Өзекті мәселелер

  • 13.12.19

    Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мазмұны терең, мағынасы зор мақаласын жуырда тағы бір мәрте шолып шықтым. Сол сәтте ойыма­ Арал ауданының Тоқабай елді мекенінде тұратын ардагер ұстаз, сол өңірге танымал өлкетанушы Үргенішбай Қуатов оралды.

    ...
    Толығырақ...
  • 13.12.19

    Менде арман көп. Қиялдай кетсем, ойымда шек жоқ. Туған жерімде лайықты білім алып, ата- анам, туған қарындасыма қамқор болғым келеді. Қарындасымды шексіз жақсы көремін. Ол – менің бауыр етім. Ата-анамыз бізге күн сайын бір-бірімізге қамқор, мейірімді, адал болуды үйретіп отырады. Өйткені мейірімділік әлемді құтқарады. Егер біз мейірімді болсақ, біздің өміріміз қуанышқа, бақытқа тол...

    Толығырақ...
  • 05.12.19

    «Құмкөл-Қызылорда» авто­жолы­ның 70-інші шақырымында «Кеңлік» кен орнынан Шымкент қаласына бағыт­ алған «Neoplan» маркалы автобус­ аударылып, 8 адам қаза тапты. 21 адам жарақат алған. Мәліметтерге сүйенсек, автобус ішінде барлығы 36 адам болған. Олардың барлығы – «Саутс Ойл» мұнай компаниясының қызметкерлері» деген ақпарат барша қазақстандықтың қабырғасын қа­йысты­рғаны  анық.

    ...
    Толығырақ...
  • 05.12.19

    Алты құрлықты ақпарат билеген уақытта оған ілесіп отырудың өзі жетіс­тік. Соңғы жылдары «жаңа медианың келешегі кемел, ал дәстүрлі БАҚ-тың болашағы бұлыңғыр» деген пікір бірен-саран айтылып жүр. Қай медианың алға озып, қайсысы артта қалатыны уақыт еншісіндегі дүние деп білеміз. Бірақ ел алдымен интернетте жылт еткен жаңалыққа емес, газет бетінде қатталған хабар­ға сенетіні анық. Ол – ақиқат. Толығырақ...

  • 05.12.19

     

    Ерғали  АБДУЛЛА


    Қу  ақша

    Бермеймін дегенді – бергізеді. Көрмеймін деге...

    Толығырақ...
АУЫЗСУДЫҢ АЗАБЫ немесе жетімнің күйін кешкен көше
08.01.2016 12:47

Қызылордада «КБИ» мөлтек ау­данындағы Жұмабаев көшесінің тұрғындары  ауызсудың азабын тартып келеді. Қаланың іргесінде тұрып «жетімнің» күйін кешкен бұл көше­нің аяқ жағында ауызсу атымен болмаған. Яғни, көшені қиып жатқан Қорқыт ата көшесі­нің оң жағында тұратын  жүзге жуық тұрғын суды әлі күнге тасып ішеді. Ашынған жұрт тіршілік нәріне неліктен қол жеткізе алмай  отырғандықтарын білмей дал. Айдың  күннің  аманында  ауызсуға зар болған  тұрғындар  бүгінгі тір­лік­теріне ызалы. Жергілікті би­лік­тен қайыр  болмай, қажыған  қарашаның  барар  жері де қалмапты. Ал, тұрғындардың талап-тіле­гін ескеру үшін шамаме­н  45 миллион  теңгедей қаржы  керек  көрі­неді.

Қазір тұрғындар Марат Дүйсенбаев есімді азаматтың жеке жер асты су құбырынан шығатын ауызсуды тұтынып, амалдап отыр. Қысты күндері құбырдың қатып қалуынан тұрғындар ұзын-сонар кезекке тұруға мәжбүр. Ал құбырдан шығатын су уақытпен ағатын көрінеді. Тұрғындардың пайымынша, бұл көшеге бөлінген қаражат біреудің қалтасында кеткен. Көшеде көгілдір отын, жарық бағаналары болғанымен, ең қажетті ауызсудың болмауы расында таңғаларлық жағдай. Сондықтан жұртшылықтың күдігіне күмән келтіру қиын. Елу жылдан бері шелек көтеріп, арба сүйреп әбігерленген жұрт әкімдерге сенуден қалған. Солардың қатарында сексеннің сегізіне шыққан Дүйсенбай Омаров  ақсақал да бар. Қарт «жарты өмірім су тасумен өтті» деп ашынады. Тіпті, бала-шағасын былай қойғанда, немерелері де су тасуға мәжбүр.

Дүйсенбай Омаров, Жұмабаев көшесі №40 үйдің тұрғыны:

- Осы көшеде тұрып жатқаныма елу жылдан асты. Содан бері көрген күніміз осы. Ауызсу әне келеді, міне келеді деп жүріп жарты ғұмырым өтті. Қазір жасым сексен сегізде. Суды өзім тасып іштім, балаларым да, енді немерелерім де су тасумен әлек. Ауыл-аймақты сумен жарылқап жатқанда, облыс орталығында тұратын біздердің жағдайымызды ойлайтын бірде-бір адам табылмай отыр. Кезінде қаржысын біреулер қалтасына басып, көшенің басындағы үйлерге суды жүргізген де тайып тұрған.

Жақында ғана тұрғындар аймақ басшысы Қ.Елеуұлының атына хат жолдаған. Ауызсуға арыз айтқандарға жоғарыдағылар жарытып жауап та қайырмапты. Бар болғаны «М.Жұмабаев көшесіне ауызсу жүргізу жұмыстарына жоба-сметалық құжаттарын дайындауға бюджеттік комиссияға өтінім ұсынылады. Осы жобаның мемлекеттік сараптама оң қорытындысы алынғаннан кейін құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге «Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына» бюджеттік өтінім құжаттары табысталады. Құрылысқа қажетті қаражат көзі қаралған жағдайда құрылыс жұмыстары орындалатынын хабарлайды» деп жауап берген. Ал облыс әкімінің мұндай мәлімдемесіне жұртшылықтың өкпесі қара қазандай.

Әнуарбек Қабланбеков, Жұмабаев көшесі №88 үйдің тұрғыны:

- Бұл мәселемен бармаған жеріміз қалмады. Талай мекеменің табалдырығын тоздырдық. Бірақ одан шыққан нәтиже жоқ. Сөздің шыны керек, шаршадық. Көршіміз Марат Дүйсенбаев осыдан үш-төрт жыл бұрын өзі жер асты суын қаздыртып, көшенің бойына екі жерден су құбырын жасады. Енді сол жерден үйімізге су тартайық десек тағы болмай тұр. Оған насостардың шамасы келмейді. Өйткені қаншама үй бар. Не істейтінімізді, кімге барып, көмек сұрайтынымызды білмей қалдық.

Қазыбек Баймаханов, Жұмабаев көшесі №81 үйдің тұрғыны:

- Облыс, қала әкіміне дейін бардық. Қалалық «Нұр Отанға» да хат жаздық. Бірақ бір мәнісі табылмай-ақ қойды. Жиырма бірінші ғасырда күн кешіп жатқанымызға сенбейміз кейде. Біздер жұрт құсап жарыққа, тасжолға айғай-шу көтермейміз. Оның да оңып тұрғаны жоқ. Тек ауызсу жеткізілсе, жақсы болар еді. Қыста қиналып кетеміз. Су тасып отырғанымыз қынжылтады.

Нұржан Башпенов, Жұмабаев көшесі №141 үйдің тұрғыны:

- Биліктегілердің дамыған елу елдің қатарына ендік деп айтуға ауыздары қалай барады? Соған таңғалам. Алдымен халықтың жағдайын жөнді жасап бермей ме? Не су жоқ, жолымыз мынау. Қырық жамау. Бұрындары көгілдір отын да жұрттың соңынан тартылған еді. Онда да осындағы тұрғындардың айтуымен. Сол кезде премьер-министр Кәрім Мәсімовке хат жолдағанбыз. Содан кейін іле-шала жұмыс жасалды. Ал осы ауызсу мәселесі әлі күнге біздерді толғандырып тұр.

Тұрғындардың “құбыр тартуға бөлінген қаражатты бір пысықай жеп қойды” деген күмәнді ойларының негізі бар сияқты. Мұны қалалық құрылыс бөлімінің мамандары да қуаттап отыр. Бірақ нақты кім екенін ешкім тіс жарып айтқысы жоқ. Аталмыш мекеменің қызметкерлері көшеге судың жүргізілмей жатқандығын осымен байланыстырады. Айтпақшы, бұл көшеге жыл соңына дейін ауызсу тарту жоспарда бар көрінеді.

Бауыржан Еркебаев, Қызылорда қалалық құрылыс бөлімінің бас маманы:

- Қазіргі таңда осы көшелерге тізім бойынша бюджеттік өтінім берілген. Қаражат қарастырылған жағдайда жергілікті бюджеттен жоба-сметалық құжаттар әзірлеп, құрылыс жұмыстарын жүргіземіз. Ал құрылыс жұмыстарына шамамен қанша қаражат керектігін нақты айта алмаймын.

Бас маманның сөзіне сенсек, тұрғындар ауызсу азабынан арылады. Тек оның да қашан және қайтіп орындалатыны беймәлім. Ендігі жерде тұрғындардың «көбіне шыдағанда азына да шыдармын» дегеннен басқа амалдары жоқ. Десе де, өркениеттен  кеш қалған көше тұрғындарының  қалауы тезірек орындалса игі. Жалпы, өңірде ауызсу мәселесі соңғы үш-төрт жылдың көлемінде біршама реттелген. Тіпті, қызылордалықтар ашық аспан астындағы дария суын алдағы уақытта ішпейтін болады. Өйткені, оның сапасы тым нашар. Қазір жер асты суын тарту жұмыстары қалада қыза түскен. Реті келсе, бұл көшенің де ауызсуға жарып, қарық болатын күні алыс емес деп сенеміз...

Н.ЕРБОЛАТ

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Қаңтар 2016 >
        1 2 3
4 5 6 7 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары