Өзекті мәселелер

  • 21.06.18

    Ұлы Жібек жолының бойында орналас­қан көне қалаға жаңа атау берілді. Оңтүстік Қазақстан облысы бұ­дан былай Түркістан облысы деп аталады. Орталығы – Түркістан қаласы. Бұл тарихи шешімді бүрсі­гүні Ел­басы ресми түрде мә­лімдеді.

    Ақордада «Қазақстан  Республикасының әкімшілік-аумақты...

    Толығырақ...
  • 21.06.18

    Жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бүгінгі қоғамның басты мәселесіне айналғандай. Жыл сайын парақорлыққа қарсы күрес, оның алдын алу шаралары қанша кү­шейтілсе, керісінше қылмыстық фактілер де солай көбейіп барады. Әкім­дік­тердің құқық қорғау органдарымен бірлесіп өткізген түрлі іс-шаралары да, экс-премьер-министр, министр мен әкімдердің қолына салынған кісен де парақорларды тоқтата алм...

    Толығырақ...
  • 21.06.18

    Нақты жұмыстардың нәтижесі сұралатын уақыт жетті. Бұл облыстағы кәсіп­керлік саласына қатысты. Өткен  сенбіде Жаңақорған, Шиелі  аудандарында  өткен көшпелі  жиында облыс  әкімі  Қырымбек  Көшер­баев өңірдегі кәсіпкерлік са­ласының даму барысын назарға­  алды.

    Мемлекеттік органдар мен қаржы институттары өкілдері қатысқан жиында аймақ  басшысы:

    ...
    Толығырақ...
  • 21.06.18

    «Оның бүркеншік аты – Пеле. Футболды жақсы көретін, жанын сала ойнайтын. Жылдамдығында шек жоқ. Осыдан 50 жыл бұрын, 19-20 жасымызда Алматы мемлекеттік консерваториясында Төлепберген Әбдірашевпен бірге бес жігіт бір бөлмеде тұрдық. Ауылдан келгенбіз. Қалтамызда тиын-тебеніміз де аз болды. Ішіміздегі ең пысық, ең жылдамымыз Төлепбереген еді. Вокзалға бару керек, троллейбусқа ақша керек деген сын...

    Толығырақ...
  • 21.06.18

    Азаттық таңымен бірге келген тарихымыздағы көптеген ақтаңдақтарды ашу, көмескіленген ұлттық сананы жаңғырту сияқты үлкен міндеттерді жүзеге асыруда­ көрер көз, сезер жүрек болса, қаламгерлеріміз атқарған істер аз емес. Жаңа тарих үдесінде өмірге бітімі бөлек көркем дүниелер келе бастады. Олар кейде жаңа өмір көктемінің алтынкүрек өкпегіндей еді. Сондай туындылардың бірі – жазушы Сайлаубай Жұбат...

    Толығырақ...
ҚАЗАҚ, ҚАЛА, ҚАЗАҚ ТІЛІ және ОЛАРДЫҢ ҚАЙШЫЛЫҚТАРЫ
26.01.2017 11:21

Біз Алматының сырт  жағындағы  ауылда тұрамыз. Бірде жұ­мыстан қайтып келе жатып, жолда қасында 5-6 жастағы баласы бар келіншекті көріп тоқтай кеттім. Машинаға мінген соң әдет­тегідей қайдан келесің, қайда барасың деген әңгіме басталды. Баласы биыл мектепке бар­ған екен. Қай сыныпта­ десем, бірінші орыс сыныбында деп жауап берді. Біздің ауылымызда орыс сыныптарындағы балалар саны барлық оқушылардың үштен біріне де жетпейді. Ауылымыз қа­зақтанып-ақ қалған ауыл.

- Неге орысшаға бердіңіз? - деп сұрадым.

- Күйеуім орыс мектебін бітірген еді, сол қоймады, - дейді.

Бұған не айтасың?!

Орысшылдығымыздың тарихын ерте кезден, сонау ХІХ ғасырдан бастап іздеу керек сияқты. Қазақ хандарының қазақ арасында беделі онша болмаған тәрізді. Кенесары ханның қазақты бір ту астына біріктіре алмағандығы осының дәлелі емес пе? Әлде қазақтар түрлі шап­қыншылықтардан шаршады ма, мүмкін көшпенділік тұрмыс салты тарихи сахнада архаизм бола баста­ға­нын халық сезді ме? Бұрынғы қылыш, садақ пен най­за,­ мылтық, зеңбірек тәрізді заманауи қаруларға төтеп бере алмайтыны белгілі болып, соғыс майда­нына алдыңғы қатарлы машиналық өндіріс қарулары шыққаны, көшпенділіктің бұрынғы Шың­ғысхан заманынан бергі үстем­дігін ысыра бастады ма? Бұрын тек сырттан жау тиіскен шақта ғана  хан тұқымынан қалған біреу­ді хан етіп сайлап, соның туы­ның астында дұшпанға тойтарыс берген­ сияқтымыз. Оның өзінде қазақтың барлығы бірдей бір ханға бағынған кезі аз болған тәрізді. Шыңғысхан ұрпақтарының заманынан бері оның әске­рінің негізі болған қазақтың сана­сынан хиссаларда айтылатын Қазан мен Қырым және Ұрым біржола тек жай атаулар болып қалып, жауынгерлік рух келмеске кеткен болды ғой. Оның орнын он тоғызыншы ғасырда руаралық кикілжің, майда күйбің тірлік басып­, жалтақтық мінез басым болған  тәрізді.

Бір  үлкен  шалдың  әңгімесі:

- Біздің елде Баспақ деген батыр­ болыпты. Серігімен екеуі аттарына мініп, жау шолып қайтайық деп шықса, жауы шыңғытып келіп қалған екен. Сан шамасын бағдарлап, ауылды шулатып қайтеміз, екеуміз-ақ тойтара салмаймыз ба, деп жауға тиісіпті. Көптің аты көп, аты жарақаттанып, Баспақ батыр сойылмен жаяу соғыса жүріп серігіне, әй, жағдай болмай қалды, ауылға хаба­р  бер, депті, - дейді.

Менің ойым, сырттан қалмақтар ма, қоқандықтар ма екен тиіс­кен деп отырмын.

- Сонда ол жаулары кім екен? - деп сұрасам,

- Өй, мына кіші жүздер ғой, - деп шалым кеңк-кеңк күлді.

Содан түйген ойым, қазақ сырттан ешкім тиіспесе, іштен-ақ жау тауып алады екен-ау. Ортақ бір ханға бағынбаған, руаралық кикілжіңі бар халықтың өз есебі өзінде, ішпыстаны ішінде бола­тыны, жеме-жемге келгенде ол кикілжің бәрібір сыртқа шыға­тыны, бірлікке сызат түсіретіні белгілі.

Он тоғызыншы ғасырда, хандар билігі әлсіреген тұста, қазақ үшке бөлінді. Мен үш жүз туралы айтып отырған жоқпын. Атақты байлар тіректі сырттан іздеді. Өз үстемдігін баянды ету үшін Сол­түстіктегі, Солтүстік батыстағы қазақтар Орынбор, Батыс Сібір генерал-губернаторларына барып­, ант беріп, волостной правитель (болыс) атағын алды. Тегін емес, түтін басынан жыл сайын салық төлеп, атағын бекіттіріп отырды. Осы сияқты Оңтүстік қазақтары Қоқан ханынан «дат­қа» атағын, шығыстағы қазақтың бетке ұстарлары Үрімшіден «уаң» атағын алып, әріптестері алдында­ бір саты жоғары екендігін дәлелдеді. Ортақ қазақ билігінен сырт­қы күштердің өктемдігін артық көрдік.

Атаққұмарлық пен шенқұмарлық біздің бодан болуымыздың басты себебі болып отыр. Көшпенділер үстемдігінің тарихи сахнадан тайған заманы оған тұспа-тұс келді. Мұндай бодандық елдің шаруашылығын тұралататыны белгілі. Оның үстіне Ресей отаршылығы, әсіресе, 1861 жылғы орыс шаруаларын кре­постниктік құлдықтан босатқан реформадан кейін, босаған шаруа­ларды Орта Азия, Қазақстан, Сібір жерлеріне қоныстандыру басталды да, жергілікті халық шұрайлы жерлерінен айырылды. Бірлігі жоғалған елдің оған қарсы тұрарлық қауқары қалмады. Шұрайлы, егін егуге қолайлы жерлерде аяғы «-овка» деген жалғаулары бар орыс қоныс­тары пайда болды. Олар қазір де бар. Ондай атауы бар ауылдарды шөл және шөлейт жерлерде  кездестіре  алмайсыз.

Міне, өз жері, ата қоныстарынан айырылған қазақтар Америкадағы үндістердің кебін киюге сәл-ақ қалды. Шаруашылығы күйзелген халық демографиялық күйзеліске де ұшырайтыны бел­гілі. Жаңа қоныс іздеп басқа ел тарабына қоныс аудару да халық санын азайтады ғой. Бұл өз елі­мізде өзіміздің азшылыққа ұшырауымыздың (сол кезеңдегі) бастамасы еді. (Бұрынғы ақтабан шұбырындыларды есептемегенде). Қазан төңкерісінен кейін бастал­ған азамат соғысы да қазаққа жақсылық ала келмегені белгілі. Сол жылдардағы аумалы-төкпелі толқулар туғызған кіші ашаршылық, 1930-1933 жылдар аралығындағы сорақылығы «ақтабан шұбырындыдан» ондаған есе асып түскен ашаршылық қазақтың жартысына жуығын опат қылды. Ғасырлар бойғы шаруаш­ылық салтынан айырылған халық жаңа отырықшы кәсіпті меңгеруге мәжбүр болды. Қазақтың егемендігін, тілін, дінін қорғаштаушы білімді азамат арыста­рымыз 1930-37 жылдар аралығындағы саяси қырғын-сүргіннің құрбаны болып кетті. Тіпті саясатпен ісі жоқ, сауатсыз шаруаның өзі бір ауыз сөзі үшін атылды.

Бас амандығы үшін қара халық үнсіз мойынсынуға мәж­бүр  болды.

Екінші дүниежүзілік соғыс онсыз да құрып кету алдында тұр­ған қазақты онан сайын тұқыртты. 1975 жылы ауылымда қызмет жасай жүріп соғыс жылдары майдан­да қаза болғандар туралы (жеңістің 30 жылдығы қарсаңында) мәлімет жинадым. Ол кезде соғыс ардагерлерінің тұғырдан тая қоймаған кезі. Ауылды аралап, сол кезде тірі майдангерлерден есте қалған замандастары жайында толыққа жуық мәлімет жинадым. Соғыс жылдарында ауылда қанша отбасы болғанын білмеймін, мен қызмет істеген жылдары 150-дей түтін болатын. Жинаған  мәліметім  бойынша, 183 адам майданнан қайтпаған болып шықты. Сонда кемінде әр үйден 1 адам соғыстан қайтпаған!

Ойлансаңыз, қанша әйел жесір қалды, қанша қыз күйеуге тие алмады, қанша бала туыл­мады!

Бұл үлкен демографиялық соққы болды. Бұл соққы, әсіресе­, Қазақстанның Солтүстік, Орталық бөлігінде айрықша болды, өйткені ашаршылық кезіндегі ауыр  соққы, алдымен, соларға ти­ген­ болатын, қырылған жұрт­тың көпшілігі Арқадағы қазақтар еді.

Онсыз да селдіреп қалған қазақ ауылдарының үстіне 1954 жылы басталған тың игеру кезінде­ Ресей, Белоруссия, Украинадан әкелінген шұбар ала тобырды төге салғанда, қазақтың үлес салмағы тіптен азайды.

Тың игерушілердің абыройын комсомолдар иеленгенімен, негіз­гі контингент басқаша сипаттағы адамдар еді. Бала болсам да сол кезде үлкендердің әңгімесінен бұзақылардың бір топтарын «целина­дан қашқандар» деп отырат­ынын еститінмін. Өз еркімен тың көтеруге келген болса неге қашады?

Көп жылдар бойы Қызылорда облыстық астық өнімдері басқармасын басқарған Кеңес Одағының Батыры, марқұм Қизатов Жәлел ағайдың мына әңгімесі есімде қалыпты.

- Тың игеру басталғанда мені сондай бір совхозға директор етіп жіберді. Мына батырлық жұл­дызымды сыйлады ма, әйтеуір, тірі қалдым, келген тың игерушілер­дің басым көпшілігі нағыз бас­кесер­лер  болатын, - деген еді ол кісі.

Компартия бастама көтергенде комсомол қалай қолдамасын, мүмкін, негізгі ауыртпалықты көтерген де солар болар. Бірақ Ресей, Белоруссия, Украинадағы әр облысқа  бөлінген  тың  көтерушілер  беру  деген салықты (компартияның мұндай әдісіне таңғалуға болмайды) сол жердегі жер­гілікті басшылар алдыңғы қатардағы адамдармен толықтырды дегенге сену қиын. Тәуір жұмысшы жылы  орнынан оңайлықпен көше ме? Колхоз бас­шысы озат жұмыскерін бергісі келе ме?

Бір мысал айтайын. Ауылымыз 1972 жылы бөлімшеліктен өз алдына совхоз болып қайта құрылды. Құрылыс жүріп, электр жарығы орталықтандырылып, жарыққа қарық болып қалдық. Жұмысшы тапшылығы да сезілді. Әсіресе малшы табылмады. Сол сәтте ішкілікті тәуір көретін бір Т... деген азамат трактормен өзі құлағалы тұрған гараждың бір сарайы­ның шетін қиратты. Дереу ауданнан милиция шақыртылып, тракторшы абақтыға жабылды. Келті­рілген шығын еселеніп, әжеп­тәуір  сомаға  айналды. Екі-үш күн өткенде ауданға совхоз дирек­торы барып: «сорлы, құритын болдың, тек бір амал бар, үлкен басшылардан сұрап алуға болады, егер мал бағам деп арыз берсең» дейді. Басқа амалы жоқ, бұрын абақты көрмеген сорлы қуана келісім  береді. Сөйтіп  тракторшы  Т...  баспақ  бағатын бақташы­ болы­п шыға келді. Бұл сол тың игерушілерді жинақтаудың бір әдісі  еді.

Онан қала берді, Сталин түр­мелерінде отырған ала тобыр тың игеруге баруға келісім берсе, мер­зімі  қысқартылды.

Өзі үрпиісіп аз ғана ауыл болып отырған қазақтың үстіне осындай ала-құла контингентті төге салған соң қазақ өз тілін ұмытпай­, есінен танбай қайтсін? Украинадан әкелінгендер ұйымдастырған совхоздағы қазақтар тіпті орысшаның орнына украинша сөйлеп, оны орысша екен деп ойлайтындары да кездескен.

Міне, осындай бейшара халге түскен қазақтарымыз енді егемен елдің титулды ұлты болып отыр. Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі демекші, құдайдың бізге берген сыйы ма, әйтеуір, бұған да жеттік. Бірақ қазақ тілі­нің толыққанды мемлекеттік тіл болуы үшін әлі бірталай уақыт керек сияқты. Бүгіннен бастап барлығың қазақша сөйле дегенмен, солай бола қояр ма екен? Ауыр жаралы адамның кеудесінде жаны бар болса, бірте-бірте келеге келетіні сияқты, әзірге кеу­демізде жан бар. Қатарымыз көбейсе, оларды ұлтжанды етіп тәрбиелей берсек, келеге келетін уақытқа  да  жетіп қалармыз.

Екі тілді мемлекеттердің бірі – Үндістан. Үнді тобына жататын тілдерден басқа ағылшын тілі де мемлекеттік мәртебеге ие. Ағылшын тілінде жоғарғы кастадағы адамдар мен интеллигенция ғана сөйлей алады. Бірақ үнді тіліне жойылу қаупі төніп тұрған жоқ. Қарапайым халық өз тілінде сөй­лейді. Саны миллиардтан асаты­н халықтың басым көпшілі­гінде басқа тілде сөйлеу ниеті де жоқ.

Ал енді Батыс Еуропа халықтарына ағылшын тілінің экспансиясы қауіп төндіріп тұрған тәрізді. Ағылшындардың ежелгі бәсекелестері француздардың қарсылығы болмаса, басқаларында ол тілге үнсіз мойынсыну байқалады.

Социализм, коммунизм идеясының біздің халыққа тигізген екі пайдасын атап өткен жөн тәрізді. Соның біріншісі - пролетарлық интернационализм идеясы. Патша­  империясы кезінде орыстардан басқа бірде-бір ұлт мемлекеттік нысан негізі бола алмады. Қазақстан орналасқан аймақ Орынбор, Батыс Сібір, Түркістан генерал губернаторлықтарына бағынды. Оны мекендеген ұлт­тардың бірде-бір ұлттық статусы болған жоқ. Аз ғана уақыт өмір сүрген Ресей мемлекеттік думасында ғана ұлттар өкілдіктері болды­. Думаның шығыс халықтары секторында қазақ депутаттары едәуір қызмет жасады. Онда Мұстафа Шоқайдың қызмет еткен­ін білеміз. Ұлтымыз ресми құжаттарда қырғыз-қайсақ деп аталды, немесе ұлтымызға қатыс­ты мәселелерде туземдік (бұратана) деген атау қоса жүрді. Мұның өзі қазір кейбір шовинистік пиғыл­дағы көсемсымақтарға «қазақ деген ұлт болған жоқ, ол қайдан шыққан» деуіне негіз болды­. (Бұл тәрізді әңгімелер украи­н  халқы төңірегінде де жүріп жатыр, украин  деген халық болған­ жоқ, малоросстар болды деген  сияқты).

Большевиктердің түпкі мақсаты дүниежүзілік революция болатын. Ал басқа мемлекеттердегі коммунистерді  «революция жасап,­ үстем таптарды лақтырып тастасақ, біз де Ресейге қосылуы­мыз керек пе?» деген күдік сезіктендірді. Оларға үлгі көрсету үшін большевиктер «біз ұлттардың егеменд­ігіне нұқсан келтірмей­міз» дегендей, ірі басты ұлттарға пролетарлық интернационализм негізінде автономия беруге мәж­бүр болды. Алдымен Ресей федерациясы  құрамындағы автономия болып, кейіннен Одақтас республика мәртебесін алып, шала болса да егемендіктің алғышарты  орындалды.

Қазақтың елеулі халық екен­дігін орталыққа дәлелдеп, Ресей, Сібір, Түркістан аумағындағы жерлерімізді жинақтап, өз алдымызға республика болуымызға тер, қан төккен арыстарымыздың еңбегі өлшеусіз. Халық саны біз­ден әлдеқайда көп немесе қатар қаншама ұлт бұл санатқа кіре алмад­ы, ендігі жерде санатқа кіре алуы  екіталай.

Екіншісі –  социалистік құрылыстың халықты жаппай сауаттандыруы. Жалпыға бірдей сауат ашу, міндетті түрде орталау білім беру, орта білім беру саясаты халық­ты өркениетке біртабан жақын­ етті. Сауатты елдің экономикасын көтеру жеңіл, Қытайды алыңыз, миллиардтаған сауатты жұмыс күші шетелден келген инвест­ицияларды дөңгелетіп алып кетті. Өзі бейнетқор, пысық халық Қытайды аз уақыт ішінде ең қуатты державалар қатарына қосты. Одан халқы сәл ғана аз Үндістанда олай емес, өйткені онда  жоғары  білім  түгілі сауат ашу – үлкен проблема. Африка халықтарын  айтпаса  да  болады.

Айналып келгенде қазақтың қала халқы болуы, өндірісте жұмыс істеуі – басты мәселе. Өл-тіріл, балаңды оқыт, адам қыл деген­ қағиданы ұстанған халқымыздың бағыты дұрыс, тек білімі сапалы болсын, сатып алған дипломнан пайда жоқ. Өз тілінде сөйлеп, басқа бірнеше тіл білген адамның көкжиегі алыста, өйт­кені тұрған тұғыры биік.

Жақаш   Жүнісов,

Алматы   қаласы

(Соңы. Басы өткен санда.)


 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Қаңтар 2017 >
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 27 28 29
30 31          

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары