Өзекті мәселелер

  • 11.10.18

    Облыстық прокуратура әкімшілік істер бо­йынша қабылданған шешімдерді зерделеу барысында полиция қызметкерінің әкімшілік өндіріс материалдарын бұрмалау фактісін  анықтады.

    Нақтырақ айтатын болсақ, жергілікті полиция қызметінің полицейі Д.Амангелдіұлы қызметтік автокөлікпен кезекшілікте жүрген кезін­де қаладағы дүкендердің бірінің тұсында тоқтап тұрған «Hyunday Accent» маркалы авто­көлігі...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    КӘСІПКЕРЛІК –  ЖЕТЕКШІ   КҮШ

    Еліміздегі басты саяси құжаттардың қатарында «Қазақстан – 2050» страте­гиясы да бар. Ұзақ мерзімді дамуды бекіткен бұл стратегияда айтылған міндеттерді жүзеге асыру үшін орта мер­зімді кезеңге арналған мемлекеттің 2025 жылға дейінгі жоспарлау құжаты да айналымда. Бұл құжаттың басты мақсаттарының қатарында жеделдет...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Жат діни ағымға еріп, адасу Әселдің жастық ғұмырының біршама жылдарын жалмады. Бойжеткен өміріне жағымды өзгеріс енетініне сенген. Дәл сол сенімнің «арқасында» ә дегеннен ештеңе түсіне алмады. Мұнысын жастыққа жарасатын аңғалдық дерсіз. Уақыт өте келе өзінің және жұбайының «роботқа» айналып бара жатқанын сезген ол көңіліндегі күмәнмен арпалысты. Рухани дертке ұшыра...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Бауырлас он екі мүше,

    Бір анадан туғанмен,

    Әрекеттері әртүрлі...

    Бас – ақшаға тартып,

    Аяқ – басқаға тартып,

    Әуреге салды әркімді...

    ...
    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Елуде еді өз жасым,

    Тыйылмады көз жасым...

    Жұмыс іздеп шығып ем,

    Киім-кешек тозғасын...

    ...
    Толығырақ...
АГЕНТТІҢ АР ЖАҒЫНАН КӨРГЕН АРУ...
11.10.2012 10:39

«Заман дамыды» дейміз. Алда әлі дамитын түрі бар. Айшылық алыс жерлерден жылдам хабарды адамымен қосып алдыратын деңгейге жетіп қалдық. Сағат санап артып келе жатқан мүмкіндік арқылы бүкіл әлемді шарлап, керегіңді іздеп, қажетіңді алып, таныс-тамырларыңның қайда, немен айналысып жатқанына дейін білуге болады. Кейбіреулер осы әлемтор арқылы туған-туысын, жолдастарын, бұрынғы достарын тауып алуда. Ал енді біреулер осы бір әлегі мол әлемтор шеңберінің көмегімен болашақ жартысын тауып, отбасын құрып жатқан жайы бар.

 

Бұрындары ата-бабамыздың астына ат мініп, ел-жер аралап өзіне болашақ жар іздейтінін естуші едік. Ақ боз үйдің алдына атпен түсіп, алыстан келгенін айтып, дәм-тұз татып, танысып біліскен. Ел кезіп жүрген себебін айтып, өз жағдайынан хабардар ететінін үлкендердің әңгімесінен құлағымыз шала-шарпы шалып қалатын. Ал қазір, бір ғана 100 пайыз жүйрік жұмыс жасайтын желі­нің бойымен ғаламды түгел шарлап, дәл қа­зір қандай оқи­ға­ның болып жатқанынан да хабардармыз. Мұны қоя тұ­ра­йық, қазіргілердің дені отбасының отағасы не­мес­е отанасы болатын жанды осы жүйткіген желінің ішінен іздей­ді. Бұрынғы ақ боз атты – агент, ал ақ боз үйді – компьютер ал­мастырды.

Отбасының қаға­натын берік қалау үшін болашақ жардың адал болғаны дұрыс. Ал мұн­дай жанды қайдан табамын деп сабылып жүр­генді ұнатпайтындар осындай жаңашыл ба­ғытпен өмір сүреді. Әлемтор арқылы танысып-білісіп, одан әрі араласу көкжиегін кеңейтеді. Рас, бұл жерде сенім мәселесі туындайды. Агенттің ар жағында кім отырғанын немесе кім­нің атынан сөйлесіп отырғанын да білу қиын. Демек, сенім аз болғандықтан, жүздесу қажеттігі туындайды. Бүгінгі қоғамда осындай жолмен от­ба­сын құрып жатқан жұ­бай­лар саны да күн санап артуда. Бірақ, олардың әр­қайсысы әртүрлі деңгейде өмір сүріп жатқаны тағы айқын. Бірі дәм-тұзы жараспаса, ендігі бірі бір-бірін толық танып-білмеу салдарынан түрлі әлеуметтік мәселелерді бастан кешіреді. Тіпті бір-бірін желіде отырып шексіз ұнатып, сүйіп қалғандарды да көзіміз көріп жүр. Әдетте жастардың дені таны­с­тықтың мұндай түрінен кейін кездесу міндетті деп санайды. Жоқ, олай есептемейтіндер де бар екен. Мәселен, осыдан бір жыл бұрын әлемтор арқылы танысқан екі жас бү­гінде тату-тәтті, шаңырағы шайқалмай-ақ тіршілік етіп жатыр. Бір облыс емес, бір мемлекет емес, шекара асып, көрші мемлекеттен алып келген келіншегін құда түсерде бір-ақ көрді. Оған дейін тек телефон  және  агентпен сөйлесіп, аралас­қан.  Бүгінде  бірлігі  мен тірлігі  жарасымды  жан­ұ­я құрып отыр.

Айта кетерлігі, әлемтордың көмегімен танысып, кездескендер де күтпеген жағдайларға тап болуда. Бұрын-соңды көрмеген, білмеген адаммен жүздесуге жүрегі дауа­лағандардың кейбірі «жүрексіздерге» жолығуда. Күтпеген кездесу кейде «тосын тоналу» немесе «алып қашу опе­рациясының» орын алуына әкеп соқтыруда. Одан өзге бұл агент біреулердің бағын ашып, басын қосса, кейбіреулердің сорына айналып, отбасынан ажыратуда. Осыдан кейін не ойлап, қандай көзқарас айтуға болады?

Осы ретте әлемтор арқылы танысып, шаңыр­ақ көтерген некенің сәтті, сәтсіз болуы­ ерлі-зайыптылардың өздеріне байланысты екенін айта кеткен жөн. Сөзіміздің тұздығы ретінде бірқатар жастың осы мәселе төңіре­гінде пікірлерін білгіміз келді.

Ринат Құсейінов, қала тұрғыны:

- Қазір жас пен кәрі, бойдақ пен үйленгендер, барлығы да агентте отырады. Тіпті таңнан қара кешке дейін тапжылмайтындар бар. Сол агент арқылы үйленіп, үй болып жатқа­н таныстарым да көп. Жақсы өмір сүріп жатыр. Бір-бірін ұнатқан жандардың кездесіп, әрі қарай ғашықтық кезеңін бастауға мен де келісемін. Сенім мәселесіне келер болсақ, алғашында кездесіп, жақын танысасың. Біраз уақыт араласасың. Болашақ өз өмірің болған соң тек қана  агентпен  сөйлесіп   үйленбей­сің ғой. Ғаламтор – тек таныстық құралы ретінде болады. Оның қандай адам екені жүзбе-жүз кездесуден кейін анықталады.

Самат  Мырзахметов,  жас  маман:

- Ғаламтор арқылы танысып, үйленуге түбегейлі қарсымын. Менің ойымша, ондай отбасылар ұзаққа бармай, ажырасып тынады. Бірнеше таныстарым осындай қадам жасаған, көбісі екі бөлек кетіп қалды. Арасында тату тұрып жат­қан­дары бар, бірақ өзім қолдамаймын. Ұзаққа бармайтын таныстық екенін білсем де, қызық үшін интернет арқы­лы сөйлесемін.

Арайлым Уәлиева, менеджер:

- Меніңше, мүмкін емес секілді. Елестетудің өзі қиынға соғып тұр­ғаны. Кезінде маған да агент арқылы келіп түскен ұсыныстар болды. Бірақ, mail.ru, MMS арқылы сурет алысып­, телефон арқылы сөйлесіп, кездесіп, бауыр басып жүргендер бар шығар. Таныстарымның арасында мұндай жағда­й жолықпаған соң сенбейді екенмін. Агент – алдамшы желі, онымен танысқан адамның не өтірік, не шын айтып отырғанын білу де мүмкін емес.

Гүлзат  Нұғман, жас ана:

- Мен күйеуіммен агент арқылы танысқанмын (күліп). Ертеңіне кездесіп, бір-бірімізді ұнатып қалдық. Содан кейін танысып, білісіп, 7 ай жақын араласып, отбасын құрдық. Қазір екі баламыз бар. Алғашында екеуміздің де ата-анамыз тарапынан қарсылық болғаны рас, бірақ, кейін келісті. Мұндай жанұяның өмірі ұзаққа бармайды деген бос сөз. Отбас­ын сақтап қалу - өздеріне байланы­сты. Бастысы, оның қандай адам және отбасының қандай екенін білген дұрыс деп ойлаймын.

Нұрбике  ҚАЗИ

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Қазан 2012 >
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары