Өзекті мәселелер

  • 13.12.19

    Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мазмұны терең, мағынасы зор мақаласын жуырда тағы бір мәрте шолып шықтым. Сол сәтте ойыма­ Арал ауданының Тоқабай елді мекенінде тұратын ардагер ұстаз, сол өңірге танымал өлкетанушы Үргенішбай Қуатов оралды.

    ...
    Толығырақ...
  • 13.12.19

    Менде арман көп. Қиялдай кетсем, ойымда шек жоқ. Туған жерімде лайықты білім алып, ата- анам, туған қарындасыма қамқор болғым келеді. Қарындасымды шексіз жақсы көремін. Ол – менің бауыр етім. Ата-анамыз бізге күн сайын бір-бірімізге қамқор, мейірімді, адал болуды үйретіп отырады. Өйткені мейірімділік әлемді құтқарады. Егер біз мейірімді болсақ, біздің өміріміз қуанышқа, бақытқа тол...

    Толығырақ...
  • 05.12.19

    «Құмкөл-Қызылорда» авто­жолы­ның 70-інші шақырымында «Кеңлік» кен орнынан Шымкент қаласына бағыт­ алған «Neoplan» маркалы автобус­ аударылып, 8 адам қаза тапты. 21 адам жарақат алған. Мәліметтерге сүйенсек, автобус ішінде барлығы 36 адам болған. Олардың барлығы – «Саутс Ойл» мұнай компаниясының қызметкерлері» деген ақпарат барша қазақстандықтың қабырғасын қа­йысты­рғаны  анық.

    ...
    Толығырақ...
  • 05.12.19

    Алты құрлықты ақпарат билеген уақытта оған ілесіп отырудың өзі жетіс­тік. Соңғы жылдары «жаңа медианың келешегі кемел, ал дәстүрлі БАҚ-тың болашағы бұлыңғыр» деген пікір бірен-саран айтылып жүр. Қай медианың алға озып, қайсысы артта қалатыны уақыт еншісіндегі дүние деп білеміз. Бірақ ел алдымен интернетте жылт еткен жаңалыққа емес, газет бетінде қатталған хабар­ға сенетіні анық. Ол – ақиқат. Толығырақ...

  • 05.12.19

     

    Ерғали  АБДУЛЛА


    Қу  ақша

    Бермеймін дегенді – бергізеді. Көрмеймін деге...

    Толығырақ...
“ПСИХОЛОГИЯ – БАСТАЛУЫ БАР ДА, АЯҚТАЛУЫ ЖОҚ ҒЫЛЫМ”
01.12.2011 16:09

Серікбай  СМАҒҰЛҰЛЫ, психолог:

Серікбай Смағұлұлы 1976 жылы Алматы мемлекеттік медициналық институтын бала дәрігері мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірген. Ауылдық, аудандық, Қызылорда қалалық және облыстық алдын алу және емдеу мекемелерінде қызмет атқарған­. Кезінде «Халық емшілігі» облыстық орталығының меңгеру­шісі болды. Ине терапиясы, су-джок терапия, психотерапия сияқты дәрісіз ем маманы. Биыл жарыққа шыққанына 15 жыл толатын облыстағы алғашқы медициналық газеттің негізін қалаушы­. Медицина, психология, психотерапия бойынша бірнеше­ еңбектің авторы, аудармашы. Қазіргі таңда облыстық нарколо­гиялық орталықта дәрігер-психолог. ҚР Журналистер одағының мүшесі, «ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісінің иегері.

- Әуелі мынаның ара-жігін ажыратып алайық: психология ғылым ба? Әлі күнге осы сұрақ төңірегінде қарама-қайшы пікір­лер бар. Ғылым деген күнде де тыңға түрен салған жаңалықтар болуы тиіс. Қазақстан бұл жағынан кенже қалып келе жатқан сияқты, сіз қалай ойлай­сыз?

- Әрине, ғылым. Өйткені ол өз бастауын бағзы заманнан алады.­ Ежелгі дүниеде «Жан тура­лы» атты ғылыми еңбек жаз­ған Аристотельді психологияның атасы деуге болады. Ғылыми тұрғыдан алған­да, ол теориялық та, практикалық та тұрғыдан зерт­теледі. Газет оқырман­дарының есінде болар, кеңес­тік кезеңнің алғашқы жылдары қазақ зиялыларының басым бөлігі қазақ психологиясын практикалық жағынан дамытуға күш салды. Атап айтқанда, ақын М.Жұмабаев психологияны өзек еткен «Педагогика», жазушы, ғалым Ж.Аймауытов «Тәрбиеге көмекші», «Психология», «Жан жүйесі және өнер таңдау» кітаптарын жазды. Алайда, өкінішке орай коммунистік режимде психоло­гия ғылымы толыққанды дамығ­ан жоқ. Ол тек бір идеологияның шеңберінде  қалды.  Ал  енді  Қазақ­станға  келсек, психология ғылымы кенже­ қалды деуге­ негіз бір жағынан бар, бір жағынан жоқ деуге болады. Қазақ тіліндегі практика­лық психо­логия  алғаш­қы  қадамдарын  жасауда.

Әлемнің мықты психолог­тарының еңбектері енгізілген «Мәдени мұра» мемлекеттік бағ­дар­ламасы аясында         10 томдық «Психология» атты кітаптар сериясы жарық көрді. Оған қоса жаңа шетелдік психологиялық әдістер баяндалатын оқу құралдары пайда болды. Тіпті менің өзім осы кезге дейін өз қаржыма «Психотерапия, практикалық психология кітапханасы» серия­сымен 5 кітап шығардым. Менің редакторлығыммен 2010 жылдың желтоқсанынан бастап ай сайын «Сыр психология әлемі» атты республикалық газет шығып келеді. Бірақ елімізде шетелдік практикалық психологияны қазақы топыраққа жер­сіндіретін қалыптасқан мектеп жоқ. Әйт­песе, Абайдың, Шәкәрімнің және басқа да шешендеріміздің, билері­міздің мол қазынасы жет­кілікті. Әлі де болса ел ішінде психологияны түсінуге келмей­тін әлдебір басқа әлем сияқты көретіндер бар. Егер шы­нымен ден қойса, психологияның, оның ішінде практикалық психологияның адамға берері көп. Өркениетті елдерде психологқа бару – әдетті, үйреншікті құбылыс. Бізде психолог­қа бара қалса, «ә, жүйкесі сыр берген болды ғой» деп топшылау басым. Шыны­на келсек, бұл әркімнің өз шаруа­сы емес пе? Ешкімді ешкім арқала­п не асырап жүрген жоқ қой. Оған қоса мен шығаратын басылымды «психологтардың газеті­ екен ғой» деп, мән бермей­тіндер жеткілікті. Психология адаммен жұмысы немесе өмірі сабақтас кез келген адамға қажет. Яғни ата-анаға да, жоғары сынып оқушысына да, студентке де, журналист­ке де, педагогқа да, дәрігерге де, шенеунікке де, басшыға да... Ал психологиядағы  жаңалықтарды  түгендеп  шығуға бір мақаланың шамасы келмейді. Өйткені психология – басталуы бар да, аяқталуы жоқ ғылым.

- Жоғары оқу орындарында оқы­тылып жүрген өзін-өзі тану және психоло­гия пәндері бірін-бірі қайта­лайтын тәрізді. Бұл екеуі де айналып келгенде адамның ішкі әлеміне үңілуді мақсат тұтпай ма?

- Жалпы өзін-өзі тануға келетін болсақ­, адам өмір бойы өзін танымай кетеді. Бұл – менің жеке пікірім. Сонда­ мектеп оқушысы өзін қалай танып-біледі? Егер өзіңіздің бұл өмірде не істеп жүргеніңізді білетін болсаңыз, бірқатар сауалдар қойып көрейін: Сіздің бұл өмірдегі жеке миссияңыз қандай? Қандай тірліктерді атқаруыңыз керек? Бұл міндеттерді сізге кім жүк­теді? Оны қанша уақытта бітіруіңіз керек­? Дәл осы сияқты кете береді. Демек­, адам өзін де, сыртқы әлемді де толық танып-біле алмайды. Өйткені сана да, санадан төменгі бөлік те шектеулі. Адам ультракүлгін сәулелерді көре алмайды, ультрадыбысты ести алмай­ды. Бірақ адам бас­қа адамға зияны­ тимей, қарым-қатынастағы экология­ны сақтап өмір сүруі тиіс. Бар шындық – тек Жаратқан Иеміздің, Алланы­ң қолында. Психология адамды өзін  тануға  емес,  басқа қырынан үңілуге  жетелейді.

- Осы күні ақпарат құралдарының арасынд­а психолог пікіріне, кеңесіне сүйенбейтіні некен-саяқ. Бірақ халық әлі күнге бұрынғы әдетінен жаңылар емес. Басына іс түссе, балгер жағалап кетеді. Қалай ойлайсыз, Серікбай аға, сіздерге неге сұраныс аз?

- Жақсы психолог еш уа­қытта өз клиен­тіне ақыл айту­ға тиіс емес. Өйткені ақыл-кеңес – бұл сіздің жеке тәжі­рибеңіз, басыңыздан өткергеніңіз. Оның басқа адамға жарамайтыны түсінікті. Ол ақылды алған күйде кәдеге­ асырса жақсы, кәдеге аспаса, сізді кінәлайды. Психолог­тарға сұраныс аз деп айтпас едім. Сұраныс көп. Алайда, оған сәйкес келетін маман тапшылығы бар деуге болады. Өйткені қолында дипломы барлар – әлі маман емес, тек диплом иесі ғана. Мұны кез келген ма­ман­дыққа қатысты айтуға болады. Шынайы психолог осы ғылыммен біте қайнасып, психология оның ішкі жай-күйі­не айналуы тиіс. Тәжірибесі жоқ, мықты­ психологиялық техникаларды меңгермеген маман жақсы кеңес­ші болып­ жарыт­пайды. Оған қоса психологқа жақсы маман болу үшін күнделікті оқу, жаңа техникаларды, жаңа бағыттарды үйренуі және оларды практикада сынап көруі тиіс. Практикалық пси­хологияны психолог ең алдымен өзіне қолданғаны жөн. Сыр өңірінде өз маман­дығын сүйетін, адал психологтар баршылық. Тек  оларды­  дәріптеу жағы кем.

Әрине, медициналық психологтың рөлі, оның жалақысының көлемі, жұмыс істеуге құқық беретін куәлігі, алғашқы дайындықтан өтуі, біліктілік дәрежесін алуы тала­с тудырып келеді. Бұл мәселе қарастырылып жатыр. Әйтпесе, медициналық білімі жоқ емшіге куәлік беріп, адам емдеуге рұқсат беріледі де, арнайы білімі бар адамға қолдан кедергі жасалады. Бірақ бұл мәселе шешіледі деген үміттемін. Сол кезде адам балгерге не құмалақшыға бармай, шынымен қолынан іс келетін тәжірибелі маманға тап болады. Өйткені ХХІ ғасыр – психология ғасыры. Емханаға түрлі кеселдер бойынша қаралатындардың 60-70 па­йызын медициналық психолог, психотерапевт дәрісіз емдеп шығара алады. Алайда, балгерге бару-бармау – әркім­нің өз шаруас­ы. Көбі қиналған кезде құмалақшы, көріпкел жағалап кетіп жатады. Оның ішкі астарын түсінбейді. Бұл жерде адам нені естігісі келсе, соны естиді, нені көргісі келсе, соны көреді. Өйткені  адам  санасы  солай  жаратыл­ған.  Бір  эксперимент  жасайық. Сіз ойламай көріңізші. Қолыңыздан келді ме? Келмеді. Яғни ойламау үшін де ойла­ну қажет. Тағы бір құпия, адамның санасы «болмайды» дегенді қабыл­дамайды. Адамның қолынан ештеңе келмесе, Алла бізді жаратпас та еді. Адам құмалақшының айтқандарынан тек өзіне жағымдыларын ғана есте қалдырып, транстық (өзгерген сана) күйде болады. Әйтпесе, орыс кемпірінің «ажырасқандарды қосамын», «арақ­қорлықтан мүлдем айықтырамын», «жолыңды ашамын» немесе «басқа бір емшінің қолынан келмейтін, операция жасалуы тиіс аурулардан құлан-таза жазып­ шығарамын және оған 100 пайыз­ кепілдік беремін» деген сандырағына ешкім сенбес еді. Проблеманы құшынаш кемпір, я болмаса, емші емес, адамның өзі шешуі тиіс. Оны шешеді де. Бірақ уақыттан ұтылады, көптеген күйзелістерді бастан кешіреді.

Қызылорда сияқты облыс орталығында қазақ тілді практикалық психологиялық орталықтың болмауы қынжылтады. Дегенмен, келешекте ашылар деген үміттемін. Басқа облыстар, әсі­ре­се, солтүстік аумақтар бұл бағытта бізден көш ілгері. Өйткені оларда қазіргі заманғы пси-технологияларды игерген мамандар жеткілікті. Басым бөлігі – орыс тілінде. Ал психолог қызметіне сұраныс болуы үшін елдің психологиялық сауаттануы, шынайы ақпараттануы қажет. Тіпті таралымы көп газет­терде арнайы айдар немесе бұрыш ашылып, ал телевизия мен радиода арнай­ы хабар болса, несі жаман. Бұл тұрғыда ақпарат құралдарында көрініп жүрген психологтар саусақпен санарлық. Демек, ел қазақы психологиялық ақпаратқа зәру. Соңғы жылдары облыс­тың алдын алу және емдеу мекемелерін­де психологтар жұмыс істей бастады. Облыстық наркологиялық орталықтың өзінде 8 психолог маман бар. Жалпы өзін сыйлайтын әрбір мекеме жанында психологтың болғаны жөн.

- Қазақстанда психологтың бір сағат­тық сеансы 3-5 мың теңге шамасында көрінеді. Ал сіздің ставкаңыз қандай? Көмегіңізге көбіне кімдер жүгінеді?

- Қазақстанда психологтың бір сағат­тық сеансы сіз айтқандай 3-5 мың болса, психоаналитиктерде – 100-150 мыңға дейін. Мен облыстық наркологиялық орталықта дәрігер-психолог болып­ жұмыс істегендіктен бір сағаттық сеанс 650 теңге тұрады, ақы кассаға төленеді. Жалпы психологтың қызметі тегін болмауы тиіс (ол жалақы алады, мемлекет қаржысы кетеді, сонда да). Себебі психологтың тегін қызметі арнай­ы бағдарламада болмаса, нарық заман­ында үйлеспейтін дүние. Клиент өз қаржысын төлеп келгенде, онда жауап­кершілік, түрткі (мотивация) туын­дайды. Ал бұл – психолог кеңесінің табысты болуының бірден-бір кепілі. Ақы төленген соң психологта да жауапкершілік болады, ізденеді, басқа тәсіл­дерді меңгереді. Ресейде психологиялық, психотерапевтік қызмет тегін болмауы керек деген арнайы бұйрық та бар. Негізінен мекеменің қызмет бағытына сай бізге көбіне психикалық белсенді заттарға (ПБЗ – арақ, есірткі және т.б.) тәуелділер, әсіресе, олардың отбасы мүшелері (ПБЗ-ға қосалқы тәуелділер) келеді. Сонымен қатар өзім көпшілікке онша таныс емес шетелдік кейбір псидиа­гностика, пси-түзету және психотер­апия әдістерін білетін­діктен, 3 жастағы баладан бастап қарт кісілерге дейін көмектесе аламын. Клиенттерді жиі мазалайтыны – отба­сылық дау, басқа­ адамдармен қарым-қатынас жайсызды­ғы, жабысқақ ойлар­ неврозы, неврастения  және де өмірдегі басқа сан қилы  мәселелер.

- Саяси сәуегейлер «алда экономикалық дағдарыстың тағы бір үлкен толқу­ы келе жатыр» дегенді айтады. Қоғамда суицид, педофилия сынды проблем­а өршіп тұрған кезде бұл күйзеліс үстіне күйзеліс жамары анық. Психологияда тығырықтан шығудың қандай жолдары бар?

- Дағдарыс адамға жат дүние емес. Өйткені адам өзі ғұмырында бір­неше дағдарысты басынан өткереді және сол арқылы дамып, жетіледі. Дағдарыс 1 жастан басталады, одан әрі 7, 13 және сөйтіп кете береді. Күйзелмейтін, стрессті бастан кешір­мейтін саналы тіршілік иесі жоқ. Оларды жеңе отырып­, адам нығая­ды, өмірлік жолын­ әрі қарай жалғастырады. Жалпы кез келген проб­лемадан шығатын жол бар. Адам тек өлім проблемасынан қашып құтыла алмай­ды (Қорқыт баба аңызын еске түсіріңіз). Тығырықтан шығатын жол болмаса, Жаратқ­ан Иеміз адамды жаратп­ас еді. Жол көп және оны адамның өзі табуы­ тиіс. Бұл жерде мықты практикалық психолог, психотерапевт ықпалды көмек көр­сете алады.

- Агентомания деген «ауру» пайда болды­. Аға, психолог ретінде оның қандай­ «емін» ұсынар едіңіз? Жастардың жаппай виртуалды «әлемге» көше бастауы олардың шынайы өмірден алыс­тап бара жатқанын көрсетпей ме?

- Расында агентомания – психикалық тәуелділіктің бір түрі. Кейбір жастар­  тікелей, тірі қарым-қатынас тұр­ғысында өздерін әлсіз, ал вир­туалды, жасанды «әлемде» мықты сезінеді. Сонымен бірге қазір – ақпараттық тасқын, сел заманы. Кез келген ақпарат пайдалы болып келе бермейді. Өйткені көзге көрінбеген бас­қа компьютер алдын­да қандай адамның отырғанын, онда қандай пиғыл барын еш адам біліп болмайды. Егер агентке таңылған жасқа кейінгі зардаптары бәрібір болса, онда агенттің басыбайлы құлы болуына ешкім қарсы тұра алмайды. Ем – агентке жоламау және тек таныс адамдармен ғана қарым-қатынаста болу, онда да өзіңе пайдалысын жасау­. Себебі бұл қарым-қатынасыңа бір­шама ақша және бірқатар алтын уақыт шығындала­тынын ескерсең болды. Олардың шынайы­ өмірден алыстайтыны шындық.

- Жастар санасына кері ықпал ететін факторлардың бірі – діни секталар. Сіздің тәжірибеңізде осы секталардың шылауына түсіп, мәңгүртке айналғандарды тура жолға салған жағдайлар болды ма? Жалпы, бұл қанша­лық­ты  мүмкін?

- Бұл мәселемен толығымен келісемін. Діни секталарда адам психикасына әсер етудің шетел­дік мықты технологиясын игерген мамандар өте мол. Жуық арада еліміздегі танымал теле­арналардың  бірінде  эриксондық гипнозды меңгерген 16 жастағы қыздың ақша айырбастау бекеті қызметкерін тылсымдап (гипноздап), мол ақшаны жымқыр­ған сюжетін көрсетті. Гипнозды осындай теріс мақсатта қолданатындар кездеседі. Ал бұдан бас­қа да пси-технологияларды білетіндерге адам санасын бұрып, өз дегенін істету еш қиынға түспей­ді. Павлодар қаласында өткен бір бас­қосуда еліміздің белгілі наркологы келе­шекте нарколог дәрігерді пси­хиатрия саласының бір өкілі ретінде басқа мәселелермен қатар діни секта­лардан зардап шеккендерге де көмек көрсетуді міндеттейтін құжаттар қабылданатынын айтқан-ды. Әзірше бұл мәселемен алдыма келгендер бол­ған жоқ. Егер мұндай мәселелер туын­дап жатса, қол ұшын бере аламын деп айтуыма болады. Менің электронды поштам: serik_smagul.kz@ mail.ru және психологиялық жеке сайтым: http://qazpsi. ucoz.kz/. Әзірше өзде­ріндегі түрлі мәселелер бойынша еліміздің бар аймағынан және Қызылорда қаласынан жастар хабарласып, тегін кеңес алуда. Күрделі мәселелерде жеке қа­былдауға келуге шақырамын.

- Оқырманға түсінікті болу үшін психолог, психиатр, психотерапевт деген мамандық иеле­рінің өзара айырмасын айтып берсеңіз.

- Иә, көп адамдар бұл үш мамандықты бір-бірімен шатастырып алып жатады. Кезінде ғаламтордағы бір блогымда «Қазақ неге «пси» жалғауы бар сөздерден қашады?» деген пост жариялап, оған блогтың әр жердег­і  оқырмандары  қызу түрде өз пікір­лерін білдірген бола­тын. Психолог психологиялық диагностиканың тәсілдерін білгендіктен адамның психологиялық жай-күйін анықтай алады. Диагноз қоймайды және дәрі бермейді. Психиатр мен психотерапевттің жоғары медициналық білімі болуы шарт. Пси­хиатр психикалық ауытқуларды, бұзылыстарды дәрімен және басқа­ да тәсілдермен емдейді. Психотерапевт адам санасына терапевтік ықпал етіп, психологиялық, психикалық бұзылыстарды сөзбен және басқа да ықпалды тәсілдермен емдейді.

- Сұхбатыңызға рахмет, Серік­бай аға. Психологияның қарыштап дамитын күні әлі алда деп сенейік.

Сұхбаттасқан  Назерке   САНИЯЗОВА

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Желтоқсан 2011 >
      2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары