Өзекті мәселелер

  • 13.12.19

    Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мазмұны терең, мағынасы зор мақаласын жуырда тағы бір мәрте шолып шықтым. Сол сәтте ойыма­ Арал ауданының Тоқабай елді мекенінде тұратын ардагер ұстаз, сол өңірге танымал өлкетанушы Үргенішбай Қуатов оралды.

    ...
    Толығырақ...
  • 13.12.19

    Менде арман көп. Қиялдай кетсем, ойымда шек жоқ. Туған жерімде лайықты білім алып, ата- анам, туған қарындасыма қамқор болғым келеді. Қарындасымды шексіз жақсы көремін. Ол – менің бауыр етім. Ата-анамыз бізге күн сайын бір-бірімізге қамқор, мейірімді, адал болуды үйретіп отырады. Өйткені мейірімділік әлемді құтқарады. Егер біз мейірімді болсақ, біздің өміріміз қуанышқа, бақытқа тол...

    Толығырақ...
  • 05.12.19

    «Құмкөл-Қызылорда» авто­жолы­ның 70-інші шақырымында «Кеңлік» кен орнынан Шымкент қаласына бағыт­ алған «Neoplan» маркалы автобус­ аударылып, 8 адам қаза тапты. 21 адам жарақат алған. Мәліметтерге сүйенсек, автобус ішінде барлығы 36 адам болған. Олардың барлығы – «Саутс Ойл» мұнай компаниясының қызметкерлері» деген ақпарат барша қазақстандықтың қабырғасын қа­йысты­рғаны  анық.

    ...
    Толығырақ...
  • 05.12.19

    Алты құрлықты ақпарат билеген уақытта оған ілесіп отырудың өзі жетіс­тік. Соңғы жылдары «жаңа медианың келешегі кемел, ал дәстүрлі БАҚ-тың болашағы бұлыңғыр» деген пікір бірен-саран айтылып жүр. Қай медианың алға озып, қайсысы артта қалатыны уақыт еншісіндегі дүние деп білеміз. Бірақ ел алдымен интернетте жылт еткен жаңалыққа емес, газет бетінде қатталған хабар­ға сенетіні анық. Ол – ақиқат. Толығырақ...

  • 05.12.19

     

    Ерғали  АБДУЛЛА


    Қу  ақша

    Бермеймін дегенді – бергізеді. Көрмеймін деге...

    Толығырақ...
ИНТЕРНЕТ-ДҮКЕНГЕ ИЕК АРТУ дұрыс па, бұрыс па?
05.11.2015 11:11

Бүгінде сөз жеткенмен, көз жетпейтін қияннан тауар алдыру түк те емес. Мәселен, ғаламтордан көзің түскен тауарға бар болғаны бір батырманың көмегімен тапсырыс бересің де, ақшасын алдын ала карточка арқылы аударасың. Осылайша жаның қалаған дүниеге аз-кем уақыттың ішінде қол жеткізесің. Міне, «айшылық алыс жерлерден» зат алғызудың ең жылдам жолы – осы. Кейде сол алыстан келген қорапшаны ашып қараған соң көңіліңізден шықпай қалатын сәт те туады. Сонда тапсырыс берген өзіңді не сені жерге қаратқан тапсырыс қабылдаушыны жазғырарыңды білмей дал боласың. Мұндай жағдайға тап болғандар таныстарымыздың ортасынан-ақ табылады. Алайда елдің бәрі мұндай келеңсіздікке ұрынбайды. Сондықтан интернет-дүкенге иелік ететіндердің барлығына сын-пікір айтудан аулақпыз. Десе де...

 

КИМЕЙ

ТАҢДАҒАННЫҢ  КЕСІРІ

Бәріңіз білесіздер, қазіргі таңда Ұлттық арнада «Қа­зақстан  дауысы» жобасы жүріп жатыр. Жобаның  басты шар­ты­ – көрмей тыңдау. Сол сияқты интернет-дүкендегі киім саудасында бірін­ші қадам – кимей таңдау. Мәселен, Қызыл­орда қаласының тұр­ғыны Арайлым (тұ­тынушының аты жөні өзгертілген – авт.) бір интернет-дүкеннен екі бірдей көй­лекті ұнатқан. Жарнамадағы қыз­дың  бой-сойы өзі­мен шамалас болғасын өз өлшемінде оған тапсырыс  береді. Десе де қос көй­лектің бірі қолға тигенде ойынан шықпайды. Мүмкін бұл өлшемей пішіл­геннің әсерінен болар. Кім біле­ді?! Арайлымның ай­туынша, суреттегі көйлектің  ұзындығы тізеге жететін бол­ған. Ал ол киіп көр­ген кезде ол ұзындық «тониканың» (авт. – қыздардың санына дейін түсіп тұратын жейде) ұзындығынан аспаған. Тапсырыс берген тауарының мұндай қалыпта келгеніне аң-таң болған күйде,  мекеменің  Алма­тыда­ғы филиалына хабарласып, ол мән-жайды түсіндіреді. Ал ондағ­ы қызметкерлер оған: «Сіз киімге тапсырыс беретін кезде ақшасын түгелдей төле­діңіз. Бұл – сіздің  біздің шарт­тарымызбен келіскен түріңіз. Сондай-ақ сіз көйлекті алатын кезде оның Қытай, Еуропа, Түркия – қай елдің өлшемінде екенін нақтылап сұраған жоқсыз», - депті. Амал жоқ, алған киім алынды, сандықтың бір түбіне салынды. Сондықтан Арайлым келер жолы киімге не косметикалық затқа тапсырыс берердің алдында тауардың бүге-шігесіне дейін сұрап алатын­  болған. 23 жастағы қыз осылайша өзінің аз-кем тәжі­рибесімен бөлісті. Қайта абырой болғанда Арайлым ұтыл­ған жоқ. Берген заты өлшемімен келмесе де, мөлшерімен келді. Ал ақшаны аудартып алып, қу шөппен ауыз сүртіп кететін  интернет-дүкендердің бар  екендігін облыстық ішкі істер  департаменті  жоққа шығармайды.

 

РЕСЕЙДЕН   АЯҚКИІМ САЛЫП   ЖІБЕРЕМІН

ДЕП   АЛДАҒАН

Мысалы, Шиелі ауданына қарасты Бидайкөл ауылының тұрғыны қыркүйектің басында  әлеуметтік желі арқылы бір азаматш­амен танысқан. Ресейден спорттық үлгідегі аяқкиім салып жіберемін деген оған ауыл азаматы терминал ар­қылы 4750 теңгені төлеп жіберген. Ал тауар болса, әлі күнге дейін жетпеген. Ауыл тұрғындарынан бөлек, мұндай жағдайға қала тұрғындары да тап болады. Оған қызылордалық тұр­ғынның басынан өткен мына оқиға дәлел. Ол автокөлігінің қосалқы бөлшегін ғаламтордың көмегіне сүйеніп іздеген. Белгісіз азаматпен телефон арқылы тілдесіп, кейін келісіп, оның есепшотына банк ар­қылы 30 мың теңге аударған. Алайда сан соғып қалған қала тұрғыны бүгінде екі алақан, бір бет болып отыр. Я зат жоқ, я ақшаның ізі жоқ. Міне, осындай қулардың құрығына түсіп қалу деректері адамға деген сенімді азайтып, әр қадамды сақтықпен  басуға  шақырады.

Облыстық  ішкі  істер департаментінің мәліметінше, өткен жылы атап көрсетілгендей алаяқтық әрекеттер тір­келмеген. Ал биылғы 9 айдың ішінде мұндай деректердің   5-еуі  орын  алған. «Олар  сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірың­ғай тізіліміне тіркелді. Тергеп-тексеру жұмыстары жалғас­уда», - деп көрсеткен ОІІД  бастығының  орынбасары  Н.Анарбаев  жолдаған  жазбаша  хатында.

 

ПОШТА   ТАУАРДЫҢ

БҮТІН  ЖЕТУІНЕ   ҒАНА  ЖАУАПТЫ

Көбіне бармағын тістеген тұтынушылар алданғаннан кейін кімді кінәларын білмей, бастары тауға да, тасқа да со­ғылады. Ақшаны терминал арқыл­ы аударғанымен, кейде оларға тауар «Қазпошта» арқыл­ы жетіп жатады. Сондықтан кей жұрттар «Қазпоштаның» да қатысы бар ма?» деген­ ойға қалады. Алайда таяқт­ың  бір  ұшын  мұнда  тіреу әділеттілікке жатпайды. Себебі.­..

«Қазпошта» АҚ Қызылорда облыстық филиалы қызметкерлерінің айтуынша, олар тек тауардың ашылмаған қалыпта тұтынушыға табысталуына жауап­ты. Ал оның сапасына, тіптен ішінде не бар екендігіне­ көз жүгіртуге қақысы жоқ. Олар компаниялармен немесе мекемелермен тауарды бүтін күйін­де жеткізіп беру үшін ғана екеуар­а құжатқа қол қояды. Бүгінде Қызылорда қаласындағы «Қазпошта» мекемесі ғаламтор арқы­лы тапсырыс бере­тін 50 интернет-дүкенмен келісімшарт жасасқан. Оның ішінде Ресей, Беларусь елінің компаниялары да бар. Ал облыс­ тұрғындарынан Алматы, Астана, Қарағанды қалаларындағы  интернет-дүкеннің тауарларына сұраныс жоғары көрі­неді. Одан бөлек, Өскемен қаласынан  бал  сатып  алатындардың  да  қарасы  қалың  екен. Тұтынушылар көбіне-көп киімг­е, косметикалық  заттарға және тұрмыстық жиһаздарға жиі тапсырыс беретін болып шықты.

Егер «Қазпоштаға» келген тауарды егесі 14 күннің ішінде алып кетпесе, ол зат компанияға  кері қайтарылады.

 

ИНТЕРНЕТ-ДҮКЕННІҢ ИГІЛІГІ  ДЕ  ЖОҚ  ЕМЕС

Біржақты байлам жасауға болмайды. Интернет-дүкен арқылы алданған адамдар бар екен деп бұл жүйенің жұмысына қырын қарау да әбестікке жатады. Мәселен, интернет-дүкеннің егелері осы кәсіптің көмегімен бизнесті жолға қойып отыр. Сауда айналымы арқылы ел қазынасымен қатар, өз қазынасын да арттыруда. Жақында «Швабские колбаски» шұжық комбинатының, «Саржайлау» қымыз, шұбат өндірісі компаниясының иесі, «Семей-тері» тон тігу комбинатының негізін қалаушы Ахмет­бек Нұрсила «Ақмешіт жастары» газетіне берген сұх­батында интернет-дүкенге қатысты өз пікірін білдірген. Онда: «Қазір елдің 70-80 па­йызы ғаламторды қолданады. Сауданың бәрі электроникаға көшті. «Олх» сауда дүкені бар, оның иесі – орыс. Сіз онда жарнама жасағанда, ақшамыз Ресейге кетеді. «Сату.кз» бар, оны қолдансаңыз, ақшаңыз Украинаға  кетеді.  «Ламода»   да – Ресейдікі. Бұдан  өзге  қаншамасы бар. Біз электронды коммерциядан шет қалып жатыр­мыз. Сайт дегеніміз не? Ол – дүкен. Сайтың бар болса, күнделікті тұтынушылардың көзіне  көрініп  тұра аласың. Ол сенің өмірбаяныңды іліп қоятын жер емес. Ол бұрынғы сайттар. Сайт сауда жасайтын жер. Қазір ешкім жабайы бизнес жасамайды», - деген. Бел­гілі кәсіпкер осы сөзі арқылы отандық интернет-дүкенді өрге домалату керектігін жеткізгісі келген. Еліміздегі интернет-дүкеннің игілігі, тиімділігі өзінше  бір әңгіме. Себебі онда сіз елең еткізген зат лезде жеткізіледі. Одан бөлек, көрмесеңіз де, таңдау мүмкіндігі бар. Сіздің заманауи үрдіспен тапсы­рыс беруіңіздің өзі неге тұрады? Отандық өнімге кө­зіңіз  түссе, тіптен керемет. Ел экономикасына тамшыдай болса да, өз үлесіңізді қосасыз.

Сонымен, біз ой түйер оқырманға интернет-дүкенге мүлдем иек артпаңыз демейміз. Оның дұрыс не бұрыстығын өздеріңіз шешесіздер. Тек тапсырыс берген күннің өзінде түрлі жағдайды ескере отырып, келесі тараппен ақпарат алмасуға шақырамыз. Себебі кейін «қап!» деп сан соғып қалғаннан, алдын ала сұрап алғанның айыбы жоқ. Оның үстіне қазіргі таңда алаяқтық та азайып тұрған жоқ. Сондықтан іші-бауырыңа кіріп, бір-ақ сәтте көзіңді байлайтын әккі қулардан сақтанған жөн. Және сенімді әбден суалдырып, теріс пікір қалыптастырудан да аулақпыз.

Г.ЕСІМОВА


 

 

Сіз  не  дейсіз?


Жасұлан  СЕРІКОВ,

тұтынушы:

ИНТЕРНЕТ-ДҮКЕН  АРҚЫЛЫ

ТАПСЫРЫС БЕРУ КӨП ЖАҒДАЙДА АРЗАН

Мен sulpak.kz және alser.kz интернет­-дүкендерінің тауарын жиі қолданамын. Себебі бұлай тапсыры­с беру әлдеқайда арза­нырақ. Мәселен, 60 мың теңге тұратын­ затты интернет-дүкен арқы­лы 55 мың теңгеге сатып алуға болады. Сондай-ақ Қытайдағы www tinydeal.com дүкенінен өзіме қажетті заттарды алып тұрамын. Екі аптаның ішінде келеді. Kaspi.kz интернет-дүкенінің де қызметіне жүгінемін. Тұрмыстық зат, бәрін алуға болады. Интернет­-дүкен арқылы сауда жасаудың негізгі шарты, бәрі білетін де шығар, виза деген карточка алу керек. Ондай карточканы кез келген банктен алуға болады. Тұтынушы ретінде айтарым­, менде тапсырыс берген тауарларға келгеннен кейін көңіл толмай қалу деген мәселе болған емес. Тек жеткізу жағы сәл кешігуі мүмкін. Онда да жолдағы кедергілерге байланысты. Көбіне Қытайдан керекті заттарды алып тұрамын. Мысалы, біршама уақыт бұрын ноутбук пен оның қуаттандырғышын интерн­ет-дүкен арқылы алдым. Оның қуаттандырғышының бағас­ы  бізде 10-15 мың теңге тұрады, ал мен 7 мың теңге беріп, қол жеткіздім. Яғни, маған екі есеге арзан түсті. Сосын шетелдік дүкендерде тауардың бағасы доллармен көрсетіледі. Алайда ешқанд­ай проблема жоқ, интернет-магазин лезде соңғы курспен бағаны теңге күйінше есептеп береді. Бар болғаны, бірнеше секундта­рдың ішінде. Осылайша ақша карточкадан теңге қалпынд­а  ұсталады.

Айта кететіні, кейде осындай жолмен арам ойын іске асыр­ғысы келетін алаяқтар да болады. Олар интернет-дүкен ретінде емес, бастапқыда жарнама сайты ретінде жұмыс істейді. Мысалы,­ екі мың доллар тұратын сағатты «жүз долларға сатамыз, бізде арзан»­ деп тұтынушыларды тартады. Алайда олар жіберетін тауар­ «подделка» болып шығады. Түпнұсқа емес. Егер адамдар логикалық тұрғыдан ойланса, олардың алаяқ екеніне көз жеткізуге болад­ы. Көбіне адамдар затты алғаннан кейін өздерінің алданып қалғанын  сезінеді. Менің сондай таныстарым болған. Тағы бір мысал, айфон ұялы телефонының 200 мың теңгеге бағаланатынын бәріміз білеміз. Десе де оны өзге бір сайтта 15 мың теңгеге ұсынуы мүмкін. Бағалар арасындағы арақашықтық арқылы қай заттың түпнұсқа, қай заттың көшірме екенін біле беруге болады. Ал жалпы интернет-дүкен арқылы сауда жасаудан қорқудың қажеті жоқ. Себебі заман сондай. Уақыт талабы соны қажет етеді.

Жуырда Алматыдағы бір интернет-дүкеннен сканер сатып алдым. hp үлгісіндегі. Бағасы 105 мың теңге тұрады. Мен көріп жүрген жерлерден құны 10-15 мың теңгеге төмендеу. Арнайы офистері жоқ, үйлерінен сатады екен. Кейіннен ол сканерді сервис­  орталыққа барып, тексерттім. Оның кемшілігі – зауыт арқылы кеткен ақауында. Бірақ оған бола еш уайымдаудың қажеті жоқ. Өйткені орталық маған акт жасап берді. Енді мен сол бойынша­  ақшамды қайтарып аламын немесе маған дәл сондай сканердің  жаңасын  жібереді.

Интернет-дүкеннің қандай тиімділігі бар дейтін болсақ, ең бірінші уақыт үнемдеу жағынан ұтамыз. Жұмыста отырғанда немес­е үйде болғанда бір зат сатып алғың келеді, сол кезде дереу сатып ала саласың. Қаржы үнемдеу жағын жоғарыда айтып кеттім. Ескерерлігі, кейбір банктерде карточка арқылы онлайн тапсырыс  беруге  тыйым салынған. Ол үшін банкке барып, өтініш жазу керек. Ал  жеке  менің  өзім  қолданатын  карточкам – Казком­мерц­банктікі. Менде мұндай кедергілер жоқ.

Соңғы рет Қытайдың www tinydeal.com дүкенінен ақылды фитнес  браслетін  алдым. Бұл  браслет күніне қанша қадам, қанша қашықтық  жүргеніңді  есептеп береді. Және телефонға қоңырау, хабарлама  келгенде вибрация береді. Бағасы 15 доллар тұрады. Көлемі кішкентай болғандықтан, жеткізілуі тегін болды. Сосын азанда тұрғанда да оятқыш болып вибрация береді. Өте тиімді әрі  пайдалануға қолайлы.

 


 

 

Фархад   АБЖАППАРОВ,

IT  маманы:

 

ҮСТЕМАҚЫ   ПАЙЫЗДЫҚ

КӨРСЕТКІШТЕРДІҢ ЖОҒАРЫЛЫҒЫН  АТАП

ӨТКЕНІМІЗ  ЖӨН

Жаңа ақпараттық-инновациялық технолог­иялардың қазіргі қоғамға енуі әсерінен адамзат қауымының көптеген жұмыс күштерін жеңілдеткені айдан анық. Осы ретте интернет-дүкенді мысалға­ келтіруге болады. Бұл жүйелер шетелде әлдеқайда дамып­ кеткен және олар осы жүйе арқылы өз кәсіптерін жүргізіп отыр. Қазіргі уақытта интернет-дүкеннің еліміз­де қарқынды дамуы енді белең ала бастады. Бұл жерде тұтынушылар үшін, ең бастысы, сенімділік пен тауар сапасы. Осыған­ орай интернет-дүкенмен жұмыс жасағанда қауіпсіздік шаралар­ын ұмытпаған жөн деп санаймы­н. Ең алдымен, төлемақы айналымы интернет арқылы­ жүргізілгендіктен алаяқтарға ұрынып­ қалмау қажет. Сол сияқты тауарға да қатысты. Өзімізге белгілі техникалық құрал-жабдықтар сататын дүкендерде бұл жүйе жақсы­ дамып келе жатыр­. Біріншіден, сұранысыңыз тез орындалады, екіншіден, жеңіл­діктері әлдеқайда жоғарылау. Бұл дегеніміз – тұтынушылардың уақыты мен қаржысын үнемдеу деген сөз. Өзім де көбіне техникалық заттар сататын интернет-дүкендердің қызметі­н пайдаланамын. Алайда еліміздегі банктік жүйелер арқылы­ төлем жасау бірреттілікке келмеуі қиыншылықтар туындаты­ны анық, сонымен қатар ондағы үстемақы пайыздық көрсеткіштерінің  жоғарылығын атап өткеніміз жөн.

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Қараша 2015 >
            1
2 3 4 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары