұлытауда қалып қойған Ахметке Тоқтамыспен сыйыса алмаған інісі Сәмет (Сахмет) ел-жұртымен көшіп келген. Себебі: «Хажытарханды Өзбек, Жәнібек заманында алшындар билесе, 1396 жылдан бастап Тоқтамыс Қараталды өлтіріп, тағын тартып алатын Темір-Мәліктің ұлы Темір-Құтылық биледі. «1391 жылы Тоқтамысқа Ұлытау арқылы жорық жасаған Ақсақ Темір оларды дінсіз, пұтқа табынушы деп дарға асып өлтірген. Сөйтіп Алтын Ордадан жырақ Ұлытауда, Ордабазарда алшындардың жаңа қонысы пайда болды», - деп Әнес Сарай ойын қорытады (Ноғайлы, Алматы, 2009, 215-222-бб). Жоғарыда жазғандарымызды бір тұжырымдап алсақ, білетініміз Алтын Орда ханы Өзбектің бас беклербегі (бас қолбасшысы) – Иса - Исатай (Айса). Иса – (Айса) Өзбек ханың күйеу баласы әрі қайын атасы. Исаның (Айса) ұлы Ахмет – Өзбек ханның жиені. Исаның (Айсаның) бірге туған інісі Әметтің ұлы Сәмет (Сахмет). Ахмет пен Сәмет (Сахмет) Жәнібек ханның қыздарына үйленген, Жәнібек ханның күйеулері. Өзбек хан кезінде, Исаға (Айсаға) бағынышты алшындар (алты ата Әлім ішіндегі төртқара, шекті, қаракесек, қарасақал, шөмекей мен кете рулары) Сарай қаласының, Жәнібек пен Бердібек хан кезінде Сарайшықтың төңірегінде болды. Тарихи сараптаулар Алтын Орданың беклербегі Исатайдың (Иса) ұлы Жыр-Құтлу, оның ұлы Теңіз Бұға болғанын растайды. Қадырғали Жалайыр жазып отырған Шарқатлы – осы Жыр-Құтлу. Сонымен жылнамаларда жазылып жүрген қият Иса (Айса), оның ұлы Айсаұлы Ахмет пен Әметұлы Сәмет (Сахмет) алшын алты ата Әлім ішіндегі төртқара руынан деп айта аламыз. Не себепті жылнамаларда Исаны (Айсаны) қият руынан деп жазғаны арнайы зерттеуді қажет етеді. Әнес Сарай: «Жаңа ханнан жаңа лауазым дәметкен Жошы тұқымына: «Киелі тақты қарадан қорғай алмасаңдар, қараға құл болғандарың лайық» деп көздеріне жіпке тізгендей ғып, түгел Исатай бекке қоңсылыққа қосып берді», - деп түйіндейді (Ноғайлы. 421-422-бб). Иса - Исатай бекке (Айсаға) қарамағына берілген Жошы тұқымының жайсаңдарының саны 17 болды. Алтын Орда хандары: Өзбек, Жәнібек, Бердібектің (авт. - Мамай Бердібек ханның қызы Тұлынбек ханымға үйленген. Автордың 2014 жылы жарық көрген «Мамай: аңыз бен ақиқат» атты зерттеуінен оқуға болады) кездерінде Алшын Әлім тайпасы төртқара, шекті рулары, демек Алтын Ордадағы билік түгелдей Алшын (төртқара мен шекті) тайпасының қолына көшкенін байқауға болады. К.Серикбаев «Тайны тысячелетий тюркского мира» еңбегінде: «Бердибек правил всего три года до 1360 г. Власть в 1361 г. в свои руки взял энергичный Мамай, который правил до 1380 г.», - деп көрсетуі Алтын Орданы алшындар 1380 жылға дейін билеген (Алматы, 2011, 298-300-б). Ең бастысы, Алтын Орданың (авт. - астанасы Сарайшық немес Жанкент) сол қанатының Теңіз-Бұға бастаған алшындар (шекті, төртқара рулары) Сыр бойына қоныс аударады.
Әлібек Сабырбаев
(Басы өткен сандарда. Жалғасы бар.) |