Оқырманнан хат
Келіп кету есептегіші








![]() | Бүгін | 2916 |
![]() | Кеше | 3141 |
![]() | Осы аптада | 9058 |
![]() | Өткен аптада | 18328 |
![]() | Осы айда | 62546 |
![]() | Өткен айда | 78244 |
![]() | Бәрі | 5233327 |
БІРЛІГІ БЕКЕМ ҰЖЫМҒА БЕРЕКЕ ДЕ БЕЙІМ |
19.12.2019 12:40 |
Мұрат СӘРСЕНБАЕВ, «Абай Дәулет» ЖШС директоры:
- Мұрат Абайұлы, мемлекеттік марапатыңыз, толайым жетістіктеріңіз құтты болсын! Бұл, сөз жоқ, ұжымға берілген баға. Өзіңізді туған жерді түлетіп жүрген арда азаматтардың бірі деп білеміз. Бесарықтағы ағайындарға деген жанашырлығыңызды көріп-біліп жүрміз. Өзге де ауылдық елді мекендерде атқарылған істерге аз-кем тоқтала кетсеңіз? - Рақмет! Біз ауылдарды қолдауға, мәдени және әлеуметтік жобаларға, іс-шараларға демеушілік жасау жұмыстарына өте көп көңіл бөлеміз. Бұл біздің компанияның негізгі бағыттарының бірі десек те болады. «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» дейді ғой. Сұраған соң, атап өту керек. Былтыр түрлі салалардағы жобаларды іске асыруға жалпы сомасы 47 млн 285 мың 400 теңге көлемінде қаржы бөлінді. Қызылорда қаласындағы тұрмысы төмен отбасыларға көмек ретінде 1 млн 575 мың теңге, А.Тоқмағамбетов және С.Сейфуллин ауылдарындағы балаларға арналған ағылшын тілін ұйымдастыру жұмыстарына 1 млн 440 мың теңге, Корея Республикасында студенттерді оқытуға 3 млн теңге және Бесарық елді мекеніндегі әлеуметтік жұмыстарға қаржы қарастырылды. Спортты дамытуға да жіті көңіл бөлеміз. Мәселен, Қызылорда қаласындағы Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясы мен №253 орта мектептегі спорт секцияларына 670000 теңгеден қаржы аударылды. Бұдан бөлек, ІІІ Интернационал ауылын абаттандыру, жарықтандыруға және ондағы аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетілді. Осылай бұйырғанды бөлісеміз. Одан біздің ырысымыз артпаса, кеміп жатқан жоқ. - Әлеуметтік жобаларыңыздың ішінде білім беру, спорт саласына көп көңіл бөледі екенсіздер. Сіздер қаржыландырған салада қандай да бір жетістік немесе нәтижелер көрсеткіші бар ма? Еңбек ақталып жатыр ма? - Дұрыс айтасыз. Бөлінген қаржы болашаққа салған инвестиция болып саналады ғой. Қолдау көрсеткеннен кейін әйтеуір халыққа бір пайдасы тисе, ел разы болса деген ниет болады. Келешек білімді жастардың қолында екендігін жақсы білесіз. Осыған орай біз Қызылорда қаласынан «Зияткер» атты мектеп ашып, онда ағылшын, физика, математика пәндерінен аптасына үш күн тұрақты сабақ берілуде. Асқар Тоқмағамбетов пен Сәкен Сейфуллин ауылдарында 40 оқушы ағылшын тілінен, 40 оқушы логикалық математикадан дәріс алып жүр. Енді соның нәтижесі деп білемін, бітірген оқушылар қаладағы «Білім-инновация» лицей интернаты, №4 облыстық дарынды балаларға арналған мектептерге оқуға түсіп жатыр. Жаңа спорт туралы да сұрап қалдыңыз. Сырдария ауданының Бесарық ауылында таэквондо секциясын ашқанымызға 15 жылдай уақыт болып қалды. Одан бірнеше дүркін Қазақстанның және Халықаралық турнирлердің жеңімпаздары шықты. Дзюдо күресін де қолға алғанбыз. Бүгінде 60-тан аса жасөспірім осы күреске қатысуда. Бұл спорт түрінен ауылдан Азия чемпионы және 30-ға тарта спорт шеберлігіне үміткерлер бар. Салынған инвестицияның нәтижесі деген – осы. - Өңірде күріш өсіру, өңдеу саласы бойынша өзіңіз басқаратын серіктестікке бәсекелес компаниялар бар. Сіздердің өзге өндірушілерден басты айырмашылықтарыңыз неде? - Өте орынды сұрақ. Өздеріңізге белгілі, біздің компания шаруашылықтардың күріштерін өңдеп, сатумен айналысады. Күріш өсіру саласымен «Бесарық» ЖШС мен «Достық Жер МК» ЖШС айналысады. 5000 гектардай күріш алқабы ІІІ Интернационал, А.Тоқмағамбетов, С.Сейфуллин, Бұқарбай батыр және Бесарық ауылдарында орналасқан. Күріш өсіру кезінде алғашқы репродукцияның тұқымдары және ГОСТ-қа сәйкес жоғары сапалы тыңайтқыштар қолданылады. Бұл халықты сапалы және пайдалы өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жуырда ғана жаңа зауытты іске қостық. Онда 80 адам жұмыс істейді. Қуаттылығы сағатына 7 тоннадан астам күріш шығарады. Зауытта күріш жармасы қалдықсыз өндіріледі. Артықшылығы – осында. Жұмыс сапалы істеледі. Соның нәтижесінде салмағы 5, 10, 25 кг болатын «Syr dani» брендімен күріш жармасы ішкі нарықта және экспортқа да сатылады. Дәл осы бренд Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Украина, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан және тағы да басқа ТМД мемлекеттеріне шығарылады. Биыл өндіріс үш есе, экспорт 28 пайызға артты. Бұл біздің ең үлкен жетістігіміз деп білемін. - Күріш жармасы деп қалдыңыз ғой, оның қандай түрлері өңделеді? - Бірнеше түрін атап айтуға болады. Мәселен, «Янтарь» күріш жармасы. Оны Қызылорда облысының кристалды мұзы деп те атауға болады. Онымен пудинг, палау, суши тағамдарын пісіруге болады және өте тез пісіріледі. «Абай Дәулет» ЖШС күріш өңдеудің жоғары технологияларын пайдалана отырып, дәнді дақылдарды өңдейді және олармен сіз сүйікті тағамыңызды 20 минут ішінде алдын ала суға тұндырмай-ақ дайындай аласыз. «Лидер» деген түрі бар күріштің. Одан бөлек «Камолино» күріш жармасын да астын сызып айтуға болады. Бұл күріш маймен өңделетіндіктен, тағам дайындағанда өсімдік майын үнемдесе де болады. Компания дайын өнімдерді экспортқа шығарудан бөлек, Алматы, Астана, Шымкент қалаларында ресми филиалдарын ашуды жоспарлап отыр. - «Күріш сабанынан гранула өндіруді қолға аламыз» дегеніңізді естідік. Бұл шаруа шешілді ме? - Негізі егіс алқабында күріш қалдықтарын өртеу арқылы ғана жояды. Ал бұл өз кезегінде топырақтың құнарлылығын жояды, жыл өткен сайын әлсіретеді. Көп жылдар бойы зерттеу жасай келе, күріш қалдығынан гранула түріндегі отын жасауға шешім қабылдадық. Бұл әлемдік тәжірибеде бар. Егер бұл іске асырылса, жаңадан жұмыс орындары ашылады, отынның құны арзандайды, сексеуіл, жыңғыл сынды табиғи отын түрлерін бейберекет пайдаланудың алдын алуға болады және топырақтың құнарлылығын сақтап қалу мүмкіндігі бар. Бұл тұрғыда жұмыстар жүргізіліп жатыр. - Төрт түлік мал өсіруде қандай нәтижелер бар? Мал шаруашылығының даму деңгейіне тоқталсаңыз. - Қазақтың атакәсібі саналатын қой шаруашылығы туралы айта кетейін. Кеңестік кезеңде Бесарық ауылында 48000 бас қой өсірілген. 2016 жылы Қазығұрттан 700 бас аналық, 700 бас тұсақ, 700 бас ұрғашы қозы және 20 бас қошқар әкелген едік. Сол қойды өсіріп, міне, биыл 5500 басқа жеткіздік. 2017 жылы 750 бас, былтыр 1100 бас еркек қозы сатылды. Қой шаруашылығында ауыл шопандары ауысымдық әдіспен жұмыс істейді. Осы үлкен жұмысты қолға алардың алдында біз Австралия, Германия және Польша фермерлерінің жұмыс тәжірибесін оқып, үйрендік. Бұдан бөлек, түйе шаруашылығы да қарқынмен жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда шаруашылықта 59 бас аруана бар, оның 40-ы сауында тұр. - Бақша шаруашылығы жайлы айтыңызшы. Облыс жұртшылығы жеміс-жидектің қандай түрлерімен қамтамасыз етілуде? - Қызылорда облысының ауылшаруашылық картасында 2014 жылдан бастап 2016 жылға дейін жеміс дақылдары егілетін алқап 500 гектарға ұлғайып, нәтижесінде 2040 тонна жеміс-жидек өндірілді. Бұл көрсеткіш жергілікті халық сұранысының тек 13 пайызын ғана құрайтыны белгілі. «Абай Дәулет» ЖШС Сырдария ауданында барлығы 5 гектар жерге 10000 түп алма көшеттерін отырғызды. Элиталық көшет «Р.С «Агро-Групп Холдинг» ЖШС-нен алынды. Барлық отырғызылған алма ағаштары облыс халқының сұранысын қанағаттандыруға бағытталған. - «Абай Дәулет» ЖШС – шаруашылықтың бірнеше түрін жандандырып отырған көпсалалы кәсіпорын. Соның ішінде картоптың ерекше сорттары өсіріліп жатыр дегенді естіп едік... - Еліміздегі халық ең көп тұтынатын көкөністің бірі – картоп. Қазақстанда адам басына шаққанда 120-130 келі картоп қолданылады екен. «Екінші нан» саналатын картоптың қазір «Артемис», «Наташа» және «Родриго» деп аталатын сорттары бар. Оларды өндіруде жоғары сапалы тыңайтқыштар мен технологиялар қолданылады. Картоптың ерте пісетін сорттарын жаздың орта шенінде жинап алуға болады. Солардың бірі – «Артемис». Оның өнімдерін еккеннен кейін 45 күн өткен соң жинап алуға болады. Биыл аталмыш сорттан гектарына 3480 келі өнім жиналды. «Наташа» сорты – жоғары өнімді және болашағы зор картоп өнімі. Оның пісу уақыты 70-80 күн аралығында 0,8 гектардан 3800 келі өнім жиналады. Ал «Родриго» сорты өзінің көлемінің үлкендігімен ерекше. Биыл бұл сорттан 12,6 гектардан 28 800 келі өнім алынды. Картоп өндіруде халықтың сұранысына орай оңтайлы жұмыстар атқарылып жатыр. - Бал өнімдерінің пайдасын айтпаса да түсінікті. Сіздер омарта шаруашылығын қашаннан бастап қолға алдыңыздар? - Ара балы – табиғаттың ең пайдалы өнімі. Оның құрамында өзге тамақ өнімдерінде кездеспейтін пайдалы дәрумендер бар. Осындай құндылықтарын ескере отырып, біз бал арасы шаруашылығын 2003 жылдан бері жүргізіп келеміз. Оның үстіне балға деген халықтың да сұранысы жоғары. Біздің елімізде де бұл сала өте жақсы дамыған. Қазіргі күні шаруашылықта 35 ара тұқымы бар. Бірнеше сорты дайындалады, атап айтқанда, май, жантақ, мия тамырының балы және тағы басқалары бар. Балдың ең жақсы, жоғары сорты ГОСТ 19792-2001 стандартымен дайындалады. Олар 0,5 келі салмақта ыдыстарға құйылып, оралады. «Шипа» деген брендтік атаумен шығарып жатырмыз. Бал түрлерінің ішіндегі мия тамырының балын ең ерекшесі деп атап өтер едім, өйткені оның өзіне тән нәзік хош иісі мен дәмі бар. Оны әсіресе, жөтелгенде, тұмауратқанда пайдаланса, денсаулыққа өте пайдалы. - Компаниядағы осынша игілікті істердің барлығы бір ғана адамның емес, ұжымдағы жұмысшы-қызметкерлердің жымдасып жұмыс істеп, бірлесіп білек сыбанып жүргенінің нәтижесі екені белгілі. Еңбек адамдарына қандай колдау бар? - Адам – басты капитал. Осы себепті жыл сайын компания қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында, оның ішінде жас мамандарды шетелге тәжірибе жинақтауға жіберіп отырамыз. Мысалға алатын болсақ, былтыр мамандар Германиядағы «Ф.Х.Шуле Мюленбау ГМБХ» компаниясында сәтті тағылымдамадан өтті. Соның нәтижесінде мамандар өндірістегі мәселелерді оңай шеше бастады. Сондай-ақ компания жұмысшылар үшін тұрақты түрде семинар-тренинг, біліктілік арттыру курстарын ұйымдастырып тұрады. Бұл олардың кәсіби дамуларына септігін тигізеді деп ойлаймын. Жыл қорытындысымен үздік еңбеккерлерді қаржылай, заттай ынталандырып келеміз. Ынтымағы нық, бірлігі бекем ұжымға береке де бейім болатынына өзіміз куә болып жүрміз. Мен осыған қуанамын. - Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Әйгерім НАЖМАДИНҚЫЗЫ
Жылдық жетістік
Мұрат Сәрсенбаев – «Абай Дәулет» ЖШС директоры. 2019 жылы – Үздік ауылшаруашылық компаниясы номинациясы бойынша «Халық қалаулысы» Ұлттық сыйлығының лауреаты; 2019 жылы – «Сапа көшбасшысы - 2019» конкурсының жеңімпазы; 2019 жылы – Мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін «Құрмет» ордені мемлекеттік наградасы иегері; 2019 жылы – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» арнайы жобасын іске асыру мақсатында ұйымдастырған «Жомарт жүрек» сыйлығының «Жыл меценаты» номинациясы иегері. 2019 жылы – Нұр-Сұлтан қаласында өткен дәстүрлі «Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтары мен «Қазақстанның үздік тауары - 2019» республикалық көрме-байқауында отандық өнімді экспорттаушылар арасында еліміз бойынша үздік деп танылып, «Ұлы дала елі» ортақ брендінің жеңімпазы атанды. |