Өзекті мәселелер

  • 13.12.18

    Жазылған  жайттың  жалғасы

    Қоғамдағы кейбір жайттарға көңілі толмаған, мәселесіне тиісті орындардан мардымды жауап ала алмаған­ жандардың бір ықпалы тиер деп БАҚ-қа үміт артып келетіні бар. Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдарының мақсаты мен міндеттері, онда қызмет ететін журналистердің басты қызметі – қоғам үшін маңызды ақпарат іздеу, табу, аны...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Анар   РАХЫМЖАНОВА,

    желтоқсан  оқиғасына  қатысушы:

    «Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев орнынан алынып, сол қызметке Г.Колбин таға...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Қай күні ақын Ұлықбек Бекұзақұлы «Ит жылы дүниеге келгендіктен бір-бірімен «ырылдасып» ойнап, әзілдің түбін түсірген (және түсіретін – ред.) «Сырдың бес серісі, бес перісі» атанған 58-дер: Бекұзақ Тәңірбергенов, Сұраған Мырзаев, Ниятолла Раманқұлов, Серік Ыдырысов және Оңталап Нұрмахановтар болатын. Бұлардың соңғы екеуінен басқасы «түйе қарап» кетті...» деп жазған еді. Уақытынд...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Ерғали  АБДУЛЛА

    ШҮКІРШІЛІК

    «Түн баласы дөңбекшіп, олай бір аунап, былай бір аунап, ұйықтай алмай, көрер таңды көзіммен атырамын» дейді де отырады бір парақор. Құлқындап өліп жүрсе де, жүрегінің арғы бір терең, қапас түкпірінде ұят пен ардың болмашы бір қалдықтары, тозаңдары қалғанына да әйтеу...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы тың мәселелерге толы. Әрбір Жолдау мазмұны қоғам дамуы үшін өте маңызды. Барлық жұмыстар тек билік өкілдеріне ғана емес, ел азаматтарына да үлкен міндеттер жүктейді.

    Осы жылдың күзіндегі Жолдауда мемлекет басшысы келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажеттілігі туралы айтқан болатын. Ұлт көшбасшысы аталмыш заң мұғ...

    Толығырақ...
ЖАСЫНДАЙ ЖАРҚ ЕТКЕН ҒҰМЫР
27.09.2012 11:09

Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ жастарының арасынан­ жасындай жарқ етiп, жастардың көшбасшысы болып, көрнектi көсемiне айналған Ғани Мұратбаевтың туғанына – 110 жыл. Қамшының сабындай ғана қысқа өмір сүрсе де, артына өшпес­тей із қалдырған тұлға туған топырағы қазыналы Қазалыда ұлықталды. Екі күнге ұласқа­н шараға еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті, шетелден меймандар келді. Ақ түйенің қарны жарылып, қазақы салтпенен ат шаптырылып, ақындар сөз сайыстырды. Бір сөзбен айтқанда, ұлан-асыр той болды. Әрине, небәрі 23 жыл өмір сүріп, еңбекқорлығымен дараланған  заманының  жарық жұл­ды­зына қандай­  құрмет  көрсетілсе де, көптік етпейді.

Жастардың көзқарасын өзгертiп, қоғамға жаңа леп, тың идея алып келген Ғани Мұратбаев тек қазақ жас­та­рының ғана емес, күллi Орта Азия халықтарының жастар көшбасшысы болды. Қазақ жастарының, сауатсыздықтың көзiн ашқан да - осы Ғани Мұратбаев. 16 жасынан бастап қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, Коммунистiк комсомол саласында жүрсе де, қазақтың бас мүддесiн ұмытпаған ол жастардың саясатқа араласуына серпiн жасаған «Жас Алаш» газетiн ұйым­дастырды. Газеттiң бас мақаласында «Езгiлiктен арыл, ерлiкке ұмтыл, қазақ жастары!» деп, қордаланған қазақ мәселесiн алға тартты. Осындай арда ұлды ұлықтау шарасы Жанқожа батыр кесенесінен бастау алды. «Қожаназар ишан» мешітінің бас имамы Қайрат Дәуіржанұлы құран бағыштап, кесененің шырақшысы ақ бата­сын  берді.

Қазақтың даңқты батыры, қолбасшы Бауыржан Момышұлы: «20 жас - тарихи ерлiктер жа­сайтын жас» деген. Бiрақ бүгiнде 20 жас түгiлi, осы жиыр­маның екi-үшеуiн жасаса да, елдiк, мемле­кеттiк, ұлттық мақсаттар мен  мүдделерге  қол қусырып, бейжай  қарайтындар бар. Дегенмен, бұл күнде аға буынға қарап отыратын да кез емес, жиыр­ма бiрiншi ғасыр – жастардың жалындай лапылдап, ұшқын шашып, суырылып алға шығатын ғасыры. Бұл ғасыр – ұлт­тың сөзiн сөйлейтiн, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын, ұлт­тық мүдденi ту етiп көте­ретiн  жастардың  уақыты. Бұған жалындап өткен Ғанидың өмірі дәлел бола алады. Ғани салған сара жол сарқылмай, алға баса беретiнi сөзсіз. Ғани Мұратбаев атындағы саябақта көп­шілікті бүгін­гінің Ғанилары, яғни өз саласының майталман­дары мен жастар ұйымының жетекшілері қарсы алды. Алдымен саябақтың ортасында бой кө­терген  Қарасақал Ерім­бет ескерткішіне тағзым жасалд­ы. Мұнан соң Ғанидың өнегелi өмiрi, өлмес  мұрасы мұражайда таныстырылды. Шығыстың жарық жұлдызының жүріп өткен жолдары мен қолданған жәдігерлері толық мұражайға қойыл­ған. Меймандар қонақ кітапшасына өз қолтаң­баларын қалдырып, жалынды жастың жемісті еңбектері көрсетілді. Мұражай үйiн Ғанидың қайнап тұрған қара қазаны десек­, ондағы жәдi­герлер – халқы­м­ыздың  рухани  қазынасы. Бiр құптарлығы, уақыт өткен сайын­ тың жәдiгер­лер­мен толығ­ып, Ғанидың азаматтық  тұлғасы  ашыла түсуде.  Биыл  Ғани  мұражайының  ашыл­ғанына  40  жыл  толып­ты.

Қазақстан мен Орталық Азия жастарының жалынды жетекшiсi, шығыс жастарының ұйымдастырушысы бол­ған қоғам қайраткерi Ғани Мұратбаев есiмi елге ғана емес, әлемге белгiлi. Ол өз басын­а дарыған жiгер-күш пен ақыл-парасатын шығыс хал­қының кемел келешегiне бағыт­тады. Егер бiз сарғайған тарих парақтарына көз салсақ, он бес жастағы баланың аласапыран кезеңде мәртебелi де лауазымды ұйымның мүше­лiгiне қабылдануы тектен-тек болмаса керек. Тұла бойы қайсарлық пен қайратқа, намыс пен жiгерге, ақыл мен пара­сатқа толы Ғани шығыс жастарының кемел келешегi үшiн өмiрiн сарп еттi. Оның Орталық Азия мен Қазақстан жастар ұйымына қараған Түркiс­тан комсомолы Орталық Атқару­ Комитетiнiң төрағасы болуы, бүкiлресейлiк комму­нистiк жастар одағының оны Коммунистiк Жастар Интернационалы атқару коми­те­тiнiң шығыс елдерi жастарының жетекшiлiгiне сайлауы бiртуар азаматтың қаншалықты бiлiмдi, парасатты, жiгерлi болғанын көрсетедi. Намысшыл жiгiт науқасқа шалдыққанына мойынсұнбаған. Өкiнiштісі сол, асқынып кеткен өкпе дертi жас Ғаниды мәңгiлiк сапарға аттандырды.

Жас болса да бас бола білген Ғанидың Қазалы топырағында дүниеге келгенін жоғарыда айттық. Ол білім алған­ №16 мектептің іргетасы қалан­ғанына  бүгінде ғасырдан асыпты. Меймандар Ғанидай дара тұлғаға білім нәрін берген оқу ордасына бас сұқты. Онда мектеп оқушылары Ғаниға арналған арнаулар оқыды. Әсіресе, Роза Шынжырбаеваның жүректен шыққан жыры жиылған жұрт­шылықты  еріксіз  тебірентті.

Бітімі бөлек туған тұлғаның ерен еңбектері «Жалындап өткен жас ғұмыр» атты ғылыми-практикалық кон­ференцияда кеңінен қозғалды. Оған облыс әкімі Б.Қуандықов, аудан әкімі М.Имандасов және халық қалаулы­лары Қуаныш  Сұлтанов пен Құт­тықожа  Ыдырысов, т.б. қа­тыс­ты. Аудан басшы «Ғани жылы»  деп  жариялаған  ағымдағы  жылы мерейтой аясында атқары­лған  жұмыстарды таныс­тырды.

- Биыл қазалылықтар үшін аса жауапты ауқымды рухани-танымдық іс-шаралармен бас­талды. Орта Азия мен Қазақстан жастарының жалынды жетекшісі, демократ-ағартушы, көрнекті қоғам қайраткері Ғани Мұратбаевтың 110 жылдығын атап өту мақсатында «Ғани жылы» деп жа­рияладық. Жыл бойына елді-мекендерді көркейтіп, көгалдандырып, сәулеттік келбетін жақсарттық. Жолдарды жаңартып, әлеуметтік нысандар­ға күрделі жөндеу жүргіздік. Мұнымен қатар Ғани есімімен байланыстыра жүргізіл­ген мәдени-көпшілік, танымдық-тәрбиелік, тағылымдық, ғылыми-практикалық жиындар мерейтой мазмұнын айшықтай түсті. Мінеки, бүгінгі өткізгелі отырған «Жалындап өткен жас ғұмыр» атты ғылыми-тәжірибелік конференция осы шаралардың бір парасы, - деді Мұрат Самұратұлы.

Басқосуда негізгі баяндаманы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің академиялық профессоры, тарих ғылымының докторы Дастан Сәтбаев «Ғани феномені» тақырыбында жасады. Д.Яхияұлы 16 жасынан қоғамдық мәселені шешуге білек сыбана іске кіріскен Ғанидың бейнесін барынша айшықтап берді. Ал қосымша баяндама жасаған аталған университеттің тарих ғылымының кандидаты Бауыржан Еңсепов «Ғ.Мұратбаевтың тарих­ы мен тағылымы» тақырыбын тарқатты. Ал Ғ.Мұратбаевтың туысы, филология ғылымының кандидаты, профес­сор Өткелбай Нұра­лиев Ғани тақырыбын терең зерттепті.

- Баршаңызға белгілі, Ғани көп жыл жастар жетекшісі болды. Ол әкесінен 4 жасында жетім қалған. Әкесі Мұратбайдың өзі де тегін адам болмаған. Әйеліне шүйлікпейтін еркек жоқ кезең болса керек. «Бөріктілер түздегі жұмысты тындырып, қатын-қалашқа тиесілі іске бас қатырмаңдар» деп ақылын айтып отырған. Елді тәртіпке, мәдениеттілік­ке, әдептілікке шақырған. Ғанидың зерек болуы­ әкесінің алғырлығынан болса керек. Оның текті жер­дің ұрпағы екенін осыдан аңғаруға болады. Ғани жастайынан Түр­кіс­тан жастарының ІІІ съезіне жауапты хатшы болып сайланды. ІV съезде­ Ғани жалындаған от секілді, мәжілісте бастан-аяқ өзі баяндама жасап, қорытындысын да өзі шығарған. Тек сөзбен емес, іспен де еңбекқорлығын дәлелдеген. Соның арқасында ол бірнеше медальдармен марапатталды. Ал V съезге Ғани денсаулығына байланыс­ты қатыса алмады. Бірақ мұн­да барлығының аузынан Ғанидың есімі түс­пеген. Сырқатынан ептеп бас көтерген тұста Бақытжанмен шаңырақ көтереді. Осыдан соң Мәскеуде еңбек жолын жалғастырады. Өкінішке орай, 23 жасында мәңгілік өмірмен қоштасты, - деді Өткелбай Бегалыұлы.

Мерейтой мұнан әрі Ғ.Мұратбаев атындағы ауылда жалғасын тапты. Жалпы ауданы 4743 шаршы метрді құрайтын «Атамекен алаңы» бой түзеген. Алаңның қақ ортасына тәуелсіздік стеласы орнатылыпты. Ауданның өнерпаздары «Қазалым - атамекенім» атты театрландырылған қойылым көрсетті. Онда тарих - ата мен бүгінгі ұрпақ жүздесіп, қазыналы Қазалының тарихы түзілді. Одан соң меймандар гүлдер жәрмеңкесін тамашалады. Аймақ басшысы бас­таған қонақтар көлемі 3,2 гектар саябақтың төріне орна­тылған Ғ.Мұратбаев ескерткі­шін салтанатты түрде ашты.

- Бүгін бой көтерген зәулім ескерткіш Ғани Мұратбаев есімін халық жадында жаңғартудың бір көрінісі. Даңқты ұлдың еңбегі уақыт өткен са­йын санамызда жарқырай түспек. «Бірлігі күшті ел озады» дейді дана халқымыз. Мұндай жетістікке тәуел­сіз­дігіміздің тұғырлығының арқасы­нда  қол  жеткізіп  отырмыз. Аз уақыттың ішінде елдің бірлігінің арқасында ауылдың ажары кірген. Бұл - еселі еңбектің нәтижесі, - деді облыс әкімі.

Түс ауа ауылдық клубта «Ғани шапағаты» қайырымдылық акциясы өтті. Онда облыс әкімінің орынбасары Ержан Уәйіс қамқорлықты қажет ететін 30 балаға қаржылай және ақшалай көмекті табыс етті. Және «Шапағат» мүгедек балаларды сауықтандыру орталығына компьютер тарту етілді. Ал аудан орталығындағы №249 мектеп-лицейде еліміздің түкпір-түкпірінен келген 16 айтыскер ақын сөз сайыстырды. «Заманының жарық жұлдызы» тақырыбында өткен сөз додасында Бекарыс Шойбеков, Бауыржан Халиолла, Төреғали Төрәлі, Иран-Ғайып Күзембаев, Мұхтар Ниязов, Айнұр Тұр­сынбаева, Сара Тоқтамысова сынды ақындар бақ сынады. Жеті сағатқа созылған өнер додасын халық тапжылмай тамашалады. 600 орындық залда ине шаншар орын болмады. Мұны ұлттық өнерге деген құрмет деп бағаладық. Ақындар да өз кезегінде ұтымды ойлар мен салмақты сөздер айтуға тырысты. «Бес саусақ бірдей емес» дегендей, көрермендердің мазасын қашырған айтыстар да болды. Әділ қазылар сегіз жұптан алты ақынды келесі кезеңге өткізді. Алдымен Бекарыс Шойбеков пен Сара Тоқтамысова сөз сайыстырса, Мұхтар Ниязов пен Бауыржан Халиолла жұп құрады. Соңғы болып сахнаға Нұрмат Мансұров пен Айнұр Тұрсынбаева шықты. Бір қызығы, бұл ақындардың барлығына қазылар жоғары баға берді. «Жүз­ден жүйрік, мыңнан тұлпарды» анықтау оларға да оңайға соқпаса керек. Сонымен бас жүлдеге тігілген шетелдік кө­лікті тақымдау үшін екі ақын ақтық сынға шықты. Яғни Сара Тоқтамысова мен Мұх­тар Ниязов айтысты. Екі ақын бұған дейін де талай жолыққан. Сөз барымтасында Сара Сырдың ақынын бұл жолы мойындайтынын да жеткізді. Осылайша ақындар айтысында бас жүлдені жалағаштық Мұхтар Ниязов олжалады.

Кешкілік орталық алаңда Алтынбек Қоразбаев, Мақпал Жүнісова, Бағдат Сәмиденова бастаған өнер жұлдыздарының қатысуымен «Әнім сен­сің жастық шақ» атты гала-концерт болды. Екі күнге созылған шара спорттық бәсекелермен қорытындыланды. Қазақ күресінен өткен «Түйе балуан» сынында қармақшылық Жасұлан Досымов темір тұлпарды тақымдады. Ат бәйгесінің де жүлдесі қомақты болды. Алты бірдей шетелдік темір тұлпар тігілген бәсеке жоғары деңгейде өтті.

Осылайша Қазалы төрінде екі күн бойы Ғани Мұратбаев есімі ұлықталды. Бүгінгі жас­тарғ­а үлгі болардай еңбек еткен тұлғаның есімі ұрпақ жадында мәңгі сақталары сөзсіз.

Тәжімұрат   ӘЛЖАНОВ

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Қыркүйек 2012 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 28 29 30

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары