Өзекті мәселелер

  • 20.09.18

    Биыл облыс экономикасының бәсі жоғарылайтын, негізгі көрсет­кіштердің көбеюіне қолайлы жыл. Өндіріс ошағына айналмағанымызбен, өнім өндіру мен экспорттауда алдыңғы қатарда тұрғанымыз рас. Өңірімізде соңғы жылдары көптеген зауыттар мен өндіріс ошақтары салынуда. Солардың қатарында молибден өндіру, балық өңдеу, цемент және шыны зауыттары да бар. Әрине, бұл төртеуі де – аймақтық индустрия­ландыру ...

    Толығырақ...
  • 20.09.18

    КӨНЕ  ҚАЛА  мен  ЖАҢА  ҚАЛА

    Біздің дәуірімізден әрі асатын шежіре-тарихы бар Сақтар мәдениеті көм­бесінің бір бөлігі Сыр бойында жатыр. Ашық аспан астында ата-баба аманатын арқалап, біздің дәуірімізге дейінгі ІV-VІІ ғасырларда ғұмыр кешкен Шірік-Рабат, Бәбіш молда, Бұланды, Сығанақ тарихи-мәдени ескерткіштері бүгінде көздің қарашығындай мемле...

    Толығырақ...
  • 20.09.18

    Ұшы-қиыры жоқ ну орман жым-жырт тыныштық құшағында мүлгіп тұр. Желмен тербелген зәулім талдар­дың жапырағынан күн көзі зорға көрінеді. Айнала өзгеше, рақат күйге бөленгендей. Табиғаттың дәл осы сәттегі ана уызына тойып маужыраған нәресте тектес кейпіне қарап маңай­да қанды қырғын соғыс жүріп жатыр десе, сенбес едіңіз. Алайда амал қан­ша?! Бірін-бірі жыртқыштан бетер жұлмалап, қыршын боздақтарды...

    Толығырақ...
  • 20.09.18

    Тағдыр тауқыметі болар, Аяулым анасынан ерте айы­рылды. Бар-жоғы 7 жасында ең ардақтысынан көз жазып қалды. Әкесі мен әжесі шешесін жоқтатпаса да, періште көңіл ананы аңсап тұрады емес пе? Күніге кешкілік жатар алдында ақ сүтін беріп аялаған аяулысының қойнында ұйықтайтын сәттерін еске алғанда, көзіне еріксіз жас келе­тін. Бала ғой. Енді ғана мектепке­ барды өзі. Сыныптастарын аналары әкелгенде...

    Толығырақ...
  • 20.09.18

    Леннокс Льюис, аса ауыр салмақта әлемнің бұрынғы абсолют чемпионы:

    - Жекпе-жек тең болды деген ойда едім, бірақ Головкин мықтырақ көрінді және екі раундта басым болғандай. Екі боксшы да барлық күшін рингте сарп етті! Жеңісті екеуіне де беруге болатын раундтар болды. Тамаша жекпе-жек! Ең мықты екі боксшыны да көрдік. Екеуін де сыйл...

    Толығырақ...
ДІННЕН БЕЗІП, ДӘСТҮРДЕН АЙРЫЛСАҚ...
12.07.2012 11:53

Сектадан сақтан!

- Қыздар, Құдайға апаратын кім, білесің­дер ме?

- Иә, Алла тағала!

- Жоқ!!! Иса пайғамбар! Тек қана сол! Одан басқа ешкім де емес. Сол ғана бізге Құдайға бастар­ жолды көрсетеді!

***

Орталық алаң орындықтарының бірінде отырған құрбым екеумізді Пайғамбар жасынан асып, жетпістің желкенін керуге таяп, өңі қуара бастаған ақсақалдың бұл сөзі екі қолымызды еріксіз жағамызға апаруға мәжбүр етті. Кешқұрым аздап бой сергітіп қайтпақ болған бізге бұл жайт ендігі өрбіткен әңгімеміздің негізгі өзегіне айналғандай. Орындыққа жайғасар алдында ғана теріскей беттегі аққұба жүзді атайдың таза ауамен тыныстап отырғанына кәдімгідей марқайып қалдық. Көптен бері кезікпеген қос құрбыны сырттай бақыла­ған қарт отырған орнынан тұрып, қолындағы сүйенері – таяғына салмақ салып, бізге қарай аяңдады. Аялдар тұс деп таңдағаны сол болды­ ма, білмедім, бұрылғаны да сезікті көрінгені рас. Себебі, қуарған өңінен әлдебір білместік­тің немесе адасушылықтың табы анық аңға­рылды. Мұны бізге қойған сауалы тағы да дәлелдей түскен тәрізді. Бастапқы бірер секунд ішінде «ақшасы таусылып тұр, әлде жөн сілтеуімізді өтінер ме екен?» деген ойлар келді санама. Жоқ, олай емес екен, керісінше.

Қалт-құлт етіп жүріп келген ол бізге бет бұрды да:

- Қыздар, Құдайға апаратын кім, білесіңдер ме? - деді сұраулы­ жүзбен.

- Иә, Алла тағала!

- Жоқ!!! Иса пайғамбар! Тек қана сол! Одан басқа ешкім де емес. Сол ғана бізге Құдайға бастар жолды көрсетеді, - деп таяққа сүйенген күйі аяғын тапыл­датып басып кете барды. Таяғы тастай жерді тарсыл­датып бара жатқан ақсақалдың соңынан таңдана әрі аянышпен қарадық. Аяқ алысынан барар жерінің мекен-жайын аңғару да қиын болмады. Байтұр­сынов көшесін бойлай жөнелген ақсақалдың ендігі аялдамасы – өзі сенетін Иса пайғамбар табынушыларының үйі болса керек. «Ақ шашты, қырма сақалы да қыраулана түскен қартты мұндай күйге түсірген нендей құдіретті күш екен?» деген ойдың тереңіне үңілдім.

Жасыратыны жоқ, жастарды діни сауатсыз деп кінәлауға даяр тұратынымыз белгілі. Ал атамыздың мына тірлігіне «жол болсын» дегеннен басқа ешнәрсе айту мүмкін емес. Бейбіт күнде өзге діннің же­тегіне еруге не себеп екендігін ұғынғымыз келеді. Бұл ретте Қызылорда облысы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар легі де айтарлықтай. Қазіргідей қоғамда адам баласына жаса­латын түрлі соққылар мен азаптауларды ескерсек, олардың әрқайсысының азаматтық құқығын қорғау үшін де арнайы жұмыс жасалуы керек-ақ. Мемлекеттің дамуына, өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосып отырған әр азамат заң шеңбе­рінде өз құқығын қорғай алады. Осы орайда өткен жылдың аяқ шенінде Қызылорда облы­сындағы «Самұрық» инно­вациялық идея­ларды дамыту орталығы» қоғамдық қоры жа­нынан «Азаптаулардың және адамның құқық­тары мен бостандықтарына қарсы басқа да қылмыстардың, діни экс­тремизмнің құрбандарына және діни экстр­емизм ұйым­дарының ықпалынан шыққан тұлғаларға арналған «Қамқорлық» дағдарыс орталығы құрылған бо­латын. Орталық 2011 жылдың қараша айына­н бастап облыс әкімінің қолдауымен өз  жұмыстарын  жандандырып  келеді.

- Орталық құрыл­ғалы бері 2012 жылдың ақпан айына дейін «Игілік» корпоратив­тік қоры арқылы қаржыландырылып келді. Жобаның өміршеңдігін жалғастыру мақсатында облыстық бюджеттен 4 млн. 244 мың теңге қаржы қарастырылды. Осы қаражатқа үстіміздегі жылдың наурыз-желтоқсан айлары аралығында «Қамқорлық» дағдарыс орталығының қызметі ұйым­дастырылады. Мұнда үйлестіруші, психолог, әлеуметтік қызметкер, заңгер, аспазшы және қарауыл секілді білікті мамандар жұмыс жасайды. Бұл орталықта көп ретте отбасылық, әлеуметтік келіспеу­шілік жағдайын реттеуге көмектесеміз, одан кейін тұр­мыстық-психологиялық бағытта зардап шегушілерге қолдау көрсетіледі. Ал үшінші – діни психологиялық бағытта жұ­мыстар атқарылады. Елімізде 1992 жылы қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңның солғын тұстары да болды. Өткен жылғы жаңадан өзгерістер енгізіл­ген заң шеңберінде барлық ұйымдар тіркеуден өтіп, жұ­мыстарын жалғастыруда. Олардың арасында тіркелмей, заңсыз, жымысқы әрекеттерін жүзеге асырып жатқандар қаншама?! Айта кетерлігі, орталыққа келушілердің 95 пайызы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты шағымданады. Оның ішінде 98 пайызы – әйел азаматтар. Олар балаларымен бірге осында болады. Ашылғалы бері 20-ға тарта адам бейімдел­ді. Биылғы жылы тек 20 адамды ғана бейімдейміз деп жоспарлаған болатынбыз. Алайда, бұл көрсеткіш межеден асып кет­ті. Осыған байланысты алдағы уақытта көптеген адамдарды бейімдеуге мүмкіндік бар. Олардан бөлек, орталыққа келіп немес­е сенім телефоны арқылы кеңес сұраушылар қатары да жоқ емес. Мақсат – қолұшын созуды сұрағандарды бір апта бейімдеп, қайтарып жіберу емес, олардың рухани кемелде­ніп, өз-өздеріне келгендерінше қадағалап отыру, - дейді «Самұр­ық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық  қорының дирек­торы Ж.Тұсмағамбетов.

Өмірдің қиындығына шыдамай, әлеуметтік ахуалына бас имей және тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген азаматтар мен азаматшаларға дер кезінде рухани күш-қуат беріп, психологиялық жағдайын қалпына келтіру орталық қызметкерлерінің басты мақсатына айналып отыр. Одан өзге түрлі ағымдардың жетегіне еріп, адасып­ жүрген, теріс бағыттағы ағымдардан зардап шеккен адамдарға да жан-жақты көмек беруге әрқашан әзір. Мұндай жұмыстардың қоғам игілігі үшін, яғни, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, тұрмыстық-психологиялық ахуалды жақсарту және діни-психологиялық бағыттағы  жағдайды  қалыпқа  кел­тіру үшін маңызы зор. Аталмыш орталық осы үш бағытқа басымдық бере отырып, облыс­тық ішкі саясат басқармасының әлеуметтік қызметті ұйымдастыру бағыты бойынша қолдауымен халыққа қызмет көрсетіп келеді. Орталықтың жыл көлеміндегі жоспарлаған жұмысын ұйымдастыру үшін облыстық бюджет есебінен қаржы қарастырылып отырады. Оның ішінде тұрғындар арасында діни экстремизм құбылыстарының алдын алу бойынша әлеуметтік қызметін ұйымдастыру үшін 1 млн. 983 мың теңге көлеміндегі қаражат бөлінген. Бұл қаржыға жыл соңы­на дейін семинарлар, кездесулер, дөңгелек үстелдер, акциялар, конференциялар мен байқаулар өткізілмекші. Тіпті бірқатар іс-шара өз нәтижесін беріп те үлгерді. Дәл осы мақсаттағы ақпараттық қызмет тарат­атын www.antisekta-kyzylorda.kz арнайы веб-порталының жұмысына 2 млн. 100 мың теңге қаралған. Мұнда тұрғындарға қажетті дәстүрлі діни ақпараттар мен мәліметтер сақталған. Сондай-ақ, түрлі дәстүрлі емес діни ағымдарды қалай ажыратуға болатыны туралы ата-аналарға арналған жадынамалар да көпші­ліктің назарына ұсынылған. «Сырдария-Руханият қайырымдылық орталығы» қоғамдық қорының жүргізіп отыр­ған портал жұмысымен танысып, «Қамқорлық» дағдарыс орталығынан көмек сұрап келіп жатқандар да жоқ емес. Мәселен, биылғы жылы діни ұйымнан зардап шеккен бір азамат шағымданған.

Осыдан бірнеше жыл бұрын діни сауаттың аздығы салда­рынан адасып, «Ата жолы» ағымының құрамына енген ерлі-зайыптылар арасындағы жағдай күн санап ушыға түсті. Уақыт өте келе отбасындағы бірліктің ажырап, берекенің бейтарап болып кеткенін аңғарған Б. есімді азамат осы орталыққа шағымданып, көмек сұраған. Төрт-бес жыл бойына сол діни ұйымның жетегі­нде жүріп, рухани азғындалып, бар тапқан-таянғанын сол бағытқа жұмсап келген. Содан бұл ағымның «айдауынан» шыққан күйеуіне әйелі алабөтен көзқарас танытты. Дұрыс деп таңдаған «Ата жолының» құрамында қалған әйелі отағасы үйге әкелген тұрмыстық заттардан бастап, азық-түлік, шикізат қорын, тіпті алты баласына тиесілі әлеумет­тік жәрдемақыны да сол ұйымның кіріс көзіне салатынды шығарды. Күйеуінің табысына дейін «Аллаһтың жолына» деген­ желеумен аталмыш ұйым­ға апарған соң ашуланған азаматта оған қол жұмсаудан басқа амал жоқ. Одан қалды, үйде жағымсыз діни үгіттеу­шілік жүргізіліп, психологиялық ахуал өз ауанынан ауа түс­кендей. Шағымданушының арызы бойынша атқарылған жұмыстар нәтижесінде әйелі қазіргі уақытта ол ағымға баруын­ азайтқан. Орталық маманда­рының айтуынша, әлгі әйел психологиялық тұрғыдан әбден уланған, санасы солармен бірге сіңісіп, «кіріп кеткен». Сондықтан қиындықтар туындауы мүмкін. Мұндай игілікті іс қамқорлықтықтардың тәжірибесіне таңсық емес. Өйткені 2010 жылы тұр­ғындарға діни-психологиялық, құқықтық кеңес беру орталығы арқылы дәл осы ұйымның шырмауына іліккен бүтін­дей бір отбасын сақтап қалған. Белгілі болғаны, мұндай жайсыз орынның құрамына бір адам енсе, оның отбасы, туған-туысы, араласатын ортасы да күн санап өзгереді екен. Әбден сіңісіп кеткендерді одан «суырып» алып шығу оңай шаруа емес. Сол себепті құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, орналасқан ошақтарын анықтап, дабыл қағуды басты міндет санайды.

Тілге тиек етерлігі, өткен жылы осындай діни ұйымнан зардап шеккендердің 12-сі келсе, биылғы жылы тек біреуі ғана орталықтың есігін ашты. Бұл да тұрғындар арасындағы діни ахуалдың тұрақталып, жасал­ған жұмыстардың жүйелілігі деп түсінуге әбден болады. Адамдардың әлеуметтік тұр­ғыдан қажып, ішкі жан дүние­сінің жайлы болмауы түрлі келеңс­із жайттардың орын алуы­на себеп болады. Осы ретте аталмыш орталықтың суицид және өзге дін шырмауына түсу фактілерінің алдын алып отырғанын атап өткеніміз артықтық етпейді. Демек, әлеуметтік жетіспеушілік салдарынан қажыған адам кез келген теріс әрекетке ойланбастан қадам басуы ұғынықты жағдай. Себебі, тұрмысы түзу, жан байлығы сарқылмаған адамның жат діннің жетегіне еріп, адасуы екіталай. Бүгінде «Иеһова куәгерлері», «Табиғи жамағат», «Саентология», «Кришна», «Ата жолы», т.б. дәстүрлі емес діни ағымдар жымысқы әрекеттерін жасап келе жатқаны белгілі. Дәстүрлі емес діни бір­лестіктердің саны күн санап артпаса, азаятын түрі жоқ. Оның құрамына енген азаматтардың дені өзіміздің қандастар екені тағы да өзегіңе өкініш ұялатары рас. Тәуелсіздік алған­ сонау тоқсаныншы жылдардан бері қарай жауыннан кейінгі саңы­рауқұлақтай қаптаған теріс бағыттағы діни бірлес­тіктер қазіргі күнге дейін тамырын тереңге, қанатын кеңге жайып үлгерді. Жасыратыны жоқ, бұған елдегі дін туралы заңның әлсіз тұстары да жол ашып берді. Кеңестік дәуірде «Құдай жоқ» деген атеистік көзқараспен тәрбиеленген буын­ның ұрпағы іргесі сөгіл­меген қазақтың бірлігіне іріткі салушы құзғындарға жем бол­ғаны ащы да болса шындық. Кешегі көкбөрінің ұрпағы атан­ған қазақ жастарының арасында дін мәселесіне келгенде ақсап қалып жататындары да жоқ емес. Тіпті басым көпші­лігі десек те болғандай, дін мен дәстүрді ажырата алмай жатады. Мәселен, қазаққа ғана тән кейбір салт-дәстүр, әдет-ғұ­рыптарды діни тұрғыдан қарас­тырып, жоққа шығарған пікір­лер қалыптасады. Олардың қатарына бейіт басына барып Құран оқу, жеті шелпек тарату­, тіпті келіннің сәлем беруін де жоққа шығаратыны қынжылтады. Осы ретте біз дін мен дәс­түрді сабақтастыра отырып, оң көзқарас қалыптастыру жұ­мы­сын жандандыруымыз керек.

Қоғам тіршілігіне дендей еніп, өзегіне құрт болып түскен бұл діни проблема түйіні тарқамаған, күрмеуі шешілмеген мәселе ретінде алдыңғ­ы орындарда келеді. Сан ғасырлар бойы тұрмыстық қол­даныста жүріп, қазақы болмысымызды айғақтайтын дәстүр сабақтасты­ғы білместіктен өзге діннің діңгегімен деңгейлессе, «жығыл­ғанға жұдырық» болары тағы анық. Кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде қалуға тиіс өзгешеліктер тіршілік шеңберінен асса, жағдай ушығып кетеді. Сондықтан қазіргі жас буын өкілдері «мәңгүрт қарттың» күйін кешпес үшін сектадан төнетін қауіптің алдын алуды ұсынған жөн болар. Әсіресе, дәстүрдің ара жігін ажыратуға қажетті мәселелер қамтылса, құба-құп болар еді. Қит етсе, қазір жастарды кінәлауға шеберміз. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бекерге айтылмаса керек. Айтайын дегенім, дін мен дәстүрді ажырата­ алмау себептерінен ұлттық болмысты айшықтайтын рухани құн­дылықтардан айрылып қалуымыз әбден мүмкін. Осындай кемші­ліктерге жол бермес үшін «бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» деп, ел іргесін сөгуді қалайтын жат ағымдардың әрекетіне­ көз жұма қарауымыз ожданымызға сын екендігін ескерген жөн-ақ. Діннен безіп, дәстүрден айрылсақ...

Нұрбике  ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Шілде 2012 >
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары