Оқырманнан хат
Келіп кету есептегіші








![]() | Бүгін | 561 |
![]() | Кеше | 2390 |
![]() | Осы аптада | 15751 |
![]() | Өткен аптада | 17373 |
![]() | Осы айда | 39892 |
![]() | Өткен айда | 78079 |
![]() | Бәрі | 5132429 |
ЖАСӨСПІРІММЕН ҚАЛАЙ ТЕЗ ТІЛ ТАБЫСУҒА БОЛАДЫ? |
20.12.2019 17:27 |
Психология энциклопедиясына (Encyclopedia of Psychology) сүйенсек, жасөспірім шақта адамның бойында физиологиялық өзгерістермен бірге когнитивті жетілу процесі жүреді. Психологиялық өзгерістер әсерінен жасөспірімдер ата-анасынан тәуелсіз болуға, ересектер секілді өз алдына еркін шешім қабылдауға ұмтылады. Осы кезеңде мінез-құлқында радикалды өзгерістер байқалмаған әрі ересектермен қарым-қатынасы дұрыс болған жасөспірімдер балалық шақтан ересек өмірге айтарлықтай кедергісіз өтеді. Ал кейбір тұлғалар жасөспірім кезеңде ата-анасымен немесе айналасындағы ересектермен конфликтілерге жиі ұшырасады. Өмірдегі ең жақын адамдарымен коммуникациясы дұрыс болмаған жасөспірім кей жағдайларда, өкінішке қарай, рухани қолдауды құндылықтары теріс достарының арасынан немесе көшеден іздейді. Одан қалса наркотикалық заттар мен ішімдікке әуестенеді. Нәтижесінде ересек өмірге бейімделуі қиындай түседі. Кейде жасөспірім кезеңдегі шалыс қадамдардың соңы қайғылы жағдайларға апарып соғуы мүмкін. Сондықтан да бала мен жасөспірімдердің психикалық саулығын арттыруға мүдделі мемлекеттік ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдар өздерінің күнделікті жұмысы барысында осы мәселеге ерекше мән береді. Мәселен, Қызылорда облысының білім және денсаулық сақтау басқармалары Bilim Foundation қоғамдық қорымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Жасөспірімдердің денсаулық пен өмірлік дағдыларын қалыптастыру және суицидтің алдын алу» бағдарламасы шеңберінде жасөспірім кезеңде ата-ана мен баланың арасындағы ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнатудың маңызына ерекше тоқталады. Бағдарлама негізінде жыл сайын арнайы сауалнама арқылы жас жеткіншектердің төңірегіндегі адамдармен қарым-қатынас деңгейі сарапталып, психологиялық қолдауды қажетсінетін балалар мен олардың отбасы мүшелеріне тиісті көмек ұсынылады. Сонымен қатар, семинарлар мен уоркшоптарда мектеп психологтарына бала мен ата-ана арасындағы коммуникацияны дамыту мәселесі бойынша арнайы дәрістер оқылады. Бағдарламаның осы мәселе бойынша маңызды бағыты – ата-аналармен тікелей жұмыс. Яғни, ата-аналармен бетпе-бет кездесулерде, баспасөз беттерінде, телевизиялық бағдарламаларда және әлеуметтік желілерде мамандар өз ақыл-кеңестерін ортаға салады. Сол дәстүрді жалғастыра отырып, ата-аналарға пайдалы болар деген оймен жасөспірім балалармен тез тіл табысудың негіздері жайлы халықаралық мамандардың кәсіби кеңестерін осы мақалада ұсынып отырмыз. Сонымен, жасөспіріммен тиімді қарым-қатынас орнату үшін Америкалық психологиялық қауымдастық (APA) мамандары үш топқа жүйелеген ата-аналарға араналған ақыл-кеңестері келесідей:
Сондай-ақ Америкалық психологиялық қауымдастық (APA) мамандарының пікірінше, баламен әңгімелесу кезінде әрбір ата-ана келесі жайттарды есте сақтауы керек. Олар: ● Балаңыз сізбен не үшін ашық сөйлескісі келетінін түсінуге ұмтылыңыз. Яғни, бала ата-анасымен бекерден бекер сөз қозғамайды. Әңгіменің соңында ол сізден ақыл-кеңес немесе мәселенің шешімін күтеді. Кейде бала ата-анасының оның уайымына құлақ асып, жай ғана тыңдағанын қалайды; ● Бала өмірге имитация арқылы бейімделеді. Ата-анасының ашу-ызаны қалай басқаратынын, қиын мәселелерді қалай шешетінін қарап өседі; ● Баламен әңгімелесіңіз. Үнемі ақыл айтып, қатты сынап немесе көңіліне тиетін ауыр сөздер айтудан, қорқытудан аулақ болыңыз; ● Бала өмірде өз таңдауын жасап, сол таңдаудың нәтижесінен сабақ шығару арқылы өмірге бейімделеді. Егер балаңыздың таңдауы оның өміріне үлкен қауіп-қатер туғызбайтынына көзіңіз жетіп тұрса, балаңыздың өміріне араласып, ол үшін шешім қабылдауға асықпаңыз; ● Балаңыз кейде өзін мазалайтын дүниелердің тек оннан бір бөлігі жайлы сыр шертуі мүмкін. Яғни, сіздің реакцияңызды тексеріп көруі мүмкін. Сондықтан балаңызбен әңгіме барысында оны өте мұқият тыңдаңыз, өз ойын еркін жеткізуіне жағдай жасаңыз. Қандай күрделі мәселе болмасын, сіз оны шешуге міндетті түрде көмектесетініңізді айтыңыз. Қорыта айтқанда, ата-ана болу – оңай шаруа емес. Баламен тиімді қарым-қатынас орнату үшін тыңдау, ести білу және шынайы әңгімелесудің маңызы өте зор. Десе де ата-ананың барлығы дерлік өз бала-шағасымен үнемі тіл табыса алады деп айту қиын. Өкінішке қарай, кей жағдайларда ата-ана мен баланың арасындағы түсініспеушілік кикілжіңге, психологиялық травмаларға, кейде тіпті, қайғылы жағдайларға себеп болуы мүмкін. Сондықтан жасөспірім шақта баламен дұрыс коммуникация орната білуді әрбір ата-ана басты назарда ұстауы тиіс. Қажет болса, психологтың көмегіне жүгіну мәселенің оң шешілуіне септігін тигізетінін есте ұстаған абзал. Нұржан Жұманов, Қызылорда облысы білім басқармасының бас маманы
|